КYН IЛГЕРIНI БОЛЖАҒАН МӨҢКЕ БИ ТУРАЛЫ БIРЕР СӨЗ
КYН IЛГЕРIНI БОЛЖАҒАН МӨҢКЕ БИ ТУРАЛЫ БIРЕР СӨЗ
Мөңке би – XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген тарихи тұлға. Әкесiнiң есiмi – Тiлеу. Орыс жазба деректерiндегi мәлiметтер Мөңке бидiң Әлiмұлы тайпаларының iшiндегi ықпалды билердiң бiрi болғандығынан хабар бередi. Сонан кейiн оның аты Алаш зиялылары М.Ж.Көпейұлы, А.Байтұрсынов және Ж.Аймауытов шығармаларында кездеседi. Ол туралы аңыз-әңгiмелер, өлең-толғаулар тек Кiшi жүз iшiнде ғана емес, бүкiл қазақ даласында кеңiнен таралған. Мөңке би туралы академик А. Жұбанов еңбектерiнде көрсетiледi. Ол: "Мөңке – өз заманының аса тапқыр, ердiң құнын екi ауыз сөзбен шешкен адам" – деп тұжырым жасайды.
Зерттеушiлер Мөңкенiң туылған жылы деп 1675 жылды алады. Ал дүниеден қайтқан жылы деп 1756 жылды белгiлейдi. Оның бұл дүниеден өтiп, мәңгiлiк мекенiне орналасқанына биыл – 255 жыл. Ой тұжырымын сиқырлы сөзбен өрнектеген, шашасына шаң жұқпас шешен, қара қылды қақ жарған әдiл би, айтқаны айдай келген көреген, данагөй, жырау Мөңке бидiң өмiрi — бүкiл қазақ халқының жас ұрпақтарына өнеге. Мөңке биден қалған даналық, шешендiк сөздер халық аузында бүгiнгi күнге дейiн сақталып келедi. Оның есiмi көркем туындыларда да көп ұшырасады. Уақыт өткен сайын бұл бидiң өмiрiне қызығушылық арта түсуде. Қазақ халқы оның толғау, жырларын қай кездерде де өз қажетiне жаратып отырды. Жол таппай қысылғанда үнемi ұлы дананың даналығына жүгiнедi. Дала данагөйi Мөңке би жайлы ел аузында хикая көп. Оның есiмi көзiнiң тiрiсiнде-ақ аңызға айналып, ел iшiнде кең таралған. Ел есiнде ол болашақты болжағыш көрiпкел, құт дарыған, Жаратқанның ықыласы ауған киелi кiсi атанды. Ұлы далада ондай адамдарды әулие дейдi. Ол кiсiнiң өмiрiне қатысты нақты деректер, тарихшылардың өзiнде тым тапшы, дей тұрғанмен Мөңке бидiң өмiрi мен атқарған iстерi туралы үзiк-үзiк болса да бүгiнге жеткен мәлiметтердiң бары рас. 1730 жылы Кiшi жүз билерiнiң үлкен кеңесi өтедi. Онда жоңғарлармен соғыс және Ресеймен одақ құру мәселесi талқыға түскен. Осы кеңесте Мөңке би: "Күштi жеңедi, ал жеңiстен ақылды ғана пайда көредi… Қандай азулы жыртқыш болмасын, алаулаған от басындағы адамдарға жоламайтыны белгiлi. Жоңғарларға қарсы осындай оттың орнына бiз Ресей көршiмiздi пайдалануымыз қажет", – дейдi. Кеңес үстiнде Әбiлқайыр хан Мөңке биден қобыз тартуын өтiнгенде, ол мынадай толғау айтады: Түрлi-түрлi халық болар, Күндiз-түнi жарық болар. Жердiң бетiн жол қаптар, Темiр сыммен шимақтар… Ақысыз ешкiм еңбектенбес Жер бетiн өнерiмен айшықтар… 1738 жылдың тамыз айы. Бiр топ би, батырларын бастап Әбiлқайыр хан Орынборға жол жүрдi, хан қатарындағы Мөңке бимен әңгiмелесiп келедi. Сонда хан: "Патшайымнан зеңбiрек, оқ-дәрi сұрамақпын, сонда бiз жоңғарды жерiмiзден түре қуып шығамыз",– дейдi. – Хан ием, мұның бәрiн бiрден бере қояды екен деп дәмеленбе, – дейдi оған Мөңке. – Бұған дейiн өтiнiшiмдi жерге тастаған емес, – дейдi хан. – Көрермiз, әуелi олар ант қабылдап алсын… сонан кейiнгi жағдай қалай болатынын,– деп тұжырымдайды Мөңке би. Орынборда шатырдың қақ төрiне Елизавета әйел патшайымның суретiн iлiп қойған. Суреттiң тұсында – ұлық Татишев. Ол Әбiлқайырға ант берудi ұсынды. Ант беру аяқталғаннан кейiн, Татишев анттың мазмұнын патшайымға жеткiзетiнiн айтты. Келесi күнi Орынборға Нұралы сұлтан келдi, ол да ант бердi. Кейiннен Мөңке қобызын алып, қоңыр даусын соза толғау бастады: Құрамалы-қорғанды үйiң болады. Айнымалы, төкпелi биiң болады. Халыққа бiр тиын пайдасы жоқ, Ай сайын басқосқан жиын болады. Ертеңiңе сенбейтiн күнiң болады. Ала шұбар тiлiң болады, Дүдәмалдау дiнiң болады. Әйелiң базаршы болады, Еркегiң қазаншыл болады. Сарылып келiп көлiк тосады, Құны жоқ қағазды судай шашады… Татишев тiлмашты басын көтермей отырып тыңдады да, бiр кезде өңi түтiгiп кетедi. Мөңкенiң есiмi тарихи құжаттарға Әбiлқайыр ханның өлiмiнен кейiн түсе бастаған. Патша әкiмшiлiгi Әбiлқайыр ханның өлiмiнiң себебiн анықтау мақсатында Кiшi жүзде қалыптасқан хал-жағдайды бақылап отыру үшiн татар тiлмашы Ю. Гуляевтi Кiшi жүзге жiбередi. Алғаш рет Мөңке би осы Гуляевтiң жазбасында аталады. Кiшi жүздiң басты деген билерi жиналып, өлтiрiлген Әбiлқайырдың орнына хан сайлаймыз деген мәселе көтерген. 1748 жылы 26 қыркүйекте билер мен батырлар Нұралыны хан сайлау керек деген қорытындыға келедi. Алшын бiрлестiгiндегi Мөңкенiң ықпалы өте жоғары болғаны байқалады. Ал патшалық Ресейдiң саясаты ықпалды билердi өз жағына тартып алу едi. Мөңке би әу бастан Әбiлқайырдың ұстанған саясатын онша қолдамаған. Ол орыстардың қазақ даласына сұғына кiруi түбi жақсылыққа апармайтынын сол кезде бiлген. Сондықтан ол Ресейге наразы топтың қатарында болды. 1748 жылы 5-қазан күнi Кiшi және Орта жүздiң ( шағын бөлiгi) билерi мен батырлары Нұралыны хан сайлау жайлы Елизавета императрицаға хат жазады, осында Шектiден шыққан батырдың қатарында Мөңке бидiң қолы тұр. Ал Әбiлқайыр ханның патшалық Ресеймен екi арада жүргiзген келiссөзiнiң ешбiрiнде Мөңкенiң есiмi ауызға алынбаған. Едiл қалмақтары мен шығыстағы жоңғарлардың шапқыншылығы әлi де тоқтай қойған жоқ едi. Елдiң iшi екiге жарылып, бiр бөлiгi орыстар жағына бүйрек бұрып, екiншi бөлiгi оған қарсы бағыт ұстанған. Осыны сезiп отырған сұңғыла Мөңке би жағдайды тыныштандыру үшiн саяси iстерге белсене араласады. Оның елшiлiк құрамына кiруi де сондықтан едi. Мөңке орыстарға қарсы болғандықтан Батыр, Барақ сұлтандарға iш тартып, жақын болды. Мөңке – би болуымен қатар, ел басқарған рухани көсем, әулие болған. Алаш зиялысы Ж.Аймауытов "Ел қорғаны" пьесасында бiр ақсақалдың аузына мынадай сөз салады: Жарықтық Мөңке би болжап кеттi ғой: Саз балшықтан үйiң болады, Бозбаладан биiң болады. Ат жақсысы арбада болады, Жiгiт жақсысы саудада болады. Болашақ дәуiрдiң түр-сипаты, замана адамының бет-келбетi, мiнез-құлқы, тiршiлiк-ахуалы Мөңке би толғауларында толығынан көрiнiс тапқан. Мөңкенiң алдағы заманды, алыс болашақты болжаған ой-тұжырымдарын мына жолдардан аңғарамыз. Түрлi-түрлi халық болады, Кигенiн сiрi етпен басады, Аяғын қымтаудан қашады. Атаның асы емес, Келiн түсiрген той емес Бозбала мен қыз бас қосқан жиын болады. Мұның өзi жасы ұлғайған адамға қиын болады,– деген екен. 1755 жылы жоңғар хандығы ыдырады, үш жыл өтер-өтпесте жылнамаларда жоңғар халқының аты да аталмайтын болды. Қазақ хандығы уақыт өте келе, Еуразия құрлығының қақ ортасындағы үлкен мемлекетке айналды. Мөңке би мұны қалай да бiлген болуға тиiс. Қанша дегенмен ол кiсi болашақты болжайтын ерекше қабiлет иесi-тұғын. Мөңке бидiң ата-тегi былай таралады. Ол – Ноғайұлының Мұса ханының ұрпағы. Мұса ханның бәйбiшесiнен Сирақ туады, онан – Қалу, онан – Бөлек, онан – Айт және Бұжыр. Айттан – Тiлеу мен Қабақ тарайды да, ал Бұжырдан Назар, Шүрек, Жекей өрбидi. Тiлеу – Әз Тәуке заманында қол бастаған батыр ретiнде атағы шығып, 1684 жылы Сайрам соғысында шейiт болады. Сүйегi Түркiстандағы қасиеттi Қожа Ахмет Иассауи кесенесiнде жерленген. Мөңке би – осы Тiлеу батырдың бел баласы. Мөңке жас кезiнен-ақ ел билеу iсiне араласқанға ұқсайды. XVIII ғасырдың бiрiншi ширегi тарихымызда "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" оқиғасымен есте қалды. Мөңке би бұл уақытта елдiң тұтастығын сақтау, бiрлiкке шақыру мақсатын көздеген. Әулие Мөңке туралы қоғам қайраткерi, зерттеушi ғалым М.Құл-Мұхаммед: "Мөңкенiң арғы бабалары "Ел қамын жеген ер Едiге", онан қалса, бүкiл мұсылман дүниесi құрметтейтiн Баба түктi Шашты Әзизге барып тiреледi. Баба түктi Шашты Әзиздiң әулиелер сұлтаны Қожа Ахмет Иассауи шәкiртi болғаны белгiлi. Мiне осындай киелi шаңырақтан шыққан Мөңкенiң тегiн адам болмағанын байқауға болады. Оның шығармасындағы дiни сарынның Қожа Ахмет Иассауидың iлiмiмен сабақтасып жатуы да заңды. Әкесi Тiлеу батырдың Түркiстандағы Әзiрет сұлтан жанына пәк жерленуi де бiраз мәселеден хабар берсе керек. Мөңке – барлық әулиелерге тән ерекшелiктерi бар қасиеттi тұлға. Зерттеушiлердiң кейбiрi Мөңкенi қазақтан шыққан Нострадамусқа теңейдi". Әулие би 81 жыл өмiр сүрiп 1756 жылы, осыдан 255 жыл бұрын дүниеден өткен. Бүкiл қазақ халқына ортақ тарихи тұлға Мөңке биге арналған ескерткiш осыдан бiрнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласында бой көтердi. Қазiргi таңда Әбiлқайыр хан атындағы даңғылдың көркiн ашып тұр. Мөңке би атымен аталған ауыл, көшелер бар. Оның даналық ой-толғамдарына саясаткерлер жүгiнiп, ғалымдар зерттеу еңбектерiн арнауда. XVIII ғасырдың алғашқы жартысында ел басына ауыр күн туғанда халықтың тұтастығы үшiн күрескен аса iрi тұлғалардың бiрi – Мөңке әулие болды. Оның болашақты болжаған өлеңдерi қазiргi таңда да өз маңыздылығын жойған жоқ, оның өлеңдерiне деген сұраныс артып отыр. Қазақты бүгiнгi күнге дейiн қаншама өткелектен аман алып келген рухани тұлғалардың ортасында Мөңке би тұрғаны – бiз үшiн өте үлкен мақтаныш. Ол халқының жадында мәңгi сақталады. Болашақта рухы асқақтай берсiн дегiмiз келедi. Ендiгi мәселе – мәңгiлiк мекенiне кесене орнату. Нұридин БАЛҚИЯҰЛЫ, профессор Тұрғанғалы ЖОЛБАСҚАН, доцент