Жаңалықтар

ЕСКЕРТУДI ЕЛЕМЕСЕҢ, ЕРТЕҢ ЖЕРIҢНЕН АЙРЫЛАСЫҢ

ашық дереккөзі

ЕСКЕРТУДI ЕЛЕМЕСЕҢ, ЕРТЕҢ ЖЕРIҢНЕН АЙРЫЛАСЫҢ

Аумағы күн санап кеңейiп келе жатқан Шымкент қаласында қазiр тоқымдай жер алудың өзi мұң. Жер кезегiнде тұрған азаматтардың саны 60 мыңнан асып қалды. Алайда әкiмдiктiң иелiгiнде беретiн бос жер жоқ. Оны тек сатып алуға болады. Бағасы удай. Жер телiмi алыпсатарлардың табыс көзiне айналғалы қашан. Бiрақ биылдан бастап облыс әкiмдiгi игерусiз жатқан және өз мақсатында пайдаланылмаған жер телiмдерiнiң тiзiмiн нақтылап, оларды мемлекетке қайтару шараларына кiрiстi.

– “Жер кодексiнiң 92-бабында өз мақсатында пайдаланылмаған жер телiмi меншiк иесiнен немесе пайдаланушыдан мәжбүрлеп алынатындығы жазылған. Осы талапқа сәйкес ауыл шаруашылығы өндiрiсiне не тұрғын үй құрылысына және өзге де құрылысқа арналған жер телiмi екi жыл iшiнде тиiстi мақсатында пайданылмаса, онда жер телiмi Жер кодексiнде көрсетiлген тәртiппен меншiк иесiнен мәжбүрлеп алынады, – дейдi осы жөнiнде бiзге түсiнiк берген облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Созақбай Әбдiқұлов.

Оның айтуынша, кәсiпкерлiк мақсатқа және жеке тұрғын үй құрылысына берiлген жерлерге арнайы сараптама жүргiзiлген. Ол бойынша облыстың аудандары мен қалаларында өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемi 897,2 гектар жер анықталыпты. Оның басым бөлiгi, яғни 435 азаматқа тиесiлi 773 гектар жер Шымкент қаласында орналасқан. Ал аудандардың iшiнде Төле биде – 64,6 гектар, Отырар мен Сайрамда – 14 гектар жер бар. Сонымен қатар Шымкент қаласында жеке тұрғын үй құрылысына берiлiп, бiрақ кәдеге аспай жатқан 13 мың 564 жер, пайдаланушыға тиесiлi 1250 гектар жердiң бары белгiлi болып отыр.

Бұл анықталған жер телiмдерi 2004-2006 жылдары берiлген екен. Ендi “Жер кодексiне” сәйкес, пайдаланылмай жатқан жер иелерi мен жер пайдаланушылардың тiзiмi өңiраралық жер инспекциясына тапсырылған.

– Заң бойынша жер телiмiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз қойылғанға дейiн бiр жыл бұрын осы жөнiнде жер иесiне жазбаша ескерту берiледi. Аталған уақыт iшiнде меншiк иесi қажеттi шараларды қолданбаған жағдайда мәжбүрлеп алу туралы мәселе қойылады. “Жер кодексiне” сәйкес, мәжбүрлеп алып қою жер телiмi орналасқан аумақтағы облыстың жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органның талап арызы бойынша сот тәртiбiмен жүгiзiледi, – дейдi басқарма бастығы.

Осы уақытқа дейiн 200-ге тарта жер телiмiнiң иесiне ескерту берiлген. Ескертудi елемегендер, ертең жерiнен айрылып қалуы әбден мүмкiн.

Бақыт ЕРНАЗАР