Жаңалықтар

«МЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» АТТЫ ҚОСТАНАЙДА ФОРУМЫ ӨТТI

ашық дереккөзі

«МЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» АТТЫ ҚОСТАНАЙДА ФОРУМЫ ӨТТI

4 маусым – Мемлекеттiк рәмiздер күнi. Осыған орай Қостанай қаласында «Менiң Қазақстаным» атты жастардың патриоттық форумы өттi. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына арналған биылғы жиынның маңызы да ерекше. Патриоттық рухты, отансүйгiштiк сезiмдi асқақтатқан шаралар да айрықша есте қалды.

«Менiң Елтаңбам! Менiң туым! Менiң Әнұраным!» атты шара аясында форумға қатысқан жастар орталық алаңнан Спорт сарайына дейiн шеру жасап өттi. Елдiктiң үш басты белгiсiн әспеттеген жалынды ұрандар қала көшелерiн жаңғырыққа бөледi.

Форумға қатысқан ҚР Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыз да, бүкiл елiмiз де жастарға сенедi және зор жауапкершiлiк жүктейдi. Қазiргi заман жастары ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап, бүгiнгi ұрпақ жүзеге асырған, ең қасиеттi құндылығымыз ел тәуелсiздiгiн сақтап, оның тұғырын биiктете түсетiнiне кәмiл сенемiз», – дедi.

Сонымен бiрге, форум аясында ерлiк iстерiмен, толағай табыстарымен халықтың ықыласына бөленген ел азаматтарына бес аталым бойынша «Жыл патриоты» құрмет белгiсi табыс етiлдi. Бұл марапатқа ие болғандардың қатарында басын қатерге тiгiп, жанып жатқан үйден жас баланы алып шыққан 8-сынып оқушысы Жандос Iлияс та бар.

Форум соңы қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелiк концертке ұласты.

Әйгерiм ТӨРЕХАНОВА, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi