Жаңалықтар

ҚАЗАҚТАР ӨЗIН-ӨЗI ҚАМШЫЛАУЫ КЕРЕК

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТАР ӨЗIН-ӨЗI ҚАМШЫЛАУЫ КЕРЕК

Орал қаласының тұрғыны, 47 жастағы Бахром Рахимовтың ұлты – өзбек. «Ранг» заң фирмасында еңбек ететiн оның бiздiң өңiрiмiзде өмiр сүргенiне де жиырма жылдан астам уақыт өттi. Заңгер азамат қазақ қызы Гүлмираға үйленген. Қазаққа әрi күйеу, әрi құда. Өйткенi қазаққа қызын берген.

– Өзiм Андижан облысының Андижан қаласынанмын. Сол кездегi кең байтақ Кеңес Одағында өскендiктен, елмен бiрдей өмiр сүрдiк. Ер жеткесiн, әскер қатарына шақырды. Көбiне қандастарым түсетiн құрылыс батальонында екi жыл еңбек еткенiм бар. Бiр жақсысы, мұнда жұмысыңа ақы төлейдi екен. Қомақты қаржы жинап, елге оралдым. Бiрақ неге екенi белгiсiз, бiр тылсым күш алысқа шақырды да тұрды. Сонан Тамбов қаласына оқуға түстiм. Ол кезде заман тыныш, қазiр жұрттың үрейiн алатын скинхедтердi көрмек түгiлi, естiгенiмiз де жоқ. Осында оқып жүрген қазақ қызы Гүлмираға көзiм түстi. Таныстық, үйлестiк, жұбымыз жарасты. Сол Тамбовта жүргенде, тек қандастарым ғана емес, өзге де түркi ұлттарының өкiлдерiмен жақсы қарым-қатынаста болатынбыз. Алғашқыда жас жұбайымды алыстағы туған қалама апардым. Оған ауа-райы жақпады. Сонан соң, осы жаққа қоныс аударып, ең әуелi әйелiмнiң төркiн жұрты – Тасқала ауданынан бiр-ақ шықтық. Бiрте-бiрте алғашқы жоғары бiлiмнiң бүгiнгi заманда аздық ететiнiн аңғарып, Оралда сырттай оқып, заңгерлiк мамандық алғанмын. Тасқала ауданынан ендi облыс орталығына қоныс аударуға тура келдi.

Қазiр бiр ұл, бiр қызым бар. Қызым ұзатылған. Құрмет атты күйеубалам және қылығы балдай тәттi Әмiрхан жиенiмiзге ықыласымыз айрықша. Осында маған еңбек пен отбасылық бақыт сыйлаған көне қазақ даласы мен пейiлi кең қазақтар. Сол үшiн қашанда ризамын.

Түбiмiз бiр, дiнiмiз ислам болғанымен, сан жылдан берi байқағаным, қазақ пен өзбектiң арасында айырмашылық көп. Әсiресе дiл тұрғысынан алғанда. Мәселен, қарапайым көрiнiс киiмдi алайық. Ала тақиялы ағайындарым ешқашан басынан ұлттық киiмiн тастамайды. Қазақтар болса, ұлттық киiмдерiн тұтынуға салғырттау. Әсiресе әйелдер жағы. Әрине, қандай да болсын мiн тағудан аулақпын. Әркiмнiң өз еркi ғой. Солай десек те, өзбектiң қыз-келiншектерi, әйелдерiнiң түгелге жуығы ұлттық киiмдерiнен жерiнiп көрген жоқ. Менiңше, қазақ әйелдерi де ұлттық киiмдерiн жиi және жүйелi пайдаланса, сырт көзге әдемi де сүйкiмдi көрiнер едi.

Ендi рух жайына ойыссақ. Ана тiлiн бiлмейтiн немесе сүймейтiн өзбек жоқ–бұл ешқандай дәлелдi қажет етпейтiн қағида. Ал қазақ ағайындар мiне, жиырма жыл бойы ұлттық тiлiнiң «орнығуы» үшiн күресiп келедi. Ол үшiн бұрынғы дәуiрдi кiнәлай берудiң күнi өттi. Елбасымыз Н.Назарбаев бейнелеп айтқанындай, тәуелсiздiктiң жиырма жылында «адам түгiл аюды да қазақша үйретуге болады ғой». Демек, осы төңiректе қазақ ағайындарға өзiн-өзi қамшылау керек. Өйткенi тiл – әр ұлттың басты рухани «төлқұжаты». Тiл түзелсе, дiл де, дiн де түзеледi. Мәселен өзiм қазақ тiлiнде жақсы түсiнетiнiмдi, сөйлей алатынымды мақтан тұтамын.

Тiлден туындайтын тағы бiр тұс –әлiпби. Бүгiнде қазақтар – кириллицаны пайдаланып отырған санаулы түркi ұлттарының бiрi. Өзбектер де, әзiрбайжандар да, түрiкпендер де көптен латын әлiпбиiн қолданады. Солтүстiктегi татарлар да соған көшпек ниетте. Әзiрге қазақтар ғана ойлану үстiнде. Елбасымыз Н.Назарбаев та осы мәселе жайында кеңiнен ақылдасып, түйiндi ұйғарымға келудi ұсынып отыр. Әрине, кириллицаға түк өштiгiмiз жоқ. Ол бүкiл түркi халықтары үшiн белгiлi бiр кезеңде айтарлықтай қызмет атқарды. Ендi оны сонау түрiк ағайындар ғасырға жуық уақыт бойы тиiмдi пайдаланып отырған латын әлiпбиiмен ауыстыратын кез жеттi.

Бұрын қазақ та өзбек секiлдi үлкенге-құрмет, кiшiге-iзет көрсететiн. Байқаймын, осы қасиеттерiнен жылдан жылға айрылып барады. Қазiр қоғамдық көлiкте үлкендердiң ерiксiз тұрып, жастардың жарбиып отыруы – қалыпты көрiнiс. Әкесiндей адамға әкiреңдейтiн, үлкеннiң сөзiн бөлiп, дөрекiлiк танытатындар да аз емес. Құдайға шүкiр, өзбек бұл жағынан қазақтан көш iлгерi алда тұр. Нарықтың бұған ешқандай «қатысы» болмас. Қай заманда да парасат адамның өзiне байланысты емес пе?!

Сөз жоқ, бастының бастысы – отаншылдық сезiм. Қазақ ағайындардың мейлiнше ұлтжанды, отаншыл болғанын қалар едiк. Қазақстан – тағдырдың тауқыметiмен талай ұлтты қойнына паналатқан құтты мекен. Бүгiнгi Елбасымыз Н.Назарбаев орынды мақтан тұтатын ұлтаралық татулық пен келiсiм, дiни ымыра бiрiншi кезекте қазақ ұлтының ғасырлар бойғы төзiмдiлiгi мен кеңпейiлдiлiгiнiң, қала бердi ойластырылған мемлекеттiк саясаттың мәуелi жемiсi. Дегенмен кейбiр қазақтар алыстағы Америка мен қиырдағы Батысқа аузын ашып, көзiн жұмбай, өзiнiң кең даласы мен тамаша табиғатын, ешкiмнен кем түспейтiн Отанын шексiз сүйсе, қандай жақсы! Мысалы мен алыста қалған елiмдi сүйемiн, бармағаныма үш жыл өттi. Сағынып жүргенiм де рас. Осындағы Бөрлi ауданында тұратын жерлесiм әрi қандасым Бахтияр Таштемиров және өзге де бауырлармен қауышқан сайын туған елдi еске алып, бiр жасап қаламыз. Тiптi жануар екеш жануар да өскен жерiн сағынады ғой…

Ал үйiмiзде үш тiлде сөйлесемiз. Ал өзiмнiң кей-кейде палау басатыным бар. Сонау Андижанда жүргенде, әжем үйреткен қалпыма басып. Бұл да туған жердi аңсаудың бiр көрiнiсi. Ал жұбайым мен ұл-қызымның, жиенiмнiң, қала бердi менiң де ендiгi Отаным – Қазақстан! Олай болса, биыл тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығын атап өтетiн Қазақ елiн нағыз қазақтай сүюге борыштымын.

Жазып алған Серiк ЫҚСАНҒАЛИ