Жаңалықтар

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: ЖУРНАЛИСТЕРДI ҚОРҒАЙТЫН ЗАҢ КЕРЕК

ашық дереккөзі

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ: ЖУРНАЛИСТЕРДI ҚОРҒАЙТЫН ЗАҢ КЕРЕК

Өткен аптада Палатаның жалпы отырысында депутат Жарасбай Сүлейменов ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делiнген:

Жақында Астанада қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторларының алғашқы форумы болып өткенi белгiлi. Оған қатысушылар баспасөз қауымдастығын көптен алаңдатып жүрген көкейкестi мәселелердi ортаға салып, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын iс жүзiнде қолдау қажеттiгi жөнiнде арнайы мәлiмдеме жасады. Мәлiмдемеде «Бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттiк қолдау туралы» жаңа заң қабылдау, отандық баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары үшiн қосымша құн салығын толық алып тастау, БАҚ қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдауды iске асыру, атап айтқанда, журналистердi әлеуметтiк жеңiлдiктердi пайдаланатындардың тiзiмiне қосу (сыйақы, баспана беру, ипотекалық жеңiлдiктер), зейнетақы тағайындағанда кәсiби санатын анықтау қажет делiнген. Осындай орынды талаптарды қолдай отырып, тағы бiр өткiр мәселе – журналистердiң жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң маңыздылығына назар аударғым келедi.

Қоғамымыздағы сөз бен шығармашылық еркiндiкке конституциялық кепiлдiктiң берiлуi бұқаралық ақпарат құралдарының шапшаң дамуына жол ашты, оған деген мемлекеттiк монополияны жойды, жаңа бағыт, жаңа сарындағы БАҚ нарығын дүниеге әкелдi. Нәтижесiнде мемлекеттiк БАҚ-пен қатар, оппозициялық, тәуелсiз және салалық сипаттағы БАҚ өзара бәсекелестiкке түстi, журналистердiң белсендiлiгi артты.

Мiне, осындай жағдайда елiмiзде болып жатқан оқиғаларды шынайы жазу, ақиқатты айту, кәсiби мiндетiн адал атқару – журналистердiң абыройлы борышы. Журналистер тәжiрибесi мен бiлiмiне сүйене отырып, өмiрде болып жатқан құбылыстарға өз бағасын беруге, ақты – ақ, қараны – қара деп, оқырманға, қалың елге жол көрсетуге тиiс. Әрине, осы талап үдесiнен көрiну оңай емес, екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Қоғамда шындықты бетке айтатындарды ұнатпайтындар да, олардан өш алғысы келетiндер де жоқ емес. Мiне, сондықтан да журналистердi қудалау, тiлшiлердiң заңды кәсiби қызметiне бөгет жасау, ақпаратқа қол жеткiзудi шектеу әрекеттерi әлi тиылмай келедi. Баспасөздi саяси ойындарға немесе қаржы-өнеркәсiп топтарының өзара текетiресiне тарту әрекеттерi де елiмiзде өркениеттi ақпараттық кеңiстiк қалыптастыруға керi әсер етуде. Осындай әрекеттердiң салдарынан Қазақстанда да журналистиканың қауiптi мамандыққа айналып бара жатқаны жасырын сыр емес. Соңғы он жылда ғана елiмiзде түрлi себептермен қырыққа жуық журналистiң қаза болғаны бiзде журналистердiң құқықтары мен кәсiби мүдделерiн қорғау жағы ақсап жатқанын, басқа мамандықтардың иелерiне қарағанда, олардың мемлекеттiң қорғауына өте-мөте мұқтаж екенiн көрсетедi.

БАҚ өкiлдерiне кiмнiң де болсын тарапынан қысым көрсетiлмеуге тиiс. Сыртқы күштер журналистерге өздерiнiң кәсiби мiндеттерiн адал атқаруларына жағдай жасаулары, шындықты айтуға, iзденуге, ақпаратты табуға мүмкiндiк берулерi керек.

Мемлекет қоғамдық мiндетiн адал атқарып жүрген журналистердiң еңбегiн ұдайы назарда ұстап, қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Олардың қызметiнiң қоғамдық маңызын ескере отырып, қалам иелерiн түрлi қауiп-қатерлерден батылырақ қорғау, олардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiргендердi қатаң жазалау қажет. Демек журналистерге айрықша мәртебе беретiн мезгiл жеттi.

Егер бiз Ата Заңымызда бекiтiлген сөз бен баспасөз бостандығы қоғамымыздың демократиялық жолмен дамуының, оның азаматтық қоғамға одан әрi сенiмдi қадам басуының бұлжымас шартына, ал бұқаралық ақпарат құралдары осы құбылыстың ықпалды құралына айналсын, мемлекеттiң, қоғамның және баспасөздiң iс-қимылын жаңа деңгейге көтеремiз, үйлесiмдi жүйесiн жасаймыз, баспасөздi, журналистердi жан-жақтан жасалатын шабуылдардан, зорлық-зомбылықтан қорғаймыз, баспасөздi бiреулердiң жеке мүддесiне пайдалануға тосқауыл қоямыз десек, ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары туралы ұлттық заңнаманы одан әрi жетiлдiру жолдарын қарастыруымыз, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердiң құқықтары мен бостандықтарының негiздерiн айтарлықтай кеңейтуiмiз керек. Бұл – уақыт талабы.

Қазақтың бiртуар ұлдарының бiрi Ахмет Байтұрсыновтан қалған: «Қай ұлттың баспасөзi мықты болса, сол ұлттың өзi де мықты» – деген сөз бар. Демек халық баспасөздi билiктiң төртiншi тармағы деп тектен-текке айтып жүрген жоқ. Журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары кез келген елдiң дамуында айрықша роль атқарады. Бiздiң жас мемлекетiмiздiң болашағы да, балауса демократияның тағдыры да қалам ұстаған қауымның қызметiне, iскерлiгi мен жауапкершiлiгiне тiкелей байланысты. Мiне, сондықтан да елiмiздегi сөз бостандығын ұдайы қолдап, бұқаралық ақпарат құралдары саласын одан әрi дамытуға қамқорлық жасалуы керек.

Құрметтi Кәрiм Қажымқанұлы, осы айтылғандарды негiзге ала отырып, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторларының алғашқы форумында көтерiлген мәселелердi назардан тыс қалдырмауыңызды, бұқаралық ақпарат құралдарының серпiндi дамуына, журналистердiң сенiмдi қорғалуына кепiлдiк беретiн Заңның қабылдануына ықпал етуiңiздi сұраймыз.