Жаңалықтар

«БАСҚАРУ ЖҮЙЕСIНIҢ ТОЗЫҒЫ ЖЕТТI» – ДЕЙДI РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТI

ашық дереккөзі

«БАСҚАРУ ЖҮЙЕСIНIҢ ТОЗЫҒЫ ЖЕТТI» – ДЕЙДI РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТI

Ресей Федерациясын бiлiктi басқарып отырған президент Дмитрий Медведев пен премьер-министр Владимир Путиннiң тыныш жатқан кезi жоқ. Бiрi – алып мемлекеттiң экономикалық-қаржылық жағдайын жақсарту үшiн әрi-берi шапқылаудан тынбаса, екiншiсi – орыс тiлiнiң қолдану аясын кеңейтуге жанын салып жүр. Ресей президентi орыс тiлiн интернет арқылы насихаттау үшiн алдағы бес жыл iшiнде 2,5 млрд. рубль бөлетiндiгiн мәлiмдедi.

Ресейлiк ақпарат құралдарына құлағымызды түрiк ұстайтын әдетiмiз емес пе? Жақында Ресей халқы ұлы ақыны – Пушкиннiң туған күнiн дүбiрлетiп атап өттi. Орыс тiлiнiң сөздiк қорын молайтып, орыс тiлiнiң дамуына айтарлықтай үлес қосқан ақынды әрбiр орыс мақтанышпен айтады. Бұл күнi Ресей президентi Дмитрий Медведев А.С.Пушкин атындағы Орыс тiлi институтына барып, бүгiнгi орыс тiлiнiң ахуалымен танысты. «Пушкин – орыс тiлiн қолданудың үлкен үлгiсiн көрсетiп қана қоймай, оның халықаралық кеңiстiкте таралуының нағыз символы ретiнде әйгiлi», – дедi. Сондай-ақ Дмитрий Медведев өзiнiң орыс тiлiн сүйiп оқитын жанашыр екенiн де ұмытқан жоқ. Тiптi, президенттiң айтқан сөздерi бойынша орыс студентi «Дмитрий Медведев және саяси дискурс» тақырыбында диплом қорғаған екен.

Институт мамандары Дмитрий Медведевке кез келген адамның орыс тiлiн қаншалықты деңгейде бiлетiндiгiн анықтайтын жаңа тәсiлдi көрсеттi. Оны мамандар интернет арқылы жүзеге асырған көрiнедi. Бұдан соң президент орыс тiлiн қорғап, қолдап, әлемге таратып жүрген бiрқатар лингвист-ғалымдармен, оқытушылармен және шетелдiк студенттермен бiр үстелдiң басында кездесiп, емен-жарқын әңгiме құрды. Ол өз сөзiнде бұдан былай Пушкиннiң туған күнi, яғни 6-маусым күнiн – Орыс тiлi күнi ретiнде атап өтiлетiндiгiне екпiн түсiрдi. «Пушкиннiң туған күнiн – Орыс тiлi күнi деп атауға байланысты бұйрыққа қол қойдым. Бүкiл орыс халқы Орыс тiлi күнiн ұлы ақын Пушкиннiң туған күнiмен қоса дәрiптейтiн болады. Президент үйлестiрмеген нәрсенi басқа ешкiм де қолға алмайды. Бұл жаман. Бұл дегенiмiз бiздiң басқару жүйесiнiң тозығы жеткенiн аңғартады », – дедi Д.Медведев.

Орыс тiлiнiң қамын күйттеген басқосуда мамандар орыс тiлiнiң қолдану аясын кеңейтуде кедергi тудырған мәселелердi ашып айтты. Атап айтқанда, қазiргi кезде сапалы оқулықтар мен сөздiктердiң жетiспеушiлiгi, аударма жайының құлдырап кетуi, шетелде орыс мектептерi мен мәдени орталықтардың аздығы туралы қордаланып қалған түйткiлдердi шешу жолдарын қарастыру керектiгiн жеткiздi. «Орыс тiлiн шетелде ғана емес, елiмiзде де бiлмейтiндер бар. Бұл үлкен мәселе», – деген Ресей президентi Дмитрий Медведев мәдениеттi дамытудың бiр арнасы iспеттес – интернеттi қолға алуды тапсырып, орыс тiлiн интернет арқылы насихаттау үшiн алдағы бес жыл iшiнде 2,5 миллиард рубль бөлетiндiгiн айтты.

Алып көршiнiң мемлекеттiк тiлдi дамыту тұрғысында жасап жатқан шаруаларына сүйсiнбеу мүмкiн емес. Тiптi бүгiнде әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде орыс мәдени орталықтары жұмыс iстеуде. Осыдан екi-үш жыл бұрын Елордамыз – Астанада да орыс тiлiнiң мәртебесiн биiктету үшiн үлкен конференцияның өткенi есiмiзде. Елiмiздегi орыс тiлiнiң сойылын соғатындар шама-шарқынша тiлдiң қазақ қоғамынан өшiп кетпеуi үшiн жанын салып жүр. Ал керiсiнше, Қазақ елi Тәуелсiздiгiнiң 20 жылында тiл мәселесiнде әлi 20 белеске де жете алмай отырған сияқты. Мемлекеттiң тiзгiнiн ұстаған атқамiнерлер мен әкiм-қаралар әлi күнге биiк мiнберлерден көбiне орыс тiлiнде сөйлейдi. Әсiресе, шетелден келген мемлекеттiк делегацияларды өзiмiздiң шұрайлы да бай қазақ тiлiмiзде қарсы алмайтынымыз жанға батады. Ол ол ма, Қазақ мемлекетi өзiнiң 20 жылдығында Қазақ тiлi күнiн де белгiлеген жоқ. Тек 22 қыркүйектi елiмiзде тұратын этностардың көңiлiне қарап «Тiлдер мерекесi» ретiнде атап өтiп келемiз. Қазақ тiлiн қолдану мен дамыту туралы мемлекеттiк бағдарлама қабылдаудың орнына тағы да «Тiлдердi қолдану мен дамыту» деген таңылып, күрделi мәселенi көлегейлеп қоюға ұмтылудамыз. Ал қазақ тiлi көбiнесе осындай желеулетiп өткiзетiн жемiссiз мерекелердiң, әр бес, он жыл сайын қабылданатын бағдарламалардың тасасында қалып қойып жүрген iспеттi. Осы тұрғыда әсiресе, Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң «Бiздiң басқару жүйесiнiң тозығы жеттi» деген сөзi саналы жанға терең ой салары сөзсiз. Қазақстанда ше?! Бiздiң елiмiзде де Елбасы үйлестiрмеген нәрсенi басқа ешкiм де қолға алуға ұмтылмайды. Атқарушы билiк өкiлдерiнiң, көптеген министрлiктiң лауазымды тұлғалары мен жергiлiктi әкiмдiк адамдарының енжарлығы, ештеңеге белсенiп араласпайтыны қарын аштырады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ