Жаңалықтар

СЕБЕП БОЛМАСА, «ТIЛ ТАҚЫРЫБЫ ТЫМ САЯСИЛАНЫП» КЕТПЕС ЕДI

ашық дереккөзі

СЕБЕП БОЛМАСА, «ТIЛ ТАҚЫРЫБЫ ТЫМ САЯСИЛАНЫП» КЕТПЕС ЕДI

«Егемен Қазақстан» газетiнiң Қызылордадағы тiлшiсi Ержан Байтiлес «дат!»-қа жүгiнiп, «Тiл тақырыбын тым саясиландырып жiбердiк» деп қынжылыс бiлдiрген екен. Сөйтiп, қанадан тыс даурығып кеткен бiздi (қоғамды) сабырға шақыра отырып, ортаға өз тарапынан да ой тастапты. (№215-216, 24 мамыр)

Мұндайда бейтарап қала алармысың? Елең ете қалдық. “Шешiнген судан тайынбас” деп, қалай сыналсақ та, тағы да тiл қатайық дедiк. Тағы да тапқанымызды салмақтап, жетiстiгiмiздi екшеп көрдiк. Мұқтаждық тұрғысынан өлшесек, мысқалдай да болмай шықты. Еңсемiз түстi. Тағы да жанайқайдың ноқтасын сыпырып, қаламға жүгiндiк.

Бiз немiзге жетiсiп тоқмейiлсимiз? Егемендiк алдық деп телпегiмiздi аспанға атқанымыз болмаса, тәуелдiлiктен шыға қойған ештеңемiз жоқ. Саясаттан тыс болғанда қай әдiбұлыққа жетiп отырмыз? Қайда барсаң да көгендеулi қозыдайсың. Үнемi қорынып, әлденеден имене беремiз. Соның бәрi тiлiмiздi тиiстi тұғырына шығара алмағандығымыздан.

Әлi күнге бөгде тiлде сөйлеуден танбаймыз. Өйтпесек бiр де бiр белдi iсiмiз еңсесiн көтере алмайды. Кәдiмгi бiр жат жұртта жүрген сықылдымыз. Бұрынғыша: «Мәскеу не дер екен?» деп күтетiндеймiз бе? Әйтеуiр күйбеңiмiз көп. 20 жыл кiбiртiктеп, күйбеңдеумен келемiз. (Бiр жарым ғасыр кешкен құлдық күнiмiздi қимайтын сияқтымыз.) Ендi қанша күйбеңдерiмiздi Алла бiледi. Амал жоқ даурығасың, ашынасың.

Аталған тақырып о бастан-ақ саяси бағыттан өрiс алған жоқ па едi өзi? Ал оны саясаттандырған кiм? Халық (қазақ) емес, билiктiң өзi болатын. Халыққа оның додаға түсуiнiң керегi жоқ едi. Қазақ өз тiлiн өрге шығаруға ықыласты-ақ болатын. О бастан-ақ шығарып алатын едi. Iргелi шешiм ғана керек едi. Бiрақ бiздiң халықты тыңдап үйренбеген жарамсақ билiк «әжептәуiр әннiң» берекесiн кетiрдi. Тамыры жоқ талқыға салды. Ендi тiл туралы тақырып талқыдан түссе, Алаш аттан түсетiндей.

Бiздiң елiмiзде бүгiн тiлден сүйектi, тiлден тарлан саяси тақырып бар ма қазiр? Ол ұлттық идеологияның патша саласы емес пе? Тiл бiздiң тағдырымыздағы өте өзектi мәселе болса – оны талдау саяси сипат алмағанда қайтедi? Саяси статусы болмаса – осы тақырыптың маңдайы ашылар ма едi, сiрә?! Саясиландырмай-ақ тiлiмiздiң көсегесi көгердi деп кiм айта алады? Тiптi мұрты да тебiндеген жоқ қой әлi. Тiл әлi тұттыға тыпыршу үстiнде. Мәселе тақырыптың саясилығында болмаса керек. Асылы iзденiс жолы жобаға соқпай жатыр-ау.

Әрiптес iнiнiң өз жобасына назар аударайық. Ол әуелi қазақтар өздерi ана тiлiнде сөйлеп жаттығуы керек дейдi. Бәрекелдi! Бұған қос қолыңды көтермей тұра алмайсың. Шынында, өзiмiз игере алмай жатқан тiлiмiздi өзгелер игермедi деп байбалам салу ұят та шығар. Бiзде ана тiлiн үйренуге селсоқ қарайтын қазақ аз ба? Ашығын айтсақ, орыстiлдi қазақтардың көбi солай. Жат тiлде ауызданған оларды жау санай алмайсың. Iштен шыққан шұбар жылан. (Оның iшiнде өз балаң да жүр.)

Бiрақ бұл үлкен жаңалық емес қой. Тiл жөнiндегi пiкiрiн Елбасының өзi осыдан бастаған жоқ па? Әуелi өзiмiз бiрiмiзбен бiрiмiз қазақша сөйлесiп, қазақша оқып, қазақша жазуды үйренейiк демедi ме? Дұрыс қой осы талап. Ал бұған жетудiң жолы қайсы? Соны аша алдық па? Елең еткiзер жауап жоқ.

Iнiшектiң пiкiрiнше ол үшiн банкоматтағы қатар жазылған үш тiлдiң iшiнен қазақша мәтiндi басуымыз керек екен. Сөз жоқ – керек. Солай қалыптасу керек. Ол бiздiң өз тiлiмiзге деген құрметiмiздiң белгiсi болар едi. Бiздiң бейшара тiрлiгiмiзде банкоматтан басқа жағдайда да осындай таңдау тұрады. Сонда мүдiрмей қазақша жазылған сөздi басып дағдылансақ, әсте терiс болмас едi. Әркiмнiң кеудесiнде ұлттық ұялы сезiм орнығар едi.

Бiрақ Ержан мырза осы тәсiлмен бүкiл қазақ ана тiлiне табынып, сөйлеп кетедi деп сене қоймайтын шығар? Тiптi сөйлей бастағанның өзiнде нақ бүгiн емес, жүз жылдан кейiн де жеңiске толық қол жете қоймас.

Ал бұл сонау, 20 жыл бұрын жүзеге асырылуға тиiс шаруа едi ғой, жұртым-ау? Әлi күнге дағдымызға енбей жатыр. Көңiл торықтырар жағдай. Бiздiң бүгiнгi қимылымыздың деңгейiне қарағанда әлi бiразға дейiн енбейдi де. Әлденеге алаңдай беремiз, қазақтардың өз перзентiн орыс мектебiне беру тенденциясы толастар емес. Өйткенi ана тiлiне деген мұқтаждық тумай жатыр, оның қаз тұрып кетерiне сенiм жоқ.

Қолдан келсе – елдiң басына тудыратын басты мұқтаждық осы қазақ тiлiне деген мұқтаждық болса керек. Ау, ол бiздiң ұлттық тiлiмiз емес пе? Егемендiк алған тәуелсiз елдiң ұлттық тiлi ғой! Бiз оны ұлттық тудай қастерлеп көк аспанда желбiретуге тиiс емеспiз бе?

Осы мұқтаждықты қалай тудыруға болар едi? Ол бiзге бала бақшасына барғанда да, мектепте оқығанда да, жоғарғы оқу орнына түсерде де, қызметке орналасар шақта да, әртүрлi жиындар мен жарыстарда да, сан-сапалақ анықтама жинауда да, емделу мен сауда-саттықта да сезiлiп тұруы керек. Сезiлiп қана қоймай басты қажеттiлiкке айналуы шарт.

Бұл да 20 жыл бұрын жүзеге аса бастауға тиiс шара едi. Аспай жатыр. Оны айта-айта – қартайдық та. Билiк үнсiз қалды десек ағаттық болар. Басынан-ақ жедел қолға алынды да, осы бағытта қыруар қимыл жасалынды. Адамның басы айналатын ақшалай қаржы да бөлiндi. Бiрақ әлi ауа қармап келемiз. Неге? Ақша қайда кетiп жатыр? 20 жыл атқарылған iс неге тиiмсiз болды? Неге нәтиже жоқ? Неге бiз ауа қармап қалдық? Неге бiз тiл игеруде шенеунiктер ғана шығатын жолға түстiк?

Өйткенi тиiмдi шара әлi қолға алынған жоқ. Ол анықталған да жоқ. Тiптi соны анықтауға құлық та жоқ шығар. Таптырмайтын дара жол ма, әлде әлдекiмнiң iшiне жақпайтын, сол себептен аталмайтын, айтуға болмайтын (шын мәнiнде) сайрап жатқан сара жол ма? Оны ажырата алмағандаймыз. Сондықтан да көп қазақ күнi бүгiнге дейiн осы мәселеге үзiлген үмiттей қарайды. Жалғасын тауып жарқырай жөнелерiне сене алмайды. Ендi не iстеу керек?

Ол үшiн бiз әуелi өзiмiзге не керек екенiн тиянақты түрде бiлiп алуымыз қажет. Мысалы менiң 20 жыл бойы жер тепкiлеп жылап отырып алғанда талап етерiм: «Қазақстан» деп аталатын мемлекеттiң шекарасының iшкi жағында тұратын әрбiр адам қай ұлттың өкiлi екенiне қарамастан қазақ тiлiнде сөйлеу керек, қазақ тiлiнде жазып, қазақша ойлау керек. Содан кейiн барып қай тiлдi үйренiп, меңгерем десе еркi бiлсiн. Жағадан алған ғаламдану заманында тiл бiлгеннен ешкiм ұтылмайды. (Ал ынталы жанға тiл ұстартуға көп уақыттың керегi жоқ. Жапония мен Канададан келген кей жiгiттердiң екi жылда қазақша сөйлеп кеткенiн теледидардан қазақ топырағында туған Мәсiмов көрмей жүр ме екен?)

Әлемнiң қай елi болмасын, әрбiр азаматы ең әуелi мемлекеттiк тiлде сөйлейдi. Әркiм өз тiлiнде де сөйлеу құқығынан ажырамаған. Мысалы Ресейде тек орыстар, немесе Францияда тек француздар ғана өмiр сүрмейдi ғой. Ол елдерде де толып жатқан басқа ұлттардың өкiлдерi бар. Бiрақ бәрi де әуелi орыс тiлiнде немесе француз тiлiнде сөйлейдi. Ел болғасын, бұл басты шарт. Сондықтан онда оғаштық жоқ. Ол үшiн бiреудi кiнәлап жатқан да ешкiм жоқ. Сонда бiздiкi не?

Ал ендi осы бiртiлдiлiкке бiздiң қазақ топырағында қалай қол жеткiзуге болар едi? «Құлдан да бiр сөз» дегендей, бiз де бiр ауыз сөз қоссақ қайтер екен. Мүмкiн ол өзгенiң де ойында бар шығар. Әлi де «сабыр сақтайық» деп айтпай жүрген шығар. Өздерi бiлсiн. Десе де сабырдың да шегi болмас па?

Бiздiңше, нақ осы биыл 2011 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап ел iшiндегi барлық мектепте сабақ бар пәннен қазақ тiлiнде жүру керек. (Бұл пiкiр осыдан 20 жыл бұрын айтылса тым радикалды болып шығар едi, ал қазiр тiптi тосын емес. Өйткенi ретi келдi.)

Екiншi сыныпқа және одан жоғарғы сыныптарға баратын балалар осы уақытқа дейiн қай тiлде оқып келсе, сол тiлде жалғастыра беруiне болады – содан қашан мектеп бiтiргенше сол тiлде аяқтап шықсын. Ал әлгi қазақша бастаған бала қай ұлттың баласы болса да мектеп бiтiргенше қазақша оқыса он жылдан кейiн қазақша бұлбұлдай сайрайтын болады. Тiптi мақалдап сөйлейтiн болады. Қазақы қалжыңға араласып, өлең жазып кетуi де мүмкiн. (Бiздiң орысша оқыған Олжас осы ретте қай орыстан кем?)

Өйткенi ол халықтың ауыз әдебиетiмен ауызданады. Ал қазақтың мақал-мәтелiн, жұмбақ-жаңылтпашын ұққан адам қазақтың мәдениетi мен тарихын танитын болады. Ал елдiң тарихын таныған адам оның салт-дәстүрiн, дiлiн, тiлiн, ұлттығын, ақыр соңында мемлекеттiгiн де мойындайтын болады. Мойындап қана қоймайды, осы елдiң азаматы екенiне мақтанатын болады. Қасық қаны қалғанша, кеңiрдегi кепкенше осы елдiң намысын жыртатын болады. Мiне, сол кезде тiлге деген мұқтаждық пайда болады. Қалған жұрт амалсыз iлеседi.

Бiздiңше, тiлтанудағы ең тиiмдi әрi төте жол, даурықпай шығатын жол осы. Шығындансаң да өзiн-өзi ақтар жол да осы. Мұның өзi де саясаттан алыс кетпейтiн жол. Сондықтан да бiздiң бүгiнгi жалтақ билiк осынау сүбелi шараға бара қояды деп үмiттену тәттi қиял болып қала бермесе болғаны. Бiрақ басқа жолға иек арту – әурешiлiк, босқа шығындану екенiн де ұмытпаған жөн.

Садықбек ХАНГЕЛДИН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi