Жаңалықтар

АУДАНДАҒЫ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНI

ашық дереккөзі

АУДАНДАҒЫ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНI

Үржарда заманға сай жаңа спорт модулi салынбақшы. Таяуда аудан орталығындағы Жансүгiров атындағы мектепке жақын кең алаңға заманауи спорт кешенiнiң қазығы қағылып, арнайы жасалған орынға капсула қойылды. Бiр мезетте 250-300 жасөспiрiм дайындалуға мүмкiндiк алатын ауқымды ғимаратта волейбол, баскетбол, жеңiл атлетика, гимнастика, теннис және минифутболға арналған жарық залдар болады. Сонымен қатар, күрес пен бокс бөлмелерi де бар. Ат шаптырым аумақты алып жатқан спорт ғимараты екi жылда салынып, пайдалануға берiлмекшi.

Алып ғимаратты салатын Өскемен қаласының "NADAL TRADE" компаниясы. Директоры – Сужанов Данияр Жұмағұлұлы. Директор бұдан бұрында бiраз кешендердi салғанын, өздерiнiң мұндай құрылысты жүргiзуден мол тәжiрибе жинақтағандарын айтты. Жаңа құрылысты сапалы және белгiленген мерзiмде бiтiретiндерiн ескерттi. Бұл құрылысқа мемлекет тарапынан 195 000 000 (миллион) теңге бөлiнiп отыр.

Құрылыс компаниясы жұмысшылардың басым бөлiгiн жергiлiктi тұрғындардан жасақтаса, бiлiктi мамандар – прорабтар мен шеберлер компанияның тұрақты қызметкерлерi болмақ.

Айта кететiн тағы бiр жайт, бұрынғы "Спутник" кинотеатры бұдан былай спорт сарайына айналады. Оның құрылысы да биыл бiтiп, пайдалануға берiледi. Бұл да – заманға сай әмбебап спорт кешенi. Соның алдында Қабанбай батырдың ескерткiшi бой көтерiп, осы спорт сарайы батырдың атымен аталады. Әттең, Үржар ауылының iшкi жолдары толық асфальтталса, ауыл көркi одан әрi ажарлана түсер едi. Әйтпесе Үржар – көк желегi, гүлзарлары мол керемет қалашық. Сөйтсе де ескi Кеңес үкiметiнен қалған көшелердi (Калинин, Буденный, Ворошилов, Лейтенант Шмитд, Кутузов тағы басқа көшелердi) өз қайраткерлерiмiздiң атына беретiн уақыт жеттi емес пе?!

Iзғұтты Айтықов, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов т.б. бәрi де Шығыстың кешегi соғыстағы батыр атанған азаматтары ғой! Әлгi көшелерге сол ардақтыларымыздың атын неге бермеске?!

Салынатын спорт кешенiнiң (әзiрше Өскеменде және Үржарда ғана) қазығын аудан әкiмi Бауыржан Жанақов пен компания директоры Данияр Сужанов қағып, iске сәттiлiк тiледi. Артынан шағын концерт берiлдi.

Бейсенғазы Ұлықбек

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы