Жаңалықтар

ҚАНАТ ӘБУТӘЛIПОВ – WSB КАТЕГОРИЯСЫНДА ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

ашық дереккөзі

ҚАНАТ ӘБУТӘЛIПОВ – WSB КАТЕГОРИЯСЫНДА ТҰҢҒЫШ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

27-28 мамыр күндерi Қытайдың Гуянг провинциясында Бүкiләлемдiк бокс сериясының ең үздiк боксшылары арасында жекелей сындағы ақтық айқастар болып өттi.

2012 жылы Лондонда болатын жазғы Олимпиаданың жолдамалары сарапқа салынған айтулы бәсекеге бес салмақ дәрежесi бойынша 10 боксшы қатысты. "Astana Arlans", "Baku Fires", "Paris United", "Milano Thunder" командалары екiден, ал "Beijing Dragons" пен "Rohand Poseidons" бiр-бiрден боксшы шығарды.

Рингке алғаш болып Қанат Әбутәлiпов (54 кг) пен франциялық Нордин Оубаали шықты. Үш минуттан жетi раундқа созылған айқаста бiздiң Қанат өз қарсыласын айқын басымдықпен жеңдi. Осылайша ол WSB тұжырымы бойынша алғашқы чемпион атанып, 2012 жылы Лондонда өтетiн жазғы Олимпиада ойындарына берiлер жолдаманы қанжығасына байлады.

Сахнаға екiншi болып Ержан Мүсәпiров (61 кг) шықты. Қарсыласы – қытайлық Ванг Жимин. Бокстасу мәнерi ерекше Ержан бастан-аяқ жақсы ойын өрнегiн көрсеттi. Жарыс Қытай елiнде өтсе, қазылар тарапынан бұрмалаушылықтар болатынына талай рет жанкүйерлер куә болған. Бұл жолы да солай болды. Тең жекпе-жекте төрешiлер жеңiстi Қытай боксшысының пайдасына шешiп бердi.

Әйтсе де бiздiң арландар жалпылама командалық есепте екiншi орынға табан тiредi.