Жаңалықтар

ЕРТЕҢ НЕ БЕЛ КЕТЕР, НЕ БЕЛБЕУ КЕТЕР...

ашық дереккөзі

ЕРТЕҢ НЕ БЕЛ КЕТЕР, НЕ БЕЛБЕУ КЕТЕР...

Қазақстан құрамасы Әзiрбайжанға қарсы ойнайды

Ертең Қазақстан халқы Астанадағы "Астана-Арена" стадионында өтетiн футбол додасына көз тiгедi. Отандастарымыз Әзiрбайжанның құрама командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесуден барлық жанкүйерлер үмiттi. Құдай қолдап, Әзiрбайжан командасын тiзе бүктiрсек, Еуропа чемпионатының iрiктеу додасының "А" тобында бесiншi орынға табан тiреймiз.

БЕРАНЕККЕ ЖҮКТЕЛГЕН БАСТЫ МIНДЕТ

Бұл кездесу құраманың бас бапкерi Мирослав Беранектiң ғана емес, барша жанкүйердiң түн ұйқысын төрт бөлуде. Қазақстан құрамасында әлi бiр де бiр ұпай жоқтығын да атап өту керек. Өткен жылдың қараша айында бапкерсiз қалған едiк. Футбол федерациясы қазақ футболын алға сүйрейтiн жанашыр бапкер iздеп сабылғаны рас. Бiраз iзденiстерден соң таңдау чех маманына түскен-дi. Мирослав Беранек Чехияның жастар командасының бас бапкерiнiң көмекшiсi ретiнде 2000 жылғы Еуропа чемпионатының күмiс жүлдесiне ие болды, онан соң бас бапкер ретiнде осы турнирдiң 2002 жылғы чемпионы атанды. Бұған қоса Беранек 2002 жылғы Чехия кубогының иегерi, 2007 жылғы Венгрия чемпионатының жеңiмпазы. Футбол федерациясының бас хатшысы Саян Хамитжанов Мирослав Беранектi жұртшылыққа таныстыру барысында: "Бiз құраманы жақсы жаттықтыратын бапкердi ұзақ iздедiк. Ақыры таңдауымыз Мирослав Беранекке тоқтады. Жасыратыны жоқ, басқа бапкерлер командамыздың iрiктеу тобындағы қарсыластары Германия, Түркия, Австрия, Бельгия командаларынан бiраз қорқып қалды. Бiрден айтайын, жаңа бас бапкердiң алдына топта Әзiрбайжан командасын жеңiп, құраманы турнирлiк кестеде бесiншi орынға қарай жылжытуды мақсат етiп қойдық", – деген едi. Мiне, Мирослав Беранек үшiн мақсатты жүзеге асырар сәт те туды. Егер ұлттық құрама жерге қарап қалмаса, Мирослав Беранек "2+1" келiсiмiне сәйкес, 2013 жылдың iрiктеу сынында да команданы жаттықтырады. Чех маманы таяуда өзi үмiт артатын футболшылардың тiзiмiн жариялады. Ертең "Астана-Аренада" қазақ елiнiң үкiлi үмiтiн ақтау үшiн Әзiрбайжан командасымен күш сынасатын аяқдопшылар мыналар, қақпашылар: Андрей Сидельников ("Ақтөбе"), Александр Мокин ("Шахтер" Қарағанды), Владимир Логиновский ("Жетiсу"); Қорғаушылар: Самат Смақов, Юрий Логвиненко ("Ақтөбе"), Сергей Каримов ("Вольфсбург", Германия), Марк Гурман ("Локомотив", Астана), Михаил Рожков ("Локомотив", Астана), Қайрат Нұрдәулетов ("Локомотив", Астана), Мұхтар Мұхтаров ("Ордабасы"); Жартылай қорғаушылар: Марат Хайрулин ("Ақтөбе"), Қазбек Гетериев ("Жемчужина" Сочи, Ресей), Серiкжан Мұжықов ("Жетiсу"), Ұлан Қонысбаев ("Локомотив", Астана), Марат Шахметов ("Локомотив", Астана), Генрих Шмидтгаль ("Оберхаузен", Германия), Мақсат Байжанов ("Шахтер", Қарағанды), Жамбыл Көкеев ("Шахтер", Қарағанды), Виталий Евстигнеев ("Ордабасы"); Шабуылшылар: Сергей Лисенков ("Ақтөбе"), Сергей Остапенко ("Жетiсу"), Дәуренбек Тәжiмбетов ("Ордабасы"), Сергей Гридин ("Тобыл"). Құрама командамыздың бұрынғы бапкерi Бернд Шторктiң шамына тиiп, ойыннан аластатылған Самат Смақов бұл жолы құрама сапынан қайта көрiндi. Есесiне құрама тiзiмiнен Нұрбол Жұмасқалиевтi байқай алмадық. Ұзын құлақтың айтуынша, Нұрболдың ел бiрiншiлiгiнде өткiзген соңғы ойындары Беранектiң көңiлiнен шықпапты. Сондай-ақ құраманың ардагерi Давид Лория мен Андрей Карпович жарақаттарына байланысты Әзiрбайжан құрамасына қарсы додадан тыс қалады. Бас бапкердiң қырағы көзiне iлiккен ұлттық құраманың аяқдопшылары 27-31 мамыр аралығында Алматының iргесiндегi Талғар қаласында оқу-жаттығу жиынын өткiзiп, екi күн бойы Астанада жаттықты. Өз елiнде абыройға ие болған чех маманы Қазақстанның ұлттық құрамасын алға тартып, елiмiзге жеңiс сыйлар ма екен? Мұны ертең бiлетiн боламыз. Ал әзiрге…

ӘЗIРБАЙЖАН АЛДА ТҰР

"Астана-Аренада" бағын сынайтын екi команда бiр-бiрiне ежелден бiтiспес қарсылас. Негiзiнде 2008 жылдың Еуропа чемпионатының електiк додасында құрамамыз Әзiрбайжан командасымен бiр топта ойын көрсетiп, жеңiске жеткен. Соның нәтижесiнде өз тобымызда 6-орынға ие болып, армяндар мен әзiрбайжандардан жоғары орналастық. Ал қазiр "Еуро-2012"-нiң iрiктеу сынының "А" тобының турнирлiк кестесiнде ең соңғы, алтыншы орында тұрмыз. Қарсылас команда үш ұпаймен бесiншi орында. Астанада шамамыз келсе тек қана Әзiрбайжан құрамасының алдын орай аламыз. Сондықтан бұл жолғы додаға құрама командамыз барын салуы тиiс. Егер бiз ұтыла қалсақ, онда Әзiрбайжан командасы 6 ұпаймен бесiншi орынды өздерiнде сақтап қалады. Жасыратын несi бар, Әзiрбайжан құрамасының да, отандастарымыздың да жасыл алаңда бағы жана қойған жоқ. Қос команда да өз топтарының аутсайдерлерi. Екеуi де "Еуро-2012" додасының жолдамасынан әлдеқашан үмiт үзген. Бiздiң командамыз 5 рет жасыл алаңға шықса да әлi күнге дейiн бiрде бiр ұпайды еншiлеген жоқ. Ал Әзiрбайжан құрамасы төрт рет кездесу өткiзiп, соның бiреуiнде жеңiске жеткен. Соңғы жылдары футболда айы оңынан туып жүрген Түркия командасын жеңiп, үш ұпайға ие болған едi. Өз қақпасына 13 доп жiберiп алған әзiрбайжандықтар қарсыластарының қақпасына үш рет доп енгiзген екен. Құрамамыз УЕФА құрамының мүшесi атанғалы бiздiң басты қарсыластарымыз болған да осы Әзiрбайжан құрамасы сияқты. ФИФА-ның бүкiләлемдiк рейтингiсiнде әзiрбайжандықтар 108-орынды еншiлесе, бiз 139-орынға жайғасыппыз. Қап тауы өкiлдерiнiң тағы бiр айырмашылығы бар. Әзiрбайжандықтар Ресей чемпионатында да ойнайды. Бұған қоса Әзiрбайжан құрамасының 18 жасар өкiлi Араз Абдуллаев анау-мынау емес, ағылшынның "Эвертон" клубында өнер көрсетедi. Ағылшынның клубы былай тұрсын, қазақ баласы Ресей клубтарында да бой көрсетпейдi. Өкiнiшке қарай, Алаштың құрама командасының ешбiр өкiлiнiң өзге елде жұлдызы жана қойған жоқ әзiрге.

ЖАНКҮЙЕР НЕ ДЕЙДI?

Дәл қазiр "Әзiрбайжан алға оза ма, Қазақстан ба?" деген сауалға дөп басып жауап бере алмаспыз. Десек те футболсүйер қауымның ұлттық құрамадан көңiлi қалғалы қашан. 26 наурызда Германиядан ойсырай жеңiлген құрама командамызға көптеген жанкүйерлер үмiт артпайтын да болды. Бұл – ащы болса да шындық. Қазiр ел iшiнде гу-гу әңгiме көп. Бiреулер елiмiздiң құрамасы тағы да ұтылады десе, ендi бiреулер жаңа бапкердiң көмегiмен жеңiске жетемiз деген пiкiрде. Қазақстан Футбол Федерациясының ресми сайтында алдағы ойынға қатысты сауалнама жүргiзiлген болатын. Сауалнамаға қатысқан жанкүйерлердiң 3,5% ғана ұлттық құрамамыз Әзiрбайжан командасын жеңедi деп жауап берген. Сауалнаманың негiзгi нәтижесi мынадай: Әзiрбайжан аз голмен жеңедi дейтiндер 86.33%. Әзiрбайжан iрi есеппен жеңедi дейтiндер 4.86%-ды құраса, Әзiрбайжан екi гол айырмасымен жеңедi деп жауап бергендер 4.6%. Қазақстан аз голмен жеңедi дегендер 2.4%. Гол болады, бiрақ ойын тең аяқталады дегендер 0.65%. Гол болмайды, ойын тең аяқталады дегендер 0.19%-ды құраса, Қазақстан iрi есеппен жеңедi, ұлттық құрама екi гол айырмасымен жеңедi деп жауап бергендер тiптен аз, бар болғаны 0.45%. Қайткенмен ертең, 3 маусымда Қазақстан құрама командасы Әзiрбайжанның құрамасымен бақ сынасады. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Оны ұлттық құрамамыздың ойыны көрсетер. Әйтеуiр Беранектiң алдына қойылған мақсат орындалып, қазақ жанкүйерлерiнiң үкiлеген үмiтi ақталса екен деймiз. Осы тұста аяқдопшыларымызға ең қажеттiсi – сәттiлiк.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ