Жаңалықтар

РУХАНИ ҚҰЛДЫҚТЫҢ БҰҒАУЫ

ашық дереккөзі

РУХАНИ ҚҰЛДЫҚТЫҢ БҰҒАУЫ

Саяси қуғын-сүргiн қасiретi ұмытылмауы тиiс

Қазақ тарихының қатпарлы қойнауына сүңгiген сайын бiздi өзгелерден оқ бойы озық қылған ерлiк пен елдiктiң, даналық пен iзгiлiктiң, бiрлiк пен ынтымақтың, қайырым мен мейiрiмнiң үлгiлерiне жиi кезiгемiз. Сөйтiп, әлi күнге дейiн рухани азығымыздың шаш етектен молдығына ризашылық та танытып жатамыз. Саяси қуғын-сүргiн зобалаңында Қазақ Рухы жiгерiнен айрылып, жасығанымен, өз болмысынан ажырамады. Талай жандар қызылдар қырғынынан аман қалған ұрпағын жиып-терiп қамқорлауда ерлiк пен елдiктiң үлгiсiн көрсетiп, өмiрден өттi.

Ұлт тарихы – ұлттық сана мен ұлттық рухтың қазығы. Өйткенi келер ұрпақ тарих тағылымына қанық болса, ұлттық мүдденi қорғау мәселесi оңтайынан шешiледi. Тарихтың сабағы өскелең жастың ұлтшыл, мемлекетшiл санамен қарулануына жол ашады. Осы тұста қазақтың даналық тарихы бiзге көп көмек берер едi. Себебi төл тарихымыздың қайғылы парақтарын зерделей отырып, даналықтың қай кезеңде, қандай жағдайда болмасын әрдайым басты орында тұрғандығын пайымдаймыз. Ұрпақ арасындағы бiлiм мен бiлiктiлiкке негiзделген тарихи сабақтастықты жалғастыру, дамыту арқылы ұлттың рухы биiктей түседi. Тарих дегенiмiздiң өзi – бiр ұрпақтың жасаған құндылығының екiншi ұрпаққа ауысуы.

Ресейге көгендеулi болып, кiрiптарлық көрген замандағы ұлт мүддесiнiң аяқ асты болған тұстарын ақиқатты тұрғыда зерттеп, парасатпен зерделеу басты парыз. Осы тұста зерттеушi бойындағы интеллектуалды интуицияның зерттеу жұмысына зор қолғабыс беретiндiгiн де айта кеткен жөн болар едi. Егемен ел болып, етек-жеңiмiздi жинай бастаған уақыттан берi ұлттық сананың өрлеуiне зор қадамдар жасалды. Көптеген ғалымдарымыз тарихтағы жоғымызды түгендеу iсiнде, барымызды халық санасына жеткiзу жолында аянбай еңбек етуде. Ұзақ жылдар бойы айтылмаған шындық халыққа жете бастап, құнды-құнды еңбектер жарияланды. Өрiмтал жас шындық жүзiне бет бұрған тақырыптарға құныға бас қойды. Нәтижесiнде ұлттық рухпен қаруланған толқын өзгелерден даралана өстi. Бұның бәрi – ұлтшыл ғалымдарымыздың жанкештi еңбегiнiң нәтижесi едi. Тарих ғылымы ұлттық рухтың түп қазығы болғандықтан, төл тарихымызды даналықпен зерделеу, яғни философиялық талдау жасау қажеттiгi күн сайын арта түсуде. Өйткенi кезiнде отаршыл сясаттың ұлтсыздандыру қарқыны тым жоғары болған едi.

1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргiн шаралары ұлтты өз болмысынан түбегейлi ажыратуды мақсат еттi. Нәтижесiнде адамдарды жаратылысына тән еркiн ойлау қабiлетiнен айыру, әрбiр адамның өз ұлтына тән ұлттық сана-сезiмiн жою саясаты 1920-1950 жылдардағы қуғын-сүргiн шараларымен жүзеге асырылды. Батыс ойшылы А. Хайек тоталитарлық қоғамның басты белгiлерiн талдай келе, билiк басына қабiлетсiз тұлғалардың келетiндiгiн және тоталитарлық мемлекеттiң азаматтары идеалға шын берiлгендiктен аморальды iс-әрекеттердi жасайтындығын жазған едi.

Сол жылдары адамдардың бойында кездесетiн, бiрақ та көрегендiлiгiне, бiлiктiлiгiне, мәдениеттiлiгiне орай жойылатын қызғаншақтық, iштарлық, күншiлдiк, сатқындық секiлдi жаман, жат қасиеттер бас көтерiп, елдiк сананың еңсесiн түсiрдi. Адамның табиғи бостандығын шектеуге негiзделген саясат рухани құлдықты оятты. Қуғын-сүргiн шаралары ой еңбегiнiң рухани болмысын меңгерген зиялылардан бастап, отбасындағы аналар мен бейкүнә сәбилер үшiн де зор қасiрет болды. Олар рухани жағынан адам айтып түсiндiре алмас азап шектi.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргiн көбiне құқық қорғау органдарының қолымен жасалды. Кеңес мемлекетiнiң заңдары 1920 жылдан бастап-ақ тоталитарлық жүйенiң орнауына жол көрсеттi. Кеңестiк құқық “билiктен айрылған қанаушы таптарға” қарсы бағытымен ерекшелендi. Ал заңдар «Кеңес мемлекетiн нығайтуға, социалистiк экономиканы құруға, еңбекшiлердiң бостандығы мен демократиялық құқықтарын қамтамасыз етуге, бұқараны коммунистiк санамен тәрбиелеуге» – қызмет етуi тиiс болды. Кеңестiк тоталитарлық қоғам билiк тармақтарын бiр-бiрiмен сабақтастыра байланыстырып, сот билiгiн саясаттың құралына, партияның қолшоқпарына айналдырды. Сол арқылы репрессиялық шаралар жүргiзiлдi. Қазақтың ойшыл зиялылары қазақ қоғамындағы дәстүрлi сот билiгiнiң отаршылдық саясат салдарынан түбегейлi өзгеруiне қарсылық бiлдiргенiмен, мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлген саяси қуғын-сүргiн шараларына қарсы тұра алмады. Сот билiгi өзiндiк мәртебесiнен айрылған тұста өрескел заңсыздықтар етек алып, адам құқықтары аяққа басылды.

Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргiзiлген репрессиялық шаралар қоғам өмiрiнiң барлық саласын қамтығандықтан, сол зобалаңнан бiрде-бiр елдi мекеннiң кiсiлерi аман қалмағандығы жұртшылыққа жақсы таныс. КСРО Юстиция Халық Комиссариаты ҚазКСР Юстиция Халық Комиссариатынан саяси қуғын-сүргiн шараларына байланысты қылмыс пен соттау iсiнiң қорытындысын әрдайым сұратып әрi арнайы бақылап отырған. Осыған орай ақпараттық-статистика бөлiмiнiң есептерi жүйелi түрде жоғарыға жiберiлiп, жоспарды орындауға деген ұмтылыстың салдарынан қылмыскерлер саны күрт өскен-дi. Себебi қылмыс пен соттау iсi туралы ақпарат болмаған жағдайда, аталмыш орган қызметкерлерiне, «кеңес өкiметiне самарқау қызмет көрсетуде» – деген жала жабылып, олардың өздерi де қуғын-сүргiнге ұшырайтын едi. Саяси қуғын-сүргiн шараларының адам айтып жеткiзе алмас дәрежеде адамдарды өз құрдымына жұтқандығының басты себебi де осы болатын-ды.

Мұрағат құжаттары зиялылардың көзiн жоюдың әдейi ойластырылған саясат екендiгiн дәлелдейдi. Тiптi сотталып, жер аударылғандарды да «үстi-үстiне» айыптау жоғарыдан бұйырылған. Мәселен Ақтөбе облыстық БК(б)П комитетiнiң 1937 жылғы 31 наурызда өткiзiлген мәжiлiсiнде қазақ ұлтшылдығына қарсы күрес талқыланып, М.Тынышпаев туралы: «…Көптеген жолдастар қазақ ұлтшылдығы бiзде жоқ – деп айтады. Бұл өтiрiк …Бiз жақында бұрынғы Алашорда жетекшiсi, кезiнде сотталып, жер аударылған М.Тынышпаевтың контрреволюциялық ic-әрекетiн байқадық. Тынышпаев бiздiң құрылыста инженер. Парторг оған жақсы мiнездеме бередi. Алайда бiз тексергенде Тынышпаев барлық уақытта Алашорда партиясының беделi туралы айтады екен…», – деген пiкiрлер айтылады. Қазақтың жанашыры М.Тынышпаевтың сыртынан айтылған “болжамдар” жоғарыға жiберiлген. Осындай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Алашорданың белсендi жeтeкшiлepiнeн бастап, оның жергiлiктi жерлердегi мүшелерiн, тiптi олардың тума-туысқандарын қамтыған қуғын-сүргiн саясаты 1937-1938 жылдары өршiп кеттi. Республикалық басшы қызметтегi зиялылар қуғын-сүргiнге ұшырағанда, олардың әрiптестерi мен әрбiр өңiрлерге қызмет бабымен жiберiлген кадрлары да қудалау көрдi. Мәселен Наркомсовхоз Төреғожин “халық жауы” атанған соң, көп ұзамай Жұрын ауданының қой өсiретiн совхозының директорының орынбасары Молдабеков та ұсталады. Қызылорда өңiрiнен шыққан Молдабеков 1932-1934 жылдары Тәжiкстанда қызмет iстеп, одан кейiн Төреғожиннiң тағайындауымен Жұрынға қызмет ауыстырады. Оған “Голощекиншiлермен жұмыс жасағым келмейдi, – деп Тәжiкстаннан кетiп қалып, нағыз ұлтшыл Төреғожинмен тығыз байланыс орнатқан”, – деген айып тағылады. “Халық жауы” атанған басшы қызметкерлердiң жүрген жерлерi, сөйлескен адамдары тергеуге алынған. Мәселен Есқараев Жұрынға ic-сапармен келгенде сондағы аудандық БК(б)П комитетiнiң хатшысы Баймұратовқа “Есқараев Қазақ өлкелiк БК(б)П Комитетiнiң VII пленумындағы үлкен сыннан кейiн Исаевке қатты өкпелеп, өз айналасына адамдар жинауда… Ұ.Құлымбетовтiң 1918-1919 жылдардағы ақ армияға қатысқаны туралы да материал бар…, – деп айтқан. Оны Баймұратов дәлелдейдi”, – деген жолдардан қудалау саясатының жүйелi түрде жүргiзгендiгiн аңғаруға болады. “Бiрiн-бiрiн ұстап берудiң арнайы жүйесi жасалынған. Мысалы Баймұратовтың өздiгiнен ешкiмге барып жоғарыдағыдай мазмұндағы әңгiменi айтпағандығын мұрағат құжаттары дәлелдейдi. Оған Есқараев келгенде сенiмен сөйлестi” – деген жала жапсырылып, “Сырдария губкомының хатшысы болғанда Ходжановшылармен тығыз байланыс орнатқан” деген айып тағылады.

«Қуғын-сүрiнге негiзделген саяси жүйе орнаған елде денi сау адамдардың өзiн-өзi өлтiруi жиi кeздeceдi”, – дeп француз ойшылы Э.Дюркгейм жазғандай, 1930-1950 жылдары КСРО көлемiнде жетекшi қайраткерлердiң өзiне-өзi қол жұмсауы жиi кездескен болатын. Сталиндiк қуғын-сүргiн саясаты қоғамның барлық саласын, әртүрлi әлеуметтiк жiктердi, топтарды, тiптi балаларды да қамтыды. Жаппай жазалаудың құрығына оқушылар мен студенттер де iлiктi. Ұлтжанды азаматтар, тiптi қарапайым адамдар да “халық жауы” ретiнде ату жазасына кесiлiп немесе еңбекпен түзету лагерлерiне айдалғанда, олардың отбасы мүшелерi, туған-туыс, көршi, таныстарына дейiн қудалауға ұшырады. Жазығы жоқ, өмiрдiң қатыгездiгiнен бейхабар сәбилер “ата-анасы үшiн” Iшкi Iстер Халық Комиссариаты жетiмектерiне айналып, “Кеңес өкiметiнiң балалары” ретiнде “қайта тәрбиелендi”. Талай сәби тегiнен ажыратылды. Сәбилер үйiнде берiле салған фамилиямен өмiр сүргендiктен, олар балалары мен немерелерiне ата тегi түгiлi, әкесiнiң есiмiн де айта алмайтын едi. Өйткенi олар – оң-солын танымаған, ес бiлмейтiн шақтарында ата-ана мейiрiмiнен күштеп ажыратылған ешқандай жазығы жоқ, бейкүнә сәбилер едi. Ондай тағдырлар жеткiлiктi. Қазiргi таңда «жетi атасын бiлмеген жетесiз» деген мақалды жаттап алып, мәселенiң ақ-қарасын бiлместен жетi атасын бiлмеген жандарды кiнәләй кету iсi де кездесiп жатады. Ал аузынан ана сүтi кетпеген шағында тағдыр тәлкегiне ұшырап, жетi атасын бiлмек түгiлi ата-ананың құшағынан ажырап, өмiрдiң қатыгездiгiне қорғансыз қалыпта түскен сәбилердiң жанын кiм ұғынады? Олардың не жазығы бар едi? Ата-анадан ажырау дегенiмiз түп-тамырдан айрылу екендiгiн көзi қарақты жан бiрден ұғынады. Ол замандағы ата-ана тәрбиесi ұлттық тәрбиенiң түп қазығы десек орынды болар едi. Ұлттың тұтастығы мен елдiң бiрлiгiне сызат түсiру саясаты осындай сорақылықпен жүзеге асырылды. Отбасы институтын бүлдiру саясатының түпкi мақсаты да осы едi. Нәтижесiнде, бұрын-соңды болып көрмеген, әкесiне баласын қарсы қою, туған анасынан бас тарту секiлдi адамдыққа жат құбылыстар туындады. Отбасы қоғамның негiзгi бiрлiгi болғандықтан отбасы арқылы қоғамның даму деңгейiн анықтай аламыз. Отбасы жылылығы әйел-ананың жанұяда алатын орнымен тығыз байланысты екендiгi де даусыз. Ер азаматтардың соңынан аналар да қуғын-сүргiн зобалаңына ұшырап, отбасының шырқы бұзылды. Сол жылдардағы Қазақ Әйелiнiң ерлiгi – өз алдына бiр бөлек тақырып.

Жаппай саяси қуғын-сүргiн салдарынан ешкiм де өзiн қауiпсiздiкте сезiнбедi. Большевиктер билiгi екi жақты моральды үйреншiктi әдетке айналдыруға ұмтылды. Сөйтiп өздерiнiң ылаңдарын «Қазақтардың патриархалдық, рулық қоғамының сипатына тән, қанға сiңген рушылдық пен жiкшiлдiк ел билiгiне араласқан азаматтар арасындағы бақталастық, күншiлдiк, iштарлық, көре алмаушылық сияқты әрекеттердiң өршуiнен» деп көрсетуге тырысты. Қоғамдық санада қазақ ұлтының болмысына сызат түсiретiндей психологияны қалыптастырып, бiр қазақты екiншiсiне байқатпай айдап салуға итермелейтiн саясат тамырын жайды. Соның салдарынан әлi күнге дейiн қазақты «көре алмайтын, iшi тар күншiл» ұлт ретiнде «сипаттайтын» да көзқарастар кездесiп қалады.

Бiлiм мен ғылымның қайнар көзi ақыл мен даналыққа келiп тоғысады. Шәкәрiм ғұламаша айтқанда мәселенiң мән-жайына ақыл көзiмен қарасақ, онда әр нәрсе өз орнымен ұғынылады. Айтқымыз келгенi, егер де күншiлдiк, көре алмаушылық секiлдi адами дамуға кереғар жаман нәрселер қазақтың қанына сiңсе, онда қазақ ұлт ретiнде қалыптаспай, өзiн-өзi жеп, айналасындағы көзiн салып тұрған алып империялардың қойнына сүңгiп кете берер едi ғой. Әрине, ұлт мүддесi түгiлi екi адамның халiн түсiнуге деңгейi жетпейтiн пенденi билiкке жеткiзудiң зор трагедия екендiгi даусыз. Большевиктер ылаңы трагедияны қасақана қолдан жасап, шолақ белсендiлердiң дәуренiн орнатты. Адамды сөзi мен iсiнiң орайласуына қарап бағалаған қазақы сананың тамырына балта шапты. Сол кезеңде халықтың қамқоры болған тектi байлардың өзi түгiлi, тұқымын да жойып, жалшыны төрге шығарып, тексiздiктi қоғамға жайды. Мұрағаттарда байларды жою науқанына қатысты наразылық бiлдiрген мазмұндағы хаттар да жиi кездеседi. Айта берсек, қазақ тарихының зарлы беттерiнiң бiрiне айналған сталиндiк зұлматтың қайғысы жеткiлiктi.

Түйiндеп айтар болсақ, «ешкiмнiң ала жiбiн аттама» деген терең философияны бойымызға дарытып, өмiрден өткен ата-әжелердiң кеңдiгiн көрiп өскен қазақ баласы, қазақты күншiл деп айыптаудың ата-баба аманатына жасалған қиянат болатындығын бiрден түсiнедi. Қазақ жауына да адамдық көзқараспен қараған. Оған тарихтан көптеген мысалдарды келтiруге де болар едi. Әрине, ХIХ-ХХ ғасырлардағы отаршылдық қорлығы қазақ мiнезiне жат өзгерiстердi шым-шымдап енгiзгенi шындық. Большевиктердiң ұлттық мүддеге қарсы бағытталған зымиян саясаты салдарынан ұлттық болмысымыздан ажырап, ұлт жанын ұғынудан қала бастадық. Ұлттық болмысымыздан ажырату саясаты қуғын-сүргiн шараларымен жүзеге асырылды. Түйiндеп айтар болсақ, кез келген ұлт өзiн-өзi тәрбиелеу, замана ағымына бейiмделу секiлдi жетiлу үдерiсiн бастан кешiрiп, дамудың даңғыл жолына түсе алады. Кемшiлiксiз ұлт болмайды, бiздiң көзiмiзге кiршiксiз көрiнген ұлттардың да өзiндiк проблемалары бастарынан жетiлiп артылуы мүмкiн. Өзгенi зор етiп, аузын ашқан, өзiн қор етiп аяққа басқан пенде – құлдық психологияның құрсауына шырмалған жан. Егер де большевиктер ылаңы болмағанда, өзiндiк мiнезiмiзбен өркениет көшiнiң жалынан ұстап та үлгерер едiк. Бiреудi жетектемек түгiлi, өз аяғын қалт-құлт етiп әзер басқан Ресейдiң бұғауында қалып, тағдыр тәлкегiмен көп нәрседен айрылғанымыз да шындық.

Сталиндiк басқару кезiнде авторитаризм, догматизм, бюрократизм, конформизм қалыптасты. Оның қалдықтары әлi күнге дейiн кей адамдардың бойынан қылаң берiп те қалады. «Зиялының» ұлт мүддесiн ысырып тастап, қысқа ғұмырында қарақан бастың қамын күйттеп кетуi де қызылдар ылаңынан қалған сүрлеу. Сол сүрлеуден әлi күнге дейiн талай адамның шыға алмай келетiндiгi де шындық. Себебi тоталитарлық қоғамда бұйрықты бұлжытпай орындайтындардың заманы туып, ұлттық сана дәрменсiз халге түскен едi.

Құралай СӘРСЕМБИНА, тарих ғылымдарының кандидаты,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дiң аға оқытушысы