Жаңалықтар

YМIТТЕРДI ҮКIЛЕГЕН "ҮМIТ"

ашық дереккөзі

YМIТТЕРДI ҮКIЛЕГЕН "ҮМIТ"

Ойнақтап жүрiп, от басқан қызының күйiгiне шыдамаған әке, шараптың буына елiтiп, бейтаныс қыздың құшағынан бiр-ақ шыққан орта жастағы отағасы, сүйген жiгiтiнiң дертi мен тағдырына алаңдаған бойжеткен… Бәрiнiң тағдырын бiрiктiрген – ЖҚТБ (СПИД).

"Шеврон" компаниясының және ЖҚТБ-ға, құрт ауруы мен безгекке қарсы күрес жөнiндегi ғаламдық қордың "ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi республикалық орталығының" қаржылай қолдауымен, "AURORA" Қоғамдық қорының шығармашылық ұжымы дайындаған белгiлi режиссер Рубен Казарянның "Үмiт" атты фильмi АҚТҚ/ЖҚТБ (ВИЧ/СПИД) дертiне шалдыққандарға адамдарды түсiнiстiкпен қарауға үндейдi. Тасболат Омаров, Елена Тайматова, Алексей Кащин, Әрсен Өмiрзақов сынды актерлер сомдаған әрбiр рольдiң сәттi шығуына олардың кәсiби шеберлiгiмен қатар кейiпкерлер тағдырына бей-жай қарай алмайтын адами құндылықтары негiз болғаны анық. Төрт түрлi оқиға суреттелетiн фильмнiң ерекшелiгi сол, оның деректi бөлiгiнде орда бұзар отызында аса қиын да күрделi жағдайға тап болған және ағзасындағы дертпен күресе жүрiп, өзi сияқты өзге жандарға көмек қолын созуға құлшынған, өмiр сүруге ұмтылған азаматпен сұхбат қамтылған. "Үмiттi" тамашалаған әрбiр көрермен фильмнiң шымылдығы түрiлер сәтте ЖҚТБ дертiн жұқтырғанын жұрттан жасырмаған, өзiнiң абайсызда сүрiнiп кеткендерге демеу болуға құштар Нұрәли есiмдi азаматтың тағдырынан хабардар болады.

"Шеврон" компаниясының қоғаммен байланыс жөнiндегi үйлестiрушi маманы Айнұр Сыдықованың айтуынша, АҚТҚ/ЖҚТБ дертiнiң алдын алу мәселелерiн шешу және дертке шалдыққандарға көмек көрсету "Шеврон" компаниясына тиесiлi әлеуметтiк бағдарламалардың бiр бөлiгi болып табылады. Мысалы 2009 жылы "Шеврон", БҰҰ Балалар қоры (UNICEF), Республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу және күрес орталығы, "Қазақстан Республикасында тұратын АҚТҚ-ға шалдыққан балалар мен жасөспiрiмдердi антиретровирустық емделуге бейiмдеу" (АРВ) бiрегей жобасын жүзеге асырған. Аталған жоба шеңберiнде АҚТҚ-ға шалдыққан балалардың дәрi-дәрмектi уақтылы әрi үзбей iшуiне көмектесетiн, психологиялық тұрғыда жағымды әсер етуге ықпалды "Витаминка перiнiң хикаясы" кiтабы, "Менiң досым – күнтiзбем" күнтiзбесi, қаламдар мен мультфильмдер әзiрленген. Ал мектеп оқушылары мен студенттер арасында АҚТҚ/ЖҚТБ мәселелерi бойынша олардың бiлiмiн арттыру және жастардың ерiктi қозғалысын қолдау мақсатында "Шеврон" "Мен өзiмдi АҚТҚ-дан қалай қорғау керек екендiгiн бiлемiн, ал сен ше?" тақырыбындағы Жастар марафонының бас демеушiсi болған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ