ОТАНЫНА ОРАЛҒАН ҒАЛЫМ
ОТАНЫНА ОРАЛҒАН ҒАЛЫМ
Жасы 70-тен асып кетсе де қайраты мен жiгерi бойында тасыған асыл азаматтың әрдайым студент жастардың ортасында қажымай еңбектенiп, табиғаттың жұмбақ сырлары мен құбылыстарын түсiндiруден жалықпайтынына куә болатын едiк. Өн-бойында ғұлама ғалымға тән нұрлы байсалдылық, жүзiнен бiлiм қуған жастарға деген мейiрiм, шапағат сезiлiп тұрады.
Осы кiсiнi көрген сайын,
"Жақсы аға, жаны жайсаң асыл сүйек,
Қайратың дарыныңнан тасиды үдеп" – деп ақын Әбдiраш аға жырлаған сөз тiркестерi есiме оралады да тұрады.
Бұл абзал азамат – Түркiстан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң физика кафедрасының меңгерушiсi, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахтибаев Абдухаир ағай.
Абдухаир ағай 1938 жылы Тәжiк республикасының Қорған-төбе ауданына қарасты В.Куйбышев атындағы кеңшарында, қарапайым отбасында дүниеге келдi. Әкесi Нурулла соғысқа аттанғанда ол 4 жаста болатын. Асыл әке қан майданда хабар-ошарсыз кеттi.
Ел басына күн туған шақта "барлығы – майданға, барлығы – Жеңiс үшiн" деген ұранмен еңбек етуге тура келдi. Барлық ауыртпалық басына түскен аналар мен буыны қатпаған жасөспiрiм балалар күн демей, түн демей жанқиярлықпен еңбек еттi. Мiне, елдегi ауыр тұрмыстық жағдай мен титықтатқан еңбек, қатаң талап пен қатаң тәртiп Абдухаирды ерте есейттi. Жастайынан зерек өскен ол айналада болып жатқан табиғаттың әрбiр құбылыстарын қадағалап, зер салып, оның себептерiне ой жүгiртiп, сол құбылыстардың шешiмiн табуға қызығушылық танытатын.
Балалықтың бал дәмiн аз татып, жоқшылық пен қиыншылықты көрiп өскен ол 1952 жылы Куйбышев совхозында Кокинаки атындағы мектептiң жетiншi сыныбын өте жақсы деген бағамен бiтiрiп, Сталинбадтағы (қазiргi Душанбе) технологиялық техникумға оқуға түседi. Осы техникумда оқыған жылдар оның ғылым жолына бетбұрыс жасауына ерекше әсер еттi. Тәжiрибе жұмыс дәрiсi бойынша техникумның шеберханасында Абдухаир станокта темiрдiң қалай өңделiп жатқанын көрiп: "қалайша темiр темiрдi нанша шайнап, пышақпен май кескендей кесiп жатыр" деп таң қалады. Мұның сыры неде деген ойға берiледi. Табиғаттың мұндай жұмбақ сырларын ашу тек бiлiмдi, ғылымды меңгеруде екенiне анық көзi жетiп, түсiнген оның бiлiмге деген құштарлығы арта түседi.
1956 жылы техникумды қызыл дипломмен тәмамдап, металдарды қашау арқылы өңдеу технологы мамандығын алып шығады. Айнала қоршаған ортадағы болып жатқан табиғат құбылыстарының сырын ашу әдiстерiн терең меңгерудi мақсат тұтып, сол жылы Ленин атындағы Тәжiк мемлекеттiк университетiнiң физика факультетiнде бiлiмiн ары қарай жалғастырады. 1961 жылы университеттiң қатты денелер физикасы мамандығын бiтiрiп, еңбек жолын Қорған-төбе қаласының Макаренко атындағы орта мектептiң физика және математика пәндерiнiң оқытушысы болып бастады. 1962-1967 жылдар аралығында өзi бiтiрген университеттiң физика факультетiнде аға оқытушы, физика факультетi деканының орынбасары қызметтерiн атқарды. 1967-1970 жылдары Ленинградтағы СССР Ғылым академиясының А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық институттың аспиранты, ал 1971 жылы академик, физика-математика ғылымдарының докторы С.Н.Журковтың жетекшiлiгiмен физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесiне диссертация қорғап шықты. 1971-1973 жылдары Тәжiк мемлекеттiк университетiнiң физика факультетiнде аға оқытушы, деканның орынбасары қызметiн атқарады.
Абдухаир қайда жүрсе де, "ата жұртым, туған елiм, жерiм" деп Жаңақорған өлкесiн сағынып аңсаумен жүрдi. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол" дегендей, өзге елдiң ғылымының шырағын жағып, өзге елдiң түлектерiн түлетiп ұстаздық жасағанша, сол бiлiмдi өзiмiздiң ғылымға ұмтылған жастарға, өз Отанымның қара домалақ балаларына физиканың небiр құпия, жұмбақ сырларын ұғып, үйренуiне еңбегiмдi сiңiрсем қайтедi деген ойлар жиi мазалайтын едi. Ақырында 1973 жылы ата-жұрты Қазақстанға қоныс аударады. 1973-1993 жылдары Шымкенттегi Қазақ химия технология институтында кейiнгi жылдары (ОҚТУ, ОҚМУ) физика кафедрасында аға оқытушы, кафедра меңгерушiсi дәрежесiнде еңбек етедi. 1992 жылы академик С.Н.Журковтың жетекшiлiгiмен қатты денелер физикасы мамандығы бойынша "Жетiлген кристалдар және гетерогендi материалдардың қирау кинетикасы" тақырыбында М.И.Калинин атындағы Санкт-Петербургтегi техникалық университетте физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесiне диссертация қорғайды. Абдухаир аға – Оңтүстiк Қазақстан облысында физика саласы бойынша ғылым докторы атағын алған алғашқы ғалым. 1993-2003 жылдар аралығында Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент филиалында кафедра меңгерушiсi, физика-математика факультетiнiң деканы, физика-математика кешенiнiң директорының орынбасары, директоры, проректоры қызметiн атқарды. 2004 жылдан бастап, қазiргi таңда Түркiстан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Жаратылыстану факультетiнде физика кафедра меңгерушiсi қызметiн атқаруда. А.Бахтибаев кафедра меңгерушiсi қызметiн 35 жылдан астам уақыттан берi атқарып келедi.
А.Бахтибаевтың ғылыми зерттеулерiнiң нәтижесiнде 115-тен астам еңбегi және монографиясы жарық көрдi. Сондай-ақ оның ғылыми жетекшiлiгiмен бiр докторлық, сегiз кандидаттық диссертация қорғалды.
Мәдiхан Омарұлы
Түркiстан қаласы