Жаңалықтар

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӨНГЕ ҚОЙЫЛМАҚ

ашық дереккөзі

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӨНГЕ ҚОЙЫЛМАҚ

Оңтүстiкте "Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

"Өкiмет өлтiрмейдi" деген кеңестiк қасаң қағидадан алшақтап, "өз арбасын өзi сүйреуге" көшкен отбасылар көбейiп келедi. Ал заман талабына тез бейiмделгiш оңтүстiкте өзiн-өзi асырап жүрген азаматтардың саны өзге өңiрлермен салыстырғанда көптеу екен. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлашара Әбдiхалықованың өзi де жуырда Парламентте жасаған баяндамасында:

“Қазақстанда өзiн-өзi жұмыспен қамтығандардың саны жалпы еңбекпен қамтылғандардың 33,3 пайызын құрайды. Өзiн-өзi жұмыспен қамтығандардың басым бөлiгi оңтүстiк өңiрiнде және ауылдық жерлерде”, – деп атап өттi.

"Балық берме, қармақ бер" деген қағиданы басты ұстаным еткен Үкiмет халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы күнкөрiс деңгейiн арттыруды, сол арқылы жұмыссыздықтың, кедейлiк деңгейiн төмендетудi көздейтiн "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасын әзiрлеген болатын. Оңтүстiк Қазақстан облысында осы бағдарламаны жүзеге асырудың тетiктерi айқындалып, тиiстi құрылымдарға тапсырмалар берiлдi.

Жалпы, "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасын iске асыру мақсатында облыста "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасын бекiту туралы облыс әкiмдiгiнiң қаулысы қабылданды. Cонымен бiрге облыстық мәслихаттың осы бағдарламасын iске асыру мәселесi жөнiндегi өңiрлiк комиссияның дербес құрамы бекiтiлдi.

Бағдарлама бойынша бiрiншi кезекте азаматтарды оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жерi бойынша өзiнiң жеке iсiн ашуды ұйымдастыруға жәрдемдесу қажет. Ал мұндай мүмкiндiктер болмаған жағдайда тұрғындарды экономикалық өсу орталықтарына, яғни келешегi бұлыңғыр ауылдардан қалаға өз еркiмен көшiрудi қолға алу керек.

Қазiргi таңда облыс көлемiнде бөлiнген тиiстi қаржылар және бағдарламаға қатысушылар бойынша сараптама және ұйымдастыру жұмыстары жүргiзiлдi.

2011 жылы "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасын iске асыруға республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге қаралды. Бұл жыл пилоттық кезең болып саналады. Аталған кезеңде бағдарламаны iске асыру механизмдерi мен оны құқықтық қамтамасыз етудi пысықталуы тиiс. Екiншi кезең 2012-2015 жылдарды, ал үшiншi кезең 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейiнгi аралықты қамтиды.

Бағдарламаның iске асыру нәтижесiнде жыл сайын 15-18 мың адамды жұмыспен қамту, кедейлiк деңгейiн 11 пайыздан 8 пайызға дейiн төмендету, жұмыссыздық деңгейiн 5,5 пайыздан асырмау, жұмыспен қамтылғандардың iшiндегi өздiгiнше жұмыспен қамтылғандардың үлесiн жыл сайын 3 пайызға төмендету көзделген.

– Бағдарламаның бiрiншi бағыты азаматтарды тұрғылықты жерi бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтылуын қамтамасыз етудi көздейдi. Ол өз бетiнше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздар мен табысы аз азаматтарды қамтиды. Оны ұйымдастыруға облыс бойынша 3200 адам қатысады деп жоспарланған. Екiншi бағыт жеке iсiн ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсендiлiгiн арттыруға бағытталған. Осы бағытқа облыста шағын несиелеу арқылы 10 адамды қатыстыру жоспарланды. Үшiншi бағыт, яғни экономикалық белсендi аймақтарға жер алмастыруды ұйымдастыру арқылы еңбек ресурсының ұтқырлығын арттыру бағыты бойынша 2011 жылы Шымкент қаласында 200 пәтерлiк тұрғын үй салу жоспарлануда. Келесi жылы экономикалық депрессивтi аймақтардан көшiп-қону және тиiстi төлемдердi төлеу жұмыстары басталады, – дейдi облыс әкiмiнiң орынбасары Сәкен Қаныбеков.

Қазiр аудан, қала деңгейiнде нормативтiк-құқықтық актiлер қабылдау рәсiмделуде. Сонымен қатар бағдарлама шеңберiнде "Жұмыспен қамту орталықтарын" құру жұмыстары, сондай-ақ бағдарламаға қатысушылардың нысандары бойынша сараптама жұмыстары жүргiзiлуде.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы