Жаңалықтар

ҚОСЫМША БАЛЛ ЖИНАП, КӨККЕ САМҒА

ашық дереккөзі

ҚОСЫМША БАЛЛ ЖИНАП, КӨККЕ САМҒА

"Эйр Астана" мен HSBC жаңа төлем картасын iске қосты

2007 жылы "Эйр Астана" ұлттық әуетасымалдаушы компаниясы тұтынушыларға арналған Nomad Club ерекше бағдарламасын iске қосқан болатын. Аталмыш бағдарлама компанияның тұрақты тұтынушыларына қосымша балл жинап, "Эйр Астана" қызметтерiн пайдалануға мүмкiндiк бередi. Жуырда "Эйр Астана" әуекомпаниясы мен HSBC банкi нарыққа жаңа өнiм – HSBC-Nomad Club несие карточкаларын шығарды.

"Эйр Астана" ұлттық әуе компаниясы қауiпсiздiктi қамтамасыз етiп, сапалы түрде қызмет көрсетумен қатар тұтынушыларының да көңiлiн табуға тырысады. Мәселен әуекомпаниясы тұрақты тұтынушыларға қосымша сыйлықтар беретiн жаңа бағдарламаларды ұдайы көпшiлiк назарына ұсынып отырады. Сондай бағдарламалардың бiрi – Nomad Club тұтынушыларға арналған бағдарламасы. Бүгiнде бағдарламаның 90 мың тұрақты мүшесi бар. Бағдарламаның ерекшелiгi – "Эйр Астана" әуекомпаниясын пайдаланып, сапар шегетiн тұтынушылар қосымша балл жинап, iшкi және халықаралық рейстерге тегiн билет ала алады. HSBC–Nomad Club несие карточкасымен төлем операцияларын жүзеге асырған тұтынушы Nomad Club бағдарламасында белгiленген қосымша балдарға ие болады. Бұл картаны тек ел аумағында ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де кеңiнен пайдалануға болады. Карточка иегерi жиналған балды пайдаланып, әлемнiң елу мемлкетiне қатынайтын "Эйр Астана" әуе компаниясының кез келген рейсiне тегiн билетке айырбастайды. Сондай-ақ карточка иегерi несие картасындағы әрбiр 500 теңге үшiн 1 балл еншiлей алады, сондай-ақ HSBC–Nomad Club арқылы жұмсалған әрбiр 200 теңге де 1 балды құрайды. Қазақстан аумағында 10 жылдан астам халыққа қызмет көрсетiп жүрген HSBC банкiнiң директорлар кеңесiнiң төрағасы нарыққа шығарылған жаңа өнiм туралы: "Бiз үшiн тұтынушылардың қалауын орындау, көңiлiнен шығу – басты парыз. Бiздiң басты мақсатымыз – бәсекеге қабiлеттi өнiм түрлерiн нарыққа шығару. Жаңа өнiм барлық қазақстандықтың көңiлiнен шығады деген ойдамыз. Бұл несие картасы дебеттi емес, яғни ешқашан тұтынушыларға қарыз болмайды. Бұл карточканың артықшылығы – тұтынушының HSBC–Nomad Clab несие карточкасының "Алтын карточкасына" қол жеткiзу арқылы және "Стандартты карточка" арқылы 4 мың АҚШ доллары көлемiнде қаржы жұмсау арқылы "Эйр Астана" компаниясының рейстерi арқылы 10 мың миль жол жүруiне болады", – дедi. Ал "Эйр Астана" ұлттық тасымалдаушысының маркетинг және сату бойынша вице-президентi Ибрагим Джанлиель: "Соңғы жетi айда бiз тұтынушыларымызға кең көлемде қызмет көрсету үшiн жаңа жетi рейстi аштық. Компания тұтынушыларына жақсы жағдай үшiн бар күшiн салып отыр. Осы мақсатта бiз бiрнеше жыл бұрын Nomad Clab бағдарламасын қолға алған болатынбыз. Соңғы үш жылда Nomad Clab-ты пайдаланушылар саны 90 мың адамға жеттi және олар компаниямыздың ең сенiмдi тұтынушылары. HSBC Қазақстан банкiмен орнатқан жаңа келiсiм тұрақты тұтынушыларымызды марапаттау үшiн жақсы бастама болады деп ойлаймын", – дедi.

Жалпы Nomad Club бағдарламасының көк, күмiс түстес және алтын түстес үш деңгейi бар. Тұтынушы "Эйр Астана" әуекомпаниясының қызметiн қаншалықты жиi пайдаланса, соншалықты көп балл жинап, аталған деңгейлерден өтедi. Ендi HSBC–Nomad Club несие картасының қызметiне жүгiнген кез келген адам лезде "Эйр Астананың" Nomad Club бағдарламасының мүшесi атанады. Егер тұтынушы Nomad Club-тың көк картасының иесi атанса, онда тұтынушыға 5 мың балл берiледi, ал егер алтын түстес картаны аштырса, 10 мың балды еншiлейдi.