КҮНГЕЙДЕ КЕНЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДI
КҮНГЕЙДЕ КЕНЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДI
Халық тығыз қоныстанған Шымкент қаласына қарасты елдi мекендердiң саны бүгiнгi күнi 27-ге жеттi. Ветеринарлық қызмет мамандарының берген мәлiметтерiне қарағанда, осы елдiмекендерде 17 мыңға жуық iрi қара, 5 мыңға жуық уақ мал тiркеуге алынған. Бұған қала iшiндегi қараусыз қалған ит-мысықтарды қосыңыз. Соңғы жылдары Шымкентте ұсақ кемiргiштердiң көбейiп кеткенi жөнiнде бiрнеше рет дабыл көтерiлдi. Мұның бәрi әрине қаланың тазалығына, тұрғындардың саулығына керi әсер етерi анық. Әсiресе кейiнгi жылдары қырым қанды қызбасы өршiп, аталған дерттен адам өлу фактiлерiнiң кездесуi сақтық шараларын шұғыл қолға алмаса болмайтынын көрсеттi.
Шымкент қаласында осы уақытқа дейiн безгекке қатысты қайғылы жайттар тiркелген жоқ. Бiрақ қол қусырып отыруға болмайды. 2011 жылы конго-қырым дертiнiң алдын-алу үшiн кенеге қарсы көктемгi, күзгi залалсыздандыру жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 млн. 93 мың теңге, қала бюджетiнен 5 млн.875 мың теңге қаралды. Залалсыздандыру жұмыстарын атқаруды мойнына алған мердiгер компания мал дәрiлеуге сәуiр айынан бастап кiрiстi. Қазiргi уақытта қаладағы iрi қараға дәрi бүрку, уақ малдарды тоғыту жұмыстары 100 пайызға аяқталды. Қора жайлар мен оған жапсарлас аумақтар да толығымен залалсыздандырылды. Сонымен қатар балалардың жазғы демалыс лагерлерi де қатаң бақылауға алынды.
Қаладағы қаңғыбас ит-мысықтарды аулау жұмыстарына да қазынадан қомақты қаржы бөлiнiп отыр. Бұл жұмыстармен "Шымкент қалалық малдәрiгерлiк қызметi" ЖШС-i жанынан құрылған 8 бригада айналысуда.
– Қаңғыбас ит-мысықтарды алдағы уақытта ұйықтататын дәрi арқылы ұстау тәсiлiн қолданысқа енгiзу жоспарлануда. Бұл мақсатқа жергiлiктi бюджеттен қосымша 10 миллион теңге қарастырылған. Бүгiнгi таңға 5 млн. 300 мың теңге игерiлдi, – дейдi қала әкiмiнiң орынбасары Абзал Әлiқұлов. Иттердi ұйықтатып аулау әдiсi шығысқазақстандықтардан алынған екен. Ол қазынаға қымбаттау түскенiмен, өте тиiмдi көрiнедi.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында кемiргiштердi жаппай жою жұмыстарына қала әкiмдiгiнiң шұғыл шығындарға қарастырылған резервiнен 43 258 980 теңге бөлiндi. Залалсыздандыру жұмыстары мемлекеттiк мекемелерде, көпқабатты тұрғын үйлердiң жертөлелерiнде, өзен, арық каналдар жағалауларында, қоғамдық орындарда, қоқыс тастайтын орындарда жүргiзiледi. Сонымен қатар жекеменшiк мекемелер, базарлар, мектеп, балабақшалар, денсаулық сақтау ұйымдары да өз қаражаты есебiнен кемiргiштердi жою жұмыстарына атсалыспақ.
Бақыт ЕРНАЗАР
Шымкент қаласы