ЕКI ПАРТИЯ ХАТТАМАҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
ЕКI ПАРТИЯ ХАТТАМАҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жуырда Бейжiңде "Нұр Отан" ХДП мен Қытай коммунистiк партиясы арасында өзара әрiптестiк жөнiндегi хаттамаға қол қойылды. "Нұр Отан" ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллиннiң басшылығымен бiр топ делегация аспан асты елiне барып қайтты.
Қазақстандық делегация Қытай коммунистiк партиясы басшыларымен кездесу өткiзiп қана қоймай, аталған ұйымның жоғары партия мектебi мен аймақтық филиалдарын да аралады.
Қазақстан мен Қытай арасында iскерлiк және достық байланыстың мықтап орныққаны белгiлi. Сондықтан екi мемлекеттiң өзара дамуында партиялық байланыстардың да ролi зор болары сөзсiз. "Нұр Отан" ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин ҚПК-ның жоғары партия мектебiнде болды. Бұл мектеп – партиялық кадрлар даярлайтын әлемдегi тәжiрибесi мол, материалдық базасы мықты, ықпалды мектептердiң бiрi.
Сонымен бiрге Нұрлан Нығматуллин мырза ҚКП Шанхай қалалық комиетiнiң төрағасы Юй Чженшенмен кездесу өткiздi. Бұл кездесуде Шанхайдағы бастауыш партия ұйымының жұмыстары сөз болды.
"Бейжiңде үкiмет басшыларымен, елдегi билiк партиясы өкiлдерiмен және қарапайым тұрғындармен кездесу барысында бiз Қазақстан Президентi, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың халықаралық беделiне куә болдық. Мұндағылар ұлт көшбасшысының кең ауқымды бастамалары мен реформаларынан хабардар. Оған деген құрмет өте үлкен. Мұның барлығы партияаралық қарым-қатынасты нығайта түсуге үлес қосуда.
Бiз әртүрлi бағытта бiрлесе жұмыс iстеуге ниеттiмiз. Оның iшiнде тәжiрибе алмасу, партиялық кадрларды оқыту, жастар қанатының жұмысын жетiлдiру жөнiнде жоспарлар бар", — дейдi Нұрлан Нығматуллин.
Бұл жолғы кездесулер "Нұр Отан" партиясының әлемнiң өзге де жетекшi мемлекеттерiндегi саяси институттармен жасалатын партияаралық байланыстардың алғашқы бастамасы болмақ.
Едiге БЕКТАС