Жаңалықтар

ШЕТЕЛДIКТЕР ЕЛIМIЗДIҢ ЖЕТIСТIГIНЕ РИЗА

ашық дереккөзі

ШЕТЕЛДIКТЕР ЕЛIМIЗДIҢ ЖЕТIСТIГIНЕ РИЗА

Астанада "Нұр Отан" партиясының бастамасымен "Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы: азаттық, бiрлiк, тұрақтылық, өрлеу" деп аталған халықаралық конференция өттi. Оған Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Польша, Ресей, Түркия, Оңтүстiк Корея сынды шетелдердiң саясаттанушылары мен белгiлi ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi қатысып, Қазақстанның 20 жыл iшiнде қол жеткiзген жетiстiктерiн талқылады.

Жиынды ашқан "Нұр Отан" партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин Елбасының табанды реформаларының арқасында жиырма жыл iшiнде қоғам өзгерiп қана қоймай, жаңа мемлекеттiң құрылғанын атап өттi. Бұдан кейiн сөз алған шетелдiк сарапшылардың пiкiрi де осыған сайып жатты. Мәселен Лондон университетi Шығыс және Африка елдерiн зерттеу мектебiнiң профессоры Ширин Акинер: "20 жыл iшiнде Қазақстан үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. 20 жыл бұрынғы Қазақстан мен қазiргi Қазақстанды салыстыру мүмкiн емес. Қарқынды түрде дамып келедi. Барлық қазақстандықтарды осындай белеске шығуымен құттықтаймын" деген жүрекжарды тiлегiн бiлдiрдi. Ал Таяу Шығыс стратегиялық зерттеу орталығының директоры Хасан Қанболат: "Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен алға қарай нық қадам басуда. Бұл орайда, ел Президентiнiң мына саясатын ерекше атап өткiм келедi. Ол халықтың өткенi мен салт-дәстүрiн құртпай, мемлекеттi жаңашаландыруда. Қазақстанда барлық ұлт, дiни конфессия өкiлдерi тату-тәттi өмiр сүрiп жатыр", – деп бiр серпiлтiп тастады.

Динара Дүрмән