Жаңалықтар

НЕСIБЕСIЗ НЕСИЕ

ашық дереккөзі

НЕСIБЕСIЗ НЕСИЕ

"…Жаны мұрнының ұшына келген бейшара мұқтаждар үшiн тұйықтан шығудың бiр жолы – қарыз алу. Бiрақ ерте ме, кеш пе, қарызды қайыру керек қой. Бiр ғажабы, қарызды кезiнде қайыра алмайтын адам әдетте сол пәлеңе жоламайды, шыдайды. Қарыз алатындардың көбi – қарызды қайтара алмайтындар. Бiрақ сорлының басқа амалы да жоқ. Не болғанда да алып тынады. Ескi қарызын кезiнде қайтара алмаған сорлы жаңа қарыз алып, бiр қарызының орнын бiр қарызбен жабады. Бiр емес, бiрнеше мәрте солай iстейдi. Сөйтiп жүрiп, қарызға белшесiнен батады. Күндердiң күнiнде тiптен құтыла алмайтын жағдайға душар болады…"

Қадыр МЫРЗА ӘЛI, "Жазмыш"

АЛМАҚ ПЕН САЛМАҚ

Қаржы дағдарысы қос бүйректен қысқан нарықтық заманда бiр теңгенi екi ету – жұмыр басты пенденiң басты мәселесiне айналғалы қашан?! Отбасына он теңге тауып келу – отағасының о бастағы мiндетi емес пе? "Жомарттың қолын жоқ байлайды" демекшi жоқшылық көптеген жанды тығырыққа тiреп қойды. Ауылдағы ағайынның жағдайы бiз ойлағаннан да мүшкiлдеу.

Шалғайдағы елдi мекеннен екi қолға бiр күрек таппай, бала-шағасын тастап, қалаға жұмыс iздеп келгендер көп. Әке мен әйелдi, ана мен баланы, бiр сөзбен айтқанда, бейшараларды отбасынан "айырған" – ақша. Жұмыстан шаршап келген әке алдынан күлiмдеп әйелi, жүгiрiп баласы шықса, ол да өмiрдiң бiр қызығы емес пе?! Ал үй бетiн көрмей, қалада күзетшi, не құрылысшы боп жүрген көптеген адамның жүрегiнде ауыр мұң жататын секiлдi.

Тапқан табысы ас-суынан артылмай жатқан адамдар көп жағдайда банк жағалап, амалсыз несие алуға мәжбүр болуда. Өкiнiшке қарай, қаржы мәселесiнiң түйiнiн тарқатудың дара жолы – несие алу деп санаған қаншама отбасының ойраны шығып жатқанын көрiп те, естiп жүрмiз. Алайда "алмақтың да салмағы бар" дегендей, оны қайтаруға келгенде, қаржыдан қысылып, iсi насырға шауып, шыр-пыр болған адамдармен де сөйлестiк. Бiр банктен алған несиесiн екiншi банктегi қарызымен жауып, сөйтiп әркiмге берешегi көбейiп, мұның ақыр аяғы жолдасымен ажырасқан адамдар да болды. Банк берген ақшаны тегiн дүниедей көрiп, басы бәлеге қалғандардың бүгiнгi ауыр жағдайының соңы немен бiтедi, келешегi қандай болмақ?!. Жауап табу – өте қиын.

ҚАРЫЗ КҮЛIП КЕЛIП, ЖЫЛАП КЕТЕДI

Құралай Мұратова, (кейiпкердiң өз өтiнiшi бойынша есiмi өзгертiлдi – Г.С) оңтүстiк өңiрдiң тумасы: – Универсиететтегi оқуымды бiтiрген соң, көңiл қойған жiгiтiме тұрмысқа шықтым, – деп бастады сөзiн Құралай. – Аста-төк той жасалды. Дастарханнан дәм ауыз тиген туған-туыс мәз-мейрам. Той жасаудан жарысатын қазақпыз ғой. Жолдасым Болат тойдан бұрын банктен үлкен сомада несие алғанымен қоймай, ауыл адамдарынан да өсiмге ақша алыпты. Алғашқы кездерi тойдың қарызынан тез құтылармыз деген оймен жүргенде күн өткен сайын өсiмнiң мөлшерi өсiп, одан құтылудың жолын табудың өзi қиынға соқты. Өйткенi үйде тек күйеуiм ғана табыс табатын. Оның алған жалақысы iшiп-жемiмiз бен пәтерақыдан, баламыздың керек-жарағынан артылмайтын. Ал банктегiлер үйге күнде телефон шалады. "Егер несиенi уақтылы төлемесеңдер, сотқа беремiз", – деп қорқытты. Ауылдағы адамдар да ақшасын сұрайды. Оларды да кiнәлай алмаймыз. Сөйтiп, күйеуiме несие мен қарызды қайтару мұң болды. Үйге күнде iшiп келудi шығарды. Маған ауыр сөз айтып, қол жұмсауға дейiн барды. Соңғы кездерi жүйкесi жұқарып кеттi. Түнде мүлдем ұйықтамайды. Уайымдайтыны тек – несие. Осыдан кейiн үйден береке қашты. Онымен бiрге тұра алмайтыныма көзiм жетiп, ажырасып тындым. Содан берi онымен хабарласпадым. Қандай күйде жүргенiн бiлмеймiн. Ойлауға қорқамын. Отағасыз өмiр сүрудiң қаншалықты қиын екенiн басыма түскенде бiлiп отырмын. Мен Болаттың жаман жолға түсiп кетуiн қаламаймын. Несие күлiп келiп, жылатып кетедi екен. Адамды тығырыққа тiреп, тұңғиыққа батыра бередi. Несие алып, дүркiретiп той жасап, ысырапшылдыққа жол бергеннен гөрi оны өз игiлiгiмiзге жаратқанымызда, мүмкiн қазiргiдей күйге түспес пе едiк? Кiм бiлсiн…

Таяуда елiмiздiң статистика жөнiндегi агенттiгi жаға ұстататын ақпарат таратты. Агенттiктiң ресми ақпаратына сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда 144 357 отбасы заңды некеге тұрыпты. Сол жылы оның 40 982-сi ажырасып кеткен. Бұл 40 982 әйел жесiр, 40 982 бала жетiм қалды деген сөз. 40 982 ұрыс-керiс, 40 982 қуаныштың арты қайғыға ұласқан. Статистика агенттiгi мамандарының айтуынша, ерлi-зайыптылардың ажырасуына көбiнесе тұрмыстық жағдай себеп болатын көрiнедi. Ақшаның тапшылығы, жұмыстың жоқтығы т.б. көңiлi жарасқан жұптардың айырылысуына тiкелей әсер ететiн көрiнедi.

ӨЛIМ МЕН ӨСIМ

Алайда бәрiне көз жұмып: "Уақыты келгенде көре жатармыз, аман болсақ өтеймiз", – деп соқыр сенiмге бел буып, несие алуға итермелейтiн бiрден-бiр күш ол – тәуелдiлiк. "Мәжбүрлi түрде несие алдым, менiң бұдан басқа амалым қалмады, менде таңдау жоқ" деген сөздi желеу ететiндердiң денi нақты жағдайларға тәуелдi. Екiншiден, кейбiр адамдардың көзқарасы бойынша несие – "материалдық көмек". Тегiн келген теңгедей көредi. Несиенi насихаттаған жарнаманың астарына үңiлмей, оны үстi-үстiне алуды тоқтата алмай қалады екен. Нәтижесiнде, қарызды қайтарар кезде шарасыздыққа тап болады. Осының салдарынан депрессияға ұшырайды. Үмiтсiздiкке ұрынады. Бойын үрей билейдi. Ал үмiтi үзiлгендер – өзiне-өзi қол жұмсайды.

… Алматы қаласының iргесiнде Алғабас дейтiн ауыл бар. Сол ауылдың тұрғыны Гүлсiм Құлмышева (жолдасы ертеректе қайтыс болған – Г.С.) 2006 жылы отандық банктердiң бiрiнен 63 мың доллар несие алады. Сөйтiп сол маңайдан зәулiм үй сатып алады. 2007 жылдың мамыр айында оны бiреулер қасақана өлтiрiп кетедi. Ал Гүлсiм бес айда банкке 5 мың доллар өтеп үлгередi. Артында екi бiрдей ұлы тұл жетiм қалады. Екi баланы марқұмның сiңлiсi Наркүл Құлмышева өз қамқорлығына алады. 2009 жылға дейiн ол әпкесiнiң несиесiнiң 7 415 долларын төлейдi. Сол жылы Наркүл жұмыстан босап қалады. Несие былай тұрсын, нан табуға тұрмыс жағдайы келмеген Наркүл банк басшысына барып, борышкердiң өлiмiне қатысты несие төлеудi тоқтатуды сұрайды. Наркүлдiң жанайқайын тыңдайтын жан табылмайды.

– "Марқұм болған әпкем мен балаларына адамгершiлiк танытып, несиенi тоқтатуыңызды сұраймын" деп банк төрағасына жазбаша хат та жаздым. Бiрақ ешқандай жауап болмады. Арадан бiршама уақыт өткенде банк Гүлсiмнiң тұңғышы 20 жастағы Нұржанға бүкiл жауапкершiлiктi жүктедi, – дейдi Наркүл.

Жеткiншекке жүктелген несие оны да сары уайымға батырады. Ол бұл кезде ендi ғана колледждi бiтiрiп, жұмысқа тұруға әрекеттенiп жүрген. Дағдарыстың кезi. Жұмысқа тұру арманға айналған уақыт. Нұржанға жұмыс табыла қоймайды. Банктегiлер: "Егер несиенi төлемесең, үйiңдi тартып аламыз", – деп қорқытып-үркiтедi. Бала Нұржан одан сайын сары уайымға түседi.

2010 жылы Наркүл жиенi Нұржанның қаза болғаны туралы қаралы хабарды естидi. – Ол тiрi кезiнде "кредиттен қалай құтыламыз, мен ақшаны қайдан алам, несиенi қалай жабам?" – деген сөздердi жиi айтып, қайғырушы едi. Уайымы осы болатын. Өмiрден түңiлген ғой. Сөйтiп асылып өлдi", – дейдi көз жасына ерiк берген Наркүл Құлмышева. Отандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, сараптама нәтижесi Нұржанның өз-өзiне қол жұмсағанын анықтады.

НЕСIБЕ МЕН НЕСИЕ

Тағы быр мысал: алматылық Нұрлан Тiлеубергеннiң басынан өткен оқиғасы да аянышты-ақ. Оның айтуынша, нағашысының мемлекеттiк мекемеде қызмет ететiн бiр танысы жер телiмiнiң құжаттарын рәсiмдеп беруге уәде етедi. Ол үшiн 10 мың доллар пара сұрайды. Жиенiне жақсылық жасағысы келген ол Нұрланға: "Тез арада 10 мың доллар тапсаң, Алматының шетiнен 10 сотық жер алып беремiн", – дейдi. Бес баласын әрең дегенде бағып-қағып отырған Нұрланда ондай ақша қайдан табылсын? Оның үстiне пәтер жалдап тұрады. Күндiкпен көлiк жөндейдi. Тапқан нәпақасының бiразын көлiк жөндейтiн орынның иесiне бередi. Сонымен ойлана келе Нұрлан несие алуға бел буады. Өсiмге несие алған адамның жұмысы алға бассын ба? Жеме-жемге келгенде әлгi жер алып беруге уәде берген адам ақшаны қалтасына басып, шетелге тайып тұрады.

Нұрлан бұл туралы бiзге былай дедi: "Кейiннен естiсем, әлгi алаяқ тек менi емес, бiрнеше адамды сан соқтырып кетiптi. Несиеге алған 10 мың долларымды алып, ақшаны да, жердi де бермей кеткенiне iшiм удай ашыды. Iстiң басы-қасында болған нағашыма қатты ренжiдiм. Сөзге келiп, ренжiсiп қалдық. Қазiр онымен арласпаймын. Көрген жерде жағдай да сұраспаймыз. Бәрiнен бұрын менi мазалайтыны – банкке 35 мың теңгенi босқа төлейтiнiм. Пәтерге, жұмыстағы орынға ақша төлейтiнiм аздай, ендi банкке балаларымның аузынан жырып, жиған-терген нәпақамды несиеге беремiн. Аман болсақ, ақша табылар. Нағашыммен ұрыс-керiске барып қалғаныма өкiнемiн. Несие осылайша нағашы мен жиеннiң арасына сызат түсiрдi. Екiншiден, несие несiбемдi азайтты. Мен бұдан былай несие алмаймын деп шештiм. Себебi ол былай қарағанда, адамға қаржылай көмек боп көрiнгенiмен, зардабы үлкен екен. Оған жоламаңыздар деймiн. Басқа ештеңе айтпаймын".

Жалпы мұндай мысалдарды өмiрде көптеп кездестiруге болады. Несиенiң артында бiз бiле бермейтiн қаншама тағдыр тұр. Өсiммен несие алуға асыл дiнiмiзде қатаң тыйым салынған. Қасиеттi Құранда негiзiнде Алла сауданы халал, өсiмдi харам еткенi айтылады. Ал риба, яғни өсiм – негiзгi қарыздан артық төленетiн ақша. Демек өсiм – әдiлетсiздiк. Олай дейтiнiмiз, пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Айырбас тең мөлшерде болмаса, алтынды алтынға сатпаңдар және бiрiнiң мөлшерiн екiншiсiнен артық қылмаңдар", – дептi. Демек бiрiнiң мөлшерiн екiншiсiнен артық қылу (өсiм қою) – екiншi тарапқа жасалған қиянат болмақ.

ҰСЫНЫС ПЕН ҰМТЫЛЫС

Әдiлетсiздiк дегеннен шығады, өзгеге қиянат жасап, бiр тараптың ғана қамын күйттейтiн қаржы жүйесiнде қайыр жоқ. Құдiреттiң үкiмiне қарсы келу – түптiң түбiнде тығырыққа тiрейдi. Осы ретте әлемдiк қаржы дағдарысының шариғат негiзiнде қызмет ететiн ислам банктерiне ешқандай әсер етпегенiн тiлге тиек ете кеткен жөн. Тiптi әлемнiң қаржы саласының жiлiгiн шағып, майын iшкен "мен" деген мамандары ислам банктерiнiң жұмыс жүйесiн мойындауда. Бүгiнгi таңда Еуропада жаһанды жаулаған экономикалық дағдарысты тудырған өсiмқорлыққа негiзделген дәстүрлi қаржы жүйесiн реформалау туралы қызу пiкiрталастар жүрiп жатыр. Батыста өзге дiннiң өкiлдерi: "Өсiмқорлыққа құрылған қаржы жүйесi адамзатты тығырыққа тiреп, дағдарыстың тууына себеп болды", – деген пiкiр таратуда. "Le Journal des Finances" журналының бас редакторы Ролан Ласкин "Уолл-стрит шариғат нормаларын қабылдауға дайын ба?" деп аталатын мақаласында былай дептi: "Заңсыз алыпсатарлықтың кесiрiнен дағдарысқа тап болдық. Ендеше, капитализмге төнiп тұрған қауiптi сейiлту үшiн бiз Еуропа үшiн жат iлiм болса да, экономиканың салаларына шариғат ережелерiн енгiзуiмiз керек".

1988 жылы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерi, француз экономисi Морис Алле өзiнiң қаржы саласына қатысты бiр ұсынысы барын интернет арқылы жариялапты. Ол – пайыздық мөлшерлеменi нөлге дейiн төмендету. Бұдан шығаратын қорытынды – адамзат Алланың әмiрiне "өзгерiстер мен толықтырулар" енгiзгенiмен, оның арты қиыншылыққа әкеп соғады.

Керек кеңес

Азаматтың қайтыс болуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы

"1. Егер мiндеттеменi орындау борышкердiң жеке өзiнiң қатысуынсыз жүргiзiлмейтiн болса не мiндеттеме басқаша түрде борышкердiң жеке басымен ажырамастай байланысты болса, борышкердiң қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады;

2. Егер мiндеттеменi орындау несие берушiнiң жеке өзiне арналса, не мiндеттеме басқаша түрде борышкердiң жеке басымен ажырамастай байланысты болса, несие берушiнiң қайтыс болуымен мiндеттеме тоқтатылады"

(Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң 376-бабы)

Не үшiн несиеге тәуелдiмiз? Өсiммен ақша өндiру – халықты тонаудың "мәдениеттi" түрi емес пе? Қарызды қайтаруға қауқарымыз неге жетпей қалады? Несиесiн өтей алмай қалған адамдар не үшiн өздерiне қол жұмсайды? Қайтыс болған адамның несие-төлемiн өз баласына жүктеу дұрыс па? Осындай сұрақтарды сарапшыларға қойған едiк.

Ақмарал ӘБДIЛМАНОВА, "Шағын несие ұйымының" несие портфелiн бақылау жөнiндегi жетекшi маманы, әлеуметтанушы:

ҚАНАУ МЕН ТОНАУ

– Мен несиесiн төлей алмай, жауапкершiлiктен жалтаратын адамдармен жұмыс iстеу бөлiмiнде қызмет етемiн. Әрине, қазiргi нарықтық заманда несиесiз пәтер, көлiк сатып алу мүмкiн еместей жүйеде өмiр сүрiп жатқан жайымыз бар. Халық кейде тойларды да өткiзу үшiн, тұрмыстық заттарды алу үшiн де несие алады. Сондықтан несиенiң айлық төлемдерi отбасының негiзгi шығынына айналуда. Естерiңiзде болса, әсiресе 2006-2008 жылдары қаржы ұйымдары халыққа ақшаны ешқандай кепiлсiз таратты. Бұл бiреулер үшiн тегiн ақша таратқанмен бiрдей болды. Жеме-жемде, яғни қарызды қайтаруға келгенде, халық әжептәуiр қиналып қалды. Оның бiрнеше себептерi бар. Бiрiншiден, халықтың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы, оның iшiнде бiрiншi себеп – қарыз алушының аяқастынан жұмыссыз қалуы немесе табыс көзiнен айырылуы. Екiншiден, өз мүмкiндiктерiн жоғары бағалап, айлық табыстары мен шығындарын дұрыс есептемей, толық ойланбай қарыз алғандар. Былайша айтқанда, "көрпесiне қарап көсiлмеген" адамдар. Осы топтағы адамдар саны өте көп. Кейбiреулерi өз туысқандарынан өсiмге ақша алып, жақындарынан қашып жүредi. Үшiншiден, қарызды алып, оны мойындамай, төлеуден бас тартып жүрген жандар жетерлiк. Олардың қатарына iшiмдiкке, нашақорлыққа салынғандарды, қылмыскерлердi жатқызуға болады. Бiр нәрсенiң бетi ашық: банк сiзге өсiмге ақша берсе, сiздiң басыңызға не күн туса да қарызды алмай қоймайды. Сондықтан жауапкершiлiктен құтылам деу – үлкен қателiк. Қарыз берген ұйым өзiнiң табысынан оңай айырыла салмайтынын ұмытпаңыз.

Банк немесе шағын несие ұйымы – қайырымдылық ұйымы емес. "Халыққа несие үлестiру – шағын бизнестi дамытуға арналған маңызды iс, елдiң әлеуметтiк жағдайын көтеру", – делiнгенмен, банктер мұны коммерциялық мақсатта пайдаланып келедi.

Несиенiң шарттарына сәйкес, егер сiз оны уақытында төлемесеңiз, белгiленген пайыздық сомаға қоса айыппұл төлейсiз. Нәтижесiнде, негiзгi қарызыңыз да азаймайды әрi оған қоса төлейтiн төлемдер де өседi. Мұндайда қарыз берушi ұйым сiздi "мәдениеттi" түрде емес, қатаң түрде "тонайтын" болады.

Несие алсам, халықтың iскер тобына жатамын деген "романтикалық" ойдан аулақ болыңыз.

Нұрлан АПАХАЕВ, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат:

ТИЫН МЕН ТЫЙЫМ

– Қайтыс болған борышкердiң несие-төлемiн мұрагердiң мойнына жүктеу мәселесiн кезiнде Батыс заңгерлерi жан-жақты талқылады. Алайда олар бұл несие берушiнiң шығынының орнын толтырудың тиiмдi жолы емес екенiн бiрауыздан мойындаған. Елiмiз егемендiгiн алған жылдардан кейiн несие берушi ұйымдар жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеттi. Алайда қарызға келген ақшаны оңды-солды жұмсап, ақыр аяғында оны дер кезiнде төлей алмай, келiсiм-шартпен қоса заң бұзған адамдардың саны күрт артты. Бiрақ бұл мәселенi реттейтiн нақты заңнамалық механизм болмады. Сол себептен банк пен несие алушының арасындағы келiсiм-шарт нормалары адам ойына сыйымсыз талаптардан тұрды. Бiр жақтың мүддесiне басымдық берiлiп, ол құқықтық жағдайда қарастырылып, ал екiншi жақтың мүддесi мен құқығы аяқасты етiлгеннен кейiн көптеген келеңсiздiктер орын алды. Сөйте тұра кейбiр адамдар өзiнiң құқығы тапталса да несие берушiнiң талаптарымен келiсiп, келiсiм-шартқа қол қойып жiбердi.

Ал сiздiң кейiпкерiңiздiң (Гүлсiм Құлмышева – Г.С) тағдырына заңдық тұрғыдан келсем, борышкердiң қайтыс болуымен оған жүктелген несие төлеу мiндеттемесi сол кезден бастап тоқтатылады. Азаматтық Кодекстiң 376-бабында осылай жазылған. Гүлсiм Құлмышеваның азаматтық мiндеттемесi оның өлiмiмен аяқталған едi. Оның баласына жүктелген мiндеттемеге келсек, 380-баптың 1-тармағына сәйкес: "Азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi". Демек оны шарт жасасуға ешкiм мәжбүрлей алмайды. Егер мәжбүрлi iс-әрекеттер орын алып, бұл сол адамды өлiмге жетелеуге себеп болса, Қылмыстық Кодекстегi 102-баптың 2-тармағына сәйкес, мәжбүрлеушi жақ қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады. Өйткенi Қазақстан Республикасының Конститутциясының 1-бабында: "Мемлекеттiң ең жоғары қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi", – делiнген. Бұл нақты дәлелдермен анықталған жағдайда жүзеге асады.

Сымбат ЖҰМАҒАЛИ, педагогика-психология магистрi:

СЕЗIМ МЕН СЕНIМ

– Жаһандану дәуiрiнде "адам тағдырын тек ақша шешедi" деген қасаң көзқарас кең таралуда. Дүние-мүлiкке деген құмарлықтың, "байлықтың барлығын өзiм иеленсем" деген принциптi ұстанудың салдарынан жалпы жұрт несиеге тап бердi. Байлыққа жетудiң сара жолы – несие алу деп санады. Өкiнiшке қарай, қазiргi таңда несие адамның өзiне-өзi қол жұмсауына дейiн алып келуде. Көптеген адам рухани күйзелiске ұшырап, өзiмен сырласатын жан таппай, ауыр қайғыға тап болуда. Мұндай жағдайда бiрiншiден, адамда iштей өрбитiн, яғни ешкiм байқамайтын депрессия пайда болады. Адам оны өзi де бiлмейдi. Оның себебiн түсiнбегендiктен, жақындарынан демеу таппағандықтан, көптеген қиыншылықтарға тап болады. Жоқ дегенде, жұмысынан айырылады. Отбасы мәселелерi ушығады, ерлi-зайыптылар ажырасуға шешiм шығарады. Мәселенi шешудiң негiзгi жолы сол деп түсiнедi. Сөйтiп бар дүниесiнен айырылады… Мұндай жағдайды психология ғылымы "бақытсыздық синдромы" деген терминмен түсiндiредi. Себебi қиындыққа ұшыраған адамның iшкi сезiмi шын мәнiнде жайсыздықтарды бастан кешедi. Бәлеге бiр табан жақындай түседi. Сонымен қатар адам осы кезде өмiр сүруге деген құштарлығынан айрыла бастайды. Оны өзi байқамайды.

Бүгiнгi таңда несиенi қайтару мәселесiнде соттан тыс әртүрлi айла-әрекеттер орын алуда. Яғни адамдарға әртүрлi психологиялық қысым көрсету арқылы оның ар-намысына нұқсан келтiретiн жағдайлар кездесуде. Мұндай қорлыққа шыдамаған жандар өзiне қол жұмсап, өмiрмен қош айтысып жатыр. Бұдан шығудың жолы қайсы?

Бiрiншiден, адамдарға психологиялық тұрғыда арнайы көмек керек. Яғни адамдар басына бұлт үйiрiлген азамат психологтардың кеңесiне жүгiнуi тиiс.

Екiншiден, әрбiр адам өзiнiң психологиялық және құқықтық тұрғыдан сауаттылығын арттыруы тиiс.

Үшiншiден, несие алушы адам оның түрлi дау-жанжал мен проблемаларға алып келетiнiн бiлуi керек. Ал осындай проблемаларға ұшыраған адам оның оңтайлы шешiмiн табуға тырысуы қажет. Өлiммен мәселе шешiлмейдi.

Төртiншiден, адам материалдық тапшылық көрген сәтте өзiнен жағдайы нашар адамдардың барын және олардың "кедеймiн" демей бақытты өмiр сүрiп жатқанын әрқашан түсiнiп, тәубесiне келiп отырғаны абзал.

Бесiншiден, ең маңыздысы – адамның өз өмiрi өзi үшiн үлкен құндылық екенiн түсiнiп, қиыншылықтың соңы жақсылыққа ұласатынын, әрбiр қиындықтан соң жеңiлдiк барына деген сенiмiн арттыруы. Ал қалған нәрсенiң бәрi өткiншi екенiн сезiнуi адамға үлкен үмiт, сабырлылық сыйлайды.

Құдайбердi БАҒАШАР, дiнтанушы:

ПАЙЫЗ ПЕН ПАРЫЗ

– Ең әуелi мынаны ескерген дұрыс: Ислам дiнiндегi тыйымдар қоғамның бақыты мен игiлiгiн, әр адамның жан тыныштығы мен дұрыс өмiр сүруiн қамтамасыз етуге негiзделген. Құрандағы кез келген харам етiлген нәрсе, түптеп келгенде, адамзаттың игiлiгiн көздеуден туған тыйым екенi даусыз.

Тарихқа көз салсақ, өсiммен ақша үлестiрудiң ешбiр әлемдiк дәстүрлi дiннен қолдау таппағаны анық. Тiптi ойшыл Платон мен Аристотельдер де өз еңбектерiнде өсiм талап етудiң жөн еместiгiн ащы сынағаны мәлiм.

Исламға дейiнгi араб қоғамында өсiмқорлықтың бiрнеше түрi кең тараған. Ақша белгiлi адамдардың ғана қолында айналып, қара халық соларға құл болған. Тiптi алған қарызының үстемесi не өсiмi өсiп, қарызға белшесiнен батқандар ақыр аяғында өзi не балалары базарларда құл ретiнде сатылған. Нәтижеде жоғарғы тап өкiлдерi байыған үстiне байи түскенмен, оның зардабын бұқара халық тартқан. Ғалым Фахреддин Рази сол кезеңдегi өсiмқорлықты былай баяндайды: "Бiреуi қатты қиналғанын айтып, басқадан қарызға ақша алады. Ол ай сайын үстемесiн алып тұру шартымен ақша бередi. Әлгi кiсi ай сайын қарызының үстемесiн берiп тұрады. Уақыты жеткенде қарызын толық қайтара алмаса, о бастағы негiзгi берешек сақталып, уақыт тағы да кейiнге шегерiледi, беретiн үстемесi тағы да арта түсетiн болған". "Жығылғанға жұдырық" демекшi, мұның аяушылық пен жанашырлыққа негiзделмегенi белгiлi. Сол себептi Ислам дiнi өсiмге тыйым салған.

Ұхыд соғысы кезiнде түскен бiр аятта мүмiндерге алғаш рет "үстеме пайызды алуға" тыйым салынған. Ал Хайбар бекiнiсiн азат ету кезiнде түскен аятта пайызға толықтай былайша тыйым салынады: "Сондай өciм жегендер (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгiреп тұрады. Бұл олардың: "Сауда да бейне өciм" дегендiктерiнiң салдарынан. Негiзiнде Алла сауданы халал, өciмдi харам еткен. Сонда кiм Раббынан насихат келгенде тыйылса өткенi өтiп кеттi. Оның ici Аллаға тән. Ал және кiм қайталаса, мiнe солар тозақтық. Олар онда мәңгi қалады. Алла өсiмдi жояды да сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келушi күнәһарды жақсы көрмейдi. Әй, мүмiндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер өсiмнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). Егер оны iстемесеңдер, (өсiм алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп бiлiңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздерiңдiкi. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар" (Бақара сүресi, 275, 276, 278, 279-аяттар).

Несие алудың, бiреуге кiрiптар болудың, қарызға батудың адамды психологиялық жағынан да қаншалықты күйзелiске ұшырататынын ескермей болмайды. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бiр дұғасында: "Жасаған Ием, менi қарызға батудан сақтай гөр!" – дегенi тегiн емес. Мұның мәнiсiн сұрағандарға: "Қарызға батқан адам шылп етпей өтiрiк те айтатын болады, жараспайтын түрлi мiнезге барады", – деп түсiндiрген. Ал бүгiнгiдей қатыгез қоғамда оның соңы өтiрiк айту, құбылма мiнезге ғана емес, өз-өзiне қол жұмсауға дейiн асқынып жатқаны белгiлi. Ендеше, дiнiмiзде пайызға тыйым барының астарында қаншалықты үлкен мән жатқаны түсiнiктi болғандай.

Гүлжан СЫДЫҚОВА