Жаңалықтар

«НИССАНДЫ» НЕГЕ ҮЛГI ТҰТПАСҚА?!.

ашық дереккөзі

«НИССАНДЫ» НЕГЕ ҮЛГI ТҰТПАСҚА?!.

Nissan компаниясының тарихы 1911 жылы жапон автомобиль өндiрiсiн жолға қойған Масуиро Хасимотоның Токио маңындағы Азабу Хиро ауданында Kwaiһsinsһa Co. автомобиль зауытының ашылуымен басталады. Зауыт 1914 жылы шағын қорапқа ұқсас жолаушылар тасымалына арналған автомобиль шығарды. Оның сыртқы сәндiк үлгiсiн Хасимотоның өзi ойлап тапқан екен. Сағатына 32 шақырымды алатын автомобиль бiр жылдан соң Dat Car атымен жаппай сатылу жағынан басқа көлiктердiң алдына шыққан. Хосимото неге зауыт атын Dat Car деп қойды? Өйткенi зауыттың құрылуына үш меценат қаржылай көмектесiп, қол ұшын берген. Олар: Кенхиро Ден, Рокуро Аойама және Мейтаро Такеучи. Зауыт атына солардың фамилияларының бiрiншi әрiптерiн алған.

Арада бiраз жылдар өткен соң компания аты Jidosһa Seizo Co. деп өзгертiледi. Жарғылық капиталы он миллион АҚШ долларын құраған. Президентi болып Йешисуке Айкава тағайындалды. Ол бұрын компанияның Tobata Cаsting бөлiмiн құрған. Алайда компанияның аты 1934 жылы 1 маусымда тағы өзгерiп, Nissan Motor Co. деген жаңа атауға ие болады. Оның алғашқы Nissan Yokoһama Plant зауытының құрылысы бiткен жылы-ақ, басшылары 44 автомобильдi Азия елдерiне, Орталық және Оңтүстiк Америкаға экспортқа шығарған. Компания президентi Йошисуке Айкаваның тамаша басшылығының арқасында зауыт еңбеккерлерi үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Ол жапон индустриясының автомобиль өндiрiсi есебiнен дамитынына сенiм бiлдiрiп, өндiрiстi ұлғайта отырып, жыл сайын шығарылатын автомобильдер санын 10000-нан 15000-ға жеткiзудi жоспарлаған. Көздеген мақсатына жеттi де. Алғашқы жолаушылар тасымалына арналған Datsun автомобилi 1935 жылы сәуiр айында Yokoһama зауытынан шығарылды. Компания ұраны "Шынайылық зор табыстарға жеткiзедi!" болды. Жыл соңына қарай автомобильдердi Австралияға экспорттау басталды. Datsun автомобильдерi жедел дамып жатқан Жапония индустриясының символына айналған едi. Елде: "Datsun — жұрт таңдауы!" патриоттық ұраны да пайда болды. Компания рынокте Dat Nissan автомобилiн сатудан көп табысқа кенелген соң, 1939 жылы көлемi үлкейтiлген Nissan Туре 70 автобус, Nissan Туре 90 және Nissan Туре 90 фургон автомобильдерiнiң жобасын жасауға кiрiстi. 1943 жылы Yоsһiwara Plant зауытының құрылысы бiткен соң, осы автомобильдердi өндiрiстерден шығара бастады. Алайда 1943 жылы Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың қызған шағында автомобиль мен жүк көлiктерi өндiрiсiн толық тоқтатуға мәжбүр болған. Ал 1944 жылы компанияның бас офисi Токио қаласының жанындағы Нихонбаши ауданына көшiрiлдi де аты Nissan Heavy Industrits, Ltd. деп өзгертiлдi. Бiр жылдан соң компания жүк автомобильдерiн шығаруды қайта қолға алды. Ал 1946 жылдың басында Йокогамаға қайта көшiп, тоқыма қондырғыларын жетiлдiрудi зерттеу жұмыстарын қолға алды. Олар 1947 жылы Datsun автомобилiн қайта шығарған. Елуiншi жылы компания Ұлыбританияның автомобиль өндiрiсi компаниясымен техникалық жағынан қарым-қатынас жасауға келiсiм-шартқа тұрды. Келер жылы Nissan двигателi алты цилиндрлi Patrol джипiнiң дүниеге келуiн тойлады. 1953 жылы компанияда Nissan Motors еңбекшiлер одағы құрылды. Бұл шын мәнiндегi жаңа кәсiподақтар ұйымы болатын. Ұйым зауыттағы жұмысшылар мен әкiмшiлiк қызметкерлерi арасында өзара сенiмдiлiк пен сыйластық тұрпаттағы жаңа байланысты қамтамасыз еттi. Содан бастап, зауыт басшылары жұмысшыларға құрметпен қарап, оларды сыйлайтын болды. Бұл құрылым әлемдiк автомобиль шығарушы компанияларының iшкi мәдениетiн арттыруға зор ықпал еттi. Олар солай тек өндiрiске басшылықпен ғана айналысып қойған жоқ, өз жұмысшыларының беделiн көтерiп, тұрмыстарын жақсартты. Ұжымда өзара сыйластыққа, ынтымаққа негiзделген жаңаша тәртiбiн орнатты. Бұл өз кезегiнде компания ұжымын шынайылыққа тәрбиелеп, зор табысқа кенелттi. Nissan компаниясы елуiншi жылдардың басында елдiң қорғанысы үшiн зымыран двигательдерiн ойлап табуға және жасап шығаруға ат салысты. Ол iстерi де нәтижелi болған. Компания басшылары өндiрiстi жаңа бағыттарда ұлғайтуды жөн көрiп, ел шаруашылығының басқа да салалары мұқтаждықтарына кең көңiл бөлдi. Кеме жасау саласы басшыларының өтiнiшi бойынша алып двигательдер жасап шығаруды да қолға алды. Тiптен шағын қайықтардың жылдамдығын арттыратын моторларды да ойластырып жатты. 1958 жылдың қыркүйегiнде екi Datsun 210 автомобилi Австралиядағы күрделi жарыс жолына түсiп, өз классы бойынша әлемдiк чемпион атанды. Бұл автомобиль Жапония сатып алушыларының талғамынан шықты. Көлемi шағын, сапасы жоғары Nissan автомобиль өндiрудi жылдан-жылға күшейте түстi. Олар тек бiр тектi автомобильдермен ғана емес, модельдерiн жыл өткен сайын жаңартып отырды. Сол жылдың тамызында компания Datsun Bluebird жаңа автомобилiн конвейерден шығарған. Жапон нарығында сол жылдары шетелдiк көлiктерден гөрi өздерiнiң отандық автомобильдерiн сатып алу қолайлы болды. Өйткенi шетелдiк автомобильдердiң тежегiштерiне күш көбiрек жұмсалатын едi. Ал Bluberd-дiң олардан ерекшелiгi жапон автомобиль шығарушылар арасынан бiрiншi болып, күшейтiлген алдыңғы тежегiштi өндiрiске ендiруi және оның өте жеңiлдiгiнде. Ендi бұл автомобильдi тек ерлер ғана емес, әйелдер де оңай жүргiзе алатын болды. Сондықтан да бұл барша жапондықтарға ұнаған. Компания аты бiрқатар елдерге танылып, сол жылы автомобильдерiнiң көп бөлiгi АҚШ-қа да жеткiзiлдi. 1964 жылы Nissan компаниясының автомобиль өнiмдерi АҚШ-қа экспортталатын әлемдегi ең iрi он автокомпанияның қатарына ендi. Бұл компания үшiн үлкен жетiстiк болды. Арада екi жыл өткен соң Тайванда Nissan компаниясы алғаш рет өзiнiң автомобиль құрастыру өндiрiсiн бастады. Содан кейiн өндiрiсiн Мексика мен Австралияда жалғастырып, нарық аясын кеңейттi. Ал қазiр әлемнiң жиырмаға жуық елдерiнде компанияның автомобиль құрастыру зауыттары бар. Бұл зауыттарда 159771 адам жұмыспен қамтылды. Бұл — компанияның 2005 жылғы көрсеткiшi. Жапонияға инвестиция тарту заңын либеризациялау қарсаңында Nissan компаниясы жаңадан екi зауыт салды. Оның бiрiншiсi Oppama Plant 1962 жылы, ал екiншiсi Zama Plant 1965 жылы пайдалануға берiлдi. Ал бiр жылдан соң Nissan өзiнiң Skyline мен Gloria деп аталынған автомобиль түрлерiн шығарудың арқасында Prince Motor Co. Ltd. компаниясын рыноктен ығыстырып жiбердi. Бұған олар сол кезде компанияға жоғары бiлiктi инженерлер командасын құру арқылы жеттi. Таңдалған инженерлер бұрын даңқты Nakajima және Tacһiki авиация компанияларында двигательдер шығарған. Олар жинаған тәжiрибелерiн автомобиль двигательдерiн жетiлдiрумен жалғастырды. Компания өнiмдерiнiң кезектi бiр түрi – Cedric деп аталған автомобиль. Орташа көлемдегi бұл жеңiл көлiктi шығару компанияға жеңiлге түскен жоқ. Көп күш жұмсалды. Автомобильдiң бұл жаңа түрiн шығаруда компания Жапонияның ең соңғы үлгiдегi технологиясын қолданды. Жаңа үлгiдегi көлiк бұрынғы орташа көлемдегiлерге қарағанда салонының iшi кеңдiгiмен, қазiргi құралдармен жабдықталуымен, жүргiзушiнiң жеңiл басқаруына қолайлылығымен ерекшелендi. Оның сырты сәндiлiгiмен көз тартты. Алдында қос бiрдей алыс, жақынға жарық түсiретiнi бар. Үлкендiгiне қарамай жанар-жағар майды көлемi орташа автомобильдермен бiрдей жағады. 1964 жылы Токиода өткен Олимпиадада осы Nissan Cedric автомобилi ең таңдаулы атанып, Грециядан Олимпиада алауын алып келдi. Компания 1965 жылдың ақпанында өз өнiмдерiн Skyline 2000 GT-B автомобиль түрiмен жаңартты. Бұл спорттық үлгiде жасалған ұшқыр көлiк едi. Алайда жұрт жаппай сатып ала бастаған. Оның двигателiне Италияда жасалынған Вебер карбюраторы қойылды. Сол кезде әлемде бұл бөлшекке тең келерi жоқ екен. Жапониядағы спорттық автомобильдер жарысында бұл ұшқыр көлiкке шетелдiктердiң ең таңдаулы деген автомобильдерi iлесе алмай қалды. Nissan өндiрiстi роботтандыру тәсiлiн де әлемде бiрiншi болып қолданды. Компания мамандары жыл сайын жұрт талғамына әлеуметтiк зерттеулер жасап отырған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың бел ортасынан асқанда автомобиль тұтынушылары демалыс орындарына сәндi әрi қолайлы автомобильдерге көп назар аудара бастағанын сезген олар өнiм түрiнiң бiрiн солай қарай бағыттаған. Сол жылдары Nissan Bluebird автокөлiгi отбасылық болса да, бағасын жас қызметшiлердiң қалтасы көтере бермейтiн едi. Елде ондай қызметшiлер саны өте көп болғандықтан компания осы мәселенi шешу жағын қолға алып, жуық арада солардың талабын қанағаттандыратын жоғары сапалы Datsun Sunny 1000 автокөлiгiн шығару жағын қарастырды. Кейiндеу бұл арзан жеңiл көлiк жаппай сұранысқа ие болды. Сонау 1971 жылдың өзiнде-ақ компания экологиялық ауа бассейнiнiң тазалығын сақтау мақсатында да автомобильдердiң түтiндерiнен шығатын зиянды элементтердi кемiтуде әлемде бiрiншi болып iс-жүзеге асырған. Ал 1976 жылы Nissan әлемде ең көп автомобиль экспорттаушы компанияға айналды. Компания өз автомобильдерiн сатуда 20 миллион межеден асып түстi. 1981 жылы Nissan автомобильдердi шығару мен сату жөнiнде Volkswagen компаниясымен келiсiм-шартқа тұрған. Алайда 1990 жылдары компания қаржылық дағдарысты бастан кештi. Соның салдарынан 1999 жылы бақылау пакетiнiң бiраз бөлiгiн француздың Renault компаниясына сатуына тура келдi. Renault 44,4 пайыз Nissan акциясына ие болды. Ал ол өз кезегiнде Renault-тың 15 пайызына иелiк еттi. Renault президентi Карлос Гонның Nissan басшылығына келуi көп жаңашыл өзгерiстер әкелдi. Компанияны дағдарыстан шығарып, Жапонияда үлкен танымал тұлғаға айналды. Компания содан берi қаншама автомобиль түрлерiн шығарды десеңiзшi! Жаңа ғасырдың алғашқы жетi жылында компания 3,77 миллион автомобиль сатып, ең жоғарғы көрсеткiшке жеттi. Осы кезең аралығында бiрлескен табыс 94,62 миллиард долларды құраған. Ал одан түскен таза пайда 4,787 миллиард доллар. Компанияның 2009 жылы серiктесiн есепке алмағанда сатқан автомобильдер саны 3,1 миллионға жеттi. Содан үш жыл бұрын компания өз технологиясымен қос моторлы шағын автобустар шығара бастаған болатын. Оның басқалардан ерекшелiгi – двигательi аккумулятормен кезектесе отырып, автобусты қозғалысқа ендiредi. Бұл бiрiншiден жанармайды аз жұмсауға, екiншiден ауа бассейнiн экологиялық жағынан таза ұстауға айтарлықтай мүмкiндiк туғызуда. Nissan мақсаты – уақыт талабына сай автомобиль шығару. Жалпы компания қазiргi уақытта автомобильдерден басқа телекоммуникацияға қажеттi құралдарды, тоқыма машинақұрылысы, ғарыштық зымырандардың двигательдерiн шығарып, қаржылай қызмет көрсету саласын да қамтуда. Компания жаңа технологияларды өндiрiске батыл ендiре отырып, автомобильдiң қауiпсiздiк шараларын да қарастырған. 2002 жылы жүргiзушi кездейсоқ тежегiштi басқан кезде, салон iшiнде отырғандардың ремендерi автоматты түрде iске қосылып, оларды алдыңғы жаққа қатты соғылуынан сақтап қалады. Nissan автомобильдерi талай рет байқауларда жоғары орындарды иемдендi. Сол жылдың 2 тамызында компания тағы бiр жаңа өнiмiмен жұртты тамсандырған. Leaf атты электромобильдiң алғашқы бөлiгiн шығарды. Бұл автомобиль 2010 жылдан бастап, өндiрiстен тұрақты түрде шығарылды. Ал қараша айында АҚШ-та сатыла бастады. Еуропа елдерiне сату 2011 жылдың алғашқы жартысына жоспарланған болатын. Алайда наурыздағы Жер сiлкiнiсi мен Фукусимо атом электр станциясындағы жарылыс бұл жоспарды жүзеге асыруда үлкен кедергi келтiрдi. Nissan компаниясы науырыздың 11-нен 23-не дейiн өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ал двигатель шығаратын өндiрiс орындары 17 сәуiрге дейiн жұмыссыз тұрып қалды. Осы аралықта компания конвейерiнен 55 мың автомобиль тұтынушыларына жетпедi. P.S. Бiздiң жастарымыз "Болашақ" бағдарламасымен Америка, Англия, Франция, Германия секiлдi дамыған елдердiң әлемге әйгiлi жоғары оқу орындарында бiлiм алды. Солардың арасында техникалық салаларында да оқығандары аз емес. Сол бағдарламаның қолға алынғанына да он бес жылдан асты. Бұл аз уақыт емес. Алайда, солардың арасынан техникалық салада жаңалық ашқандарын естiген де көрген де жоқпыз. Бiлетiнiмiз олардың көбiсi ауырдың үстiн, жеңiлдiң астын сағалап, әкiмшiлiк қызметтерде немесе алыпсатарлық салада жүргендерi. Бiзде жылдан-жылға халық саны өсе түсуде. Қазiр олар шетелдiк автомобильдердi сырттан сатып алуда. Демек қаражат сыртқа кетiп жатыр. Ал Жапон компаниялары әуелi өз елiн автомобильдермен қамтамасыз етудi қолға алған екен. Соның арқасында елi адам таңғаларлықтай байып отыр. Nissan секiлдi компаниялардан бiз неге үлгi алмасқа? Үйренгеннен ұтпасақ, ұтыла қоймаспыз. Ендi мiне, өзiмiздiң отандық автомобильдердi шығарудың кезi де келген секiлдi. Қалай дегенде де елдiң беделi, ұлттың беделi тек шикiзатпен ғана емес, отандық техникалар жасаумен де жоғары бағаланатынын бiлетiн уақыт жеттi ғой.

Көлбай Адырбекұлы