Жаңалықтар

ТРИПОЛИДIҢ ТАБАНДЫЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

ТРИПОЛИДIҢ ТАБАНДЫЛЫҒЫ

Екi апта бұрын Ливияны мекендейтiн барша ру мен тайпалардың шейхтары Триполи қаласына арнайы жиналып, өз Отандарының болашағына алаңдайтындарын және Муаммар Каддафи билiгiн толық қолдайтындықтарын әлемге паш еттi. Тiптi, көтерiлiсшiлердiң қол астындағы Бенгази аймағын мекендейтiн рулардың беделдi шейхтары да бiрi қалмай жиналған. Жиынға қатысушылар Батыс елдерi коалициясының әскери әрекеттерiн бiрауыздан айыптап, үкiмет мүшелерi көтерiлiсшiлер жағына өтiп кеткен әрiптестерiне: "Билiк басында жүргенде жiберiлген қателiктер – бәрiмiздiң ортақ қателiгiмiз, ендi бiрiгiп жөндеуге күш салайық. Әскери әрекеттер екi жақтан да тоқтатылсын" деген өтiнiш-талаптарын жеткiздi. Әлемнiң ақпараттық агенттiктерi таратқан соңғы ақпараттарда көтерiлiсшiлер қара нәсiлдi бейбiт тұрғындарды көшеде ұстап алып, "Каддафидiң жалдамалы баскесерлерiсiңдер!" деп айыптап, тiрiдей бауыздағандары жөнiнде де жиi айтылып келедi. Соғыс әрекеттерi Каддафи жақтастарына да, көтерiлiсшiлер үшiн де оңайға түспейтiнi белгiлi болып отыр. Бейбiт адамдардың қаны екi жақтан да аяусыз төгiлуде. Ал өткен аптада Батыс коалициясының әскери ұшақтары Триполи қаласын үш түн бойы үздiксiз бомбалады. Ал Каддафи Батыс елдерi коалициясының бетiн бiржола қайтаруға бел бууда.

Осының бәрi Ливиядағы жағдайдың аса күрделi екендiгiн анық аңғартады. Бұған дейiн Батыс коалициясының бiржақты ақпараттарына ғана иланып келгендер ендi Ливиядағы қалыптасқан жағдайдың шынайы себептерiн, сырт көзге байқала бермейтiн iшкi мәнiн қайта сараптан өткiзуге мәжбүр болатын сияқты. Сандаған жылдар бойы бейбiт әрi бақуатты өмiр сүрген елде текетiрес қалай басталды? Оның себебi неде?

Француз жазушысы және саясаттанушы Тьерри Мейсан өздерiн әлемнiң билеушiсi санайтындардың шынайы бет-пердесiн ашумен көптен берi айналысып жүр. Оның осыдан бiр айдан астам уақыт бұрын "Комсомольская правда" газетiнде (22 сәуiр, 2011 жыл) жариялаған сараптамалық мақаласы көптеген мамандардың Ливиядағы қантөгiстiң себептерiне жаңаша қарауына түрткi болған едi. Төменде осы мақаланы тәржiмалап, "Түркiстан" газетiнiң бiлiктi оқырмандарының назарына арнайы ұсынып отырмыз.

БАРАК ОБАМА БҰЛТАҚҚА САЛУДА

Осыдан бiр ай бұрын президент Обама жұртшылық алдында сөз сөйледi және бiр өкiнiштiсi, ол баяндаманың шынайы мәнiн көптеген кiсiлер дұрыс бағалай алған жоқ. Ал президент, шын мәнiнде, американдықтардың таяу онжылдыққа бағытталған жаңа стратегиялық жоспарын – Вашингтонның жер шарын ауқымды бақылауға алу жобасын көпшiлiкке таныстырған болатын.

ЛИВИЯ СИНДРОМЫ

Халық қарсылығының толқыны Тунис президентi Зин аль-Абидин бен Али мен Египеттегi Хосни Мубаракты тақтан тайдырғанда, көптеген сарапшылар "жасмин төңкерiсi" және "лотос төңкерiсi" туралы сөз болуда деп мәлiмдеп үлгерген. Яғни орын алған оқиғалардан КСРО күйрегеннен кейiн Құрама Штаттар сан рет ұйымдастырған кезектi түрлi-түстi төңкерiстiң елесiн көрген болатын. Дау жоқ, бұл оқиғаларда кейбiр сырттай ұқсастықтар да бар: серб арандатушыларының Каир көшелерiнде емiн-еркiн әрекет етiп, алаңға шыққан ереуiлшiлердiң арасында қызу үгiт жүргiзуi соның айғағы. Дегенмен негiзгi себеп мүлдем басқада болатын. Толқулар шын мәнiнде бүкiл халықтық сипат алған едi және АҚШ оның арнасын өзiне қажеттi бағытқа бұру үшiн жанталаса әрекет етуге көшкен. Бiрақ мысырлықтар да, тунистiктер де "американша өмiр сүрудi" қаламайтыны, керiсiнше Ақ үй таққа отырғызған қуыршақ әмiршiлерден тезiрек құтылуды көздейтiнi тез-ақ айқындалды.

Толқу Ливияда басталған кезде сарапшылар уыстан сырғып кеткен мүмкiндiктердi керi қайтаруға бәтуа жасап, әбден ығыр болған халықтың диктатор Каддафиге қарсы нағыз көтерiлiсi туралы сөз болуда дегендi көпшiлiкке түсiндiруге жұмыла күш салсын. Уағызшылар өз сөздерiн Каддафи қашанда Батыс демократиясының қас жауы болған деген өтiрiкпен көмкерiп, соңғы сегiз жыл бойы полковниктiң АҚШ-пен қоян-қолтық жұмыс iстеп келгенiн бүгiп қалды.

Ал шындыққа келсек, қазiргi Ливияда орын алған оқиғалар елдiң үш аймағы – Кирена, Триполитания және Феццаланың тарихи алауыздығының жаңа бiр көрiнiсi. Тарихи бұралаң. Текетiрескен күштердiң қақтығысы әуелде саяси реңк ала қойған жоқ, керiсiнше уақыт өте келе саяси астары айқындала бастады. Көтерiлiске шыққандар әуелi өздерiн монархистер деп есептедi, кейiнiрек оларға сан алуан оппозицияның өкiлдерi де (насершiлдер, хомейнишiлдер, коммунистер, исламистер т.б.) келiп қосылды. Сөйте тұра елдiң өзге аймақтарын көтерiлiс өртi шарпыған жоқ.

Өкiнiшке қарай, бүгiнде ескi кикiлжiң әдейi ушықтырылып, отаршыл картельдер тарапынан арнайы қаржыландырылды деп түсiндiруге тырысқандар аяусыз қарсылыққа тап болуда. Жұрттың көбi шетелдiк әскерлердiң араласуы, ливиялықтардың қатыгез әмiршiнiң езгiсiнен құтылуына көмектеседi, коалицияның барша қателiктерiнiң нәтижелерi елдi күтiп тұрған түнек пен геноцидтен қорқынышты емес дегенге нық сенiмдi.

Алайда мұндай пiкiрлердiң түбегейлi қате екендiгiн тарих талай рет дәлелдеп үлгерген. Саддам Хусейнге қарсы күрескен және батыстың әскерлерiн құшақ жая қарсы алған көптеген ирактықтар ендi, арада сегiз жыл өткенде және миллион адам құрбан болғанда, қатал билеушiнiң тұсында өмiр сүру анағұрлым жеңiл едi деп жүр.

Қазiргi қате тұжырымдар да бiрқатар жалған сенiмдерге негiзделген:

– батыстың насихатшылары жар салып жүргендерiне және Египет пен Тунисте өткен оқиғаларға қарамастан ливиялықтар Каддафи жүйесiне қарсы көтерiлген жоқ. Триполи мен Феццанада полковниктiң жақтастары әлi де мол. Жақында полковник халық Кирена тұрғындары мен шетелдiк әскерлерге қарсы күресуi үшiн жұртқа қару таратып бердi;

– Каддафи Ливияның бейбiт тұрғындарын бомбалаған жоқ. Тек бұл әрекеттердiң нәтижесi қарапайым адамдар үшiн қандай әсер ететiнiн жан-жақты сараптамастан қарулы күштердi ереуiлшiлдерге қарсы пайдаланды. Құрбандар үшiн мұндай айырмашылықтың еш мәнi жоқ, әрине, бiрақ халықаралық құқық кеңiстiгiнде бұл айырмашылық әскери қылмыс пен адамзатқа қарсы қылмысты бөлiп тұр;

– Киренаның бұл көтерiлiсi кездейсоқ орын алған жоқ. Бұл – арнайы қызметтер (француздық DGSE, британдық MU6 және американдық ЦРУ) мұқият ұйымдастырған бас көтеру. Көтерiлiсшiлердiң Ұлттық өтпелi кеңесiн құруға француздар Каддафидiң ежелгi жолдасы, 2010 жылы қарашада оны сатып, осы үшiн Францияда саяси баспанаға ие болған серiгi Массуд аль-Месмаридiң ақпарлары мен байланыстарын барынша пайдаланды. Ал британдықтар болса, монархияны қайта қалпына келтiру үшiн ханзада Мохаммед әль-Зенуссидiң байланыстарын белсендi түрде өрiстеттi және монархистердiң жарты ай мен жұлдыз салынған қызыл-қара-жасыл түстi туларын жаппай таратумен болды. Ханзада Лондонда жырғап өмiр сүруде. Американдықтар болса қашқын ливиялықтарға Ұлттық өтпелi кеңестiң басты министрлерiнiң портфелiн және биiк әскери лауазымдарды Вашингтоннан оңды-солды үлестiру арқылы Ливияны экономикалық және әскери бақылауға алмақшы.

Осылардың нәтижесiнде шетелдiктердiң қол сұғуы орынды ма, жоқ па деген жайтқа қатысты ұзын сонар пiкiрталастар орын алған шынайы оқиғаларды көлеңкелеп қалуда. Егер бiз таспаны керi айналдырсақ, онда аса ықпалды батыс елдерiнiң стратегиясы қалай өзергенiн айқын көре аламыз. Әрине, олар үлкен бауырлардың гуманитарлық парызы туралы желбуаз сөздерiн бұдан былай да бұрқырата бермек (кiшi бауырлар бұл үшiн өз нарығының қақпасын кең ашатын болса), оның астарында бостандық үшiн күресушi халық айтылатыны аян, дегенмен жетекшi елдер бұрынғыдан басқаша әрекет етуге көштi.

ОБАМАНЫҢ ДОКТРИНАСЫ: ТАПАНШАНЫ ТЕЗ СУЫРҒАН ДҰРЫС

Президент Обама 28 наурызда АҚШ-тың Ұлттық қорғаныс университетiнде сөйлеген сөзiнде өзiнiң стратегиялық доктринасының бiрнеше тезистерiн жариялады. Ливия туралы айтқанда өз доктринасының бұрынғы әрiптестерi Билл Клинтон мен Джордж Буштың доктриналарынан айырмашылығын аңғартып, әуелi ол: "Халықаралық серiктестерiмiзбен қоян-қолтық жұмыс iстей отырып, Құрама Штаттар бар болғаны бiр айдың iшiнде кең коалицияны қалыптастырды. Қарапайым тұрғындарды қорғау үшiн халықаралық мандат алды, шабуылға шыққан әскерлердi тоқтатты, қырғынның бетiн алды әрi өзiмiздiң одақтастар және серiктестерiмiзбен тiзе қоса отырып, ұшақ ұшпайтын белдеудi жасады. Осы әскери және дипломатиялық әрекеттердiң жылдамдығы туралы салыстырып айтатын болсақ, 1990 жылдары тұрғындар Боснияда қатыгездiк құрбанына айналған кезде халықаралық күштердiң бейбiт тұрғындарды қорғау мақсатында әуе күштерiн де пайдалануға мүмкiндiк алуы үшiн бiр жылдан астам уақыты кеттi. Ал бiзге 31 күн ғана жеткiлiктi болды", – дедi.

Шынында да мұндай ұшқырлық Билл Клинтон кезеңiне тән емес едi және бұл елеулi екi себеппен түсiндiрiледi.

Бiр жағынан 2011 жылы АҚШ-тың қолында жеткiлiктi ойластырылған жоба болды және оны табандылықпен жүзеге асырып келедi (кейiнiрек мұның қандай жоба екенiн бiлетiн боламыз), ал 90-жылдардағы Америка ненi таңдау қажет екенiн: КСРО-ның күйреуiн шексiз баю үшiн пайдаланарын немесе бұдан былай ешкiм белдесе алмайтын әлемдiк империя құруды қолға аларын бiлмей әрi-сәрi күйде едi.

Екiншi жағынан Обама әкiмшiлiгiнiң Ресейге қатысты келiссөздер арқылы текетiрестерден бойын аулақ ұстау жөнiндегi "қайта жүктеу" саясаты өз жемiсiн әкелген. Ливиядағы соғыстан айтарлықтай экономикалық шығындарға ұшырайтынына қарамастан, Ресей бұл соғысқа өз келiсiмiн бердi.

ӘМБЕБАП ҚҰРАЛ РЕТIНДЕГI СОЙЫЛ

Аталмыш сөзiнде Обама:

"Бiздiң ең тиiмдi альянс – НАТО, ол қару-жарақ сатуға тыйым салуды және ұшақ ұшпайтын аймақ жасау мiндетiн өз мойнына алды. НАТО басшылығы Ливияның бейбiт халқын қорғау үшiн өздерiне қосымша жауапкершiлiк жүктеп отыр… Құрама Штаттар… барлау жүргiзу, тылды қамтамасыз ету, iздеу-құтқару жұмыстарын атқару және Каддафи жүйесiнiң коммуникацияларын электрондық тұншықтыруды қоса алғанда көмекшi рөлге ие болады. НАТО негiзiндегi кең коалиция арқасында бiздiң әскерилерге төнетiн қауiп аз болады, ал американдық салық төлеушiлерiмiз үшiн бұл операцияның шығыны едәуiр кемiдi", – деп көсiлдi.

Еуропалық одақтастарын бiрiншi қатарға шығарған және "онша қаламаған едiм" деген кейiп көрсеткен Вашингтон әу бастан-ақ барлық әскери әрекеттердi сәйкестендiрiп отырғанын осылай мойындады. Алайда еш кiдiрместен НАТО-ның қолына билiк тiзгiнiн ұстату үшiн мұны тиiмдi пайдаланып қалмақшы.

Барак Обамаға берiлген Нобель сыйлығы өз халқын ислам жерiндегi үшiншi соғысқа ұрындырған (Ирак пен Ауғанстаннан кейiнгi) президент имиджiмен былғанып, күңгiрт тартпауы тиiс, сiрә?! Әйтсе де, Ақ үйдiң пайымдауынша, насихат басты мәселенi көлегейлемеуi керек: Вашингтон бұдан былай әлемдiк жандарм болғысы келмейдi. Болашақта НАТО әскери әрекеттердi сәйкестендiру тiзгiнiн өз қолына алатын басты құрылымға айналмақшы және бұған Ресей, кейiнiрек Қытай да қосылуға мәжбүр болары күмәнсiз.

Обама Қорғаныс университетiндегi өз сөзiн аяқтай келе: "Бiздiң қауiпсiздiгiмiзге тiкелей қатер төне қоймайтын, әйтсе де бiздiң мүдделерiмiз бен құндылықтарымызға қауiп төнетiн жағдайлар әредiк туындауы да ықтимал. Кейде тарих ағысы бүкiл адамзат пен баршамыздың жалпы қауiпсiздiгiмiзге қатер төндiретiн кездер болады. Мәселен табиғат апаттарының зардаптарын жою, геноцидтiң алдын алу, сондай-ақ аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мен сауда қатынастарын дамыту сияқты. Бәлкiм, бұл түйткiлдердiң бiразы Америкаға тiкелей қатысты болмауы да ықтимал, бiрақ олар бiз үшiн аса маңызды. Бұл күрмеулердi қалайда шешуге тиiспiз. Және осындай жағдайларда әлемдегi ең қуатты мемлекет ретiнде Құрама Штаттарды жиi көмекке шақыратындарын бiз жақсы бiлемiз", – дедi.

Осылайша Барак Обама найзаның күшiмен барлық түкпiрде "американдық өмiр салтын" орнатпақ болған Джордж Буштың жалынды бағытынан бас тартып отыр. Сөйте тұра, бүкiл әлемде бейбiтшiлiк орнату және жер шарының барлық тұрғындарын қорғау үшiн қару қолданудан бас тартпайтынын бiлдiрдi. Басқаша айтсақ, Обама "аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және сауда қатынастарын сақтау" үшiн соғыс жүргiзуге кетәрi емес.

Бұл ұстаным мұқият әрi кеңiрек талдауды қажет етедi.

АДАМЗАТ АМЕРИКАНЫ НЕГЕ СҮЙМЕЙДI?

Дәстүрге орай ма, әлде ыңғайлы болу үшiн бе, әдетте тарихшылар мемлекеттердiң стратегиялық доктриналарын оны жариялаған президенттердiң атымен атайды. Алайда қазiр АҚШ-тың стратегиялық доктринасы Ақ үйде емес, Пентагонда түзiлетiнi белгiлi. Тиiсiнше АҚШ доктринасының жаңартылуы Барак Обаманың Сопақ кабинетке келген кезiне емес (2009 жылдың қаңтары), Қорғаныс министрi Роберт Гейтстiң Пентагонға келуiмен (2006 жылдың желтоқсаны) тiкелей байланысты.

Дәлiрек айтқанда, Буш билiгiнiң соңғы жылдары "Буш доктринасын" жүзеге асыру жылдары болмай, қайта "Обама доктринасын" жүзеге асыруға дайындық кезеңiне айналды.

Айқындық үшiн "Рамсфилд доктринасы" мен "Гейтс доктринасы" деп түйiндей айтсақ та орынды болар едi. Алғашқы доктринаның мақсаты – барлығы да АҚШ режимiмен бiржола дос-жар болғанша, әлемдегi барлық мемлекеттiк жүйелердi сапырылыстырып ауыстыра беру. Шын мәнiнде олигархиялық жүйе болғанына қарамастан, бұл тәсiл "нарықтық демократия" деп аталды. "Нарықтық демократия" талабы бойынша өз елiндегi "жалған" азаматтар мемлекеттердiң жазасынан қорғашталатын және өз елiнiң саясатын қалыптастыруға мүмкiндiктерi жоқтықтан тек үкiметтердi ғана таңдауға мәжбүр едi.

Мiнеки, дәп осы мақсатқа жету жолында түрлi-түстi революциялар ұйымдастырылып, Ауғанстан мен Ирак соғыспен басып алынды. Барак Обама өз сөзiнде: "Бiздiң әскерлердiң сансыз құрбандықтары мен дипломаттарымыздың аса табандылықтарының арқасында бiз Ирактың болашағына үмiтпен қараймыз. Бiрақ бұл елдегi режимдi ауыстыруға сегiз жыл кеттi, мыңдаған американдықтар мен ирактықтар көз жұмды, триллион долларға жуық қаржы жұмсалды. Бiз дәл осындай жағдайдың Ливияда қайталануына жол бермеймiз", – деп тегiн атап өткен жоқ. Яки, Рах Americana құру ниетi – әлемнiң барша халықтары бас қосып, жансала қорғауға тиiс американдық әлем экономикалық тұрғыдан тиiмсiз деп мойындалды. Адамзаттың американдық өмiр салтына деген асқақ сүйiспеншiлiгi туралы ниет те орындалмайтын арманға айналды.

Сондықтан да Пентагон жаңа идеяны, жаппай империяландырудың өмiрге жақынырақ өзге моделiн дүниеге әкелдi. Ол Томас Барнеттiң "Пентагонның жаңа картасы. ХХI ғасырдағы Соғыс пен бейбiтшiлiк" деген еңбегiнде қарастырылды.

АЛТЫН АЙМАҚ ЖӘНЕ МЕҢIРЕУ ТҮКПIРЛЕР

Томас Барнеттiң теориясы бойынша, болашақ әлем екi аймаққа бөлiнедi. Бiр жағында АҚШ-пен әмпей-жәмпей, демократиялық институттары нық қалыптасқан немесе онша қалыптаса қоймаған елдердi қамтитын тұрақты орталық болады. Ал оны мешеу қалған түкпiрлер – экономикалық тұрғыдан дамымаған, тұрақсыз, өз қазанында ғана қайнайтын қияндар қоршап жатады. Бұл модельде өркениеттi әлемнiң меңiреу түкпiрлердегi шикiзаттарға тоқтаусыз қол жеткiзуi Пентагонның мойнына жүктеледi. Өйткенi өркениеттi орталық табиғи ресурстарға мұқтаж болады, ал қияндағылар оны өз қалауынша пайдалана алмайды.

Бұл тұжырымда АҚШ-тың өзге дамыған елдермен бәсекелестiгi ұлғаятынын қарастырғанмен, қауiпсiздiк мәселесiнде Вашингтон сөзсiз көшбасшы екендiгi нақты атап көрсетiлген. Бұл модель, американдықтардың ойы бойынша, Ресеймен қарым-қатынаста да өз жемiсiн беруге тиiс. Ал Қытайдың жайы қиындау, өйткенi ол елдiң жаңа үкiметi бұрынғылардан гөрi ұлтшыл екенi белгiлi.

Әлемдi екi аймаққа: тұрақты және тұрақсыз аймақтарға бөлу күрделi қиындықтар туғызбақ. Барнеттiң пiкiрiнше, Балқан түбегi мен Орталық Азия, Африка түгелдей дерлiк және Оңтүстiк пен Орталық Америка мешеу территорияға айналады. G20 клубының үш мүшесi (олардың бiрi НАТО-ның да мүшесi): Түркия, Сауд Арабиясы мен Индонезия да осы аймаққа кiредi. Бәлкiм, картада өзгерiс болу да ықтимал. Өйткенi Сауд Арабиясы қазiр Бахрейндегi көтерiлiстi қанға бөктiрiп басуға берiлiп отырған тарихи мүмкiндiктi пайдаланып қалу үшiн жан сала күресуде.

РЕСУРСТАР ҮШIН ЖОРЫҚ

Бұдан былай территорияларды басып алу туралы сөз болмайтындықтан (табиғи байлықтарды қажетке жарататын аймақтарға бақылау жүргiзу ғана қызықтырмақ), кең көлемдегi әскери күшпен әрекет ету көбiне арнайы жорықтармен алмастырылады. Осыған орай, Пентагонның бұдан былайғы басты жұмысы – саяси құрылымдарды бөлшектеу және "Үлкен Таяу Шығысты" қайта құру жоспары секiлдi аймақтарды қайта өзгертумен шұғылдану болмақшы. Бұл процесс Африкадағы Суданды бөлшектеуден басталып, Ливия мен Кот-д Ивуардағы соғыс түрiнде жалғасуда.

Егер демократияландыру тұрғысынан Муаммар Каддафидiң режимiн құлату игi iс болса, ал Пентагонның ұстанымы бойынша ол соншалықты қажет те, тиiмдi де емес. "Гейтс доктринасына" орай, империализмге қарсы тұруға қабiлеттi болуы ықтимал Ливиямен iстес болғаннан гөрi триполилiк аймақты ғана билеген қауқарсыз әрi еңсесi түскен Каддафидi қолдау қолайлы.

Әлбетте, әлемдi жаңаша билеп-төстеу оп-оңай жүзеге асырыла қоятын шаруа емес. Миграциялық ағындар жойылып кетпейдi, керiсiнше босқындар көбейе бередi. Өйткенi адамдар тамұқтан бассауғалап қашып, жұмақта тiрi қалуға үмiттенедi. Бiреулердiң бақыты өзгелердiң бақытсыздығы мен азабынан тұрмауы тиiс дейтiн гуманистер де жойылып кетпейдi. Мiне, бүгiнде Ливияда осындай күрделi ойын ойналуда.

Жаңабек ШАҒАТАЙ