Жаңалықтар

ҰЛТ КӨСЕМI ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

ашық дереккөзі

ҰЛТ КӨСЕМI ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Алмағайып аласапыран жылдарда алты Алаштың айбарына айналған, жас ұрпақты "толғауы тоқсан қызыл тiл" құдiретi арқылы ақ жолға бастаған ардақты арыстарымыздың бiрi әрi бiрегейi – Ахмет Байтұрсынов.

Халқымыз бодандықтың бұғауында байланып, қараңғылықтың тұманында тұншығып, қалың ұйқысынан бас көтере алмай жатқанда, ұлтын "маса" боп шағып, азаттық таңын атыруға жетелеген тұғырлы тұлғаны ұрпағы мәңгi есiнде сақтау үшiн жыл сайын "Ахмет Байтұрсынов оқуларын" өткiзедi. Мiне, осы дәстүр биыл да өз жалғасын тапты. Шара барысында №36, №139 мектептiң "көздерiнде от ойнар, сөздерiнде жалын бар" дарынды оқушылары асқақ ойлы ақынның өлеңдерiн жатқа мәнерлеп оқыды. "Ахмет Байтұрсынов оқуларына" белсене атсалысқан жастар "Алғыс хатпен" марапатталып, үлкендердiң батасын алды. Жыл сайын дәстүрлi түрде өтетiн шара – ұлт көсемiнiң мұрасын дәрiптей беретiнi сөзсiз.

Кешке қонақ ретiнде Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахет, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Iсмақова, Қазақстан Тарихшылар одағының төрағасы Мәмбет Қойгелдi сынды тiл, әдебиет, тарих саласының майталмандары қатысты. Қазақстан Тарихшылар одағының төрағасы Мәмбет Қойгелдi "атасының ғана емес, адамның баласы" бола бiлген А. Байтұрсыновқа арналған сөзiнде "Кеңес Үкiметi келмеске кеттi, ал Ахмет Байтұрсынов ел есiнде мәңгi сақталады", – дедi ерекше тебiренiспен. Дәстүрлi мерекелiк шараға жиналғандар мұражай жанындағы саябаққа Ахмет Байтұрсынов есiмiнiң берiлгенiне куә болды.

Жанерке Елшин, ҚазҰУ-дың журналистика факультетiнiң 1-курс студентi