ЖАҢА "ДИУАНИ ХИКМЕТ" ПЕН "МАХАББАТНАМА"
ЖАҢА "ДИУАНИ ХИКМЕТ" ПЕН "МАХАББАТНАМА"
Түркiтануға қосылған елеулi еңбек
XI-XIV ғасырлар аралығында араб әрпiмен жазылып, бiздiң дәуiрiмiзге қолжазба күйiнде жеткен көптеген түркi жазба мұралары бар. Олардың бiразы күнi бүгiнге дейiн ғылыми айналымға түсiп, толыққанды зерттелмей келедi. Оның бiрнеше себептерi бар. Соның бiрi – осы саламен айналысатын бiлiктi мамандардың аздығы.
Белгiлi бiр жәдiгерлiктi жан-жақты зерттеу үшiн, ең алдымен сол ескерткiштiң өзiн зерттеушiлер мен оқырмандарға таныту қажет. Ол үшiн олардың транскрипциясы мен сөздiгiн жасап жариялау керек. Бұл – оңай шаруа емес. Соңғы ғасырларда дүниеге келген түркi жазба ескерткiштерi, негiзiнен араб жазуының насх, сулс, насталиқ үлгiсiнде хатқа түскен. Оларда шетел (араб, парсы) сөздерi, сөз тiркестерi, көне сөздер мен грамматикалық формалар да кездесiп отырады. Көнеден жеткен сол асыл мұралар авторларының өздерi жазған түпнұсқаларының бiрде-бiрi әзiрге табылған жоқ. Қолда барлары көшiрмелерi ғана. Көшiрушiлердiң қолтаңбалары да әр қалай. Сапалы көшiрiлгендерi де, ұқыпсыз көшiрiлгендерi де кездеседi. Оларды ажыратып оқу көп дайындықты, төзiмдi, уақытты қажет етедi. Сондықтан болар, бұл iске түркiтанушылардың бәрi бiрдей бара бермейдi. Осы саланың хас мамандары А.М. Щербак шағын-шағын 42 және 47 беттен тұратын екi ескерткiштi ("Оғызнама", "Махаббатнама") транскрипциялап, орыс тiлiне аударып берсе, Ә.Нәжiп "Махаббатнаманы" ғана транскрипциялап, орыс тiлiне аударып, сөздiгiн жасаумен ғана шектелген екен. Бұл iспен көп шұғылданған поляк ғалымы (ұлты қарайым) А.Зайончковский болды. Ғалым бiрнеше ескерткiштердiң транскрипциясын жасап, сөздiгiн түзiп, серия-сериямен 8 том етiп бастырған едi. Бiрақ аз таралыммен шыққандықтан, ол еңбектер сирек кездесетiн басылымға айналды. Бiздiң кiтапханаларда болмағандықтан, жас зерттеушiлерiмiз ол еңбектердi пайдалана алмай жүр. Қолда бар жазба мұралардың транскрипциясын жасап, жан-жақты зерттеу тек қазақ ғылымында ғана емес, бүкiл түркiтану ғылымы үшiн де өзектi мәселе болып есептеледi. 2002 жылы қазан айында Түркiстан қаласында өткен Халықаралық Түркологиялық конгресте де бұл мәселеге баса назар аударылған едi. Осыған байланысты келешекте атқарылатын iстер туралы бiрнеше пунктен тұратын қаулы да қабылданған болатын. Орайы келгенде, бiр-екеуiн келтiре кетейiк: 1. Әлi де қолжазба күйiнде сақтаулы көне ескерткiштердiң қазақша транскрипциясын, аудармасын жасап, ғылыми басылымын жүйелi түрде жариялау iсi қолға алынсын. 2. Орта ғасыр ескерткiштерiнiң сөздiгiн (жеке ескерткiштер сөздiгiн, тарихи-салыстырмалы сөздiгiн) жасау iсi қолға алынсын ("Түркология" №2, 2002, 131-б.). Осы қаулыда айтылған талаптарға сай орындалған екi кiтап өткен жылдың соңына қарай Түркiстан қаласындағы "Тұран" баспаханасынан басылып шықты. Бiрi – Ахмет Иасауи. "Диуани Хикмет" (аударма, транскрипция, мәтiн, сөздiк). Баспаға дайындағандар: филология ғылымдарының кандидаты Т.Қыдыр, К.Мұстафаева. Екiншiсi – Харазми. "Махаббатнама" (мәтiн, транскрипция). Баспаға дайындаған ф.ғ.к. Т.Қыдыр. "Диуани Хикметтiң" алдында "құрастырушыдан" деген тақырыппен екi жарым беттiк кiрiспе берiлген. Мұнда "Хикметтердi" аударған он төрт аудармашының есiмдерi аталып, еңбектерi көрсетiлген. "Бұл аудармалардың бәрiн сәттi шыққан деуге болмайды. Себебi тәржiмалағандардың бәрi түпнұсқаға барған деуге келмейдi. Ал ғылыми аударма жасағандар түпнұсқаға жүгiнгенiмен де, Иасауи шығармасының түпкi дiни-софылық мазмұнын мейлiнше түсiнбеген сияқты", – дейдi. Десе дегендей, кейбiр аудармалар мүлде сын көтермейдi. Осы саланың бiлiктi мамандарының бiрi, профессор Ә.Құрышжанов сондай сәтсiз аударманың бiрiн сынап арнайы мақала да жазды (ҚР ҰҒА Хабарлары. Тiл, әдебиет сериясы. 1994. №5). Ясауи iлiмi мен мұрасын көптен берi үздiксiз зерттеп келе жатқан ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай: "Ясауидi түсiну үшiн шығармаларын оқу жеткiлiксiз. Алдымен Ясауи кiм? Оның iшкi әлемi, өскен ортасы, сенiмi, ойлау жүйесi, танымы мен болмысының мәнi – мiне, осыларды тануға тырысуымыз керек" дей келе: "Әрбiр сопылық жолындағылар өзара арнайы тiл қалыптастырған, нәтижеде сопылық терминология пайда болды… Ясауидi түсiну үшiн сопыша тiл бiлу керек",– дейдi (Д. Кенжетай. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Алматы, 2008. 292-93-бб.). Сопылық iлiмдегi терминдiк мағынаның мазмұны терең, астарлы болып келедi. Сондықтан сопы шайырлардың басым бөлiгi "лисәнул ғайб" ("жұмбақ тiл") аталған екен. "Хикметтердiң" қазақша аудармаларындағы ақаулар суфизм терминдерiнiң мағыналарын дұрыс танып-бiлмегендiктен болса керек. Мысалы Қазан басылымындағы 27-хикметте "Ерәнләрдiн фәйз-у футух алалмадым" деген өлең жолы бар. Осы тармақты бiр аудармашы "жарандардан пайда, көмек ала алмадым" деп аударса, екiншi аудармашы "жарандардан күш-қуат ала алмадым" деп аударған. Ендi бiр еңбекте "Жарандардан тәлiм, береке ала алмадым" деп, ал төртiншi бiр еңбекте "Ерендерден шабыт пен сыр ала алмадым" деп аударылыпты. Бұл кiтапта аудармашыларға қойылар мынадай талаптар санамалап көрсетiлген: Араб жазу емлесiн бiлу; араб-парсы тiлдерiн, сол сияқты көне түркi мен ескi түркi тiлдерiн бiлу; шығармада кеңiнен қолданылатын дiни тасаууфтық (сопылық) ұғымдар мен түсiнiктердiң түпкi мағынасын толық ұғу (3 б.) . "Диуани Хикмет" жазылғаннан бергi жерде шәкiрттерi тарапынан толықтырылып, өзгертiлiп отырған. Сондықтан даналық сөздердiң қаншасы автордың өзiне тиесiлi екендiгi күнi бүгiнге дейiн басы ашық мәселе болып отыр. "Сондықтан да иасауитанудағы ең негiзгi мәселенiң бiрi – "Диуани Хикметтiң" канондық мәтiнiн жасау. Сонда ғана бұл саланың ары қарай дамитындығы дау тудырмайды", – деп жазады құрастырушылар (4 б.). "Диуани Хикметтiң" қолжазбалары көп. Басылымдар да баршылық. Бұл еңбектi баспаға дайындауда 1904 жылы Қазанда басылған кiтапты (5-басылым) пайдаланған. Өйткенi "Диуанның" басылымдарының iшiндегi толығы да, кең таралғаны да осы басылым екен. Кiтаптағы араб әрпiмен жазылған мәтiн осы графикада компьютермен қайта терiлiп, транскрипциясымен қоса берiлген. Терiлген мәтiн кiтап парағының оң жағына, ал транскрипциясы осы беттiң сол жағына әрбiр шумақтың тұсына жазылған. Жазу тайға таңба басқандай анық, айқын. Пайдалануға өте ыңғайлы. Мәтiндi берудегi осы әдiс бiзге қатты ұнады, өзгелерге де ұнау керек. Өйткенi бұдан 7-8 ғасыр бұрын араб әрпiмен жазылған қолжазбаны оқу – қиынның қиыны болса, компьютермен терiлген мәтiн әрiптерi жiпке тiзiлген маржандай сайрап жатыр. Зерттеушiлерге де, оқырмандарға да жүгiртiп оқу қиындық келтiрмейдi. Тек ынта болса болғаны. Еңбекте Қазан басылымындағы 153 хикметтiң аудармасы да берiлген. Бұл аударманың бұрынғы аудармалардан өзгешелiгi сол: мұнда мәтiндегi барлық сөздер жолма-жол аударылмаған. Тек мәтiн iшiндегi сөздер мен сөз тiркестерiнiң мағыналарын талдап, сол беттiң астында берiп отырған. Сондықтан құрастырушылар мұны аударма демей "бүгiнгi тiлге жақындатылған мағына",-дейдi. Мысалы: Жаһил кiшi назам қадрiн қачан бiлур?! Һәр намазда иман башдин таза болұр, "Саләт" (намаз) десе ғафыл башын бүркәп ұйұр Ғафыл құллар ‘умрын елгә сатар ермиш. Аудармасы Жаһiл кiсi намаз қадiрiн қашан бiлер? Әр намазда иман бастан таза болар, "Саләт" десе ғапыл басын бүркiп ұйықтар, Ғапыл құлдар өмiрiн елге сатар екен. Әрине, мәтiндегi барлық түркi сөздерi қазiргi қазақ тiлiндегi айтылуымен дәлме-дәл сәйкесе бермейдi. Әйтсе де түсiнiктi. Ондай сөздер қазақ тiлiндегi вариантында берiлiп отырған: тағ – тау, сарығ – сары, тiрiк – тiрi; оғұл – ұл, йығла – жыла, тегдi – тидi; татлы – тәттi, түрлүк – түрлi; гүлдек – гүлдей; ермиш – екен т.б. Мәтiндегi ш дыбысына қазақ тiлiндегi с (беш – бес), ч дыбысына ш (қач – қаш), сөз басындағы й-ге ж сәйкеседi (йол – жол). Көрнектi түркiтанушы Н.А. Баскаковтың көрсетуiнше, бұл құбылыс көне қыпшақ тiлiне тән екен (Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. М., 1969. Стр. 272). Ғылыми жұмыстар жүргiзу үшiн аударманың осы түрi тиiмдi сияқты. Өйткенi мұнда өлең құрылысы, өлшемi, сөйлем iшiндегi сөздердiң орын тәртiбi, ақынның стилi де өзгерiске түспей, сол қалпында сақталған. Кiтап соңында "Диуани хикметтегi" адам аттары мен жер-су аттарына да түсiнiк берiлген. Бұл түсiнiктерден оқырмандар Мұхаммед (Ғ.С.) пайғамбардың кейбiр сақабаларының, сондай-ақ Құранда аттары аталатын бiрнеше пайғамбарлар мен әйгiлi сопылардың өмiрiнен қысқаша мағлұматтар ала алады. Жер-су аттарының да "Хикметтердi" түсiнiп оқуға септiгi тиерi сөзсiз. "Диуанда" бiрнеше жерде қасиеттi Құран аяттары мен хадистер кездеседi. Кiтап соңында олардың да мағыналарын ашып, талдап бередi. Зерттеушiлердiң айтуынша, "Ясауи тiлiнiң сөздiк құрамының жартысына жуығын (40-45 пайызын) араб пен парсы сөздерi құрайды" екен (Р. Сыздықова. Ясауи "Хикметтерiнiң тiлi". Алматы, 2004. 97-б.). Оның себебi шығарманың тақырыбына байланысты. Түрiк ғалымы проф. М.Ф. Көпрүлү: Ясауи "Хикметтерiнiң" тақырыбы дiнге, осы дiннiң бiр ағымы – суфизмге қатысты болғандықтан, мұнда Ясауи қалыптасып қалған терминдердi қолдануға мәжбүр болды деген пiкiр айтады (Көпрүлү Мехмет Фуад. Қожа Ахмет Ясауи танымы мен тағылымы. Шымкент, 1999. 207-б.). Кейбiр "Хикметтерде" араб, парсы сөздерi жиiрек қолданылған. Ондай "Хикметтердi" түсiнiп оқуды жеңiлдету үшiн араб-парсы сөздерiнiң мәтiнде қолдану ерекшелiгiн көрсете отырып, сөздiгiн де жасаған. Ясауи тiлiнiң негiзi туралы әр түрлi пiкiрлер айтылып келедi. Атақты түркiтанушы Әмiр Нәжiптiң пiкiрiнше, қыпшақ-оғыз әдеби тiлiнде жазылған (Наджип Э.Н. Кыпчакско-огузский литературный язык Мамлюкского Египта XIV века. – Автореф. докт. дисс., М., 1965. Стр. 9). Ә.Нәжiптiң бұл пiкiрiн Ясауи "Хикметтерiнiң" тiлiн Самарқанд қолжазбасы бойынша жан-жақты зерттеп, монографиялық жұмыс жазған Ұлттық Ғылым академиясының академигi Рәбиға Сыздықова да қуаттайды (көрсетiлген еңбек, 192-б.). Осы iргелi еңбегiнде ғалым Самарқанд қолжазбасының факсимилесiн (фотонұсқасын) және ол қолжазбаның ескi араб жазуынан қазiргi графикаға жолма-жол дәл көшiрiлiп транскрипцияланған мәтiнiн де бердi. Автордың айтуынша, бұл ең әрiден сақталған және қазiргi кезде белгiлi болып отырған көптеген қолжазбалардың iшiндегi ең толығы да екен. Мiне, Ясауи шығармаларының ең толық қолжазбасы да, басылымы да қолымызда. Олардың әрқайсысын жеке-жеке немесе өзара салыстыра зерттеуге де мүмкiндiк туып отыр. "Хикметтердiң тiлi жеңiл, стилi көркем" – дейдi Ә. Нәжiп (көрсетiлген еңбек, 9-б.) . Шынында, "Хикметтердiң" басым көпшiлiгi жеңiл, қарапайым тiлмен жазылған. Сөздiксiз-ақ түсiнiп оқуға болады. Бiр-екi мысал келтiре кетейiк: 8-хикмәт Бишәк (шүбәсiз) бiлiң бұ дүнийә, барча халықдын өтәр-ә, Инанмағыл малыңа, бiр күн қолдын кетәр-ә. Ата-ана, қарындаш қайан (қайда) кеттi фiкр қыл, Төрт айағлығ чубин (ағаш) ат, бiр күн саңа йетер-ә. Дүнийә үчүн ғам йемә, Хақдын өзгенi демә, Кiшi малыны йемә, Сират үзрә тұтар-ә. Әһлi ,айал (әйел), қарындаш, һеч кiм болмайдүр йолдаш, Мәрдана (батыл) бол ғариб йаш, ‘ұмрың йелдек өтәр-ә. Құл Қожа Ахмәд та,әт қыл, ‘умрың бiлмәм нечә йыл, Әслiң бiлсәң аб-у гел (су және топырақ), йана гелге кетәр-ә. 103-хикмәт Ахмәд, сән суфи болма суфилығ асан (оңай) емәс, Хақ расул суфи болұб дүнийа малын сүйгән емәс. Суфи болұб дүнийаны сүйгән кiшi инсан (адам) емәс, Суфи нақш болдұң, һәр кез мусулман болмадың. Профессор Д. Кенжетай осыдан бiрнеше жыл бұрын: "Ясауи мұрасын "Ясауитану" пәнi ретiнде бiлiм беру саласында бағдарламаға енгiзудi конституция шеңберiнде жүзеге асыруымыз қажет", – деп жазған екен. (көрсетiлген еңбек, 314-б.). Бауырлас түркi халықтарының қайсы бiр (түрiк, өзбек) республикаларында Қ.А. Ясауи шығармалары көптен берi оқытылып, уағыздалып келедi. Келешекте данышпан бабамыздың даналық сөздерiмен бiздiң балаларымыз да мектеп қабырғасында таныса алатын болады деген үмiтiмiз зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың өзi Ясауи iлiмiн терең насихаттау қажеттiгiне баса мән берiп отыр. Харазмидiң "Махаббатнама" деп аталатын дастаны 1353 жылы Сыр бойында жазылған. Екi нұсқасы бар: бiрi ұйғыр (1432 ж.), екiншiсi араб әрпiмен (1508-1509 ж.) көшiрiлен. Екеуi де Лондондағы Британ музейiнде сақтаулы. Дастан 11 хаттан тұрады. 4, 8, 11-хаттары және бiрнеше гәзелдер парсы тiлiнде жазылған. Жалпы көлемi – 473 бәйiт. Оның 156 бәйiтi парсы тiлiнде. "Махаббатнаманың" бұл көшiрмелерiн тауып, 1924 жылы алғаш пiкiр бiлдiрген академик В.В. Бартольд. А.М. Щербак (1959 ж.) пен Ә.Н. Нәжiптiң (1961 ж.) монографиялық еңбектерi жарық көргеннен бергi жерде бұл дастан кең көлемде зерттеле бастады. Өзбек, татар тiлдерiне аударылды. Қазақ тiлiнде де екi аудармасы бар. Мiне, Т.Қыдыр кiтаптың аңдатпасында "Махаббатнаманың" шығу тарихы мен зерттелу тарихына қысқаша шолу жасай келе: "Аталған зерттеулерде шығармадағы иләһи ғашықтықты зерттеуге қарағанда, мажази (дүниелiк) махаббатты талдауға көп орын берiлгенi жасырын емес", – дейдi.(7-б.). Бұрынғы зерттеулерде сөз болып отырған дастан махаббат тақырыбына арналған көркем туынды ретiнде қарастырылса, кейiнгi кезде "сопылық поэзия ықпалында жазылған", – деген пiкiр айтылып жүр. Дастанды баспаға дайындаған Т.Қыдыр да: "Шығарма сопылық мәнге құрылған", – дейдi де, ол ойын мәтiннен алынған мына мысалдар арқылы дәлелдейдi. Егер көбелек өз өмiрiн құрбан етпейiн десе, Шамның айналасында шыр айналмайды. Немесе: Жаһанның салтанаты құлдармен хош, Бақтың гүлдерi бұлбұлмен хош. "Көбелектiң шамға, бұлбұлдың гүлге ынтықтығының астарында пенде мен Жаратушы арасындағы қарым-қатынас суреттелген", – дейдi. Сопылық ағымның өзiне тән тiлi болады. Ондағы образдар арнайы атаулар мен терминдер арқылы жасалады. Ақынның айтар ойы тұспалданып, барынша астарланып берiледi. "Махаббатнама" авторы да сопылық астары бар сақи, жәми жәм (пиала, сопылық дүниетанымда Хаққа ғашық жанның шарап iшетiн ыдысы), пәруана (көбелек), гүл, бұлбұл секiлдi символдық атауларды қолданғанын айта отырып, бұл мәселеге байланысты ойын: "Харазми шығармасындағы ұғымдар мен атаулардың түпкi мәнiн жете меңгерместен, ақынның айтпақ ойын түсiну – тiптен мүмкiн емес. Ортағасырлық түркi жазба әдебиетiнiң бар құндылығы осында десек, артық айтқандық болмас", – деп түйiндейдi. Әрине, бiр шығарманы әркiм әр қалай түсiнедi. Түсiнуiне қарай талдайды. Кiм қалай талдаймын десе, еркi өзiнде. Бұл классикалық туындыны алдағы уақытта да әдебиетшiлер, сыншылар талдау жасап, әдiл бағасын бере жатар деген ойдамыз. Кiтапта "Махаббатнаманың" түпнұсқасынан араб әрпiмен компьютерде терiлген мәтiнi және латын графикасы негiзiнде жасалған транскрипциясы қоса берiлген. Мәтiндi бұлай берудiң себебi туралы: "Шығарманы бар құндылығымен кейiнгi ұрпаққа жеткiзу және жас түркiтанушылардың қалыптасуына оң ықпал ету", – дейдi. Кiтап соңында мәтiнде кездесетiн 46 сөзге түсiнiк берiлген. Одан оқырмандар есiмдерi Құранда кездесетiн бiрнеше пайғамбарлар, iрi-iрi планеталар, сопылық мәнде қолданылған терминдер мен бiрқыдыру ел-жұрт аттарынан қысқаша мағлұмат ала алады. Сондай-ақ есiмдер көрсеткiшi, жағрафиялық атаулар да назардан тыс қалмаған. Бұл еңбек мәтiнде кездесетiн 144 сөзге берiлген мағыналық талдаулармен аяқталады. Ойымызды жинақтай келе айтарымыз: Бұл көлемдi, әрi құнды екi асыл мұраны баспаға дайындау барысында құрастырушылар көп тер төккен. Бұдан 7-8 ғасыр бұрын жазылған көлемдi-көлемдi ескерткiштердiң мәтiндерiн түгелдей қайта жазып шығу, транскрипциясын жасау, қазақ тiлiне аудару, сөздiктерiн түзу, кiсi есiмдерi мен жер-су аттарына түсiнiк беру – оңай шаруа емес. Екеуiн де түркiтану ғылымына қосылған елеулi еңбек деп бағалаймыз. Бұл басылымдарға шетел ғалымдары тарапынан да сұраныс болатынына шүбә келтiрмеймiз. Әжiбай Керiмұлы, филология ғылымдарының кандидаты