Жаңалықтар

КҮДIК ПЕ, КЕУДЕМСОҚТЫҚ ПА?!.

ашық дереккөзі

КҮДIК ПЕ, КЕУДЕМСОҚТЫҚ ПА?!.

Интернет беттерiн ақтарып отырып орыс сайттарының бiрiнен тарихтағы моңғол шапқыншылығының болғанына күдiк келтiрген мақалаларды кезiктiрдiм. Онда моңғолдар деп жүргенiмiз батысқа жорық жасаған орыс княздерiнiң бiрi болуы мүмкiн деген пiкiр айтылыпты. Еуропа мен Азияны дүбiрлеткен Шыңғыс хан қосындарының шаңды жорығынан хабарсыз адам бұл мәлiметтерге иланып қалуы ықтимал. Бұл – бiзде де талай талас тудырған тақырып.

Бүгiнге дейiн қазiргi Қазақ халқын құрап отырған рулардың Моңғол экспансиясындағы атқарған ролi мен оларға қаншалықты қатысы барлығына нақтылы жауап берiлген жоқ. Сол кездегi кейбiр Қазақ рулары күшi асқан соң ғана даладағы билiктi қолына алған ат төбелiндей моңғолдардың соңынан iлескен шығар. Әйтпесе Найман мемлекетiндегiлердiң моңғолдарды "қоңырсыған иiстi, қомыт-қомыт киiмдiлер" деп атап, оларды мойындамай қарсы көтерiлiп, ұзақ уақыт соғысқаны тарих кiтаптарында жазылған жәйт. Сол тұстағы оқиғаларды баяндайтын жылнамаларға жүгiнсек, Керей, Найман, Қыпшақтар моңғолдарға емес, бiр-бiрiне iштарта қараған. Сондықтан моңғолдарды Қазақ тарихына тым кiрiктiрiп жiбермей осы мәселенiң ақ-қарасын айырып алған жөн сияқты. Шыңғыс әулетiнiң Қазақ хандығының тарихындағы ерлiк iстерiн жоққа шығармаймыз. Ұлысы үшiн басын бәйгеге тiккен Тәуекелден Қасымға дейiнгi хандарға қай Қазақтың да құрметi күштi. Бiрақ бұл басқа әңгiме. Тарихи деректерге қарасақ, Шыңғыс ханның мұрагерiмiз деп жүрген бүгiнгi Моңғол мемлекетi мен байырғы моңғолдар арасындағы тарихи сабақтастықтың да күмәндi тұстары көп. Өйткенi Орта ғасырдағы "моғолдардың" барлығы кейiн ислам дiнiн қабылдап, мұсылманша ат алды. Қазiргi моңғолмыз деп жүргендер будда дiнiн ұстанады, есiмдерi де айтуға ауыр. Тарихшылар кезiнде бұлардың тегi Алтайдан ауып келген татандар деген деректi алға тартқан болатын. Олар қазiргi өлкеге көшiп келiп, моңғол деген атты қайта түлеткен. Мәселен Орталық Азиядан кеткен оғыздар сияқты. Оғыздар Византия империясын басып алып, Түрiк деген атты қайта тарих сахнасына шығарды емес пе? Мен баға беретiн тарихшы емеспiн. Сондықтан қателесуге қақылымын. Бiрақ басы ашық қалған осы әңгiмеге түбегейлi нүкте қоятын кез әлдеқашан туды. Себебi өткендегi Қазақ баспасөзiндегi Шыңғыс ханға қатысты өрбiген пiкiрталастан оқырмандардың ешқайсысы мардымды жауап ала алмады. Көлденең тартылған көп пiкiрден тiптi олардың басы қатып кеттi. Қазiргi қолда жүрген Қазақ тарихына қатысты әдебиеттердiң де шикi тұстары өте көп. Көп деректi Кеңес Одағы кезiндегi идеологиямен уланған оқулықтардан алғандықтан олар қазақ оқырманына Қазақ тарихына қатысты нақты да шынайы мәлiметтердi ұсына алмауда. Сондықтан бiзге бабалар тарихын суреттейтiн, мемлекетшiл мiнезiмiздi орнықтыратын, төл тарихымыз туралы жүйелi пiкiр қалыптастыратын кiтап жетiспей тұр. Жоғарыда орыс сайттарынан моңғол шапқыншылығына күдiк келтiрген материалдарды ұшырастырғанымды айттым. Моңғолдардың жорығына қатысты шынайы деректердiң бiрiн сол тұстағы мұсылман жылнамашылары жазып қалдырған. Ендi соларды сөйлетсек… Айтпақшы, белгiлi тарихшы, Ресей мемлекеттiк гуманитарлық университетiнiң президентi Юрий Афанасьевтiң былай деп жазғаны бар. " Кез-келген адамнан Дмитрий Донской кiм болған деп сұраңызшы. Куликово шайқасы, татар езгiсiнен құтылу деп жауап бередi …Егер "татар езгiсiнен құтылу" деген сөздi Дмитрий Донскойдың өзiне айтса, ол есiнен адасып кетер едi. Себебi ол мойындайтын патша Татар патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзiн хан жасағысы келген көлденең көк аттының бiрi болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. "Татарлардан азат болу" деген сандырақты ол қабылдамас едi. Бiрақ қазiр осылай сөз саптау бiздiң тарихи қағидамызға айналып кеттi"…

МҰСЫЛМАН ЖЫЛНАМАШЫЛАРЫ ЖӘНЕ МОҢҒОЛДАР

Ибн Атир былай деп жазды: "Бұл апаттың жойқын болғаны соншалық мен көпке дейiн ол туралы жазу я жазбау керектiгiн бiлмедiм. Қазiрдiң өзiнде қаламды ықылассыз қолыма алып отырған жәйiм бар. Исламның ақырын суреттейтiн, мұсылмандардың қаза болғанынан хабар беретiн әрi оның масқара күйге ұшырағанын жазуға кiм тәуекел етер дейсiз. Мен бұдан да мұндай зауалды көргенше әлдеқашан жан тапсырып, ұмыт болғаным жақсы едi. Бiрақ достарым маған бұл оқиға туралы жазу керектiгiн айтты. Ақыры апат жөнiнде тiс жармаудың ешқандай пайда бермесiн өзiм де ұғындым. Тарихта мұндай алапат әлi болған емес. Адамзат нәсiлi мен мұсылмандардың өзi де оған қорқынышпен қарады. Егер әлдекiм Адам атадан кейiн де дәл осындай оқиға тарихта болған десе қатты қателеседi. Себебi адамзат шежiресiнен ондай кезеңнiң болғанын суреттейтiн бiрде-бiр дерек таба алмайсыз. Тiптi ендi ақыр заманға дейiн мұндай апаттың қайталануы екiталай". "Жаулап алушылар ешкiмдi аяған жоқ. Олар жүктi әйелдердiң қарнын жарып, құрсақтағы балаларға дейiн қылыш сiлтедi. Бұл әлемдiк деңгейдегi апат болды. Ол құйын тәрiздi кенеттен пайда болып, бүкiл шартарапты шарпып өттi. (әл-Кәмiл) Жеңiмпаз моңғолдар 650 жылы Бағдатты басып алып, оны жермен-жексен етедi. Ибн Қасир ол туралы былай дейдi: "Қырық күн бойы Бағдат қиратылумен болды. Содан кейiн әлемдегi осы бiр ең әдемi қаладан қиранды мен тау болып үйiлген адамның өлiгi ғана қалды. Өлi денелер әр жерде үйiлiп жатты. Кейiн жаңбыр жауып, мүрделер бұзыла бастады. Олардың адам төзгiсiз иiсi шартарапты алып кеттi. Сонау Сирияға дейiн Iндет жайлап, жұртқа қасiрет шектiрдi. Бүкiл елде аштық, iндет пен өлiм-жiтiм көбейдi".

Ирак пен Сирияны басып алған соң моңғолдар Мысыр жерiне көз салады. Мысыр сұлтаны Сайфуддин Құтыз бар әскерiмен оларға қарсы аттанды. Тарихи деректерге көз жүгiртсек, осы алапат шайқаста екi жақтың әскерiн де Қазақ даласынан шыққан Қыпшақ ұландары басқарған. Айн-и-Жалұт түбiндегi қанды қырғында Мысыр әскерiн Бейбарыс бастап шықса, ордалықтардың қолбасшысы найман Кетбұға батыр болыпты. Жан алып, жан берiскен осы шайқаста моңғолдар оңбай жеңiледi. Көп ұзамай Сайфуддин бақилық болып, Бейбарыс Мысырдың билеушiсi атанды. Ол моңғолдардың жеңiлмейтiнi туралы дақпыртты жоққа шығарып, бүкiл Сирияны жатжерлiктерден азат еткен адам ретiнде атын араб тарихына алтын әрiптермен жазып қалдырды…

ХАН МЕН ҚАРАНЫҢ ТЕҢЕСУI ИСЛАМ АРҚЫЛЫ ОРЫНДАЛДЫ

Бұл шапқыншылық ислам әлемiне үлкен зардап шектiрдi. Оның интеллектуалдық дамуы дағдарысқа ұшырап, мұсылмандар арасында исламның болашағына күдiк келтiргендер қара көрсете бастады. Ордалықтардың Ирактан Иранға дейiнгi алып өлкеге иелiк еткенi белгiлi. Ислам халифатының астанасы болған Бағдат қаласы да олардың бақылауында болды. Тағдырдың жазуымен сол кездегi әлемдiк өркениеттiң орталығын қолдарында ұстаған моңғолдар, бiртiндеп өздерi осы мәдениеттiң ықпалында қалды. Жұрттың бәрi заманақыр келдi деп уайымға басқанда исламның рухани күшi төңкерiс жасады. Руханият өкiлдерi мен сарайдағы оқымыстылар моңғолдардың билiктегi тобына дiни насихат жүргiзетiн. Жаратқанның әмiрiмен олар бiртiндеп Исламға ықыласпен қарай бастайды. Осы керемет оқиғаны көзiмен көрген Ибн Қасир былай деп тебiрене жазды: "Биыл 694 жылы Шыңғыс ханның шөбересi Қазан тақта отырып, Әмiр Таузынның көмегiмен Исламды қабылдады. Онымен бiрге барлық моңғолдар мұсылман болды. Сұлтан дiнге кiрген күнi қолдағы алтын, күмiс пен жақұттан садақа үлестiрiлдi. Өзiне "Махмұт" деген мұсылман есiмiн таңдап алған сұлтан жұма күндерi мешiтке барып, бұқарамен бiрге намазға қатысты. Тәркiленген мүлiктiң барлығы Бағдат пен оның төңiрегiндегi өз иелерiне қайтарылып, әдiл төрелiк жасалды. Жұрт бұрындары қайқы қылыш қана ұстаған қаһарлы "моңғолдардың" тәспi тартқанын көрiп, Алланың жомарттығы мен құдiретiне мадақ айта бастады" (Ибн Касир).

Жолымбет МӘКIШЕВ