Жаңалықтар

СЕЗIМГЕ ТОЛЫ СЫРЛЫ КЕШ

ашық дереккөзі

СЕЗIМГЕ ТОЛЫ СЫРЛЫ КЕШ

23 мамыр күнi Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында айтыс өнерiнiң өресiне шыққан ақын Ақмарал Леубаеваның "Перiште емес, пендемiз" атты алғашқы шығармашылық кешi болып өттi.

Оңтүстiктiң ару қызы Ақмарал Леубаеваның айтыс өнерiнiң ордасында жүргенiне де 20 жылдан астам уақыт болды. Айтыс сахнасына тұңғыш рет 1988 жылы Шымкент қаласында шыққан айтулы ақын содан берi үлкендi-кiшiлi айтыстарға қатысып, көптеген жүлделi орындарға ие болды. Осы уақыт iшiнде өзiнiң тапқырлығымен, сөзқағысының әсерлiлiгiмен, ой-өресiнiң биiктiгiмен көпшiлiктiң жүрегiнен орын алғаны баршамызға мәлiм. Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдық мерейлi мерекесiмен тұспа-тұс келген Ақмарал Леубаеваның шығармашылық кешi – айтыскер ақынның жиырма жылдық шығармашылық еңбегiнiң жемiсi.

Шығармашылық кештiң ақ шымылдығы Ақмарал Леубаеваның әнi мен сөзiне жазылған Роза Әлқожаның орындауындағы "Жылатқаның неткенiң" атты әсем әнiмен ашылды. Көпшiлiкке танымал айтыс арландары Аманжол Әлтаев пен Айбек Қалиев айтыстың аруын алғашқы шығармашылық кешiмен құттықтап, игi бастамаға деген жылы лебiздерiн бiлдiрдi.

Қазiргi қазақ эстрадасында жүрген әншiлер Ақмарал Леубаеваның сөзiне жазылған "Сағым жастық", "Қыз мұңы", "Жиен қыз", "Сен және мен", "Гүлназым" және тағы да басқа әндердi нақышына келтiре шырқап, тыңдармандарды бiр серпiлтiп тастады. Сондай-ақ кеш барысында Айнұр Тұрсынбаева, Карима Оралова, Төреғали Төреәлiұлы, Балғынбек Имашев, Ринат Заитов сынды айтыс өнерiнiң азулы ақындары өзара айтысып, сөз кестесiнiң көркемдiлiгiмен, жарасымды әзiлдерiмен әлеуметтi тәнтi еттi.

Айтыс аруы Ақмарал Леубаеваның "Тағдыр" атты жаңа әнi тереңде жатқан ойды тербетiп, бұл кештi одан әрi қызықтыра түстi. "Заңғар" шығармашылық бiрлестiгiнiң төрағасы Айдар Қырықбаев Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң атынан елiнiң мақтанышына айналған айтыскер ақынға темiр тұлпардың кiлтiн табыс еттi.

Кеш соңында Ақмарал Леубаева халық жүрегiнен орын алған "Қуанышым қазынам" әнiн шырқап, өнерге құрмет көрсеткен қауымды сүйсiндiрдi.

Белгiлi айтыскер ақын, әншi-сазгер, поэзиясымен дүйiм жұртты сусындатып жүрген Ақмарал Леубаеваның әлi де талай шыңды бағындырарын осы әсерлi де әсем кеш тағы бiр дәлелдегендей болды.

Ботагөз Дастанқызы, ХҚТУ-дың 3-курс студентi