АЗЫҚ-ТҮЛIК ӘЛI ДЕ ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДI
АЗЫҚ-ТҮЛIК ӘЛI ДЕ ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДI
Үкiмет отырысынан көптiң түйгенi осы
Үкiмет азық-түлiк бағасын тұрақтандыру үшiн кешендi iс-шараларды қолға алмақшы. Сәрсенбiде Үкiмет отырысында Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков осы құжатты таныстырды. Азық-түлiк нарығындағы бағаны реттеу үш бағытта жүзеге аспақ. Бiрiншi бағыт бойынша өңiрлерде тұрақтандыру қорлары жасақталады. Бұл шаруа әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорацияларға жүктелiп отыр.
Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Азық-түлiк нарығында алыпсатарлыққа жол бермеу үшiн тұрақтандыру қорларын құру жөнiндегi бағдарламаның операторы ретiнде корпорацияларға әр облыс 200 млн. теңгеден бөледi" – деп тапсырды. Мұнымен қоса тұрақтандыру қорларын жасақтауға "КазАгро" да өз тарапынан несие бөлуге тиiс. Екiншi бағыт бойынша көкөнiс өсiретiн шаруаларды қосымша құн салығынан босату көзделген және үшiншi бағыт – азық-түлiк құнының қымбаттауына байланысты аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтiк жәрдемақылар берiледi. Нәтижесiнде осы шаралар азық-түлiк бағасының негiзсiз өсуiне тосқауыл болмақшы.
Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков: "ҚазАгро" 60 мың тоннаға есептелген көкөнiс қоймаларын салу бағытында бағдарламаны iске асыруда. Дегенмен бұл азық-түлiк сұранысының тек 20 пайызын ғана қамтамасыз етедi. Ал алдағы үш жылда елiмiзде қоймалар жетiспеушiлiгiн 50 пайызға дейiн азайту керек" дегендi жеткiздi. Бiр қызығы, осы тұста Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко өздерiнiң қарамағында жанар-жағармайға арналған үлкен құтылар мен Алматы мен Қарағанды облысында сыйымдылығы 2 мың тоннадай тоңазытқыш жабдықтары бар екендiгiн айтты. Тiптi, министрдiң айтуынша, бiзде күрiш, жарма секiлдi құрғақ өнiмдердi сақтайтын арнайы қоймалар да жеткiлiктi екен.
Биыл азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде күрделi мәселелер туындайтын сұры бар. Қазiрдiң өзiнде елiмiздi сәбiз, қызылша, қырыққабат көкөнiсiмен толықтай қамтамасыз етiп отырған Павлодар облысының 120 шаруа қожалығы не iстерiн бiлмей дал. Себебi үш мың гектар егiстiк алқап судың жоқтығынан қурап жатыр. 80 миллион теңге мемлекет қаржысына сатып алынған жаңа су сораптарының күшi егiстiк алқаптарын суғаруға жетпейдi. Алайда шенеунiктер: "Қондырғыларда ақау жоқ, бұған тiршiлiк нәрiн ысырап етушi бағбандардың өздерi кiнәлi", – дегендi алға тартып отыр. Сөйтiп, жергiлiктi атқамiнерлерден күдер үзген шаруалардың ендi көктен жаңбыр тiлеуден басқа амалдары жоқ. Мәселе жуық арада шешiмiн таппаса, елiмiз күзде арзан көкөнiстен қағылатын қауiп бар. Су тапшылығы оңтүстiк өңiрлерде де ерекше сезiлуi мүмкiн. Әсiресе суармалы егiншiлiкпен айналысатын өлкелер судан тарығуы кәдiк. Су пайдалануды реттеу және қорғау жөнiндегi Арал-Сырдария бассейндiк инспекциясының бастығы Әдiлхан Қарлыханов: "Бiз ерте көктемнен бастап Көксарай су реттегiшiне 2 млрд. текше метрден артық су жинадық. Қалған суды Шардара су қоймасынан аламыз деп отырмыз" деген жоспарымен бөлiстi. Ең өкiнiштiсi, Үкiмет отырысында шаруалардың мәселесi тiлге тиек етiлмесе де, алдағы уақытта да азық-түлiк бағасының қымбаттайтындығы айтылды.
"Бiздiң елiмiзде ашық нарықтық экономика. Әлемдiк бағаға байланысты бiздегi баға да өзгеруi мүмкiн. Сондықтан тек елде өз нарығымызды құрып, оның бағасын бiрдеңгейде бекiту мүмкiн емес. Бiрақ бiз маусымдық ауытқулар кезiнде бағаның негiзсiз өсуiн болдырмауымыз керек", – дедi Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков.
Сонымен Үкiмет отырысында алдымен азық-түлiк нарығын реттеп, бағаны тұрақтандыру мақсаты басты назарда ұсталды. Екiншiден, аймақтарда азық-түлiк тұрақтандыру қорлары құрылмақ. Үшiншiден, шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында оларды қосымша құн салығынан босату көзделсе, келесi шара халықтың әлеуметтiк жағынан аз қамтылған тобына арнайы әлеуметтiк жәрдемақы төлеу жоспарланып отыр. Министрлер кабинетi аталған жоба бойынша бiрауыздан қаулы қабылдады. Ал бұл жоба орындала ма, жоқ па, онын нәтижесi күзгi жиын-терiнде белгiлi болады.
Жәнiбек ӘШIМ