ҰБТ СҰРАҚТАРЫ КҮШЕЙТIЛДI
ҰБТ СҰРАҚТАРЫ КҮШЕЙТIЛДI
Мемлекеттiк гранттың үлес салмағы қашан артады?
Кеше елiмiздiң бiлiм ұяларында соңғы қоңыраудың үнi естiлдi. Әне-мiне дегенше оқу жылы да аяқталып, алтын ұя мектебi тағы да түлектердi қанаттандырып шығарды. Алда оларды ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) сынағы күтiп тұр.
Биылғы ҰБТ-ның талабы да, сұрағы да қиындай түсетiн сияқты. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов мырза ҰБТ-дан көптеген сұрақтардың алынып тасталатынын айтты. Тестiлеу форматы өзгермесе де, жеңiл сауалдардың орнын күрделi әрi логикалық тапсырмалар басады. Министрдiң айтуынша, ЖОО-ғы грантқа жол ашатын биылғы тесттен 1 жарым мың сауатсыз тапсырма алынып тасталған. Оның 30-40 пайызы тарих пәнiне тиесiлi екен. Былтыр министрлiкке сапасыз сауалдарға қатысты ата-аналардан 109 шағым келiп түсiптi. Сол себептен ҰБТ тапсырмалары толығымен қайта сараптамадан өткен көрiнедi. Яғни бiрiншi қиындық деңгейдегi тест тапсырмаларының саны 9-дан 6-ға дейiн қысқарып, екiншi қиындық деңгейiндегi тапсырмалар 10-нан 13-ке дейiн көбейiп отыр. Айтпақшы, 2015 жылы тестiлеу форматы түбегейлi өзгеруi де ықтимал. Осы тұста қазынаның қомақты қаражатына жасалған "Қазтесттiң" 2008 жылдан берi пайдаға аспай жатқандығы таңғалдырады. Оған Бiлiм және ғылым министрлiгi республикалық бюджеттен 140 миллион теңге жұмсағанда, жуық арада нәтижесiне қол жеткiземiз деген сенiм ұялаған. Бiрақ үш жыл өтсе де, "баяғы жартас – сол жартас".
Биыл ҰБТ кезiнде ереже бұзған түлектер мен мемлекеттiк комиссия өкiлдерi жауапкершiлiктен құтылмайды. Мектеп бiтiрушiнiң ұялы телефонды пайдаланғаны, не сырттан көмекке жүгiнгенi анықталса, бiрден емтиханнан босатылады. Талапкерлердiң ұялы телефон пайдалануына тосқауыл қою үшiн көптеген аудиторияларда байланысқа кедергi келтiретiн құралдар орнатылмақшы. Бұған дейiн мұндай шешiмдi мемлекеттiк комиссия қабылдаса, биылдан бастап Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң құзырында болады. Себебi министрлiк былтырғы оқу жылында "Алтын белгi" иегерлерiнiң көбейiп кеткендiгiне күмәнмен қараған болатын. "Соңғы жылдары елiмiзде бiлiм сапасында iлгерiлеушiлiк жоқ" – деген министр Жұмағұлов мектеп түлектерiнiң ұлттық тестiлеу кезiнде жинаған балдарының жоғары екендiгiне сенiмсiздiк бiлдiрген.
Сонымен биылғы ҰБТ науқаны маусымның 4-i мен 10-ы аралығында 49 қала мен 105 аудан орталығында өтедi. ҰБТ-ны мектеп түлектерiнiң 81 пайызы тапсыруға ниет бiлдiрiп отыр. Оның iшiнде 85372-сi қазақ тiлiн, 44099-ы орыс тiлiн таңдаған.
12 ЖЫЛДЫҚ БIЛIМ БЕРУ ЖҮЙЕСIН ЕНГIЗУГЕ МЕКТЕП ТАПШЫ
Ресми дерекке жүгiнсек, тек соңғы 10 жылда ғана бiлiм беру саласын қаржыландыру 7,5 есеге артыпты. Ал биыл бiлiм беруге жұмсалатын қаржының көлемi 898 миллиард теңгенi құрайды. Бұл қаржы iшкi жалпы өнiмнiң 4,2 пайызына тең. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, алдағы уақытта бiлiм саласына берiлген қаржының басым бөлiгi мектептердiң құрылысы мен мұғалiмдердiң жалақысына жұмсалады. Сонымен қатар бiлiм бағдарламалары мен оқулықтардың сапасы да жан-жақты сарапталатын болады. Оқулық демекшi, жақында сенатор Қуаныш Сұлтанов ағылшын тiлiндегi оқулықта бейнеленген әлем картасында Қазақстан деген мемлекеттiң жоқтығын айтып депутаттық сауал жолдаса, Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан: "Ағылшын тiлi кiтабында Қазақстанның Президентi бар, Бiлiм және ғылым министрлiгi бар. Бiрақ Қазақстан жоқ. Оған баспа кiнәлi емес, оны ұсынған адамдар бар шығар?!" дегендi ашына айтып едi. Осы оқулықтағы өрескел қателiкке қатысты сауалға министрдiң: "Өзiмiздiң сыйлы ағаларымыз қазiр тыңдап та отырған шығар. Бiрақ өтiп кеткен қырық жылғы нәрсенi осындай мәжiлiске шығарып айта бергеннен не шығады?! Бұл 2005 жылы кеткен кемшiлiк, ендi оны қайта-қайта бетiме салық қылып баса бермеңiздер", – деп жауап бергенi мүлдем күлкiлi шықты.
Бiлiм беру жүйесiмен мектеп жасындағы балалардың жүз пайыз қамтылғанын ескере отырып, БҰҰ сынды жаһандық ұйым қазақ елiн "әлемдегi бiлiмдi халық" ретiнде таныпты. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанның соңғы 3 жылда "бiлiм берудi дамыту" индексi бойынша дүниежүзiндегi 129 елдiң iшiнде көшбасшылардың төрттiгiнде тұрғандығын алға тартты. "2009 жылы "адами даму" индексi бойынша алғаш рет Қазақстан даму дәрежесi жоғары елдердiң тiзбесiне 82 орынмен енген болса, 2010 жылы бұл көрсеткiштi бiрден 16 тұғырға жақсартып, 66-орынды иелендiк", – деп сабақтады сөзiн министр. Сондай-ақ биылғы жылы жарияланған Ұлттық әл-ауқат жөнiндегi беделдi халықаралық рейтингтiң нәтижелерiне сәйкес, Қазақстан әлемнiң 110 елiнiң iшiнде 50-орынды еншiледi. Бұл рейтингтегi орындар негiзгi 8 индекс бойынша анықталады, соның негiзгiсiнiң бiрi – бiлiм беру саласы болып табылады" – деген Бақытжан Тұрсынұлы осы индекс бойынша Қазақстан 110 елдiң iшiнде 46 тұғырға табан тiрегендiгiн хабарлады.
Бiлiм ошақтары алдағы онжылдықта әлемде қабылданған 12 жылдық бiлiм жүйесiне көшуi тиiс. "Осы мақсатта елде 427 жалпы бiлiм беретiн, 46 "бейiмдiк-адаптациялық", сондай-ақ үш ауысымды және апатты мектептер орнына жаңадан 49 мектеп ашылады. Бұған республикалық бюджеттен алғашқы 3 жылға 167,4 млрд. теңге қарастырылған. Тек осы жылдың өзiнде 82 мектеп салынады", – дедi министр. Ал болашақта 90 балабақшаны пайдалануға беру жоспарланса, 2015 жылға қарай 615 шағын орталық, 163 жекеменшiк, 154 коммуналдық меншiктегi ғимараттарды босату есебiнен балалар бақшасы ашылмақ. Айта кететiн тағы бiр мәселе – студенттердi жатақханамен қамтамасыз ету. "Студенттiк тұрғын үй" бағдарламасына сәйкес, 2015 жылға қарай студенттердi жатақханамен қамтамасыз етудi 80 пайызға дейiн жеткiзу қарастырылуда.
Алайда бiлiм туралы бағдарлама сөз етiлгенде, талайдан мызғымай тұрған 60х40 мемлекеттiк гранттың үлес салмағын арттыру жайы назардан тыс қала бередi. Мемлекеттiк бiлiм грантының қазақ-орыс мектеп түлектерiне теңдей бөлiнетiн 50х50 үлес салмағын өзгертiп, мемлекеттiк бiлiм грантының үлес салмағын 60х40 пайызға жеткiзген Жақсыбек Құлекеевтiң ұлттық бiлiмге сiңiрген еңбегiн әрi қарай жалғап әкететiн министр табылмай отыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ