ЖЫЛЫЖАЙДА ӨСКЕН ЖЕМIС
ЖЫЛЫЖАЙДА ӨСКЕН ЖЕМIС
Оңтүстiкте жылыжай өндiрiсi дамып келедi
Жаңалықты жатырқамай қабылдайтын оңтүстiктiң диқандары көкөнiс пен жемiс-жидек өсiруде тың технологияларды кеңiнен қолдануға көштi. Айталық, былтыр республикадағы тамшылатып суару технологиясы енгiзiлген егiстiк көлемiнiң 67 пайызы оңтүстiкке тиесiлi. Тамшылатып суару технологиясы тиiмдi тәсiл саналады. Мамандардың айтуынша, аталған тың тәсiл арқылы ағын судың шығынын 4-5 есеге төмендетуге, ал алынатын өнiмнiң көлемiн 3-4 есеге арттыруға мүмкiндiк туады екен. Жылыжай өндiрiсi де бүгiнде оңтүстiктiң шаруалары үшiн жаңалық болудан қалған. Былтыр республикада 287 гектар жерге жылыжай өсiрiлсе, оның 200 гектары Оңтүстiк Қазақстан облысына тиесiлi.
Ал облыстағы барлық жылыжайлардың жартысына жуығы Сарыағаш ауданында. Бұл салада сондай-ақ халқы еңбекқор Сайрам ауданының диқандары да белсендiлiк танытуда. Ал Қазығұрт ауданындағы барлық мектептердiң жанынан шағын жылыжайлар салынған. Одан түскен пайда мектептiң керек-жарағын алуға жұмсалуда. Жуырда осы өңiрге барған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов қазығұрттық ұстаздардың тың тәжiрибесiн облыстың өзге бiлiм ұяларына таратуды тапсырды.
Өткен аптада бiз сол жылыжайлардың бiрiнiң тыныс-тiршiлiгiмен таныстық. Оның орналасқан жерi Сайрам ауданына қарасты болғанымен, облыс орталығына тиiп тұр. Көлемi – 1,4 гектар. Атап өтерi, бұл Сайрам ауданындағы ең iрi жылыжайлардың бiрi саналады екен.
Жаңа кәсiптi қолға алған "Пердебаев" шаруа қожалығының төрағасы Нұрулла Пердебаев кәсiпкерлiктiң қыр-сырын жетiк игерген азамат екен. Ол биылдан бастап жылыжай өндiрiсiне де бiлек сыбана кiрiскен. Осы кәсiпке бас-аяғы 400 мың АҚШ долларын құйыпты. Оның 10 миллион теңгесi – "Максимум" аймақтық инвестициялық орталығынан алынған несие. Алғашқы екi жылда шаруа қожалық пайда алуды жоспарлап отырған жоқ. Түскен пайданың бәрi кеткен шығынды жабуға жұмсалады.
– 1,4 гектар жылыжайға шамамен 40 мың түп қызанақ егiлдi. Әр түптен 3 келi өнiм аламыз деген жоспарымыз бар. Екi жарым келiден алсақ та шығынымызды өтер едiк, – дейдi төраға.
Жылыжайдағы көшеттер наурызда егiлген. Ерте көктемнiң қара суығында жылыжай көмiр пештердiң көмегiмен жылытылған. Өнiмнiң алды ендi пiсе бастапты. Бiр тәуiрi, қазiр қызанаққа деген сұраныс жоғары. Оны делдалдар Шымкенттен өзге Қазақстанның бiрнеше қалаларына тасымалдайды. Өнiмнiң әр келiсi 230-240 теңгеден сатылады. Таяу уақытта диқандар еккен қызанақтар базарларға да түсе бастайды. Бұл кезде әрине, өнiмнiң бағасы төмендейдi. Соған дейiн жылыжайдағы пiскен өнiм сатылып бiтуi тиiс. Ал шiлдеден бастап екiншi өнiм алуға дайындық басталады. Осы кезде егiлген қызанақтар қараша айында пiсуi керек.
Жылыжайдағы көшеттердi 15 шақты қыз-келiншек күтiп баптап жүр. Олардың барлығы Шымкент қаласына қарасты "Шаңырақ" елдiмекенiнiң тұрғындары. Жұмысшылардың еңбекақысы мұнда күн сайын төленедi. Шамамен 800-1000 теңге. Яғни жылыжай да бiраз адамды жұмыспен қамтып, күнделiктi нәпақасын тауып берiп отыр деген сөз.
Жылыжайдың жанынан алпыс метрлiк тереңдiктен су тартатын ұңғы қазылыпты. Бiрақ бәрiбiр көшеттер судан әлi де таршылық көрiп келедi. "Тiптi судың кезегiнде он күн тұрып, әзер алатын кезiмiз болады, сондықтан болашақта тамшылатып суару жүйесiн енгiзу керек", – дейдi жылыжай басындағы мамандар.
Бiр байқағанымыз, жылыжай өндiрiсi өте көп шығынды қажет етедi. Сондықтан оған тек қалтасы қалыңдау шаруа қожалықтары ғана тәуекел ете алса керек. Жылыжай иелерi өз өнiмдерiнiң пiсетiн уақытын қызанақтың қымбат кезiне жоспарлайды. Бұл – мәжбүрлiк. Өйткенi жылыжайға кеткен шығынды базардағы қымбат баға ғана жаба алады.
– Биыл өнiм кештеу егiлдi. Негiзiнде көшеттер ақпан айында отырғызылуы керек. Сонда өнiмнiң алды мамыр-маусым айларында пiсе бастайды. Шiлдеде екiншi рет егiледi. Ол өнiм қараша, желтоқсан айларында сатылады. Ең көп шығын ақпан, наурыз және қараша мен желтоқсан айларында жұмсалады. Өйткенi бұл уақытта жылыжай пештермен жылытылады. Жылыжайды қаңтар айында да жылытып, өнiм алуға болады, бiрақ температура тым төмен болғандықтан шығынымызды жаба алмаймыз, – дейдi жылыжайдың бас агрономы Алдияр Юнусов.
Ал Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi бастығының орынбасары Шухрат Құрбанәлиев:
– Қазiр жылыжай өндiрiсiн қолға алған шаруаларға мемлекет қолдау көрсетiп отыр. Жылыжайдың 1 гектарына берiлетiн субсидияның көлемi 1 миллион 300 мың теңгенi құрайды. Сайрам ауданында қазiр жылыжайдың көлемi 29 гектарды құрайды. Бұл кәсiп жылдан-жылға құлашын кеңге жаяды деген үмiтiмiз бар. Рас, бүгiнде көкөнiстiң бағасы қымбат. Бiрақ ол тұтынушыға тиiмсiз болғанымен, өндiрушiге тиiмдi. Бiз нарықты арзан көкөнiспен және жыл бойы үздiксiз қамтамасыз ету үшiн ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң мүддесiн көбiрек ойлауымыз керек. Өнiмге деген сұраныс жоғары, баға қымбат болса, бұл кәсiпке қызығушылық танытушылар көбейедi. Ал жылыжай өндiрiсiне ден қойғандар көбейсе, бәсекелестiк күшейедi. Ал бәсекелестiк бар жерде баға түседi. Бұл – нарық заңы, – дейдi.
Жалпы, Елбасы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнiмдiлiгiн 2014 жылға қарай 2 есеге, ал 2020 жылға қарай 4 есеге өсiрудi тапсырды. Бұған қол жеткiзу үшiн жаңа агротехнологияларды қолданудың маңызы зор. Облыстық ауыл шарушылығы басқармасының мәлiметi бойынша биыл жылыжайлардың көлемiн 370 гектарға дейiн ұлғайту көзделген. Ал тамшылатып суару технологиясын қосымша 12100 гектарға ендiру жоспарланып отыр.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ
Оңтүстiк Қазақстан облысы