Досым СӘТПАЕВ: БЕЙҒАМДЫҚ ТАНЫТАР КЕЗ ЕМЕС

Досым СӘТПАЕВ: БЕЙҒАМДЫҚ ТАНЫТАР КЕЗ ЕМЕС

Досым СӘТПАЕВ: БЕЙҒАМДЫҚ ТАНЫТАР КЕЗ ЕМЕС
ашық дереккөзі

Лаңкестiк әрекеттер қандай жағдайда белең алуы мүмкiн? Қарапайым азаматтар жергiлiктi және шетелдiк лаңкестiк ұйымдардың құрбанына айналмауы үшiн билiк не iстеуi керек? Осы және басқа да мәселелер туралы Қазақстандағы Қауiп-қатердi бағалау тобының (KRAG) директоры Досым Сәтпаев мырзамен сұхбаттастық.

– Досым, сiздiңше, кейiнгi кездерi Қазақстанда "лаңкестiк әрекет" ұғымының жиi қылаң беруiне не себеп?

– 2003 жылы Қауiп-қатерлердi бағалау тобы мен Ауған соғысының ардагерлерi бiрiгiп, "Қала терроризмi жағдайында жан сақтау талаптары" атты кiтапты жарыққа шығардық. Аталған еңбекте бiз Орталық Азия картасын лаңкестiк ұйымдардың белсендiлiгi тұрғысынан қарастырып, Қазақстандағы қауiп-қатердi саралай келе, арқа-басты кеңге салуға, бейғамдық танытуға болмайтынын түсiндiк. Сол кезде Қазақстанмен көршiлес жатқан Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда лаңкестiк әрекеттер жиi қайталанатын едi. Соңғы 5-6 жыл iшiнде бiздегi лаңкестiк белсендiлiктiң күшейгенiн бiлесiз. Ал жалғыз-жарым жүретiн лаңкестер туралы әңгiме басқа. Олар бақылауға оңайлықпен көнбейтiн, кез келген мезетте кез келген себеппен лаңкестiк әрекеттi жүзеге асыратындар тобына жатады.

– Негiзi кез келген лаңкестiк әрекеттiң астарында әлеуметтiк сарын жататыны белгiлi…

– Әлбетте! Әрбiр лаңкестiк әрекетке ең алдымен әлеуметтiк әдiлетсiздiк себеп болады. Яғни қарапайым адамның әлеуметтiк әдiлетсiздiкке деген наразылық шарасы. Ақтөбедегi лаңкестiктi бастапқыда мемлекеттiк органдар бiрден мойындаған жоқ. "Бұл – теракт емес, жай ғана қылмыстық топтың мүшесiнiң бассыздығы" деп ақталып бақты. Уақыт өте келе классикалық лаңкестiк әрекет ретiнде бағалады. Менiңше, лаңкестiк туралы қауiп-қатердiң барын жасырып-жабудың қажетi жоқ. Керiсiнше, мемлекеттiк құрылымдар азаматтарға бiзде кез келген адамға лаңкестiк қаупi төнiп тұрғанын, терроризмге қарсы тұратын иммунитеттiң жоқтығын үнемi ескертiп отыруы тиiс. Сонымен қатар, Қазақстанда жергiлiктi және шетелдiк лаңкестiк ұйымдар белсендi түрде әрекет етуi мүмкiн.

– Қазақстандық бiтiмгерлердi Ауғанстанға жөнелтуге қатысты тәлiбтер қатаң ескерту жасады. Сiздiң пiкiрiңiз қандай?

– Қазiр кейбiр саясаткерлер Ауғанстанға жiберiлетiн әскерлердiң тым аздығын көлденең тартады. Бiрақ маңыздысы – бiтiмгерлердiң санында емес, Қазақстанның ұстанған саясатында. Құжат арқылы Қазақстан АҚШ-ты қолдайтынын ашық байқатты. Демек Қазақстан тәлiбтердiң дұшпаны саналады.

– Бұдан бiзге төнетiн қауiп бар ма?

– Басты қауiп – ислам әлемiндегi белгiлi бiр күштер Қазақстанды исi мұсылманның дұшпаны ретiнде қабылдауы мүмкiн.

– Оның алдын алу үшiн не iстеу керек?

– Кез келген жерге тұмсық тыға беруге болмайды. Яғни бейтараптық саясатты ұстанған жөн. Бiздегi қауiпсiздiк жүйесi өте нашар. Бұл жерде менiң есiме 1 мамыр күнгi жер сiлкiнiсiне қатысты орын алған жағдай түседi. Есiңiзде ме? Лаңкестiк әрекеттерге байланысты да солай – ешқандай дайындық жоқ.

– Сiз айтқан "лаңкестiкке қарсы иммунитет" қалай түзiледi?

– Бiрiншiден, құқық қорғау құрылымдарының кәсiби бiлiктiлiгiн жетiлдiру қажет. Iшкi күштер арасындағы қолдан жасалған күрестi тоқтататын мезгiл жеттi. Ойдан шығарылған дұшпанмен емес, шын мәнiсiнде қатер төндiретiн нақты қаскүнемдермен күресу өте маңызды. Екiншiден, адамдардың лаңкестiкке кез келген жағдайда дайын болуын қамтамасыз ету. Израильде еңбектеген баладан еңкейген кәрiге дейiн кез келген сәтте лаңкестiк әрекеттiң құрбаны болуы немесе кепiлдiкке алынуы әбден мүмкiн екендiгiн және солай болған жағдайда өзiн қалай ұстау керектiгiн бiледi. Басқаша айтқанда, тиiстi органдар адамдарға жер сiлкiнiсi кезiнде қалай әрекет етудi үйреткенi секiлдi, лаңкестiкке қатысты да оқу-ағарту шараларын ұйымдастырғаны абзал. Үшiншiден, Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы қоғамның дiни сауаттылығын жетiлдiруде белсендi әрекет етуi керек. Бүгiнде жастар арасында дiни тұрғыда үгiт-насихат жүргiзуге қатысты Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының атына сыни пiкiрлер жиi айтылады. Тағы бiр маңызды жайт, былтыр Статистикалық агенттiк сайтында Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы ислам дiнiндегiлер екендiгi айтылды. Олардың iшiнде арақ-шарапқа кетары емес, бiрақ жұма күндерi мешiтке барып жұма намазын оқитын отандастарымыз да бар. Ал шын мәнiсiнде, исламның бес парызын мүлтiксiз орындайтындардың саны қанша пайызға жететiнi туралы дерек жоқ.

– Бiзде лаңкестiк туралы айту тыйым салынған тақырып сияқты едi. Жаман ырым саналатын. Ендi…

– Менi лаңкестiктiң неге бұрын басталмағаны ойлантады. Бiз 1990 жылдардың басында Ресей, Қытай т.б. көршiлес елдерде лаңкестiк белең алған тұста-ақ бiзде де белсендiлiкке ие болады деп күткен едiк. Алайда лаңкестiк тұрғыда белсендiлiк тек соңғы жылдары белең ала бастады.

– Жаманшылық айтқызбай келдi ме?

– Өкiнiшке қарай, тәуелсiздiк алған 20 жылда радикалдық тәсiлдерге өз ерiктерiмен баруға дайын адамдар тобы пайда болды. Олар лаңкестiк әрекетке ойланбастан баратын, ештеңеден тартынбайтын, өмiрден түңiлгендер, яғни дәл бүгiнгi жүйеде ешқашан жетiстiкке қол жеткiзе алмайтындарын түсiнгендер тобы. Мұндай адамдарды радикалдық бағытта басқару, арандату өте оңай.

– Опық жегiзетiн жайттар орын алмас үшiн билiк не iстеуi керек?

– Әлеуметтiк-экономикалық дамусыз алға басу мүмкiн емес. Саяси ұрандарды желбiретiп, жауырды жаба тоқи берудiң соңы қайғылы жайттарға әкеп соғатынын түсiнуi тиiс.

– Бiрақ Үкiмет елдегi әлеуметтiк-экономикалық ахуал өзге елдерден көшiлгерi екендiгiн жиi көлденең тартады ғой?

– Бұл да бар. Мысалы 2007 жылы "бiзде қаржылық дағдарыс болған жоқ" деп мәлiмдесе, көп ұзамай "дағдарыстан аман-есен құтылдық" деп жар салды. Шенеунiктер "экономикалық даму көрсеткiшi жағынан алғанда, ТМД елдерi арасында алда келемiз" деген мәлiмдеменi де жиi қайталағанды ұнатады. Алайда менi саясаттанушы ретiнде емес, қарапайым азамат ретiнде қынжылтатыны, небары 16 жарым миллион тұрғыны бар, табиғи ресурстарға аса бай елдiң 60 пайызға жуық халқы кедейлер қатарында тұруы. Олар тiптi орташа топтың өкiлдерi де емес. Ай сайын жалақыдан жалақыға әрең жететiн, қалтасы жұқа, қаражаттың жетiспеушiлiгi салдарынан көп нәрседен бас тартуға мәжбүрлер тобы. Билiк уәденi үйiп-төгiп беруге жомарт. Кейбiр телеарнаны қарасаң, бәрi керемет, елдегi жағдай тамаша. Ал шын мәнiсiнде, дәл солай ма? Балалары сапалы бiлiм ала алмайды, өйткенi қымбат. Мансап баспалдағымен өсу мүмкiн емес. Өйткенi көп жерде "аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесiннiң" керi. Кәсiби бiлiктiлiгi жоғары, бiлiмi терең, тәжiрибелi маман бола тұра, бiреулердiң дарынсыз еркетотайларына жол беруге мәжбүр. Көптiң қалаған жерден қалаған сәтте тұрғын үй сатып алуға да жағдайы келмейдi. Бiрнеше жылға созылатын, ұзыннан-ұзақ шұбалған кезекке тұрып, әупiрiммен пәтерге қолы ендi жеттi дегенде, бiр пысықай алдын орап кетедi. Яғни, қай жерге барса да, "Қорқыттың көрi", тығырыққа тiреледi. Бүгiнде билiк үшiн ең қауiптiсi, наразы топ тiптi, бюрократиялық аппараттар арасында да пайда болған.

– Оны қалай байқауға болады?

– Наразы топтағылар ресми түрде бәрi бас шұлғып, келiскен сыңай танытқанмен, үйлерiнде оппозициялық басылымдарды оқиды, билiктi iштей сынап-мiнеуге құмар. Демек бюрократиялық аппараттың белгiлi бiр бөлiгi билiкпен бiр ниетте емес. Әсiресе көптеген жылдар бойы атқарушы билiкте қызмет еткендер. Оларды кейбiреулердiң "еркетотайлары" мансап баспалдағында өз пайдасына жарататын "номенклатуралық "нигерлер" деп атауға болады. Мұндайлар қарулы күштер, атқарушы билiк, бизнес т.б. салаларда көптеп кездеседi. Егер олардың саны өсе түсiп, қатарлары көбейсе, қандай келеңсiздiк орын алатынына ешкiм кепiлдiк бере алмайды.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ