Жаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖАҢА ЗАҢ КЕДЕРГIЛЕРДI ЖОЮЫ ТИIС

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖАҢА ЗАҢ КЕДЕРГIЛЕРДI ЖОЮЫ ТИIС

Арнаулы тiлшiмiз Есенгүл Кәпқызы Астанадан хабарлайды:

25 мамырда Астанадағы Тәуелсiздiк сарайында Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылды.

Дүниежүзi қазақтарының Құрылтайы бес жылда бiр рет өткiзiлiп келедi. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының баспасөз орталығының мәлiметi бойынша, IV құрылтайға әлемнiң 35 елiнен 365 делегат келсе, Қазақстанға түрлi жылдары қоныс аударған оралмандар мен зиялы қауым өкiлдерi – барлығы 660 адам қатысуда.

ҰЛЫ КӨШКЕ – 20 ЖЫЛ

Салтанатты жиында арнайы сөз сөйлеп, алыс-жақыннан келген қандастарымызды бүгiнгiдей ақ түйенiң қарны жарылған ақ жарылқап күнiмен құттықтаған Елбасы: "Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығымен бiрге Қазақстанға ағылған ұлы көштiң басталғанына да 20 жыл болыпты. Бүгiнгi Құрылтай осындай мерейлi белеспен тұспа-тұс келiп отыр. Сондықтан осындай баталы жылы бiздiң бастамаларымыз жемiстi болуы тиiс.

Осы жиырма жыл iшiнде елiмiзге 300 мыңнан астам отбасы, миллионнан астам қазақ оралған екен. Шеттегi қазақтың табанына кiрген шөңге бiздiң де жан-жүрегiмiздi сыздатуы тиiс", – деп, көшi-қон саласында атқарылар төрт мiндеттi нақтылады. Олар:

Парламент қабырғасында қаралып жатқан "Халықтың көшi-қоны туралы" заң жобасына айтылар ұсыныстар мен енгiзiлер өзгерiстердi бiрлесiп әзiрлеу. Жаңа заң қандастарымыздың құжат тапсыруда, тiркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетiн түрлi кедергiлердi жоюы тиiс.

– Соңғы жылдары 20 мың отбасылық көшi-қон квотасы орындалмай келедi. Қандастарымыз үшiн есiгiмiз қашанда ашық екенiн тағы бiр мәрте ескерткiм келедi, – дедi Елбасы.

– Екiншiден, "Нұрлы көш" жобасының екiншi кезеңiн жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндiрiстi өңiрлер мен ауыл шаруашылығына кеңiнен тартудың жолдары сараланатын болады. Ол үшiн келген мамандарды қажеттiлiкке байланысты қайта даярлау, қысқа мерзiмде оқытуды қамтамасыз етемiз. Шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшiлiгi – 60 пайызы жастар екен. Әлемдегi барша қазақ жастарының сапалы бiлiм алуына тиiстi жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда бiз оны жасаймыз. Осыған байланысты Бiлiм және ғылым министрлiгiне қандастарымызға бөлiнетiн бiлiм грантының квотасын нақтылап, жүйелi жұмыс жүргiзудi тапсырамын. Әлемнiң әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенге оқуға және қызмет етуге шақырамын. Жаңа дәуiрге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, бiлiмдi жастарымыз аса қажет. Шетелдерде техникалық бiлiм алған қазақ жастарын индустриялы аймақтарға қызмет етуге шақырамыз. Қажет болса, әлеуметтiк қолдау да көрсетемiз.

Елбасы белгiлеген үшiншi мiндет – шеттегi қандастарымызды жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазақ тiлiндегi бағдарламалардың санын арттыру, сапасын жақсарту; төртiншi мiндет – қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердiң таралуына кеңiнен насихат жасау.

Бұдан кейiн жарыссөзге шыққан әр мемлекеттен келген қазақтар кейбiр мемлекеттердегi қара ормандай халықтың мұңын мұңдады. Айталық, Ресейдiң Алтай өлкесiнен келген Боринова Нұрғайша онда тек екi ғана қазақ мектебiнiң бар екенiн сөз етiп, Ресей мен Қазақстан Бiлiм және ғылым министрлiктерi арасында қазақ және орыс мектептерiн екi елде ашу туралы арнайы келiсiм-шарттың болуы қажеттiгiн айтты. Алтай өлкесiнiң Керей ауылында 40 оқушылық қазақ мектебiнiң жұмыс iстеп келе жатқанына 25 жыл болса, олардан алпыс шақырымдай жердегi Байқамыт ауылында 19 балалық тағы бiр мектеп бар екен.

– Бiрақ бұл мектептер де жабылудың аз-ақ алдында, – дейдi Нұрғайша Боринова.

Ал Қытай мен Өзбекстаннан келген қазақтар өз елдерiндегi қазақтардың жағдайын ерекше деп сипаттаудан аса алмаса, Моңғолиядан келген қазақтар шеттегi қазақтарды қолдайтын "Абай" орталығын құру жайлы ой тастады.