ҚОҢЫРАУДЫҢ СЫҢҒЫРЫНАН ГӨРI, КҮЙДIҢ КҮМБIРI ҚЫМБАТ ЕМЕС ПЕ?!

ҚОҢЫРАУДЫҢ СЫҢҒЫРЫНАН ГӨРI, КҮЙДIҢ КҮМБIРI ҚЫМБАТ ЕМЕС ПЕ?!

ҚОҢЫРАУДЫҢ СЫҢҒЫРЫНАН ГӨРI, КҮЙДIҢ КҮМБIРI ҚЫМБАТ ЕМЕС ПЕ?!
ашық дереккөзі

"Жас жүректiң өмiрлiк құштары – гүл,

Бағбан – ұстаз баулыған құстары бұл.

Қоштасып бүгiнгi күн ұясынан,

Сол құстардың бiр тобы ұшқалы тұр", – деп ақын жырына арқау болған соңғы қоңырау да өттi.

Кеше елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi орта бiлiм ошақтарында соңғы қоңырау соғылды. Жыл сайын елiмiз бойынша сан мыңдаған түлектер мектеп бiтiредi екен. "Соңғы қоңырау" – ересектер үшiн сағыныш, мектеп бiтiрушi түлектер үшiн аса тебiренiс тудыратын сәт.

Соңғы қоңырау демекшi, екi күн бойы қоңырау iздеп сабылғанымды айтсаңызшы. Ауылдағы ағамның қызы, атасының сүйiктi немересi соңғы қоңырау соғатын болып, ауылдан қоңырау таба алмай, Алматыдағы бiзге телефон шалды. Әке сөзi – заң. Заң болмағанда қайтемiз, атасының сүйiктi немересi қоңырау соққалы жатқанда, қаладағы дардай әпке-ағалары қарап қала ма? Ал кеп қоңырау iздейiк…

Жезден арнайы соғылған немесе қоладан құйылғаны болмаса да, қолға iлiнетiн, сыңғыр-сыңғыр дауысы бар, кәдiмгi қарапайым қоңырауды iздеп, Алматының базарларын шарлап шықтым. Өзiмiз мектеп қабырғасында жүргенде талай соққан, нәзiк сыңғыры құлағымызда қалған әлгi қоңырауды жер-көктен iздеп таба алсамшы. Алматының қай базарына барсақ та, қоңырау жоқ. Әйтеуiр атышулы "Барахолканың" түкпiрiндегi "Аягөзден" табылды-ау. Екi күн бойы iздеп жүрiп, күмiс те емес, мыс та емес, қарапайым қаңылтырдан соғылған қоңырауды бiлдей баспақтың құнымен сатып алдым.

Қоңырау iздеп, табанымнан тозып жүргенде, осыдан бiрнеше жыл бұрын баспасөз беттерiнде көтерiлген "Қоңыраулатқанды қойсақ қайтедi?" атты мәселе ойға қайта оралды. Шындығында да, алғашқы… соңғы қоңыраудың орнына, күмбiрлеген күй ойнайтын кез жеткен жоқ па? Кейбiр мектептерде бұл үрдiске айналса да, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi, шалғайдағы ауылдарда күмiс қоңыраудың сыңғыры әлi соғылып жүр. Осы бiзге қоңыраулатқанды қоятын мезгiл жеткен жоқ па? Бұл бiздiң ғана айтып жүрген идеямыз емес. Бұл мәселе бұдан бұрын да талай көтерiлген.

Белгiлi күйшi Жасарал Еңсепов бiр сұхбатында: "Жапондықтар сияқты өз елiнiң ұлттық музыкасын, күйiн жасөспiрiмдердiң санасына сiңiрiп отыру керек. Мәселен күйдi тыңдап болғаннан кейiн балалардың не түсiнгенiн бiлу үшiн оларға сурет салғызу керек. Бұл да бала дүниетанымын кеңейтудiң бiрден-бiр жолы. Сонымен қатар орта мектептерде, ЖОО-да үзiлiс кезiнде соғылатын қоңыраудың орнына күй қойылса, жөн болар едi" – деген едi осыдан бiрнеше жыл бұрын.

Қоңыраудың орнына күй тартылса, шiркiн! Күнделiктi болатын сабақтардың арасында Құрманғазының, Тәттiмбеттiң, Динаның, Нұрғисаның күйiн естiп өссе, көңiлге түйсе, көкiрегiне мықтап байласа, ол ұрпақ ертеңгi күнi елiм деп өсiп, қазағым деп қанаты қатаяр едi. Сонда қоңыраудың сыңғырымен емес, құдiреттi күйдiң күмбiрiмен бала жайқалар едi. Баланың санасына қоңыраудың үнi емес, құдiреттi күйдiң әсерi мықтап сiңер едi. Күймен тербелген баланың тiрлiгi де оңды болады. Тәрбиесi де өзгеше болады. Былтырғы жылы қоштасу кешiнде Алматыдағы бiр мектепте бiтiрушi түлектердiң "Қара жорға" биiн билеп, алтын ұя мектебiмен қоштасқанын естiп едiк. Бұл да сауапты iс! Күйдiң құдiретiн, бидiң қасиетiн меңгерген баладан саналы ұрпақ өсiп шығады. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!" деп жырлаған Қадыр ақын. Қасиеттi қара домбыраның шанағынан төгiлген құдiреттi күйден артық ештеңе жоқ. Қоңыраулатқаннан гөрi, күмбiрлеткенiмiз абзал. Қоңырау соғуға талпынған алты жасар сiңлiмнiң де көкейiнде қоңыраудың әсем үнi емес, күмбiрлеген күйдiң дауысы қалса дер едiм iштей…

Гүлзина Бектасова