Нұргүл ӘКIМҒОЖИНА: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ӨРКЕНДЕЙ БЕРУI ТИIС
Нұргүл ӘКIМҒОЖИНА: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ӨРКЕНДЕЙ БЕРУI ТИIС
Бүлдiршiндерден құрылған "Арнау" фольклорлық ұлт аспаптар ансамблi қазақ деп соққан жүректердi таң-тамаша етпей қоймасы сөзсiз. Бiрi – жетiгенде, бiрi – қобызда, бiрi – домбырада, бiрi – сазсырнайда, ендi бiрi – шаңқобызда ойнайтын бүлдiршiндер қазақтың саз аспаптарының құдiретiн әлемге әйгiлеп жүр. Бұл да болса – қазақтың қанында бар өнерiнiң өлмегендiгiнiң нышаны. Ансамбльдiң көркемдiк жетекшiсi Нұргүл Әкiмғожинамен әңгiмелесудiң сәтi түстi.
– Баланы кiшкене кезiнен өнерге баулу оның рухани дамуына, болашақ өмiрiнiң дұрыс бағыт алуына жол ашады деген ұстаныммен келiсесiз бе?
– Абай атамыз "Адам ата-анадан туғанда естi болмайды: естiп, көрiп, татып ескерсе, дүниедегi жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан бiлгенi, көргенi көп болған адам бiлiмдi болады. Естiлердiң айтқанын ескерiп жүрген кiсi өзi де естi болады. Әрбiр естiлiк өзi жеке iске жарамайды. Сол естiлерден естiп бiлген жақсы нәрселерiн ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда iске жарайды, соны адам десе болады", – дейдi. Баланы кiшкене кезiнде жақсы өнерге баулу – ата-ананың мiндетi. Ал ұлттық өнердi бойына сiңiрiп өскен бала өз жолынан ешқашан адаспайды, бөтеннiң iзiн қуаламайды.
– Ойын жасындағы баланы өнерге баулудың қиындықтары мен қызығы туралы не айтар едiңiз?
– Шәкiрттерiмнiң көбiсi – қаланың балалары. Қазақ мектебiнде оқиды деген аты болмаса, ортасы орысша болғандықтан, орысша сөйлейдi. Алғашында қазақ қылып тәрбиелеу қиынға түсетiнi рас. Бiрiншi дәрiстi "Мынау домбыра, ол – ата-бабамыздан қалған мұра" деп түсiндiре бастаймын. Басында "ата-баба", "мұра" дегендi ұға қоймайды. Уақыт өте келе күй тыңдап, өздерi орындап үйрене бастағаннан кейiн, ұмытылып қалған сезiм оянады, жүрек жiбидi. Одан кейiн икемге келедi, тез үйренiп, ұлттық дiлмен үндесiп кетедi.
– "Тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы" дептi әл-Фараби бабамыз. Балаға бiрiншi бiлiм емес, тәрбие беруiмiз керек деген пiкiрге қалай қарайсыз?
– Тәрбие отбасынан басталады. Отбасында ата-анасы қазақша сөйлеп, халықтық тағылыммен тәрбиелеу керек. Мектептегi тәрбиеден гөрi үйдегi тәрбиенiң орны ерекше. Менiң ансамблiмде ауылдан келген балалар да бар. Әуелде көзқарастары басқа болғанымен, араласа келе бiр-бiрiне етене жақын болып кетедi. Бiрiншi домбыраны үйретемiз, игерiп алғаннан кейiн басқа аспаптармен таныстыра бастаймыз, мәселен қылқобыз, сазсырнай, шаңқобыз, т.б. ұлт аспаптарын, сонымен қоса сахна тәртiбiн үйретемiз.
– Ұлттық аспаптарды нотамен үйренгеннен гөрi, құйма құлақпен үйренген дұрыс деп жатады. Расында да "нотамен үйренгендер белгiлi жүйемен тартып, шынайы өнердi бере алмайды" дейдi, осы оймен келiсесiз бе? Сiз қандай әдiспен үйретесiз?
– Кейбiр балалардың қабiлетi төмен болады. Бiр рет көрсеткенде құйып ала қоймайды. Сондықтан балаларға нотамен үйрену әлдеқайда жылдам болады. Бұл – менiң өз пiкiрiм. Кейбiр балалар бiр естiп, көрiп алса, қағып алады. Ондай талантты балаларға нотамен де, құймақұлақпен де үйреткен дұрыс шығар деп ойлаймын.
– Алғашқы сөзiңiздi Абайдан бастадыңыз. Сiздiң Абайдың ұрпағы екенiңiздi бiлемiз. Өнер жолына, ұстаздық жолға түсуiңiзге Абайдың ұрпағы болғаныңыз әсер еттi ме?
– Әсер еткен шығар деп ойлаймын. Бала күнiмiзде ата-анамыз Абай атаның үйiне апарып, аталарыңның домбырасы деп үш шектi домбырасын көрсететiн. Бiз сол домбыраны қолымызға ұстап өстiк. Абай атамыз қолданған тоғызқұмалақ ойынын ойнайтынбыз.
– Абай атамыз ұстаған үш шектi домбырада ән салып, күй шерту жойылып бара жатқан жоқ па?
– Жойылып барады деуге болады, бүгiнде оны насихаттап жүрген тек Жарқын Шәкәрiм ағамыз ғана. Кезiнде Болат Сарыбаев ұлттық аспаптарды үлкен iзденiспен жан-жақтан жинап, қайта қауыштырған болатын. Болат Сарыбаев Жарқын Шәкәрiмге үш шектi домбыраны өз қолымен табыстаған екен. Содан Жарқын ағамыз үш iшектi домбыраны елу жыл бойы қолынан тастамай насихаттап келедi.
Абай атамыздан кейiн үш шектi домбырада Шәкәрiм, одан кейiн Шәкер ата ойнаған. Ол кiсiден iлгерiде арнайы дәрiс алып, күйлерiн нотаға түсiрген болатынмын. Кейiн маған үш шектi домбырасын сыйға тартты.
– Хәкiм Абайдың ғибратты өлеңдерi мен қара сөздерiн шәкiрттерiңiзге насихаттап отырасыз ба?
– "Мен жазбаймын өлеңдi ермек үшiн,
Жоқ-барды, ертегiнi термек үшiн.
Көкiрегi сезiмдi, тiлi орамды,
Жаздым үлгi жастарға бермек үшiн" – деп, атамыз артына қаншама ғибратқа толы өлеңдерi мен қара сөздерiн қалдырып кеттi. Ретi келгенде шәкiрттерiме өлеңi мен қара сөздерiнен мысал келтiрiп айтып отырамын.
– Домбыраны үйренгеннен кейiн шәкiрттерiңiздiң мiнез-құлқында дүние танымға деген өзгерiс байқала ма?
– Ұлттық аспаптарды игергеннен кейiн, әр баланың бойында ерекшелiктер байқала бастайды. Бiреуi төкпе күйге жақын болса, екiншiсi шертпе күйге бейiм келедi. Шәкiрттерiм жайлы айта кетсем, ансамбль құрамында он үш бала бар. Ғалымбек Ақбота (домбыра), Нұрлыбек Анель (домбыра), Хамзина Инна (домбыра), Рамаданова Дидара (жетiген), Жақсыбекова Камила (шiңкiлдек), Омаров Салих (сазсырнай), Омаров Сырым (шаңқобыз), Ардақ Амирлан (дауылпаз), Бисары Үмiт (қыл қобыз), Жұмажанова Анель (қыл қобыз), Еркiн Ернар (тұяқ) Сарсенбаева Адина (мүйiз) Барлыбаева Адина (жетiген).
– "Арнау" ансамблi шет елдерге барып, үлкен құрметке ие болып жатқанын естiп жүрмiз. Ансамбльдiң өнерiн елiмiзде қай деңгейде бағалайды?
– Өнер жолы – ауыр жол, сыншы көп, сондықтан терең iзденiстi, қажырлы еңбектi қажет етедi. Мақсатымыз – қазақтың өнерiн өлтiрмеу. Осы мақсатпен шамамыз жеткенше жан-жақты iзденiп жатырмыз.
"Ортеке" Бiрiншi Республикалық байқауы, халықаралық фестивалiне қатыстық. Райымбергенов ағамыз бас жүлде, "Тұран" этно-фольклорлық ансамблi бiрiншi орын, "Арнау" ансамблi екiншi орынды иемдендiк. Бұл – бiз үшiн қуаныш, үлкен жетiстiк. Бұған дейiн "Астана-Мерей" халықаралық байқауында, "Асыл мұра" қалалық және "Ғұмырдария" республикалық байқауында, поляк композиторы Александр Затаевичтiң атындағы екiншi Республикалық "жас музыканттар байқауында" бас жүлденi иелендiк. "Ортеке" байқауынан кейiн қуыршақтар өнерi қауымдастығының бас директоры Род Петрович бүкiл әлемдiк фестивальге шақырды. Бiз үшiн бұл үлкен қуанышты жайт. Бiрақ ендi осыны қолдайтын, қаржы мәселесiн шешiп беретiн адам табылмай отыр. Чехияға баратын болғандықтан, қаражат жағы қиын болып тұрғаны рас. Шындап келгенде, бұл Қазақстан үшiн үлкен жетiстiк, қуаныш болуы керек. Ол жерде өнер көрсететiн қазақтың баласы болғандықтан, сол балалар арқылы ұлтқа баға берiледi. "Атамұра" корпорациясының президентi Рахымғали Абрарұлы қолдау көрсетiп, қазақ жастарына, өнерiне деген жанашырлығын танытып отыр. Демеушi болатын басқа да өнер жанашырлары шығып қалар деген үмiттемiз.
– Орта мектеп бағдарламасына ұлттық аспаптарды үйрететiн арнайы дәрiс енгiзу керек деген пiкiр айтылып жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Өте орынды пiкiр. Әндi айтқан бала домбыра да тартады, домбыра тарта бiлген бала әндi де айтады. Елiмiздiң барлық өңiрлерiнде ұлттық аспаптарды үйретудi арнайы дәрiс ретiнде сабақ кестесiне енгiзсе, онда мен өнер iргесiнiң бiр тасы қаланды деп есептер едiм. Оқушыларға бұл өмiр бойы рухани азық болады.
– Ұлттық аспаптар арасында домбыра ғана бренд бола ала ма?
– Тек домбыра емес, ұлттық аспаптардың барлығын жетiлдiрiп, жаһанға жария етiп көрсеткен дұрыс деп есептеймiн. Сонда қазақтың өнерiнiң бай болғаны, мәдениетiнiң жоғары болғандығы аңғарылады. Бұл – аталарымыздың кiм болғанын баяндайтын белгi. Жекелеп алатын болсақ, көне аспаптарымыздың бiрi – қыл қобыз. Мысалы Қорқыттың, Ықыластың күйлерiн естiсең, тұла-бойыңды баурап алады, бiр рахат сезiмге бөленесiң, тыңдай отырып жан-дүниең емделедi. Шертпе күй ойнап отырса, адам дем алады. Ал төкпе күй ойнағанда шабытың келiп, жан дүниең жанып, көңiл күйiң көтерiлiп қалады.
Әңгiмелескен Нұрлан АСҚАРҰЛЫ