АЙТЫҢЫЗ, АТЫҢЫЗ КIМ БОЛАДЫ?

АЙТЫҢЫЗ, АТЫҢЫЗ КIМ БОЛАДЫ?

АЙТЫҢЫЗ, АТЫҢЫЗ КIМ БОЛАДЫ?
ашық дереккөзі

Қазақ – өте балажан халық. Дүниеге сәби келсе, қазаққа одан өткен зор қуаныш жоқ.

Бар нәрсенiң ләззаты,

Ата-ананың жаннаты,

Бұл дүниенiң мұрасы,

Перзентiңнiң ырысы, – деп қазақтың балаға деген көзқарасын ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы төрт ауыз өлең жолымен жеткiзген.

Дүниеге келген жаңа өмiр иесiнiң қуанышына әйел босанған күнi кешке ауыл жастарының шiлдеханаға жиналып, таң атқанша жаңа туған баланы, оның анасын ардақтап ән салып, күй тартуы, кейде шiлдехананың үш күнге дейiн созылуы осы қуаныштың белгiсi. Бұндай шiлдеханаларға тек жастар ғана қатысатын болған. Себебi жаңа туған нәрестенi түрлi жын-шайтан, перiлердiң салқынынан қорғап, күзету халқымыздың сенiмi бойынша тек қана жастардың мiндетi деп саналған.

Қандай бiр жаңалық болса да қазақтың сүйiншi сұрау әдетi бар. Ал бала туған кезде нәрестенiң ата-әжесiнен, әкесi мен туған-туысқандарынан сүйiншi сұраудың орны тiптен бөлек. Жақсы хабар жеткiзiп, сүйiншi сұраған адамға бағалы сыйлықтар берген. Сүйiншi хабарды жеткiзушi қанша алыс жер болса да баруға даяр болған. Ұлы Отан соғысының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы дүниеге келгенде болашақ батырдың әкесi Әулиеата шаһарында екен. Байтоқ деген кiсi алпыс шақырым ат сабылтып жетiп, үйге кiрiп келiп, бiр ауыз сөз айтуға дәрменi келмей, Момышты құшақтап жылай берiптi. Үй-iшi бiр жаманат хабар жеткен екен деп, қорқып қалады. Содан "не боп қалды, айтсаңшы" деп сұрағанда ғана Байтоқ:

– Жеңешем ұл тапты, – дептi.

Үйде отырғандар қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйiншiсiн берiп аттандырыпты.

Қазақ есiм таңдауға үлкен жауапкершiлiкпен қараған. Дүниеге келген сәбилерге қуана отырып ат қойып, жаңа өмiр иесiне болашақта мынадай бол деу арқылы өз армандарының орындалуын да тiлек ете бiлген. Сонымен қатар жүректен терең орын алардай есiм таңдаған.

Есiм таңдауда халық түрлi сенiмге сүйенетiн болған. Бұл үрдiстiң көрiнiсiн халық ауыз әдебиетi шығармаларынан кездестiруге болады. "Алдаркөсенiң алғашқы қадамы" атты ертегiде Алдаркөсенiң неге осылай аталғаны жөнiнде былай деп айтылды: "Адам өзiнiң азан шақырып қойған атына сай өмiр сүредi" дейдi халық. Солай болса солай да шығар. Алдаркөсенiң әкесiнiң есiмi Алдан екен. Шынында да ол өмiр-бақи алданып өткенге ұқсайды. Алданудан зәрезап болған аңқау азамат тұңғышының атын Алдар қойыпты. Жаратқан Жаппар иемiз соны түсiнген ғой, Алдар тәй-тәй басып тiлi шыға бастағаннан ешкiмге есесiн жiбермейтiн ақылды да алғыр бала болып өсiптi". Алдар көсенiң есiмiне байланысты ертегiде көрiнiс тапқан сенiмге бұл бiр ғана дәлел.

Есiм таңдауды қазақ халықтық болмыстың дiңгегi – үлкендi сыйлау арқылы жүзеге асырып отырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюды елдiң сыйлы адамынан өтiнетiн. Немесе дәл сол кезде ауылда атақты ақын яки басқа өнер иесi қонақтап жатса, сол кiсiге қолқа салатын болған. Атақты Дина күйшiнiң есiмiн қариялар ауылға сусын iшуге бұрылған жолаушыға қойдырған.

Қазақ қуанышын бөлiсуге әрқашанда жақындарын, достарын шақырған ғой. Белгiлi жазушы Шахмет Құсайынұлының жұбайы Бикен ұл туғанда ол баланың атын Серке Қожамқұлұлы ағамыз Көбей деп қойған. Сонда бұл атты ақын-жазушылар: Мұхтар Әуезұлы, Сәбит Мұқанұлы, Жұмағали Саин, Қасым Қайсенұлы бiр ауыздан қостаған.

Балаға кейбiрде екi ат берiлетiн болған. Шахмет Құсайынұлының жаңа туған қызына досы ақын Қасым Аманжолұлы "Меруерт" есiмiн берген. Бiрақ нәрестеге нағашы әжесi Сағи деп ат таңдағандықтан, қыздың туу туралы куәлiгiне Меруерт-Сағи деп жазылған.

Кейбiрде қазақтар баласына немесе немересiне жақын адамдарының есiмiн қоюға рұқсат сұрайтын болған. Дәл осындай оқиға театр және кино артисi Серке Қожамқұловтың жиен немересiне есiм таңдау барысында орын алған. Бұл уақиға жазушы Мұхтар Әуезұлы Лениндiк сыйлық алған кезiнде болған. Серке Қожамқұлұлы жазушының үйiне, лауреат болуымен құттықтай барып: "Сiз сыйлық алған күнi менiң тұңғыш немерем де дүние есiгiн ашты. Соған өзiңiздiң атыңызды қойсам мүмкiн бе?" деп рұқсат сұрайды. "Атымды қой, құрдас, пәлi, сенен мен немдi аяймын?!" – деп Мұхаң да мейiрлене жауап бередi.

Балаларына ұлы адамдардың есiмiн беру баяғыдан бар. КСРО халық суретшiсi Қанафия Телжанұлы туғанда әжесi баланың құлағына:

– Мұхаммедханафия!

– Мұхаммедханафия!

– Мұхаммедханафия! – деп үш рет қайталайды.

Шiлдехана тойшылары:

– Мұнан оңды есiм болмады ма?

– Тiптi шұбалаңқы ма, қалай?

– Не мағынасы бар? – деп сұрайды.

Сонда ақ шашты ана Мұхаммедханафия – қазақтың ұлы ғалымы Шоқанның шын аты екенiн, өзiнiң қатар өскен құрдасы екенiн айтқан.

Халық түсiнiгi бойынша қыз балаға тiл-көз онша тие қоймайтын болған, сондықтан оларға әдемi аттарды таңдайтын болған. Қыз аттарына аспан әлемiнiң, сұлу-момын аңдардың, асыл тастар, қымбат маталар, нәзiк және сирек кездесетiн өсiмдiк аттары т.б. пайдаланылатын. Мәселен Айман, Шолпан, Жұлдыз, Құралай, Тоты, Маржан, Алтынай, Күмiс, Жiбек, Мақпал, Шынар, Раушан, Қызғалдақ т. б.

Қыз балаларға есiм таңдағанда жаңа туған нәрестенiң түр-түсiне де қарап ат беретiн болған. Жазушы Сәбит Мұқановтың шешесi ақ сары кiсi екен. Төрт-бес ұлдың артынан сүт кенже боп туған соң, атын Балсары қойыпты. Бұл нәресте кенже болған соң балдай тәттi деп жақсы көрiп, тәттi тағам мен бояу түсi бiрiктiрiлiп ойлап табылған есiм.

Ер балаларға ат қою бұдан гөрi жауаптырақ саналатын. Еркек баланың атын көбiнесе үлкен әкесi, ауылдағы қариялар, оның бiрi болмағанда баланың өз әкесi қоятын. Ер балаға бұрынғы өткен ата-бабаларының, батырлар мен билердiң, ақын мен жыраулардың аттарын; баласы тұрмай жүрсе ешкiм ескерiп көзге түспейтiн жұпыны аттарды (Көтiбар, Бүйен, Ұлтарақ, Малбағар, Боқбасар, Боққайнат) бала туған жер, су, күн, ай аттарына байланысты (Бұлақбай, Көлбай, Iлебай, Дүйсембай, Қаңтарбай) төрт түлiк малдың, жабайы аңдар мен құстардың атауларына байланысты (Бүркiтбай, Қыранбай, Лашын, Қарлығаш т.б.) денi сау, жаны берiк болуын меңзеп (Темiрболат, Шойынбай) бұрын-соңды болған қару-жарақ атауларына байланысты (Найзабай, Қылышбек, Шоқпар, Балтабай т.б.) деп қойған.

Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан жан-жануарларға, оның iшiнде үй жануарларына байланысты есiмдердi көптеп берiп отырған. Қазақ есiмдерiн зерттеу ғылымының негiзiн қалаушылардың бiрi, Қазақстанның Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Телқожа Жанұзақ ағамыздың айтуы бойынша азан шақырып қойылған есiмi Төлқожа екен. Бұл есiм балалардың үлкенi төлдiң басы, кейiнгiлерге қамқоршы болсын деген ниетпен берiлген екен. Кейiн мектепте оқып жүрген жылдары ұстазы, әдебиет сабағынан беретiн Жәлила Жолайқызы: Iнiңнiң аты Тельман, сондықтан аттарың ұйқас болуы үшiн сенiң атың Төлқожа емес Телқожа болғаны дұрыс деп айтқан соң Телқожа атанып кеткен.

Кенесары ханның есiмi қойылуы туралы қызық уақиға бүгiнгi күнге жетiп отыр. Болашақ хан өте кiшкентай болып туылыпты. Шоқай би жаңа туған сәбидi қолына алып: – Өзi кенедей кiп-кiшкентай екен, аты Кенесары болсын, – деген екен.

Балаға өзiнiң туған айының, мысалы: Маусымжан, Ақпан, Ақырап деп беру үрдiсi де болған. Қасым ханның тоқалы босанып, Көкшетауда үлкен ұлан-асыр той болады. Наурыз айында дүниеге келген сәбидiң атын Наурызбай қояды. Ауыр найзасын екi қолымен ұстағанын ешкiм көрмеген қара күштiң иесi батыр Наурызбайға есiм осылай берiлген.

Кейбiрде дүниеге келген нәрестеге өскенде орындауы керек мiндеттi меңзеп ат қойған. Осындай бiр уақиға Сырым Датұлының әкесiне берiлген есiмге байланысты: Сырымның атасы Шолан батырды жаулары қылыштап өлтiредi. Шоланнан Дат iште қалып дүниеге келгесiн, қара қазақ жиналып, арадағы кек ұмытылмас үшiн жас баланың атын Дат қояды. Дат сөзi: Әдiлеттiлiктi талап ету, мұң шағу, тiлек айту мағынасын бiлдiретiндiктен бұл есiм болашақта әдiлеттiкке қол жеткiзсiн, өмiрiнде әдiлетсiздiк көрмесiн деген тiлекпен берiлгенi анық.

Қазақта нәрестенiң денесiнiң бiр ерекшелiгiне қарап ат қоятын әдет те болған. Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев "Өттi дәурен осылай" атты кiтабында: "Қажылық жол Жұмабай атамның сегiз ай уақытын алыпты. Оның 1886 жылы туған ұлы Меңлiахмет – менiң әкем. Оң жақ бетiнде алақандай меңi болса керек, атын соған қарап қойыпты" деп жазады.

Кейбiрде адамдарға басқа есiм де беретiн болған. Бұл үрдiстi қазақ "аттерiс" немесе "аттергеу" деп атайды. "Аттерiс (аты терiс) – жанама атты қоюдың әлеуметтiк негiзi жасы үлкендi қадiрлеуден, жастарды iзеттiлiкке, кiшiпейiлдiлiкке тәрбиелеуден шыққан. Көп ғасыр бойы қалыптасқан қазақ халқының әлеуметтiк, үй iшiлiк жосыны бойынша жасы үлкен кiсiлердi олардың өз атымен бақырайтып айту – өте өрескел, ерсi болып көрiнген. Халық арасында жанама ат қою – әсiресе жаңа түскен келiншектердiң сыпайылық, әдептi мiнезiн меңзейтiн болған. Жаңа түскен келiндер күйеуiнiң аулындағы адамдардың үлкен-кiшiлерiнiң аттарын еш уақытта атамаған, олардың барлығына жанама ат қойған. Тек өзi түскеннен кейiн туған балаларды ғана өз ата-анасы қойған атпен атаған. Жанама ат әрқашан адамның түрiне, мiнезiне, кәсiбiне қарай қойылған. Мәселен "Ұста қайнаға", "Арбашы ата", серi, аңшы болса: "Аңшы жiгiт", "Сал жiгiт", "Мырза жiгiт", оқыған болса, "Молда жiгiт", қайын сiңлiлерiн: "Еркежан", "Үкiлiжан", "Тетелес" дейдi. Қайын iнiге қоятын аттар көбiнесе сықақ, әзiлмен келедi (қалқан құлақ, алақан көз, қара бала, сарбас, т.б.).

Келiндердiң тапқырлығы, әсiресе жаратылыс пен географияға, жан-жануарларға, тұрмысқа байланысты аттарды өзгертiп алуында. Ауылдағы қариялардың iшiнде ай, күн, боран, тау, қасқыр, жылқымен басталатын аттар болса, бұл есiмдердi келiншектер еш уақытта тура атамай, жанама ат қойып алады. Айды – түнгi жарық, күндi – сәуле шашқан, жұма – ауыр күн, бейсенбi – атам аттас күн, көрпе – жуырқан, қасқырды – ұлыма, боранды – шаңғыт, жылқыны – туар, жолды – соқпақ, тасты – қайыршақ деген. Өйткенi мұны айтып отырған келiншектердiң аулында бұл аттарға ұқсас, атауға болмайтын Айтуған, Күнтуған, Боранбай, Жылқыайдар, Жолдыбай, Тасболат деген кiсiлер болған.

Бiрде Аюбай, Түлкiбай, Итбай деген ағайынды кiсiлер шай iшiп отырса, ауылдың сырты әлденеге дүрлiгiп кетiптi. Үйде отырғандар тыстағы не дүбiр екенiн бiлуге жас келiндi жұмсайды. Келiн шығып қараса, аю түлкiнi қуып, оған барлық ауылдың иттерi абалап үрiп жатыр екен. Не болғанын сұраған үлкендерге келiн: – Атекем тәтекемдi қуып барады, оған ауылдағы жәкемдер үрiп жүр, – деп жауап қайтарыпты.

Ұл балаларға батырлардың атын беру әсiресе жаугершiлiк заманда, соғыс жылдары кең өрiс алып отырған. Ұлы Отан Соғысының Батыры Мәлiк Ғабдуллин майдан шебiнде жүргенде 1943 жылдың 18 көкегiнде күнделiгiне осындай үрдiс туралы былай жазған екен: "Жуырда мен бiр адамнан хат алдым. Ол кiсi хатында былай дейдi: "Мәлiк-ау, осы сенде не арман бар екен? Арманың жоқ та шығар. Оқу оқып, бiлiм алдың. Майданға барып ең, атағың шықты. Сенi халқың мақтан етiп отыр. Жаңа туған жас балаларына көп адамдар сенiң атыңды қойып жатыр. Мұндай дәрежеге жеткен адамның арманы болмасқа тиiстi".

Қазақтар перзенттерiне ұл-қыз деп бөлмей қараған. Қыз баланы да, ұл баланы да бiрдей есiмдермен атау дәстүрi соның дәлелi. Мысалы Айтбай жалпы ер балаға берiлетiн есiм. Музыка зерттеушi Ахмет Жұбанұлы "Замана бұлбұлдары" атты еңбегiнде Бiржан салдың көпке белгiлi "Айтпай" әнi туралы баяндай келiп: "Айтпай – қыздың аты. Қазақта қыздың соңынан ұл тумаса, қызға еркектiң атын бередi. Айтпайдың аты қойылуда солай болған" деп жазады. "Шәрiп" есiмi көбiнесе ұл балаларға берiлiп отырғаны белгiлi. Дегенмен соңғы кезде бұлай болмағанмен, бұрынғы кезде қыз балаларды да осы есiммен атау үрдiсi болғанын ақын Абай Құнанбайұлының "Шәрiпке" деген өлеңiнiң "Түңлiкбайдың қатыны атың Шәрiп…" деп келетiн жолын оқығанда бiлуге болады. Ал бұл есiмнiң арабшадан қазақ тiлiндегi мағынасы "атақты, мейiрiмдi, пайғамбардың әулетiнен деген атақ" дегендi бiлдiретiнiн ескерсек, осы есiмнiң ақын Абай ғұмыр кешкен ХIХ ғасырдың екiншi жартысында ғана емес, ислам дiнiнiң қазақ елiне келген уақытынан берi қолданыста болғанын көрсетедi. Әрi ұл балалардың есiмдерiнiң қыздарға берiлу себебiнiң де пайда болған кезi әрiде екенi байқалады.

Егер де дүниеге бiрiнен соң бiрi қыз келген жағдай болса, бұдан былай ұл туылсын деп қыздың атын Балтакүл, Төлбала, Ұлбосын, Ұлжан, Үзiлхан, Үмiтхан деп қойған. Қазақ халқының арасында бұл сенiм әлi күнге дейiн орын алып келедi.

Белгiлi ақын Шөмiшбай Сариевтiң есiмi түске байланысты қойылған. Анасы Мәрияштың айтуы бойынша болашақ ақын өзiнiң есiмiне былай ие болыпты: Бiр күнi Қатша деген туыс апам үйге келiп: "Түс көрдiм. Түсiмде ақ сақалды ата келiп: "Нағашыбайдың үйiндегi келiн ұл туады. Атын Шөмiш әулиенiң атымен Шөмiшбай деп қойсын. Сонда жасы ұзақ болады" деп аян бердi", – дедi. Атын шiлдеханасында Қатша апамның өзi қойды. Ұлым iзiнен iнiлерi мен қарындастарын ерте келдi.

Бала шетiней берген жағдайда жаңа туған сәбиге Жасұзақ, Жүзжасар, Мыңжасар, Тұрар, Тұрғын, Тұрсын, Тұрғынбай, Тұрсынай, Өлмес, Өскен деп ат қойған. Ырым етiп нәрестенiң кiндiгiн балтамен кесiп, бiреуге бiрнәрсе берiп сатып алатын кездер де болған. Немесе жаңа туған нәрестенi ұзақ жасаған бiрнеше кемпiрдiң етегiнiң астынан өткiзу дәстүрi болған. Бұндай балаларды Үшкемпiр, Төрткемпiр, Бескемпiр деп жоралғыға қатысқан кейуаналардың санымен атаған. Бұндай ғұрыпты атқаруға ақсақалдарды да шақыратын болған. Әйгiлi ақын Кенен Әзiрбайұлы елуден асқанда көрген қызына осындай ырым жолын жасап, есiмiн Төрткемпiрбiршал қойғаны белгiлi. Кейiн мектепке барғанда балалар мазақтай берген соң ақын қызының есiмiн Төрткен деп өзгерткен.

Кейбiрде сәбилерге елдi мекен, жер-су аттарына байланысты есiм қоятын болған. Ақын Абай Құнанбайұлының төртiншi атасы Торғай Айдосұлының есiмi "Ақтабан шұбырынды" заманында Сыр бойына босып, ауа көшкенде Торғай өзенiнiң бойында дүниеге келгендiктен берiлген.

Ақын Жамбылға есiм берiлуi де жер атына байланысты, ақынмен өте жақын қатынаста болған жазушы Сәбит Мұқанұлы 1946 жылы: "Жәкең Шу өзенiнiң бойындағы Жамбыл тауының етегiнде туғандықтан әкесi атын Жамбыл қойыпты" деп жазды.

Туған жерге байланысты ат қою әдетi жиырмасыншы ғасырда да жалғастығын тапқанын 1922 жылы туған атақты ақын Сырбай Мәуленұлының:

Сыр бойында туған соң,

Сырбай қойды атымды.

деген өлең жолдары да растайды.

Ұл-қыздарына ұнатқан әдеби шығармалардың кейiпкерлерiнiң есiмiн беру де тарихта белгiлi. Кезiнде "Абай жолы" романындағы ақынның ғашық болған қызы Тоғжан есiмi бүкiл Қазақстанға кеңiнен тарап кеткенi белгiлi. Осындай бiр қызық оқиға белгiлi әншi, композитор Жаяу Мұса әйелi Сапар екеуiнiң тұңғыш перзентi дүниеге келгенде болыпты. Жаяу Мұса қызы дүниеге келер алдында орыс әдебиетiнiң алыбы, жазушы Лев Толстойдың "Анна Каренина" романын оқып, қызын осы шығарманың бас кейiпкерiнiң атымен атағысы келген. Бiрақ ауыл молдалары: "Бiз кәпiрдiң атын айтып, сәбидiң құлағына азан шақыра алмаймыз" деп бас тартады. Сонда Мұса тұрып: "Сендер бiлген әлхамды мен де бiлемiн, аллаҺу әкбардi сендерден гөрi дұрыс айта аламын, берi бер сәбидi" деп, өзi азан айтып қояды. Осылайша рим мифологиясының жаңа жыл әйел құдайы Аннаның (мағынасы – жыл, мәңгiлiк) есiмi қазақ қызына берiлген. Бұл есiм Халифа Алтай қазақшаға аударған Құранның 54-бетiнде бар.

Қазақ есiмдерiне көңiл аударған адам қазақ халқы туралы көп нәрсенi бiлу мүмкiндiгiне ие болады. Себебi қазақ халқы есiм беруде де өзiнше бiр үлкен құбылыс иесi екенi анық. Қандай аласапыран жағдайларды басынан кешiрсе де, есiм беруге келгенде халықтық тамырынан айырылмаған. Ал ендi бүгiнгi елiмiз егемендiгiн алып, әлемге танылып жатқан бейбiт заманда Гүлжауар, Жаншуақ, Ерхалық сынды есiмдердiң пайда болуы да қазақ халқының арманшыл халық екенiн және сол армандаған мақсатына жететiнiн дәлелдейдi.

Бердалы ОСПАН

Шымкент қаласы