ЖАМБЫЛ КҮЙЛЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
ЖАМБЫЛ КҮЙЛЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
Жамбылдың күйшiлiк өнерi туралы деректердi баспасөз беттерiнде жарық көрген мақалалардан келтiруге болады. Мысалы Жамбылдың көзi тiрiсiнде, 1938 жылы "Қазақ әдебиетi" газетiне шыққан "Жамбыл – жаңа жастық" деген мақалада: "Тарихтың домбырасын қолына алған, күмiс сақалды қария Жамбылдың жүзiне қарап: бұл жыр мен күйдiң Алатаудай алыбы дейсiң. … Бүкiл қазақ халқының ғасырлар бойы шығарған күйi мен жыры соның бойында сияқты. Ол күй мен жырдың шалқып жатқан айдыны, асқар шыңы. Халықтың күйi мен жыры мәңгi жасаса, ол да мәңгi жасайды" ["Қазақ әдебиетi". 4.03.1938.] – деп жазылған, сондай-ақ Жамбылдың жеке күйшiлiгiне байланысты Б.Атшабаровтың "Жамбыл – күйшi" ("Жетiсу". 19.05.1972.), С.Садырбаевтың "Жамбыл және Мұраталы күйшi" (Дастан ата: Жамбыл Жабаев туралы естелiктер. – Алматы. 1989.) деген мақалалары жарияланған.
Әдебиетшi-ғалым С.Бегалин Жамбылдың бойындағы күйшiлiк өнер нағашысы Қанадан деген қобызшыдан дарығанын жазып: "Қобыз тартқанда қасынан шықпай, ынтыға тыңдап, құлақ ұйыған кiшкене жиеншарына Қанадан аса риза болады… … Жамбыл қарт қобызшының сарынын көпке дейiн есiне сақтап, өзi де сондай күй тартсам деп құмартады. Қолына қобыз алмағанмен, домбыра ұстауға құмартып, өте ынталанады" ["Сахара сандуғаштары" (Естелiктер мен естiгендер). – Алматы, 1976.] – деп, Жамбыл шерткен жиырма шақты күйдiң атын мысал ретiнде келтiрiп, дәлелдейдi. Жамбылдың күйшiлiгi туралы мәлiметтер оның өлең, жыр, толғауларында да көрiнiс тапқан. Оны "Жамбыл Жабаев шығармаларының толық жинағы" (1946) атты еңбегiнен сұрыпталған өлеңдерiнiң келесi жолдары дәйектейдi: "Шынықтырды болаттай" (1937): Дамылсыз сайрап домбырам, Ойнақтайды он саусақ Тасқындап күй төгiлтем, Ұлы күнде ән шырқап… "ХХ жылдық тойда" (1937): Сөйлей бер, ақ домбырам дүрiлдеген, Шарықтап күй төгiлдi бүгiн менен… "Отанды сүй" (1938): Сүйкiмдi үн, әсем әнiм, терең күйiм, Еңезем – ыстық жүрек, көңiл, мыйым, Отанға, ел жүрегi Сталинге Тартатын дем бiткенше менiң сыйым… "Толғау" (1938): Мен құс емес – адаммын, Гүлiне қонған заманның, – Шаттық күйiн сайраймын, Жүзге келдiм демеймiн, Тойыма шашу берейiн… "Жаңа жыл" (1939): Домбыраны қолға алсам, Ағылған күй мен жыр көрем… "Жеңiс жыры" (1939): Күн астында күй төгiп, Ай астында жыр төгiп, Алтын шанақ, күмiс iшек Домбыраны өңгердiм… "Октябрь толғауында" (1939): Қартайғанда сен үшiн, Күй мен жырым ағылсын. Көз жұмғанша жырлаймын Ел-жұртымның бағы үшiн… Сондай-ақ оның "Отанды сүй", "Жеңiс жыры", "Халық туысқандығы", "Сталин ұрпақтары", "Сталиндi сайлаймын", "Жаз", "Туысқан ел", "Өлгенiң жоқ, сен тiрi", "Өнердiң өсуi" және т.б. өлең-толғауларында күй шерткендiгi туралы мағлұматтар берiлген. Жамбыл шығармашылығындағы күйлер оның поэзиясына тән арнау күйлер, тарихи күйлер, аңыз күйлер, өмiрбаяндық күйлер, тартыс күйлер болып жiктеледi. Арнау күйлерге "Басшылбай-Күйшiлбай", "Қайсабек күйi", "Есiм-Саржан", "Нәрiкбайдың зары"; тарихи күйлерге "Абылай шайқамасы", "Керзаман", "Ұлы Отанға"; аңыз күйлерге "Ерке атан", "Сұрмерген", "Боз iнген"; өмiрбаяндық күйлерге "Қайырсыз", "Қайырлы", "Өттi-ау, дәурен"; тартыс күйлерге "Жамбылдың қырғыз Мұраталы күйшiмен тартысы", "Сәтина қызбен күй тартысы" жатады. 1996 жылы "Жамбыл жырлайды" жинағындағы "Жамбылдың орындаған күйлерi" деген тарауда оның бiрнеше күйi жарық көрген. Олар "Батыр Қалша, төрт жiгiт", "Жем тартып қойған аққудың күйi", "Шортанбайдың шертпесi", "Ұлы Отанға", "Өттi-ау, дәурен", "Нәрiкбайдың зары", "Көрұғлы-Сұлтан" және "Сәтина қызбен күй тартысы". Бұл туындыларды талдау барысында күйлердiң музыкалық ерекшелiгi жыр мақамдарымен сабақтасатыны айқындалды. Атап айтқанда: – әуендiк ерекшелiгiнде бiр дыбыстың бiрнеше рет қайталануы (жырларда кездесетiн ретициялық тәсiл "Нәрiкбайдың зары", "Сәтина қызбен күй тартысы"); – әуен иiрiмiнiң желiсi – екi, үш, төрт нота арасында дамуы ("Өттi-ау, дәурен"); – оң бұраудағы күйлердiң ладтық тұрғысында табиғи мажор ("Өттi-ау, дәурен"), миклолидийлiк ладтық бояуларда өрбуi ("Нәрiкбайдың зары", "Ұлы Отанға" күйлерi мен "Ақындарға арнау", "Сарыбайға", "Домалақ ене" жырларында кездеседi); – ырғақ пен қағыс бiрлiгi жыр-дастандарда кездесетiн сегiздiк және он алтылық ұзақтықтармен берiлуi (кейбiр күйлердiң ырғақ ерекшелiгi 7-8 буындық жүйеге сәйкестiгi); – өлшемдердiң тұрақсыздығы 2/4, 3/8, 5/8, 7/8, 9/8 және т.б.; – құрылымы жағынан күйтанушы С.Қалиевтiң жүйесiне сүйене қарастырғанда тұрақты-транспозициялық ("Ұлы Отанға"), ауыспалы ("Өттi-ау, дәурен") және аспаптық қысқа мәтiн құрылымдарында жазылуы ("Көрұғлы-Сұлтан"); – бөлiмдердiң арасында жырға тән ашық iшектердiң берiлiп тұруы; – аппликатуралық тұрғыда жыр-дастандардың домбыра сүйемелiнде кездесетiн кварта-квинта арақашықтықтарының қатар жүру тәсiлдерi кездеседi ("Өттi-ау, дәурен", "Ұлы Отанға", "Көрұғлы-Сұлтан" күйлерiнде және "Сарыбайға", "Сұраншы батыр", "Домалақ ене" жырларында). Қазiргi кезде музыкатану ғылымындағы Жамбылға байланысты зерттемелердiң сирек ұшырасатынын баса айтамыз. Жамбылдың шығармашылығы туралы дәстүрлi музыкада Б.Г.Ерзаковичтiң үш мақаласы бар. Олар, 1956 жылы Жамбылдың шығармашылығына арналған жинаққа енген "Из напевов Джамбула" (Творчество Джамбула (статьи, заметки, материалы). – Алма-Ата, 1956.), 1974 жылы Москвада жарыққа шыққан Музыкалық энциклопедиядағы "Джамбул Джабаев" (Музыкальная энциклопедия. Т.2. – М., 1974.) және 1996 жылы баспасөз бетiнде жарияланған "Музыкальное наследие великого акына: невосполнимые утраты" (Казахстанская правда. 21.08.1996.) деген мақалаларын айтамыз. Жаңа тараптардан оның шығармашылығын профессор С.Ә.Күзембаева "Жыр алыбы Жамбыл және музыкалық өнер" (Жамбыл және түркi халықтарының эпикалық мұрасы. – Алматы, 2011.) деген мақаласында саралайды. Ал жазба дәстүрiндегi кәсiби композиторлар шығармашылығы бойынша Жамбылдың 150 жылдық тойы қарсаңында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған өнертану кандидаты А.Қ.Омарованың "Жамбыл и Айкумыс" Л.Хамиди" атты еңбегi белгiлi (1996). Ақпарлай келгенде, бүгiнгi музыкатану саласында қазақ өнерiнiң негiзi жанрлары – ән, күй, жыр, айтыс дәстүрлерiн қамтыған Жамбыл шығармашылығы санаулы жұмыстарда қарастырылғаны аңғарылады. Осы ретте академик Сейiт Асқарұлы Қасқабасовтың 1996 жылғы зерттемелерiнде Жамбылдың әдебиеттегi шығармашылық мұрасына байланысты жазылған келесi жолдары жыраудың дәстүрлi музыкадағы орнын белгiлейтiн мәселенiң басын ашуға септiгiн тигiздi. Зерттеушi-ғалым: "…Көзi тiрiсiнде Жәкеңдi қолпаштап, аспандата мақтап жүргендер ендi оған Сталиндi жырлайды деп кiнә тақты, тiптi ол ақын емес едi, оны әдебиет тарихынан шығару керек" дегенге дейiн барды. Жамбылдың ақындығына күдiк келтiрушiлер әлi де арагiдiк кездесiп қалады" ["Тоқсанында толғатып". Парасат. № 8. – 1996.] – дегендей, яғни сол кезде оның поэзиясы елгезек және тапсырма бойынша шығарылған, ол Сталиндi жырлайды деп әдебиеттiң бағдарламасынан шығарып тастау керектiгi жайында ағат пiкiрлердiң қалыптасқаны туралы сөз қозғаса, музыка саласы бойынша республикамыздағы орта және жоғары бiлiм беру жүйесiнде жүргiзiлетiн "Қазақ музыкасының тарихы" деген пәнге Жамбылдың жеке шығармашылығы мүлдем енгiзiлмегенiн айтып өтуiмiз керек. Қазiргi кезде консерваторияны бiтiрген жастардан "Жамбылдың әнiн немесе жырын бiлесiң бе?" деп сауал қойсаң, "бiз оны әдебиетте өттiк" деп жауап қайтарады. Бүгiнгi таңда Жамбылдың туындыларын тек Жетiсу өңiрiнiң өкiлдерi ғана айтып бере алады. Ал күйлерi жөнiнде сөз қозғаудың да қажетi жоқ, себебi олар "Жамбылда күй бар ма?" деп өзiңе сұрақ қояды. Осы бағытта мемлекеттiң қолдауымен әр жылдары жарық көрген күй топтамаларына шолу жасайтын болсақ, яғни "Құрманғазы және Ұлы дала музыкасы" (1998, 2 CD), "Қазақтың дәстүрлi музыкасы" (2001, 4 CD), "Мәңгiлiк сарын" (2007, 8 CD), "Қазақтың 1000 күйi" (2010, 36 CD) және т.б. күй топтамаларына Жамбылдың бiрде-бiр күйi енбегенi өкiнiш тудырады. Сондай-ақ оның күйлерi жалпы орындаушылардың репертуарынан да тыс қалған. Қазiргi кезде Жамбылдың күйлерiн орындаған санаулы адамдар ғана белгiлi. Олардың iшiнде Қыдырқожа күйшi, Н.Тiлендиев, Ш.Күшiкбайұлы, Ә.Жамбылов, Д.Шаштайұлы есiмдерi аталады. Тағы да бiр айта кететiн олқылық, 2002 жылы жарық көрген "Қазақ өнерi" энциклопедиясында Жамбыл деп берiлген беттерде ұлы жырау шығармашылығы тiптi көрiнiс таппаған. Ол жерде Жамбыл ескерткiшi, Жамбыл көркемөнерпаздық шығармашылығының үйi, Жамбыл облыстық драма театры, Жамбыл облыстық филармониясы және т.с.с. жазылған. Бұл бүгiнгi және келешек ұрпақтың санасында Жамбылдың өнерге ешқандай қатысы жоқ деген пiкiр қалыптастыруы мүмкiн. Сондықтан торқалы той iс-шараларының нәтижесiнде мұндай кемшiлiктердiң ескерiлетiнiне сенемiз. Жалпы алғанда музыкатану саласында Жамбылдың жеке шығармашылығынан бастап, оның қазақ музыкасындағы орны мен маңызы, ән, жыр, күй туындыларының стильдiк, жанрлық, тақырыптық ерекшелiгi, аймақтық ортада қолтаңбалық айырмашылығының анықталуы терең зерттеудi талап етедi. Сондықтан келешекте Жамбыл шығармашылығының жабулы жатқан тұстарын игерiп, музыкалық мұрасын тарихи және теориялық тұрғыдан жан-жақты талдап, түбегейлi зерттеп, ғылыми негiзделген iргелi еңбек ретiнде жарыққа шығару әрбiр қазақ музыкатанушысының парызы деп бiлемiз. Айнұр Қазтуғанова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерi