Жаңалықтар

АЛАШТЫҢ АСҚАҚ АЙБЫНЫ

ашық дереккөзі

АЛАШТЫҢ АСҚАҚ АЙБЫНЫ

Олжас Сүлейменов – қазақтың қайраткер ұлдарының бiрi, қазақ поэзиясының дүлдүлi. Олжас Сүлейменовтiң поэзиясы орыстiлдi болғанымен, рухы қазақ. Жыры – қазақтың мұңы, қазақтың тарихы. Қазақтың рухын әлемге орыс тiлiнде танытты. Қазақты танытты, қазақты әлемге мойындатты. Олжас Сүлейменов десе, әлемнiң озық ойшылдарының көбi қазақты бiлдi. Олжас арқылы қазақты таныды. Олжас арқылы қазақты мойындады. Өйткенi ешкiм де орыс тiлiнде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әдебиетiне телiп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тiлiнде жазатын қазақ ақыны деген байлам бар. Оны қазақы оқырманның өзi ұйғарып қойған. Оның да себебi бар. Себебi Сүлейменов өлеңдерiндегi көне дәуiрлерден жетiп жатқан ұлттық қанық бояулар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қайсысына да тек қазақтың көзiмен қарайтын қымбат қасиетiн айтсақ жеткiлiктi. Ең бастысы – ақында алаштық асқақ айбын, өршiл рух бар.

Көрнектi ақын, марқұм Қадыр Мырза Әлi Олжас Сүлейменовтiң жырларын қазақшаға тамаша аударған аудармашылардың бiрi едi. Ақынның екi томға жуық өлеңдерi Қадыр ақынның тiлiмен қазақша сөйлептi. Ол туралы Қадыр Мырза Әлi өзiнiң "Иiрiм" атты естелiк кiтабында былай деп сыр шертедi:

…Олжас – шынында да ғасырда бiр туатын азамат. Талант десең талант, бiлiмдi десең бiлiмдi, ақылды десең ақылды. Димекең оны байқады. Баласындай жақсы көрдi. Кейбiреулердiң айтуына қарағанда, оны Орталық Партия Комитетiнiң идеология жағын басқаратын хатшысы етiп те қоймақ болған. Бiрақ ол – Мәскеудiң билiгiндегi орын. Бекiтетiн солар. Олжас болса, өте парасатты жiгiт. Ал ондай адам қоғам үшiн қашанда қауiптi. Сондықтан да Олжастай адамды аса жауапты қызметке әкелу оңай соқпаса керек.

Әрине, Құдай берген көптеген қасиеттерiмен Қазақстан Жазушылар одағына бiрден-бiр лайықты кандидат болған. Бiрақ ол қазақ жазушыларының өзара қарым-қатынасын жақсы бiлмейтiн. Ал бiлмейтiн адамды қате жолға, жалған жолға салып жiберу онша қиын емес. Ондай адамдар тез табылады. Кабинетке кiрiп алып, құлағына құюмен болды. Ақыры арандатты. Оларды мен жақсы бiлемiн. Бiрақ әзiрше ақтарылмай тұра тұрам. Олар Олжасқа жаны ашитын ағайындар емес. Керек десеңiз, халықтың да жанашыры емес, рухани азғындар. Қанiшер Колбин бiрiншi хатшы боп сайланған күнi қарақшылар сияқты кешкi қараңғылықты жамылып келiп, Бас поштадағы телеграф арқылы соны құттықтап телеграмма бергендер. Бұл құжаттарды сол түнi телеграфта кезекте болған қазақ қыздары тапсырды. Кейбiреулердi халық алдында қарабет қылатын бұл қағаздар бүгiнде сенiмдi сейфтерде сақтаулы. Бiрi жоғалса, бiрi қалады. Өйткенi олардың көшiрмелерi жеткiлiктi!

Арам адамдар адал екi кiсiнiң жақындасқанын қаламайды. Ұнатпайды. Әрқилы ойлайтын, бiрақ ниеттерi түзу екi таланттың татулығын кешiрмейдi. Әлi есiмде, бiр топ жастар "Жұлдыз" журналында iстейтiнбiз. Ұжым мықты. Бәрi де аузымен құс тiстеген жүйрiктер. Редакторымыз – Әбдiжәмiл Нұрпейiсов. Бiр мезгiлде кiрiп келдi де:

– Сенсация! Сенсация, жiгiттер! Бүгiн "Литгазета" Олжас Сүлейменов деген қазақ жiгiтiнiң өлеңдерiн жариялапты. Керемет жақсы өлеңдер! Леонид Мартынов сәт сапар жазып, батасын берiптi! Мiне, сол жiгiттiң өлеңдерiн қазақшаға аудару керек! – дедi. Айтты-бiттi! Әбiшке тапсырып аударттық. Келесi сандардың бiрiнде Олжас туралы "Тұлпардың тұяғы" атты мақала дайындадық. Бұл әңгiмеден Олжас бейхабар. Жаман хабарды жедел жеткiзуге тырысатын жарамсақ ағайын жақсы хабарды жеткiзуге келгенде сондай марғау.

Рас, Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтiң бiр басына жететiн кемшiлiгi бар. Кейдi тiптi көңiлiң қалып, көргiң келмей кетедi. Бiрақ Құдай берген мiнезге редакция жүрмейдi. Редакциялауға қақымыз жоқ. Әбдiжәмiлдi қалай болса, солай қабылдау керек. Мен оны тәп-тәуiр бiлетiн тәрiздiмiн. Сол бiлетiнiме арқа сүйеп, Нұрпейiсов Олжасқа жамандық жасай алады, бiр кезде жасады деп айта алмаймын. Және айтқандарға сенбеймiн. Ол екеуiнiң ортасына от салып, пайда тапқан ағайын Әбекеңмен арпалысып-арпалысып түк тындыра алмаған соң, оған Олжасты айдап салуға кiрiстi. Жасыратын несi бар, әзәзiлдер белгiлi дәрежеде бiраз нәрсенi бүлдiрiп үлгердi. Әдетте жолбарысты жолбарыс, арыстанды арыстан ғана ықтыра алады. Мұны қорқаулар жақсы бiледi. Сондықтан да олар мықтыларға мықтыларды айдап салу арқылы ғана дегендерiне жетедi. Өкiнiшке орай, адалдығына, күшiне сенетiн құдiреттiлер, негiзiнен аңқаулау келедi. Өкiнiштi, әрине!

Олжас – елдiң азаматы. Оны бөле жаратын, басқа бiр азаматқа қарсы қоятын бiреулер болса, олар – елдiң жауы. Өкiнiшке орай, ондайлар жеткiлiктi. Кез келген қазақтың өсек сөзiн тыңдай қоятын Олжас та ақымақ емес, әрине. Дегенмен жиi-жиi айта берсе, әлсiн-әлсiн сыбырлай берсе, тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар деген, адам көңiлiнде дұшпандық туғызбаса да, күдiк туғызуы әбден мүмкiн. Мiне, осындай iрiткi әрекеттер Олжасқа да жақсылық әкелген жоқ. Өзi шаршадым, кетем демесе, өле-өлгенше отыратын орнынан ысырып жiбердi.

"Жазушы" баспасында поэзия редакциясында меңгерушi болып жұмыс iстеп жүргенмiн, директорымыз Iлияс Есенберлин шақырып жатыр деген соң бардым. Алдында Олжас Сүлейменов отыр.

– Кел, Қадыр, кел! Отыр! – дедi Iлекең, аман-саулық сұрасып жатпай-ақ. – Мына Олжас бiзге өтiнiшпен келiптi. Кiтабын қазақша шығармақ ойы бар.

– Жақсы ой, әрине! Оны аударма редакциясы шешпей ме?– дедiм.

– Шешу мәселесiн мен өзiм-ақ шешем! Мәселе онда емес! Мәселе кiмге аудартуда. Ал Олжас сенiң аударғаныңды қалайды!

– Патша көңiлi бiледi. Бiрақ алдын ала айтып қояйын: Сүлейменовтi қазақшаға аудару өте қиын! – дедiм мен. – Бұл бұлдану емес, шындық!

– Қанша қиын екенiн бiлмеймiн. Бiр аударса, оны сен аудара алатын сияқтысың! – Мен Iлекеңе қарадым.

– Егер келiссек, қазiр шартқа отырамыз. Ал көлемiне келсек, бiрiншi аударма ғой, он баспа табақ жарап қалар! – дедi Iлекең Олжасқа бұрылып.

– Әрине! – дедi Олжас.

Олжаспен бұрын-соңды араласып көрген емен. Осы таныстықтан кейiн, аударма үстiнде де жақындасып кеткенiмiз шамалы. Орыс мектебiнде оқығандықтан ба, қайдам, оның төңiрегiнде өңшең орыстар немесе жолбарыс терiсiн жамылған ебекеңдер жүредi. Кейiнгi жылдары оның қатарынан шешендер жиi көрiне бастады. Қазақтар өте сирек, тiптен жоққа тән. Соңғы жылдары ғана Олжастың жанынан өзi секiлдi орыс тiлдi Шалахметовтi көретiн болдық. Бiрақ оның өзi де жиi емес.

Мен бұрын да тиiп-қашып аударма жасап жүретiнмiн. Бұл жолы Олжас өлеңдерiн тәржiмалауға белдi бекем буып, бiлектi сыбанып, құшырлана кiрiстiм. Аудармашы құл емес. Жуковский айтқандай – бәсекелесiң. Менiң түсiнiгiмде, аударма дегенiң, ең кемiнде, түпнұсқаның деңгейiнде болуға тиiс! Ал түпнұсқадан асып түссе тiптен жақсы! Алдыма осындай биiк мақсат қойған соң, аянбай еңбек ету керек болды. Олжас өлеңдерiн қазақшалау үстiнде екi бiрдей қиындық байқадым. Олжастың тiлi орысша болғанмен, рухы қазақ. Ол өзiнiң осы қасиетiмен орыс оқырмандарын баурап алды. Олжастың пайдалануындағы "Аруақ!", "Айналайын!" деген мүлдем бейтаныс жұмбақ сөздер оқырмандарын құпиялау қасиеттерiмен бiрден елеңдетiп, дуалап тастағандай болды. Ал қазақтар үшiн ол сөздерде құдiрет-күш, ең бастысы оқыс әсерi жоқ. Еттерi үйренген.

Олжас – жай ақын емес, психолог ақын. Ол орыс оқырмандарына не керек екенiн өте жақсы бiледi. Сондықтан ол қазақтар, қазақ даласы, қазақ тарихы, қазақтың өткен өмiрi, керек жерде экзотикадан да тартынбайды. Мысалы Махамбет туралы өлеңiнде батыр бiр отырғанда бiр қойдың етiн бiр өзi жеп қоятын едi дейдi. Басқа халықтар үшiн бұл, әрине, қызықты, әсерлi. Бiрақ қазақтарды онымен елеңдете алмайсың. Сондықтан басқаша сурет, басқаша бейне, басқаша әрекет, бiр сөзбен айтқанда, көркем балама iздейсiң. Яки түпнұсқадан саналы түрде ауытқисың. Сол өлеңнiң тұсын мен:

О даланың жолбарысы,

Көкжалы,

Көкжал бөрi қай кезде де олжалы! – деп қазақшаладым.

Бiр қойдың етiн бiр өзi жеу қасқырдан ауысқан қасиет! Қазақтар сүйсiнген адамын "Өй, қасқырым-ай!" дейдi. Ал бiр қойдың етiн бiр өзi жейдi десе, оны қомағай, мешкей деп есептейдi. Сондай-сондай батыл әрекеттердi дұрыс байқаған болуы керек, бiр кездескенде Мұқағали марқұм маған:

– Әй, Қадыр! Сен Олжасты жақсылап сүндетке отырғызыпсың ғой! – дедi. Осы сөйлемдегi "сүндетке отырғызыпсың" деген тiркес көп ойды, көп пiкiрдi қамтып тұр. Оны талдап жатудың керегi бола қоймас. Көркем аударма – өте күрделi өнер. Жүз пайыз сәттi аударма бола қоймайтын шығар. Мен өзiм өлең аударумен өте көп шұғылдандым. Осы жақында, қолым сәл-пәл босаған кезде аударма еңбектерiмдi жинап, жүйелеп көрiп едiм, он бiр-он екi том болды. Ол ендi аз еңбек емес! Сол көп томның екi томы Олжастан аударған дүниелер. Ақын алпысқа толарда "Әр күн – арайлы таң" деген атпен үлкен бiр томын басып шығардық. Ол кiтап бүгiнде кiтапханалардың қазынасына және көркiне айналды.

Өз басым Олжасты қатты сыйлаймын. Ол да менi жек көрмейдi, әрине. Сөйте тұра бiз нағыз жолдас, нағыз дос ретiнде жақын араласып кете алмадық. Олжас – Қазақстандағы ең абыройлы азаматтардың бiрi. Онымен есептеспейтiн, оның сөзiне құлақ түрмейтiн қазақ жоқ деп бiлем. Қазақтарымыз ғана емес, орыстарымыз да солай. Мiне, сондай мәшһүр ақынмен рухтас, замандас, пiкiрлес, мақсаттас бола тұра қиын-қиын кездердiң өзiнде бiр нәрселерге байланысты өтiнiш жасап, қолқа салып көрген жоқпын. "Мен сенi аударып жүрмiн ғой, сен де менi аударып көрсең қайтедi", – деп ұсыныс жасаған емеспiн. Бiрақ өзi бiр кездескенде:

– Бiз, орыс тiлдi үш жiгiт отырып сенiң "Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр" деген шағын өлеңiңдi аударып байқадық. Шығара алмадық. Өте қиын. Қолымыздан келмедi. Кешiр, старик! – дедi.

Ол өлеңнiң түпнұсқасы мынадай:

Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр,

Бұлтын оның бұлт демей бiр түбiт дер.

Қарап тұрып мынау биiк тауларға,

Қалай төмен боламыз, ей, жiгiттер!

Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр,

Тұма-бұлақ дариядан үмiткер.

Қарап тұрып мынау түпсiз теңiзге,

Қалай тайыз боламыз, ей, жiгiттер?!

Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр,

Теңiз кешiп, шың басына шығып көр.

Қарап тұрып мынау байтақ Далаға

Қалай кiшi боламыз, ей, жiгiттер?!

Осы сөздi маған кейiн Шалахметов те айтты. Есiнде қалған екен, оқып бердi. Қиналғандары көрiнiп тұр…

(Қадыр Мырза Әлi, "Иiрiм", 2005 жыл).

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА