Жаңалықтар

Серiқұл ҚОСАҚОВ: БIШКЕКТЕ ҚАЗАҚ УНИВЕРСИТЕТI АШЫЛСА...

ашық дереккөзі

Серiқұл ҚОСАҚОВ: БIШКЕКТЕ ҚАЗАҚ УНИВЕРСИТЕТI АШЫЛСА...

Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғыз арасын бүгiнде 1241 шақырымдық шекара бөлiп тұр. Қазiр "Бiр жол бар – жақын, жақын да болса – алыс" деген мақалдың мазмұнын Қырғызстанда тұрып жатқан қазақтардың айқын сезiнiп тұрған шағы. Сондықтан мұндағы қандастарымыз да ендiгi аптада Астанада өтетiн Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайынан жағымды жаңалықтарды күтуде. Осы тарихи оқиғаның алдында бiз Қырғызстандық қазақтар ассоциациясының төрағасы Серiқұл Қосақовты әңгiмеге тарттық.

– Серiқұл Қосақұлы, қазiргi таңда Қырғызстанда қанша қазақ бар және олар бұл аймаққа қашан қоныстанған?

– Қазақ пен қырғыз – ежелгi замандарда-ақ бiр-бiрiмен араласып-құраласып тұрған ағайын ел. Көне тарихқа көз жүгiртсек, қайсысы қазақ, қайсысы қырғыз екендiгiнiң ара-жiгiн анық ажыратып алудың өзi қиынға түсуi мүмкiн. Мысалы үйсiннен тарағандарды. Қазiр Қырғызстанда 33 мыңнан көбiрек қазақ тұрып жатыр. Бұлардың ата-бабалары өткен ғасырдың жиырмасыншы және отызыншы жылдары тәркiлеу және ашаршылық заманында келген. Олардың қатарын елуiншi жылдардан бастап Қырғызстанның астанасы Фрунзе қаласына Қазақстанның жақын қалаларынан, ауылдарынан оқу, жұмыс iздеп келген жастар, жоғарғы оқу орындарынан жолдамамен келген мамандар толықтырды.

– Осы тоқсан жылдық аралықта қазақтардың қырғыз елiнде иеленген орнына қандай баға берер едiңiз?

– Бұл бойынша ауыз тұшынтып айтатын әңгiме көп. Кейбiреуiне ғана тоқталып өтейiн. Екi мәрте Совет Одағының батыры атағына ие болған жерлесiмiз Талғат Бигелдиновтi мақтан тұтамыз. 1922 жылы байдың малын айдасып, Қырғызстанға асқан жылқышы Жақыпбектiң құндақтағы ұлы Талғат Пiшпекте өсiп ержетiп, осында ДОСААФ-тың аэроклубын аяқтап, Ресейдiң әскерлiк ұшқыштар училищесiне оқуға түсiп, одан әрi майданға аттанған.

1937 жылы "халық жауы" деген жаламен қамауға алынған Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық және қалалық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Жанайдар Сәдуақасовтың екi жасар ұлы Рүстембектi Қырғызстандағы нағашысы Сұлтанбек Маньгелдин өз фамилиясына жазып алған. Геология-минерология ғылымдарының докторы, Қырғыз ССР-iнiң Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Маньгелдин Рүстембек Сұлтанбекұлы (1935-1993) – қырғыз геология iлiмiнiң негiзiн қалағандардың бiрi.

Қырғыз тiлi iлiмi бойынша бiрiншi болып Қырғыз ССР-i ҒА-ның корреспондент-мүшесi болып сайланған ғалым, осы мамыр айының аяғында Бiшкекте жүзжылдық мерей тойы белгiленiп отырған Қалқабай Сартбаев (1911-1988) қырғыз мектептерi және жоғарғы оқу орындары үшiн қырғыз тiлiнiң оқулықтарын жазса, екiншi бiр қандасымыз Нұрахим Әлпиев(1903-1957) қырғыз мектептерi үшiн орыс тiлiнiң оқулықтарын жазды.

Әлi де ауызынан әуенi түспеген Қырғыз мемлекеттiк академиялық опера жана балет театрының әншiсi Аманбек Нуртазин Қырғыз Республикасына еңбегi сiңген артис деген атаққа ие болды, бұл кiсiнiң баласы атасынан озды. Бишi, осы театрдың бас балетмейстерi Ақан Нуртазин Қырғыз Республикасының халық артисi атанды. Берiк Әлiмбаев деген тағы бiр халық артисiмiз бар.

Қысқасы, қоғамдық өмiрдiң барлық саласында қандастарымыз өздерiнiң қабiлеттiлiгiн көрсете бiлдi. Кеңес дәуiрi кезеңiнде де, егемендiк жылдарында да осылай болды. Бұл орайда Қырғыз ұлттық кардиология орталығында Адамдардың ағзаларын ауыстырып салу институтын ашқан Қырғыз ҰҒА-ның корреспондент-мүшесi, кардиохирург Сейтхан Жошыбаевтың, елiмiздiң бұрынғы екi жетекшiсi тұсында Қырғыз Республикасы Президентiнiң әкiмшiлiгiнiң басшысы болған Медет Садырқұловтың (1953-2009), егемен Қырғызстанның алғашқы парламентiнiң депутаты, мемлекеттiк қайраткер Дәулетбек Хамзаевтың, Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң екi дүркiн депутаты болған Еркiн Бөлекбаевтың, Жоғарғы Кеңештiң қазiргi депутаты Мақсат Сабировтың есiмдерiн айтпай кетуге болмас.

– Қырғызстандық қазақтардың шешiлмей келе жатқан көкейкестi мәселелерi бар ма?

– Қазақтарымыздың ана тiлiн сақтап қалуын ең басты мәселе деп бiлем. Қырғызстанға көшiп келгендердiң үш буыны алмасты. Кейiнгi буын қазақша жаза алмайтыны бiр басқа, таза сөйлей алмай да барады. Қазақ және қырғыз тiлдерi өте жақын болғандықтан, бiр тiлден екiншiсiне өтiп кету оңай екен. Қырғызстанда бiрде-бiр қазақ мектебi жоқ. Шет жақтарда қазақ мектебiн ашу мүмкiн де емес, өйткенi қандастарымыз бiр жерге топталмай, шашыранды орналасқан. Тiптi орталық қала Бiшкекте қазақ мектебiн ашу қиын. Оның бiлiм беру бағдарламасын Қырғызстанның жалпы бiлiм беру бағытымен үйлестiру керек. Бұл ниет iске асқан күннiң өзiнде, мектеп бiтiрген оқушылар оқуға қайда барып түседi? Барлығының Қазақстанға барып оқуға шамасы келе ме? Сондықтан Қырғызстанда ана тiлiмiздi дамытудың бiр ғана жолы бар. Ол – Бiшкекте Қырғыз-Қазақ университетiн, не оған дәрежелес жоғарғы оқу орнын ашу. Мұнда бiлiм берудi кешендi түрде жүзеге асыру қажет. ЖОО-ға қарасты қазақ лицейi, не мектеп-интернаты болу керек. Ондай жағдайда мектепке ыңғайландырып, Бiшкекте қазақ балабақшасын ашудың да қажеттiгi тууы мүмкiн. Жоғарғы оқу орнын ашу бастамасын бiз бiрнеше жылдан берi Қазақстанның лауазымды органдарына ұсынумен келемiз. Бiздi Қырғызстанның ғылым қайраткерлерi де қолдап, хатымызға қолдарын қойып берген. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық университет болсын дегенбiз. Кейде үшбу сөзiмiз Елбасының құлағына шалынбай жатыр ма деп те ойлаймыз. Қазақ университетiнiң ашылуына отандастарымыз ғана емес, қазақ тiлiн игеру керектiгiн сезiнiп жатқан қырғыз азаматтары да қызығушылық танытуда. Өйткенi қазiргi күнде Қазақстанда жұмыс iстеп, оқып жүрген қырғыздар аз емес. Олар 100 мыңға жақындап қалды. Егер университет ашылса, бұл жақтан Қазақстанда жұмыс iстеуге барған бiлiмдi адамдардың саны көбеймек. Сондай-ақ, университет екi елдiң ортасындағы байланысты нығайтатын үлкен мәдени орталық болар едi.

Бүгiнгi күнде Қырғызстанда бiрқатар халықаралық университеттер жақсы жұмыс iстеуде, олардың парқы да жоғары болып отыр. Б. Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей (Славян) университетi, Қырғыз-Түрiк Манас университетi (мемлекеттiк), Қырғыз-Түрiк Ататүрiк университетi (меншiк), Қырғыз-Өзбек университетi (мемлекеттiк), Орта Азиялық Америкалық университет, Махмұт Қашғари Барскани атындағы Қырғыз-Кувейт университетi бiрнеше рет түлектерiн ұшырып үлгердi, принц Ага Хан қаржыландырған Орталық Азия университетi былтыр күзде абитуриенттердi оқуға қабылдады. Осылардың қатарында бәсекеге қабiлеттi Қазақ университетiнiң тұруын аңсап отырмыз.

– Келесi аптада болатын Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайына қандай ұсыныс айтасыз?

– Менi көп жылдардан берi Қазақстан шетелдердегi қазақтарға мемлекеттiк тұрғыдағы қазақтық мәртебе (статус) берсе деген ой толғандырып келедi. Шетелдiк қазақтардың тарихи Отанына тосқауылсыз баруы, республика аумағында емiн-еркiн жүрiп-тұруы, жұмыс iстеу құқығына ие болуы, қаласа Қазақстанның азаматтығын алып, тұрақтап қалуы – барлығы тиiстi заңдарда бекiтiлуi керек. Қазiр шетелдерде алдыңғы шептегi ғылым салаларын меңгерген қазақтар көп. Солар атажұртымызға барып жұмыс iстеп, оның өркендеп, дамуына серпiлiс берер едi. Бiлiмдi жастарымыз да алаулаған күш-қуатын тарихи Отанының игiлiгiне жұмсаудан аянбасына сенемiн.

Қазақстанда "Халықтың көшi-қон туралы" Заң қабылданғанынан хабардармыз. Онда көшiп келудiң түрлерi сараланған екен. Тiптi болмағанда, соның еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатындағы (еңбек көшi-қоны) түрi кеңейтiлiп, оған шетелдердегi қазақтардың белгiленген бiр мезгiлдердiң аралығында уақытша жұмыс iстеуiне мүмкiндiк беретiн пункттер кiргiзiлсе құба-құп болар едi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,"Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi