"МУЗЕЙДЕГI ТҮН" ШАҚЫРАДЫ

"МУЗЕЙДЕГI ТҮН" ШАҚЫРАДЫ

"МУЗЕЙДЕГI ТҮН" ШАҚЫРАДЫ
ашық дереккөзі

Мұражай – тарих қойнауына енген қайталанбас жәдiгерлердi, өткеннен сыр шертер мүсiндер мен бүгiнгi заманның баға жетпес құндылықтарын насихаттайтын бiрден-бiр орын. Содан болар музейге енген әрбiр жан өзiн осынау сырлы әлемнiң бөлшегiндей сезiнедi. Оңтүстiк астанамыздағы Қазақстан Республикасының Орталық музейi Алматы тұрғындары мен қонақтарын "Музейдегi түн" шарасына шақырады.

Дүниежүзi Халықаралық музей күнi қарсаңында әлем елдерi "Музейдегi түн" насихат шарасын қолға алған. Қазақстан Республикасы да бұл шараға өзiндiк үлесiн қосуда. 13 мамырда, яки Халықаралық музей күнi қарсаңында ҚР Орталық музейi барша қауымға музейде бiр түн өткiзу бақытын сыйламақшы. Осымен алтыншы рет өткiзiлiп отырған шараның басты ұраны – музей және естелiк. Бұл күнi Орталық музей келушiлерге құшағын айқара ашпақ. Биылғы шара ел Тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығына арналады. Мұражайға құштар қауым бұл түнi "Көне дүниенiң шұғыласы", "ҚР МОМ Жаратылыстану тарих коллекциясы ХХ ғасыр флора, фауна" атты көрмелердi тамашалап, музей залдарына экскурсияға аттанады. Ал әр үш жүзiншi келушiнi "Қазақстанның археологиялық алтыны" – "Ашық қор" эксклюзивтi залына экскурсия күтедi. Киноға әуес қауымға Қазақстанның көркем және деректi ретро кинолары ұсынылады.

ҚР Ұлыбритания елшiлiгi жанындағы Британ Ұйымымен тұңғыш рет бiрлесiп ұйымдастырылған "Қайта құру – мәдени мұра және сәннiң қазiргi тенденциялары" атты көрме "Музей түнiнiң" қызықты өтуiне серпiн берерi хақ.

Алматы қаласының әкiмшiлiгiнiң қолдауымен және елiмiздегi бiрқатар компаниялардың үн қосуымен ұйымдастырылып отырған "Музей түнiнен" қапы қалмаңыз. Сырлы да қызықты әлемге сапар шегiңiз.

"Түркiстан-ақпарат"