АСҚАҚ ЕДI АЙБЫНЫ АБЫЛАЙДЫҢ...

АСҚАҚ ЕДI АЙБЫНЫ АБЫЛАЙДЫҢ...

АСҚАҚ ЕДI АЙБЫНЫ АБЫЛАЙДЫҢ...
ашық дереккөзі

Жезқазғанда Абылай хан ескерткiшi ашылды

Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында ел басқарған хандарының сiңiрген еңбектерi зор. Солардың бiрi әрi бiрегейi – Абылай хан. Жас кезiнде атақты Төле бидiң тәлiм-тәрбиесiн алып өскен ол жоңғар, қалмақтармен жаугершiлiк заманда елдi, жердi қорғап, ерлiгiмен, батырлығымен көзге түсiп, өзiн тектiнiң тұқымынан екенiн таныта бiлдi. Хан сайланып, ел билiгiн қолына алған соң да iшкi және сыртқы саясат жүргiзуде талай сындардан өттi. Хандық мемлекеттiң құрылымын күшейтiп, терiскейдегi Ресей, шығыстан Қытай империясымен мәмiлегерлiк байланыстар жасай отырып, исi қазаққа бiраз жылдар тыныштық әкелiп, санын көбейттi.

Ұлттың бiрлiгiн, ынтымағын арттыруда бар күш-қайратын аянып қалған жоқ. Абылайдың тұсында қазақ хандығы күшейдi. Ел iргесiн нығайтты. Абылайдан соң да елдi бiрнеше хан басқарды. Алайда заман өзгерiп, патшалық Ресей "Бөлiп ал да, билей бер" мақсатымен бiрнеше жерден әскери бекеттер құрып, хандық құрылымды таратуға кiрiстi. Басқыншылыққа қарсы он жылдай уақыт күрескен қазақтың соңғы ханы Кенесары көтерiлiсiн қарулы күшпен басып, хандық мемлекеттi мүлдем жойды. Солай елдiң тұтастық тамырына балта шапты. Тiптен ру-руларды жер-жайылымға таластырып, парақорлықты күшейтiп, бiрiн-бiрiне айдап салды. Ақ патшаның сол саясатын кейiн Кеңес үкiметi жалғастырып, хандық дәуiрдi ел жадынан мүлдем шығаруға тырысып бақты. Мектеп оқушылары өздерiнiң төл тарихын оқи алмады. Соның салдарынан ел үшiн жанын аянбаған қазақ хандары назардан тыс қалды. Олардың аттары мүлдем айтылмайтын болды. Тәуелсiздiктен соң ғана ел еңсесiн көтерiп, тарихымызды түгендеп, хандарымызға әдiл баға берiле бастады.

Өткен аптада Жезқазған қаласында Абылай ханға еңселi ескерткiш қойылды. Сол күнi ханның 300 жылдығына орай қаланың Серке Қожамқұлов атындағы театр ғимаратында "Абылай хан және қазақ рухы" атты ғылыми-практикалық республикалық конференция өттi. Конференцияны Жезқазған қаласының әкiмi Берiк Бақытұлы Әбдiғалиев ашты. "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Тынымбайұлы Қарин кiрiспе сөз сөйледi. Ал Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов конференция жұмысына жылы лебiзiн бiлдiрдi.

Республикаға белгiлi жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың "Мәңгiлiк билiк идеясы және Абылай хан" тақырыбында жасаған мәндi әрi мазмұнды баяндамасын жұрт сүйсiне тыңдады. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiс депутаты Бекболат Қанайұлы Тiлеухан "Хандық дәуiрдегi жыраулар поэзиясы" тақырыбындағы баяндамасында қазақ ауыз әдебиетiндегi жыршы-жырауларының алтын ғасырына терең шолу жасады. Тарихшы-ғалым Бақыт Еженханұлы "Абылайханға қатысты жаңадан табылған Қытай мұрағат құжаттары" тақырыбында баяндама жасап, жұртшылық назарына Абылай ханның Қытай императорына жазған екi хатының түпнұсқа көшiрмесiн ұсынды.

Түстен кейiн әкiм Берiк Әбдiғалиев бастаған журналистер тобы мен ғалымдар Жездi кентiндегi хан Кенесары ескерткiшiне барып тағзым еттi. Ұлытау елдiмекенiндегi "Таңбалы тас" ескерткiшiнiң ашылуы да ешкiмдi бей-жай қалдырған жоқ. Келесi күнi конференция қонақтарын Домбауыл, Жошы хан, Алашахан тарихи кесенелерiн аралатып, өлкетанушы мамандар өткеннiң шежiрелерiнен сыр шерттi.

Бұл игi шараларға арнайы шақыртумен газет атынан бiз де барып танысып қайттық. Сондағы көргендерiмiз бен ойға түйгендерiмiздi газеттiң келесi санынан оқитын боласыздар.

Көлбай Адырбекұлы