Жаңалықтар

ҚҰНЫ АСПАНДАҒАН ҚАРАҚҰМЫҚ

ашық дереккөзі

ҚҰНЫ АСПАНДАҒАН ҚАРАҚҰМЫҚ

Ресей оны өзiмiзге қайта сатуда

Қарапайым халық азық-түлiк бағасының айлап емес, апталап өсiп жатқанын айтып, шыр-пыр болуда. Бiрақ оған құлақ асып жатқан жергiлiктi билiк бар ма?! Тек жақында Үкiметте болған пленарлық отырыста Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов: "Азық-түлiк тауарларына бағаның 10 пайыздан асуына жол берiлмеуi тиiс. Бұған арнайы бақылау болады", – деген болатын. Яғни бағаның негiзсiз шарықтап кетуiн қадағалау мәселесi министрлер мен әкiмдерге тапсырылды.

Қазiр күнделiктi тұтынатын азықтың iшiнде қарақұмық пен өсiмдiк майының бағасы аспандап кеткен. Тiптi базарға барған кейбiр жұрттың деликатес тағамы санатына жататын қарақұмықты сатып алуға қалтасы көтермейдi. Бiр келiсi 450-500 теңгеге, кейбiр өңiрде 700 теңгеге дейiн саудаланып жатқан қарақұмықты жеген де арманда, жемеген де арманда. Ақшасы бар тұтынушы бiр не жарты келi өлшеп алып жатса, қарақұмықтың дәмiн жарты жылдан берi татпағандар бағаны сыртынан ғана бақылап кетуге мәжбүр. Ал азық-түлiк дүкендерiнде бұл дақылды шарқ ұрып iздеп таппайсыз.

Бiр жыл бұрын бағасы 100 теңгеден аспайтын қарақұмықтың әп-сәтте 700 теңгеге бiр-ақ қарғуын қалай түсiнуге болады? Былтыр жаз айларында Ресейдiң егiс алқабы қуаңшылықтың салдарынан күйiп кеткенi белгiлi. Мамандар қарақұмықтың екi есе аз өнiм бергенiн айтып, дабыл көтергенi есте. Айталық, Ресейде 2008 жылы 1 млн. тонна қарақұмық жиналса, 2009 жылы небәрi 564 мың тонна жиналған. Ал былтыр бар-жоғы 400-450 мың тонна шамасында қарақұмық қамбаға құйылған. Содан ба екен, қарақұмық асын сүйiп жейтiн ресейлiктер елiмiздегi қарақұмық дәндi-дақылын да түк қоймай сыпырып әкетсе керек. Осы дақылды егетiн негiзгi екi өңiр – Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары десек, былтыр Шығыс Қазақстан облысында 42 мың тонна ғана қарақұмық жиналған, ал Павлодар облысында егiстiк алқабын күйдiрiп жiберген аптаптың кесiрiнен 5700 тонна шамасында ғана қарақұмық алынды. Соған қарамастан кейбiр сарапшылар: "Бұл iшкi де, сыртқы да сұранысты қамтамасыз етуге жеткiлiктi" дескен едi. Алайда отандық өндiрушiлер қарақұмықты iшкi нарықтан гөрi шетелге экспорттауды тиiмдiрек санаған сыңайлы. Нәтижесiнде ресейлiк алпауыт компаниялар тапшылық тудырып отырған өнiмдi дер кезiнде сатып алып, қайтадан өзiмiзге екi есе бағаға саудалауда. Бұл туралы "ҚазАгроМаркетинг" АҚ-ның: "Олар бiзден әкетiп, қаптап, қайта әкелуде. Бiздiң қарақұмық арзанырақ, салмақтап сатылатыны 400 теңге ғана тұрады. Ал сырт елге апарылып, оралып, қапталғанда бағасы қымбаттай түседi" дегенiн де ұмыта қойған жоқпыз. Сөйтiп аз уақытта қарақұмық бағасы қол жетпейтiн шыңға айналып сала берген.

БАҒАНЫ ҚОЛДАН КӨТЕРГЕНДЕР АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛА МА?

Өсiмдiк майы мен қарақұмық бағасын қасақана өсiрiп, пайда тапқысы келгендердiң дәуренi тоқтады. Бағаның күтпеген жерден шарықтап кетуiн жiтi тексерген Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi тауарларды тасымалдаумен шұғылданатын компаниялардың iс-әрекетiн әшкерелеп, оларға қатысты әкiмшiлiк iс қозғады. Әуелде өсiмдiк майы мен қарақұмықты негiзсiз қымбаттатып, тауар тапшылығын қолдан ұйымдастыру деректерi Қостанай және Алматы қалаларында тiркелсе, Қызылжар өңiрiнде алыпсатарлардың бағаны түсiрмей, ұстап тұру үшiн өзара келiсiп алғандары анықталды. Мұндай бассыздық iле-шала басқа өңiрлерде де тiркелiп, Бәсекелестiктi қорғау заңын өрескел бұзушылар қатары көбейдi.

Жақында Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң (Монополияға қарсы агенттiк) Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша өңiраралық инспекциясы мемлекеттiк мекемесiнiң мамандары соңғы кезде баға саясатын тұрақтандыруға қатысты атқарып келген тынымсыз еңбектерiн хабардар еттi. Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi өңiраралық инспекциясының бастығы Жандос Болатбековтiң пiкiрiне қарағанда, 2010 жылдан бүгiнгi күнге дейiн азық-түлiк, жанармай, тағы басқа тұтыну тауар бағасын қолдан қымбаттатып отырған компаниялардың үстiнен 48 зерттеу жүргiзiлiп, өткен жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айында болған iс-әрекет бойынша сот процестерi биыл ғана аяқталыпты. "Оның iшiнде бәсекелестiк келiсiмге қарсы 13 зерттеу, арам ниеттi бәсекелестiкке 20 зерттеу жасалды. Олардың үстiнен әкiмшiлiк iс қозғалып, монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшiн жауапқа тарту қарастырылды. Әкiмшiлiк iске байланысты бүгiнге дейiн 117 млн. теңге айыппұл салынып отыр. Бұдан бұрын аталмыш өнiмдердi нарыққа қымбат бағамен жеткiзушi 4 компания 5 млн. теңге айыппұл төлеген болатын", – дейдi инспекция бастығы.

Сондай-ақ Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi өңiраралық инспекциясының бастығы Жандос Болатбеков былтыр күз айларында қарақұмық ең алғаш қымбаттаған кезде субъектiлердiң қоймаларында артық тауардың болғанын жеткiздi. Олар осы мүмкiндiктi қалт жiбермей бағаны себепсiз көтерiп жiберген. "Алматы – өндiрушi емес, тұтынушы қала. Тауардың денi сырт жақтан келгендiктен баға да өзгерiп тұрады. Былтыр қарақұмық Шығыс Қазақстан облысында жақсы өнiм берсе де, қазiр өз дақылымызды Ресейден қымбат бағаға сатып алудамыз. Осыған байланысты бiрқатар шаралар қолдандық. Бiрақ та бағаны қадағалайтын бiз емес, жергiлiктi атқарушы билiк. Бiздiң мiндетiмiз – азық-түлiктi жеткiзу кезiнде бәсекелестiкке қарсы iс-әрекеттер орын алғанда ғана жұмыс iстеу. Мысалы қарақұмық пен өсiмдiк май нарығында бәсекелестiкке қарсы iс-әрекет болғаны анықталған кезде-ақ материалдарды қарастырып, сотқа жiбердiк. Бүгiнде сот шешiм шығарып, 9 компанияға 22 млн. 377 мың 761 теңге айыппұл салынса, бұдан басқа бағаны негiзсiз көтерген күннен бастап түскен пайдасынан 29 млн. теңге тәркiлендi" дегендi айтады.

Елiмiзде өсiмдiк майы мен қарақұмықтан басқа көкөнiс пен жемiс-жидек, қант, май, жұмыртқа бағасы да қымбаттап барады. Өткен жылдың мерзiмiмен салыстырғанда қаңтар-сәуiр айларында азық-түлiк өнiмдерi 7,1 пайызға өскен. Азық-түлiк мәселесiне Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда қала әкiмдiгiнде өткен кеңесте де тоқталып өттi. "Алматыны өзiнiң азық-түлiгiмен қамтамасыз етуiмiз керек. Әзiрге азық-түлiк белдеуiне қатысты жүйелi жоспар жоқ. Алматы мен Алматы облыстарының әкiмдерi Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесе отырып, тиiстi шараларды қолға алуы тиiс. Көкөнiстердi өңдеп, консервiлейтiн, шырын шығаратын, сүт пен ет өңдейтiн кәсiпорындар қазiр жартылай жұмыс iстеп тұр. Қуаттылық жеткiлiктi, бiрақ оларды пайдаланбаймыз. Қаладағы кәсiпорындар тұралап тұр" деп қаланың азық-түлiк белдеуiн құру туралы кешендi жоспар әзiрлеудi тапсырған болатын. Бiр қынжылтарлығы, әзiрге жергiлiктi атқарушы билiк Үкiмет тарапынан жүктелген мiндеттердi дер кезiнде iлiп әкетпей отыр.

Айта кететiн тағы бiр мәселе – қазiр ұялы байланыс операторлары да бағаны өсiрiп жiберген. Қазақстан мен Ресейдiң бастамасымен монополиялық саясатқа қарсы мемлекетаралық кеңес құрылып, "JSM Каzаkhstan" ЖШС, "Картел", "Қазақтелеком", сондай-ақ Ресейдiң "Вымпелком", "МТС", "Мегаком" сияқты iрi ұялы байланыс операторларының қызметiне тексеру жүргiзiлдi. Ресейдiң монополияға қарсы федералды қызметiмен бiрлесе өткiзген шараның арқасында интернет және роуминг бойынша баға дәлiзi белгiленiп, арзандатылғанға ұқсайды.

Сiз не дейсiз?

Жасқайрат СҮНДЕТОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Бiрiншiден, бағаның қымбаттауы Кедендiк одаққа кiруден басталды. Екiншiден, бiзде қарақұмық пен өсiмдiк майының жеткiлiксiздiгi сезiлуде. Баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Сұраныс көбейiп, ұсыныс азайса баға көтерiледi. Бiзде бұршақты дақылдар аз көлемде себiледi. Қазiргi кезде ұсақ шаруа қожалықтары, әсiресе майлы дақылдарды егудi көбейту керек. Қарақұмық өнiмiнiң қоры аз болғандықтан сұранысқа ие. Әсiресе биыл азық-түлiктiң бағасы күрт өсуде. Сәуiр айында қарақұмық 99 пайызға, өсiмдiк майы 23 пайызға, ұн 16 пайызға, қант пен ет 15 пайызға өскен. Мұның iшiнде ерекше қымбаттап отырғаны – қарақұмық. Жалпы бiзде қарақұмық жаман шықпайды. Жыл сайын 50-60 мың тоннаға дейiн өнiм жинаймыз. Бiрақ былтырғы жылы Ресейде қуаңшылықтың кезiнде экспорт тоқтатылғанда, бiзде қыза түстi. Сұраныс артқандықтан елiмiздегi қарақұмық дақылы Ресейге сатылды. Айта кету керек, 2005 жылмен салыстырсақ 2009 жылы қарақұмықтың егiстiк көлемi 30 пайызға азайып кеткен. Бiр өкiнiштiсi, дәндi-дақыл өсiруге мемлекет тарапынан көмек көрсетiлмейдi. Оны өндiрушi шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылық кәсiпорындарына қолдау жасалса, өнiмдi көптеп алуға да әрi экспорттауға да мүмкiндiк туатын едi.

Алтынбек МОЛДАШЕВ, Қазақ агроөнеркәсiптiк кешенiнiң экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Бағаны әкiмшiлiк ресурспен түсiру өте қиын. Себебi бiзде көбi жекеменшiкке айналып кеткен. Бағаны түсiру әрекетiн энергия көзi, жанармай, газдан бастау керек. Бұл – бiр. Екiншi, нанды шығарып жатқан зауыттардың да өз шығыны көбейiп барады. Әрине, кез келген кәсiпорын өз шығынын ақтауға бел буады. Себебi арнайы әкiмшiлiк органдар жұмыс iстеп, нан зауыттарына дотация беру қажет. Сонда ғана нан бағасы түседi. Басқа да азық-түлiктердiң қымбаттап жатқаны жанармай, электр көзiнiң қымбаттауынан туындап отыр. Яғни өндiрiстегi шығындар көбейдi. Екiншiден, жыл сайын жалақы мен зейнетақы өскенде, халықтың кiрiсi де көбейедi. Сол кезде сатушылар да бағаны өсiрiп жiбередi. Шын мәнiнде, қазiр баға шарықтау шегiне жеттi. Оны шешу үшiн жергiлiктi атқарушы билiктен, мемлекеттен дотация керек немесе сатушылардың салығын көтеру қажет. Сатушылар әкiмшiлiк орындарына бағынбайды. Өйткенi қымбат сатам десе де, арзан берем десе де, тауар өзiнiкi. Кейде әкiмдiктер базардың бағасын тапсырмамен түсiрiп жатады. Бiрақ ол – бiр күндiк қана. Бәрiн ортадағы алыпсатарлар өсiредi.

Рая, тұтынушы:

– Қазiр отбасымның қарақұмық асының дәмiн татпағанына жарты жылдан асып кеттi. Сатып алайын десем, базардың өзiнде 500 теңге. Қарақұмықты сағынып кеткенiм соншалық, өткенде жарты келi алғам. Ол бiр тамаққа ғана жеттi. Апта сайын базарға барам. Бағасы түсетiн шығар десем, әлi сол күйiнде. Қарақұмықтың бағасы неге аспандап кеткенiн түсiнбеймiн. Сатушылардан сұрасам, қарақұмық дәндi-дақылының нарықта тапшылық тудырып отырғанын айтады. Баға да соған байланысты өсiп кетiптi дейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ