Жаңалықтар

«АСТАНАНЫҢ» ЖАҢА НӨМIРI

ашық дереккөзі

«АСТАНАНЫҢ» ЖАҢА НӨМIРI

"Астана" журналының кезектi саны "Тәуелсiздiк әлiппесi" айдарымен ашылды. "Б" әрпiмен тәуелсiздiк жылдарындағы серпiндi жобалардың бiрi – "Бәйтерек" зымыран-ғарыш кешенi туралы қызықты да танымдық деректер ұсынылып отыр.

Биыл елiмiз Ислам конференциясына мүше елдердiң Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiне төрағалық етпек. Осыған орай, әлемдегi қаржы айналысының үштен бiрi шоғырланған ислам елдерiнiң экономикасы мен исламдық банкинг жөнiнде "Өсiмсiз өткел" мақаласын оқи аласыз.

2015 жылға дейiн Ресейге 60 мың тонна сиыр етiн экспорттау мiндетiмен құрылып жатқан ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту туралы "Сайын даланың иесi мен киесi" айдарымен жарияланған "Beef-бренд KZ" атты мақалада сөз болады. "Астанаға жақсы келдiң" айдарының қонағы – жиырма жылдай сырт елде жүрген, қазiр "Назарбаев университетi" АҚ президентiнiң кеңесшiсi қызметiн атқарып отырған микробиолог-иммунолог ғалым Кен Әлiбек.

Нақышбандийа тариқаты деген не? Пiрлерге қол тапсырып, мүрид болған қандай екен? Ол туралы журнал тiлшiсiнiң "Нақшбандийа. "Қиял патшалығын" iздеу мақаласынан оқи аласыздар. Ал журналист Дина Ғисақызының "Оралу" атты мақаласының кейiпкерлерi – қаладағы жайлы қызмет, жылы орнын тастап ауылға көшiп жатқан жандар. "Балалар балалық жасапты…" проблемалық мақаласының тақырып жүгi – екi асығыс, бiр қарбаласта бас қосып, көп ұзамай айырылысатындар.

Нарық заманында алғаусыз дос болудың өзi де сынға айналды. "Дос керек" атты мақала оқырманға осындай ой салады. Ал "Насыбай. Настың түбi – лас" мақаласы денсаулықты жегiдей жейтiн, бүгiнде ашық сатылатын есiрткiлiк затқа тыйым салу мәселесiн қозғайды.

"Түркiстан-ақпарат"