Жаңалықтар

ЗҰЛМАТ

ашық дереккөзі

ЗҰЛМАТ

1921-1923 жылдардағы ашаршылық

Кеңес үкiметi мен большевиктер қолдарына билiк тиген алғашқы күндердiң өзiнде уәделерiнен бiрден танып, ұлттардың өзiн-өзi билеу құқығын қолдаудан бас тартты. Ұлт көсемдерiне "ұлтшыл", "пантюркист", "панисламист" деген сияқты айыптаулар тағылып және олардың көздерiн жоюдың жоспарлары астыртын жасала бастады. Аштық, iндет, зобалаң, жазалау, атып-айдау шараларының көмегiмен көптеген адамдарды құрбан еттi. Ұзақ жылдар бойы бұл тақырып "жабулы қазан" күйiнде қалдырылған болатын. Егемен ел атанып, тәуелсiздiгiмiзге ие болғаннан берi халқымыздың басынан өткен зобалаңдар мен зұлматты жылдардың ақиқатын айтуға мүмкiншiлiк алуымыздың арқасында тарих көмбелерi ашылып келедi. Кеңес заманында бұл ақиқат айтылмаса да, халқымыздың жадынан бiр сәтке кетпедi. Өйткенi аштық нәубетiн көргендер әлi де арамызда бар.

1931-1933 жылдар халқымыздың ең бiр қасiреттi жылдары болып, тарихымызда қара әрiптермен жазылып қалды. Бұл – тұтас бiр халыққа қарсы бағытталған геноцид әрi тарихта өте сирек кездесетiн жаппай қырғын едi. Жалпы бiздiң тарихшыларымыз қазақ 1931-1933 жылдардың арасында ғана қырылды дегендi көп айтады да, 1921-1923 жылдардағы ашаршылыққа атүстi ғана тоқталып өтедi. Ал шындап келгенде, қазақтың қырылуы 1916 жылдан басталып, 1945 жылдарға дейiн созылды. Белгiлi демограф Мақаш Тәтiмов "Қызыл табан қырғын" деп атаған кезең табаны күректей отыз жылға созылыпты. Қырғын толастамаған қаралы отыз жыл!

Алаш арыстарының көбi жан сала кiрiскен алғашқы әрекет – қазақ халқының тарихи атамекенiн бұдан әрi талан-таражға түсiруге, кез келген келiмсекке кесiп алып жер бере салу iстерiне үзiлдi-кесiлдi тыйым салуға бағытталды. Қатарынан бiр емес, бiрнеше рет қаулы-қарарлар қабылданды. Бiрақ айқын жоспар, нақты шаралардың болмауынан бұлар iс жүзiне аспай қалды.

1921 жылы Ресейдiң бiрталай губернияларында астық шықпай көшiп келушiлер мен босқындар саны одан сайын арта түстi. Арыстарымыздың бұл жойқын тасқынды толастатуға я тоқтатуға деген талпынысы еш нәтиже бермедi. 1921 жылдың 28 шiлдесiнде қабылданған "Аштыққа ұрынған губерниялардан жоспарлы түрде қоныс аудару" жөнiндегi декретi қазақ өлкесiне көшiп келушiлерге есiктi айқара ашып тастады. Бұдан кейiнгi жылдары да босқындар мен ресми жолмен келушiлердiң және жер аударылғандардың легi тыйылмады.

Айта кететiн басы ашық мәселе – бiр республикадан екiншi республикаға көшiру, қоныстандыру, жер бөлiп беру ВЦИК президиумы жанындағы жер iстерi жөнiндегi федералдық комитеттiң ғана құзырында болатын. Осы "федземкомның" шешiмдерiмен қазақ жерiне қоныстанушылар үздiксiз жiберiлiп тұрды. Осындай толассыз, тоқтаусыз жүргiзiлген қоныстандыру және жер иелену саясатының кедергiсiнен жергiлiктi ұлтқа өз жерiн қайтарып әперу жөнiндегi жас қазақ өкiметiнiң әрекеттерi жүзеге аспай қалды.

АШТЫҚТЫҢ АУЫР ҚАСIРЕТI

Қазақстан коммунистерiнiң басын ұйымдық жағынан бiрiктiрген I облыстық партия конференциясы 1921 жылы 11-18 маусымда Орынбор қаласында болып өттi. Алайда бұл жиын аты қазақ болғанымен, заты қазақ емес коммунистердiң конференциясы едi. Өйткенi облыстық дәрежедегi тұңғыш кеңеске қатысқан 162 делегаттың 19-ы ғана қазақ коммунистерi. Оның iшiнде Бөкей губерниясынан – 5, Орынбор мен Ақмола губернияларынан – 4-тен, Қостанайдан – 2, Ақтөбе, Орал, Семей губерниялары мен Адай уезiнен бiр-бiрден ғана делегат келдi. Толық дәлелденбеген деректер бойынша, 1921 жылдың орта тұсында Қазақстанда, Түркiстан АССР-iнiң қарамағындағы Сырдария мен Жетiсу облыстарын есепке алмағанда, 26.700 партия мүшелерi мен кандидаттары болды. Оның 3 мыңға жуығы немесе 11 пайызы – қазақ коммунистерi. Конференциядағы талас-тартыс негiзiнен РК (б) П Х съезiнiң Жаңа экономикалық саясат және ұлт мәселесi жөнiндегi шешiмдерiн iске асыру шаралары, қалалар, орыс деревнясы, казак станицалары және қазақ ауылдарының кедей бұқарасын партия және совет жұмысына араластырудың жолдары, жер мәселесi, аштыққа қарсы күрес, кәсiподақтар, әскери iс, халық ағарту мен үгiт-насихат жұмысы, iшкi партиялық құрылыс төңiрегiнде өрбiдi.

Конференцияның құжаттарында мынадай мәлiмдеулер жиi кездеседi: "Ресейдiң құрамында 35 миллион бұратана халық бар, олардың 30 миллионы көшпендi және жартылай көшпендi. Бiздiң Қазақстан соңғысына жатады… "Қазақ ұлты ең артта қалған халықтардың тобында…" "Қазақ ұлтының өнеркәсiптiк пролетариаты жоқ…" "Хандардың аз ғана уақыт әзәзiлдiкпен басқарған кезеңiн санатқа алмасақ, қазақ ұлтының белгiлi бiр формадағы мемлекеттiк құрылысы болған емес…" (Қр Президентiнiң мұрағаты, 139-қор, 1-тiзбе, 1 а, iс, 214-бет).

Мұның бәрiн тәптiштеу партияға не үшiн қажет болды? Бiздiңше, бұл патшалық Ресейдiң "бөлiп ал да, билей бер" деген саясатын одан әрi жалғастыру үшiн қажет едi. Яки ол осыны ұдайы санамызға сiңiру арқылы қазақты "қырық пышақ" етiп екiге бөлдi. Халық бай мен кедейге, буржуа мен пролетариатқа, орташа мен жарлыға, кулак пен батыраққа бөлiндi. Бұл бөлiнудi партия "пролетариат диктатурасы", "тап күресi" теорияларымен ақтауға тырысты.

Кремль Қазақстанның I партконференциясының жұмысына практикалық көмек көрсету үшiн РК(б)П Орталық Комитетiнiң хатшысы Е.М.Ярославский бастаған арнайы комиссия жiбередi. Осы орайда Е.М.Ярославскийдiң (шын аты жөнi – Губельман Миней Израильевич) бейнесi Қазақстан тарихнамасында бiр жақты, тек жағымды жағынан ғана сипатталып келгенiн айта кетейiк. "Бар өмiрi социализм жеңiсi жолындағы күреске адал қызмет етудiң үлгiсi болды" (Посланцы Ленина в Казахстане. Алма-Ата, 1987, 307-б) делiнген осы қайраткердiң атышулы "БК(б)П тарихының қысқаша курсының" жетекшi авторларының бiрi болғандығы, Ұлы Қазан төңкерiсi шежiресiнде В.И.Лениннен кейiнгi "№2 адам" саналған Л.Д. Троцкийдiң қызметiн кемсiтiп, И.В.Сталиннiң ролiн асыра әсiрелеуге үлкен үлес қосқаны және сонысы үшiн 1939 жылы КСРО ҒА-ның академигi дәрежесiн иеленгенi жайында жазылмай, жасырын қалып жүрдi.

Е.М.Ярославский Қазақстан коммунистерiнiң тұңғыш облыстық конференциясының тiзгiнiн қолдан шығармай, партияның Орталық Комитетiнiң нұсқауларын бұлжытпай орындауға күш салды. Әсiресе, конференцияның Кирпартбюро есебi бойынша қаулы қабылдау үстiнде ол бұрмалаушылыққа салынды.

Конференциядағы талас-тартыс негiзiнен РК(б)П Х съезiнiң жаңа экономикалық саясат және ұлт мәселесi жөнiнде шешiмдерiн iске асыру шаралары, жер мәселесi, аштыққа қарсы күрес, кәсiподақтар, халық ағарту мен үгiт-насихат жұмыс төңiрегiнде өрбiдi. Конференцияның кей тұстарына назар аударайық.

В.А.Радус – Зенкович (Кирпартбюро): "Артта қалған халықтардың жағдайы туралы қалыптасқан түсiнiк бойынша мен қазақтардың тұрмысы төмен екендiгiн алдын-ала бiлiп келдiм. Бiрақ олардың халi мен күткеннен әлдеқайда нашар, аянышты болып шықты. Қазақ шаруашылығының кедейленуi құлдырау мен құруға айналған…"

С.П.Терехоф (Орынбор губкомы): "Меңдешев бастаған КИРЦИК-тiң қызметiнен қазақтардың талап-тiлектерiн басқа ұлттар есебiнен қорғауға ұмтылушылық байқалады. Бұл қазақтардың ғана емес, сонымен бiрге орыстардың да ұлттық сезiмiн қоздырады…"

А.Асылбеков (Ақмола губкомы): "Егер бiз кедейлердi ұйымдастырамыз десек, алдымен оны экономикалық жағынан өздiгiнен дербес өмiр сүре алатын халге жеткiзуiмiз керек Радус-Зенкович ұсынып отырған "байлардан алып, кедейлерге беру" принципi оңды нәтиже бермейдi…"

С.Меңдешев (КирЦИК-тiң төрағасы, Кирпартбюро мүшесi): "Шаруалардың, казактар мен қазақтардың саяси даму дәрежесiнде үлкен айырмашылық жоқ. Совет үкiметiнiң дұшпандары қазақтарға қарағанда шаруалар мен казактар арасында көп… Бүгiнгi конференцияда 303 көпiртiмен айналысқан дұрыс болмайды. Бiздiң қызметiмiздiң өзегi әртүрлi ұлттарды коммунистiк тұрғыда бiрiктiру болып табылады. Осы мәселе төңiрегiнде көп болып ой қозғайық…"

Ә.Жангелдин (КирПартбюро): "Алашорда" мен "отаршылар" деген екi сөздi жиi қолдануды әдетке айналдырып алдық. Бұл ұғымдарды сан-саққа жүгiртуден талмай келемiз…Қазiргi 1921 жылға қарағанда бiз 1918 жылы кедейлерге бiр табан болса да жақын тұрған едiк. Ол кезде ұлтшылдық пен отаршылдық туралы мәселе қойылмайтын… Жаңа обком қызметiнiң басты бағыты қазақ халқының сауатсыздығын жою болуы керектiгi жөнiндегi Асылбеков пен Меңдешев жолдастардың сөздерiн толық қолдаймын…"

Конференцияда байыптылығымен, терең де байсалды ойларымен көзге түскен қазақ қайраткерлерiнiң бiрi – ұлт мәселесi бойынша баяндама жасаған Мұхамедқадри Мырзағалиев болды. Қазақ коммунистерiнiң алғашқы ұрпағының көрнектi өкiлi М.Мырзағалиевтiң жарқын тұлғасы тарихымызда әлi жеткiлiктi түрде ашылмағандығын еске ала отырып, оның көп жағынан тәлiм-сабағы мол баяндамасына толығырақ тоқталып өтейiк.

"Революция мен азамат соғысының алғашқы кезеңiнде, – деп бастаған ол сөзiн. – Қазақ кедейлерi санасымен болмаса да, түйсiгiмен азаттық лебiн сезiнген едi. Алайда одан бергi уақытта Қазақстанның кедей бұқарасының қимылы бәсеңдеп, бiртiндеп барып, тынды. Бұл жерде бiздiң партия ұйымдарының үлкен қатесi жатыр… Өмiрлерiн қатерге тiгiп, қан төккен, сөйтiп төңкерiске сенiм артқан қазақ кедейлерiнiң көпшiлiгi бүгiнгi күнi төңкерiс iсiнен қол үзiп, қырда қаңғып жүр. Бұл – факт… Қазақ кедейлерi өздерiнiң төңкерiске қатынасқандығына өкiнулерi де ғажап емес. Қазақтардың тұрмыс жағдайларындағы өзiндiк ерекшелiктерi мүлдем ескерiлмей келедi… Казактар мен қазақтар арасындағы қайшылықтар әлi күнге дейiн күштi және оның ушыға түскенi байқалады. Жуырда Орал казачествосының территориясында, Кеңес өкiметiне ешқандай да нақтылы қатер төндiрмеген банды бой көрсеткен едi, казактар: "Қазақ республикасы жойылсын!" деп аттан салды. Бұдан артық қандай дәлел болсын. Орыс қоныс аударушыларына көзқарас басқаша, бiрқалыпты, ауыл еңбекшiлерi оларға жанашырлық танытады…

Кейбiреулер: Қазақтар – көшпелi халық, олар сол қалпында мәңгi көшiп-қонып жүре берсiн дейдi. Бұл жолдастар қатты қателеседi. Бiз қазақ кедейлерiн өз жағымызға тартпай, Кеңес құрылысына араластырмай, олардың Каспий теңiзiнен Моңғолия шекарасына дейiн көшiп жүруiн тоқтата алмаймыз. Қазақтардың жерге орналасуға деген ынталары өте зор. Мысалға ең көшпелi делiнетiн адайлықтардың өздерi Форт – Александровскi мен Қостанай уезi аралығында көшiп жүрiп, құм ортасындағы құдықтардың маңына күрекпен болса да егiн ексе, бiр бөлiгi Сағыз өзенiнiң бойына қоныс теуiп орнығып алды. Бiз халықтың отырықшылануға ниетiн барынша қолдап, нақты шаралармен жоспарлы түрде көмек көрсету жағын мықтап ойластыруымыз керек…"

Қазақстан коммунистерiнiң бiрiншi конференциясында 7 қазақ коммунисi – М.Мырзағалиев, С.Меңдешов, А.Асылбеков, Ә. Жангелдин, А.Оразбаева, Е.Алдоңғаров, А.Кенжин сөйлеген екен.

Қазақ автономиясының сол тұстағы астанасы – Орынбор қаласында 1922 жылғы ақпанның 19-нан 27-не дейiн Қазақ облыстық партия комитетiнiң екiншi конференциясы өттi. Қазақстан Орталық Атқару Комитетiнiң төрағасы Сейiтқали Меңдешевтiң баяндамасына қарағанда, ашаршылықтың шарықтаған тұсы большевиктердiң бiлмей жүргiзген экономикалық саясатынан өрбiгенi айдан анық. Әдеттегiдей мал-мүлiктi ортаға алу, алым-салықты көбейту және орынсыз жазалау етек алып, бар ауыртпалық әлдi шаруашылықтардың мойнына түстi. Шаруа қожалықтарын шағындап, ретке келтiремiз деген әсiре белсендiлiк егiстiктi күрт азайтуға әкеп соқты. Азық-түлiктiң мөлшерi кемiп, бағасы шарықтап кеттi. Шынында да ашаршылық жөнiндегi айтыс қызу өттi. С.Меңдешев онда ортаға түскен сын-ескертпелердi толық мойындап, ашаршылыққа ұрынған елге көмек көрсетуге тиiс Орталық комитеттiң тарапынан жедел көмек көрсетiлуiн өтiндi. Атап айтқанда, осы уақытқа дейiн астықты деп саналатын Семей, Ақмола облыстарынан iшер асы болмай босып кеткен елге мемлекеттiк көмектiң жоқтығын сынады. Өз жерлестерiне көмек көрсетудiң орнына олар қолда барын Мәскеуге – ортақ қазанға аттандырып жатты. Сондықтан конференция ашаршылыққа қарсы күрес жөнiнде және ауыл шаруашылығын қалпына келтiру жайында нақтылы шаралар белгiледi. Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан ашыққандарға көмек көрсету жөнiндегi Орталық комиссия құрылды. Ол 1921 жылдың 15 шiлдесiнде жұмысқа кiрiстi.

С.Меңдешевтiң баяндамасынан үзiндiлер:

"…Аштық бiраз өңiрдi шарпып, Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Бөкей губерниялары мен Адай болысын түгел қамтыды. 1.048 100 шаршы шақырым жерде тiске басар түк шықпай, ашыққан халықтың саны 2. 653 300 адамға жеттi. Аштықтың басталуы Қазақ Республикасының экономикасын әбден титықтатып кеттi. 1918-1920 жылдардағы кең құлаш жайған азамат соғысы ұлан-ғайыр аумақты қамтып, соның қырсығынан жұршылықтың өз шаруасын құнттауына мүмкiндiк болмай қалды. Оның үстiнде 1920 және 1921 жылдары ақсүйек жұт болып, қыруар мал қырылып қалды. Қуаңшылық көп жердi қамтып, егiн-шөп шықпады. Орталық статистика басқармасы бiзге мынадай деректер берiп отыр: 1917-1920 жылдар аралығында егiс алқабы 20 пайыз қысқарып, бұл көрсеткiш 1921 жылы 47 пайызға жеттi. 1917 жылдан 1920 жылға дейiн мал басы 67 пайыз қысқарды. Тиiсiнше бұл көрсеткiш 1921 жылы 83 пайызға жеттi.

Орташа көрсеткiшпен алғанда, қысқарған егiстiк пен қырылған малдың деңгейi әр шаруашылыққа шаққанда тiптi ересен. 1917 жылы әр шаруашылықтың егiстiгi 5,5 десятина болса 1921 жылы ол 2,8 десятинаға дейiн қысқарды. 1919 жылы әр отбасында 28,7 бас мал болса, 1921 жылы 6,2 ғана мал қалды."

1921 жылдың күзiне қарай Қазақ АССР-не қарайтын жетi губернияның (Сырдария мен Жетiсуды қоспағанда) бесеуiн жаппай аштық пен iндет билеп алды. Ресми деректер бойынша, аштық 1.04810 шаршы шақырым байтақты қаншеңгелiне iлiктiрген. Ал бұл ұлан-ғайыр өңiрде кемiнде 1,6 миллионға жуық адамның болғаны тағы белгiлi.

"Жалпы, ашаршылықта қанша адамның өлгенi туралы мәлiмет болмаса да, республиканың денсаулық сақтау халық комиссариатында мынадай дерек тiркелген: 1921 жылғы 1 қарашадан 1922 жылғы 1 шiлдеге дейiн Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында аштықтан 37.657 кiсi қайтыс болыпты. Ал мұндай деректер Сырдария, Жетiсу губернияларында да аз болмаса керек. Егер 1920 жылдың соңына қарай, толық емес мәлiметтер бойынша, республикада (Жетiсу мен Сырдарияны қоспағанда) 4,8 миллионға жуық адам тұрса, оның тек тең жартысынан астамы – алаш ұрпағы болғаны анық. Мiне, осынау 2,5 миллиондай қазақтың басым көпшiлiгi ашаршылыққа ұшырады.

Қазақ Республикасында аштық жылдары ұдайы қайталанып келедi. Тарихи деректерге қарасақ, Қазақстанда 1802, 1820, 1833, 1840, 1859, 1864, 1876, 1880, 1891, 1896, 1911 және 1921 аштық жылдары болған екен. Байқап қарасаңыздар, аштық әр он жыл сайын ұдайы қайталанып отырған. Ондай әрбiр аштық жылы қуаңшылыққа тап келiп, одан кейiнгi екi жыл да егiн шықпағандықтан қиындықпен өтiп отырған.

Ала алмай қалған астығымыздың мөлшерi 17.669 696 пұтқа жеттi. Аштықтың азабын тартып отырған 1.400 000 жанның тұтынуы үшiн ең кемi 9 миллион пұт астық керек. Бүгiнгi таңдағы саяси-экономикалық жағдайға қарағанда, мұндай мөлшерде астық қолымызға тиедi деп есеп жасау қиын. Өйткенi Кеңес республикасының өзi қазiр айрықша қиын жағдайда отыр. Ең тәуiр деген Едiл бойындағы губерниялардың өзi табиғи апаттар мен ашаршылықты бастан кешулi. Едiл мен Кама бойындағы бұл губерниялар әдеттегi жылдары Ресей астығының 30 пайызын берiп тұратын едi. Ендi астық олардың өзiне де жетпейдi.

…Қазақ Республикасындағы аштықтың алғашқы кезеңiнде шаруалар тұрған жерiнен жаппай көшiп, қалаларға келiп, ашыққан босқындардың қатарын көбейтiп жiбердi. Олардың арасында ауру-сырқау көбейiп, өлiм-жiтiм басталды. Көшелерде аш-жалаңаш балалар қаптап кеттi.

…Жер-жерден түскен хабарларға қарағанда, жұрт шөп тамырымен, өсiмдiк жапырағымен қоректене бастаған. Кейбiр аудандарда кiсiлер ит пен мысық және басқа жануарларды сойып жеп, қатқан терiлердi суға қайнатып, соның сорпасын iшкен. Қоймаларда бар заттарды таратып алып кеткен. Орал губерниясымен және басқа жерлерде адам жеу байқалып, ашаршылыққа ұшыраған аудандарда тонау мен талау күшейiп, кiсi өлтiру көбейiп кеткен. Аштықтан есi ауысып, жынданып кеткендер де бар.

…Қазiрдiң өзiнде ересектер үшiн 173 тамақтандыру пунктi ұйымдастырылды. Ашаршылыққа ұшыраған көшпелi қазақ жұртын азық-түлiкпен iшiнара жабдықтау үшiн бiразының қолына паектер берiлiп жатыр. Балалар асханалар мен балалар бақшаларында азықтандырылды. Ашаршылық жайлаған бес губернияның аудандарында аш-жалаңаш 225.466 жеткiншек бар. Оларды тамақтандыру үшiн 425 асхана ашылды.

…Американың көмек ассоциациясы қаңтардың 25-нен берi күн сайын 66380 балаға азық бөлiп тұрады. Ақпанның 15-нен бастап ол күнiне 150 баланы азықтандыратын болды. Америка көмек ассоциациясы да медициналық көмек көрсету жөнiнде шаралар қолданып жатыр. Қазiрдiң өзiнде 13 вагон дәрi-дәрмек пен төсек-орын алынды. Олар аштық жайлаған Орынбор және Ақтөбе губернияларының ауруханаларына жедел бөлiп берiлдi. Сондай-ақ ашыққандарды жабдықтау үшiн Мәскеу, Воронеж, Ақмола және Семей губерниялары аумағының 25 пайызы бекiтiлiп, Украина мен Түркiстан Республикасынан да көмек алынатын болды.

Азық-түлiктi әзiрлейтiн басты орын Түркiстан республикасы болып отыр. Онда бұл жұмысты ұйымдастыру үшiн ашыққандарға көмек көрсету жөнiндегi Орталық Комитетiнiң, Қазақ орталық тұтынушылар қоғамының және Қазақ Азық-түлiк халық комиссары өкiлдiктерiнiң бөлiмшелерi құрылды. Олар жер-жерде азық-түлiк дайындап, оны республикаға жеткiзу жұмысын ұйымдастырады.

…Азық-түлiк дайындауға жұмсалатын ақшадай қаражатты көбейту және салық пен пайыздық аударуды қысқарту мақсатымен ашыққандарға көмек жөнiндегi Орталық комитет үкiмет лотореясы мен почта маркаларын шығаруға кiрiстi. Конверттерге жапсырылатын ол маркалар "Ашыққандар үшiн" деп аталады. Сондай-ақ, материалдық ресурстар орталықтан фабрика-заводтары мен қолөнер кәсiпшiлiктерiнiң қайырымдылық көмегi ретiнде жiберiлiп, ашыққандар арасында таратылады. Қаражаттың бiр бөлiгi аш-жалаңаштарға киiм тiгуге жұмсалады".

ОТҚА ҚАРАП ҚАЛҒАН ОТБАСЫЛАР

Конференция кезек күттiрмейтiн iс-шараларды да белгiледi. Олар:

1. Азық-түлiк ресурстарын дайындауды күшейтiп, оларды тиiстi аудандарға жеткiзу керек;

2. Қайырымдылық көмектi ұлғайту мақсатымен он тоқ адамға бiр ашты асырау жүктелiп, бiр тоқ болысқа аштыққа ұшыраған бiр елдi мекендi телу жөнiнде үгiттi күшейту қажет;

3.Тұқымдық астықты уақытында алып, өңдеп таратуға орай төтенше шаралар қабылдансын;

4. Кеңқұлашты жұмыстар жүргiзiп, кәсiптiк артельдердiң көлемiн барынша ұлғайту шарт;

5. Аштықпен күрес жөнiндегi күллi халық комиссариаттары мен өлкелiк ұйымдардың жұмысы күшейтiлуi тиiс;

6. Азық-түлiк тиелген авто-жүк көлiктерiн жедел ұйымдастыру жолымен аштыққа ұшыраған қыр қазақтарына айрықша көңiл бөлген абзал;

7. Жұт пен аштықтың салдарынан отқа қарап қалған қазақтардың мал шаруашылығын малмен жабдықтау жөнiнде жедел шаралар қабылдансын. (ҚР Президентiнiң мұрағаты, 139-көр, тiзбе, 545 б-iс, 20-25 беттер, 1922 жылы республика Кеңестерiнiң II съезiнiң шешiмi бойынша Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетiнiң Бiрiншi қызыл керуенi ұйымдастырылды. Оны Әлiби Жангелдин жасақтады. Бұл керуен мамыр-шiлде айларында Орск-Торғай-Атбасар-Ақмола-Петропавл-Павлодар-Қарқаралы-Спасск-Екiбастұз-Семей маршруты бойынша жүрiп өтiп, үгiт-насихат жұмыстарын жандандырған нақты көмек көрсеттi. "Қызыл керуен" бастығы ашыққандарды көре тұрып, қол ұшын бермей тағы тұра алмады. "Ақмола өңiрi ашаршылыққа ұшыраған жоқ" деген тезиске қарсы шыққан Ә.Жангелдин бұл өңiрдi ашаршылық аймағы деп тануға бар күш-жiгерiн жұмсады һәм өзiнiң атынан нақ осындай жарлық та берiп жiбердi. Алайда бұл мәселе облыстық комитеттiң 1922 жылғы 31 қазанындағы Пленумында арнайы қаралып, мынадай қаулы қабылданды:

"Қызыл керуеннiң" әртүрлi бұйрықтар шығарып, таратуы керуеннiң уәкiлеттiгiне жатпайтын, жол беруге болмайтын iс екенi атап көрсетiлсiн. Атап айтқанда, Атбасар уезiн ашаршылыққа ұшыраған деп тану туралы бұйрық жергiлiктi жердегi жұмыстың шырқын бұзатын, жол беруге мүлдем болмайтын бұйрық деп саналсын".

Асылы, осынау қаулыға түсiнiктеме берiп жатудың қажетi болмас. "Жаманды жасыру, жақсылықты асыру" принципiн ұстанған партократтар, әсiресе қызыл коммунистер болмысын айқын танытып, нақты көрсететiн құжат қой бұл. Демек 1922-1932 жылдар аралығындағы талай былықтар тарихтың тылсым тасасында қалып қойғаны ақиқат.

Тұтастай алғанда 1921 жылы және 1922 жылдың басында коммунистер партиясы аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетудiң орнына олардың жағдайына тек талдау жасаумен ғана болды. Ал мемлекеттiң бұдан кейiнгi кездегi көмегi де мәз емес.

Қазақ экономикалық мәжiлiсiнiң мәлiметi бойынша 1920 жылы республикада егiс көлемi 3273 мың, ал 1922 жылы 1.617 мың десятина болған екен. Демек тұқымның жетiспеуiнен көптеген егiс танаптары бос қалған.

Мәселен Қазақстанда 1921 жылдың қараша айында ашыққандардың саны 1.558.327 адам болса, мемлекет бар болғаны 139.000 азық-түлiк паегiмен (сыбағамен) қамтамасыз еткен, яки ашыққандардың тек 9 пайызы қамтылған. Ал 1922 жылдың қаңтарында паекпен қамтамасыз ету 11,3 пайызға ғана жеттi. Мұның өзi қызыл коммунистер мен атқамiнерлердiң, әсiресе белсендiлердiң туған-туысқандарына, көңiлi жақындарына берiлдi.

Ашыққандарға көмек көрсету жөнiндегi Орталық Комиссияның деректерi бойынша 1921-1922 жылдары Кеңес елiне шетелдерден жалпы құны 200 миллион 300 мың сомның, яки 120 миллион пұт азық-түлiк жөнелтiлiптi. Мiнеки, осындай нақты көмекке қарамастан аштық 1921 жылдың аяғы 1922 жылды басында жаңа аймақтарға да жайыла бастады. Сондықтан 1921 жылы желтоқсан айында Мәскеуде кеңес өткiзiлiп, оның шешiмдерiнiң орындалу барысы туралы мәселе 1922 жылы маусым айында Самара қаласында өткен конференцияда қаралды. Конференцияға Қырым, Татарстан, Башқұртстан, Қазақстан, Чувашия, Марий елдерi және Қалмақ облысынан, Едiл немiстерi облысы мен Астрахань, Перм, Самара, Саратов, Симбирск, Тюмен, Царицын губернияларынан 71 делегат қатынасты. Сонымен бiрге Қазақстан делегациясынан бөлек Орынбор және Орал губернияларының өкiлдерi жеке қатысты.

Конференция шаруа қожалығын өркендетуге бағытталған бiрқатар кезек күттiрмейтiн шараларды белгiледi. Қазақстанға байланысты "Заттай ет салығы туралы" декрет қабылданды. Ол бойынша көшпелi, жартылай көшпелi қазақ жұрты ет салығынан босатылды. Қазақ АССР-не ауыл шаруашылық машиналарын және құралдарын сатып алу үшiн 25 миллион сом бөлiндi. Бiрақ жоғарыда айтылғандай, осынау шаралар мүлде кешеуiлдеген-дi әрi мұның өзi зұлматқа ұшыраған аймақтың жұмырына жұқ болған жоқ. Айталық, мемлекеттiк тұқым беру көмегiнiң мөлшерi жөнiнде сандық мәлiметтердi зерттей келе, төмендегiдей көрiнiстi байқауға болады:

1922 жылы Қазақстанға 3.992.450 пұт тұқым бөлiндi. Ол 798.490 десятина жерге егiн салуға мүмкiндiк бердi. Егер Қазақстанның егiс көлемi шамамен 1,6 миллион десятина болғандығын ескерсек, онда барлық егiс көлемiнiң 50 пайызына ғана егiн себiлгендiгiн көремiз. Қазақстан азық-түлiк салығы ретiнде мемлекетке астық пен ет өткiзудi жалғастыра бердi.

1922 жылы РСФСР азық-түлiк комиссариаты Қазақстанға азық-түлiк салығы ретiнде 1.629.000 пұт тұқымдық бидайды Едiлге жөнелту туралы нұсқау бердi. Тапсырыс дер кезiнде орындалады. Жалпы алғанда, Қазақстаннан 1.668.671 пұт астық жөнелтiлдi, оның 24.000 – Астрахань губерниясына, 200.035 – Түркiстанға, 600.817 – Саратов губерниясына, 451.996 – Самара губерниясына, 381.823 – Урал ауданына жiберiлдi. Ал бұл кезде қазақ ауылдары қынадай қырылып жатқан болатын.

Ал Қазақстандағы болар-болмас оң өзгерiстер тек 1922 жылдың екiншi жартысынан ғана байқала бастады. Республиканың егiс көлемi – негiзiнен Орынбор губерниясының есебiнен 20 мың десятинаға өстi. Ал зардап шеккен аудандардағы қазақтардың негiзгi кәсiбi болып есептелетiн мал шаруашылығының халi өте мүшкiл болды, мал басы 1923 жылы 6610 мыңға дейiн құлдырады. Шығын болған малдың орнын толықтыру шараларын халық өз күшiмен шешуге мәжбүр болған. Себебi мемлекет тарапынан еш көмек көрсетiлмеген едi.

1923 жылы ауа-райы қолайлы болды. Сондықтан астық тәуiр шықты. Бiрақ 1924 жылы елде тағы қуаңшылық белең алып, халық қайтадан астықсыз қалды.

СЕЙIТҚАЛИ МЕҢДЕШЕВ ШАРАСЫЗ ЕДI

ХХ ғасырдың 20-шы жылы республика басшылығына сайланғанда Сейiтқали Меңдешев әлi қырыққа толмаған едi. Меңдешев басшылығы тұсында Қазақстанға 758 мың шаршы шақырым жер қосылды. Аштыққа қарсы Төтенше комитеттi өзi басқарды. Мұрағат құжаттарына қарағанда С.Меңдешев ашыққан халықты басқа жақтарға көшiрудi жоспарлаған. Алайда темiржол құрамаларының болмауы және суықтың ерте түсiп кетуi себептi бұл жоспар жүзеге аспады. Қазақ даласы ашығып жатқанмен Орталық Азық-түлiк халық комиссариаты республикадан азық-түлiк жинауды тоқтатпады. Осыған орай Меңдешев Москоммуна, Петрокоммуна дайындаушы органдарының Қазақ автономиясындағы жұмысын тоқтатуды талап еттi. РСФСР Азық-түлiк халық комиссариатынан Қазақстандағы губернияларына салық салмауды сұрады. Бүкiлодақтық Орталық Атқару комитетiнен ашыққандарды сақтап қалу үшiн 50 миллион рубль бөлудi өтiндi. Комиссия 2 миллион адамдар зардап шектi деп есептейдi. Ақыры Мәскеу Қазақстандағы Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей, Орынбор губерниялары мен Адай уезiн аштыққа шалынды деп танып, оларды салықтан босатты. Ресейден тұқым, астық келе бастады. Меңдешевтiң ашыққандарға көмектесетiн төтенше комиссияны басқарған жұмысы республика Кеңестерiнiң II съезiнде тәуiр бағаланды.

Сейiтқали Меңдешев аштықпен күресу барысында жеке өнеге көрсеттi. Өзiнiң автобиографиялық парақшасында "Туған балаларымен бiрге Рахима мен Гүлсiм деген екi қызды тәрбиеледiм. Оларды 1922 жылы Жұрым стансасында аштан өлгелi жатқан жерлерiнен асырап алдым және фамилиямды бердiм" деп жазған.

1921 жылғы жер-су реформасы Қазақстан өмiрiнен ерекше орын алады. Ол қазақтардан кезiнде патша үкiметiнiң аграрлық саясат арқылы тартып алған жерлердi қайтаруды көздедi. Переселендерге кесiлiп берiлген межелер алынып тасталды. Одан кейiн қазақтардың шаруашылығын Орал, Ертiс және Есiл өзендерiне он шақырымнан жақын жолатпай, өзен бойын Сiбiр мен Орал казачествосына бергiзген патша шешiмiнiң күшiн жойды. Ол жерге қатысты жиырма маңызды заңдарға қол қойды.

Меңдешев Қазақстанды басқарған тұста мемлекет экономикаға әкiмшiлдiк жүйе орната бастады. Бiрақ әлi де болса шаруашылыққа ықпал ету салық жүйесi арқылы жүргiзiлдi. Меңдешевтiң ұсынысы бойынша барлық шаңыраққа бiрдей салық салу тоқтатылды. Қазақты кедей, орташа және бай топтарға бөлетiн жаңа салық актiсi қабылданды. Бес iрi қараға дейiн малы барлар кедейге жатқызылып, соған орай салықтан босатылды. Қазақ шаруаларының 70 пайызы кедей деп табылды да, салықтан босатылды. Iрi малының басы бестен көп адамдарға салықтың үдемелi түрi қолданылды. Соның арқасында неғұрлым малды болғандарға, салық соғұрлым көп салынды.

1923 жылы республика коммунистерiнiң үшiншi конференциясында iрi байлардың малын таратып беру мәселесi талқыланды. Меңдешев конференцияда сөз сөйлеп, тәркiлеу керек-ақ, бiрақ оған әлi ертерек дейдi. Дайындық жұмыстарына кiрiсудi ұсынады. (ҚР Президентi мұрағатының 139, 140, 141 – қорларынан алынған құжаттар бойынша).

АШТЫҚТЫҢ ЕЛЕСI КЕЗУДЕ

1924 жылғы ахуал

Аштық 1924 жылы да қазақ даласын шеңгелiнде ұстап тұрған. Құжаттарда бұл:

"…Шаруа шаруашылықтарының саны соңғы үш жыл iшiнде үштен бiрiне дерлiк кемiп кеттi. 1920 жылғы 857 480 шаруашылықтан 1923 жылы 600 683-ке дейiн, мал саны 1915-1917 жылдармен салыстырғанда үш есе кемiдi… биылғы жылы егiннiң шығымдылығы орташа алғанда ашаршылық болған 1921 жылғыдан бетер төмен (тақтасынан – 16,3 пұттан).

"…Егiс көлемi 1923 жылы 25 пайызға артты, бiрақ жалпы түсiмi егiн шықпай қалуы салдарынан бұдан бұрынғы жылдардың бәрiнен аз, 1915-1917 жылдардағы орташа есептегi 144 миллион пұттың орнына, 29 миллион пұт болды. Егiннiң мұншалықты шықпай қалуының салдарынан Қазақ АССР-iнде қазiрдiң өзiнде ашаршылық өршiп тұр, көптеген болыстарда халық суррогаттармен қоректенуде…" (ҚР Президенттiң мұрағаты, 140-қор 1-тiзбе, 2-iс, 175-177-беттер) деп көрсетiлген.

Егiннiң шықпай қалуы, мал санының күрт кемуi, халықтың әл-ауқатының төмендеуi, бұқараның күйзелуi жыл сайын байқалып отырған.

Академик М.Қозыбаевтың мәлiметтерi бойынша 1922 жылы ауыл-село халқы – Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Торғай губернияларының халқының үштен бiрi азайған. 700 мыңнан астам адам – оның iшiнде Ресей мен Украинадан қоныс аударып келген шаруалар да бар – республика көлемiнен тысқары жерлерге кетiп қалған. Коммунистер билiкке келген сәттен бастап Алаш даласы аштықтан көз ашпай қойды. Қазақ халқының алдында 1931-1933 жылғы нәубет тұрды.

Тiлеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Жалғасы бар