Мұсайып ҚҰСАЙЫНҰЛЫ: ӘН ДЕ ЖАЗДЫМ, ОПЕРА ДА...

Мұсайып ҚҰСАЙЫНҰЛЫ: ӘН ДЕ ЖАЗДЫМ, ОПЕРА ДА...

Мұсайып ҚҰСАЙЫНҰЛЫ: ӘН ДЕ ЖАЗДЫМ, ОПЕРА ДА...
ашық дереккөзі

Жақында Қазақ елi тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған композитор Мұсайып Құсайынұлының "Шашу" атты шығармашылық кешi өттi. Кештi Қазақстан Композиторлар одағы ұйымдастырды. Мұсайып Құсайынұлының төл туындылары мен оркестрге өңдеген халық күйлерiн Қазақтың мемлекеттiк Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрi орындап, тыңдаушының құлақ құрышын қандырған едi. Бiз осы орайда музыкант, композитор Мұсайып Құсайынұлын әңгiмеге тартқан едiк.

– Мұсайып Құсайынұлы, жалпы шығармашылығыңыз жайында оқырманға аз-маз дерек бере кетсеңiз…

– 1956 жылы Баян-Өлгий аймағында ұлттық музыкалық драма театры ашылды. Содан кейiн ұлт аспаптар оркестрiн құру идеясы көтерiлдi. Сол үшiн Советтiк Қазақстаннан арнайы мамандар шақырылды. Сол кезде Хабиболла Тастановтың келгенi есiмде. Сонымен қатар, ұлттық аспаптарды жасаудың шеберi, осындағы Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiнiң бiраз аспаптарын жасаған Қамар Қасымов атты шебер келдi. Шебер аспаптарды дайындады, Хабиболла Тастанов ойдағы-қырдағы таланттарды iздеп, ұлт аспаптар оркестрiне мамандар дайындай бастады. 1959 жылдың желтоқсан айында оркестрдiң тұсауы кесiлдi. Ол кезде Баян-Өлгийде би, балет, драма т.б. мұғалiмдерi болмады. Олардың көбi Ұланбатырдан, кейiн Қазақстаннан келе бастады.

Ал 1960 жылы Моңғолияның астанасы Ұланбатырда Баян-Өлгий аймағының мәдениетi мен өнерiнiң он күндiгi болды. Он күндiк жақсы өттi. Осыдан кейiн Үкiметке өз кадрларымызды дайындау жайлы мәселе қойылды. Сөйтiп төрт сыныпқа төрт мұғалiмдi Қазақстаннан даярлау қажеттiгi айтылды. Мен "Аргагүй амраг" деген моңғолдың халық әнiн жеке домбырада орындадым, халық өте жылы қабылдады. Екiншi кезекте "Сарыарқаны" жеке домбырада тартып жатқан болатынмын, бiр кезде домбырамның тиегi ұшып кеттi. Бiрақ тиегiне қарамай, соңына дейiн тартып шықтым. Алдыңғы әннiң әсерi ме екен халық бұл жолы да дүркiрете қол соқты. Сонда көрермендердiң алдында отырған сол кездегi Моңғолия коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң бас хатшысы Ю. Цэдэнбал төртеудiң бiрiне мына баланы жiберейiк дептi. Алғашында Улан-Удэге жiбердi. Ондағы негiзгi мамандықтар – клуб меңгерушiсi, кiтапхана меңгерушiсi секiлдi болды. Мен оның жөнiн бiлгеннен соң, уақытты бекер зая кетiргiм келмедi. Моңғолияның КСРО-дағы елшiсiне және Мәдениет министрлiгiне хат жолдап, Консерваторияға оқуға барғым келетiнiн айттым. Күзде маған арнайы рұқсат жiберген екен.

1962 жылы желтоқсан айынан Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға ауыстырылдым. Сөйтiп ұлт аспаптар оркестрi класында оқи бастадым. 1967 жылы консерваторияны үздiк аяқтап Баян-Өлгийге оралдым. Сол жылдары Сәбит Мұқанов бастаған делегация Баян-Өлгийге келдi. Iшiнде менiмен бiрге оқып бiтiрген, Дина Нұрпейiсованың рөлiн сомдаған Бақыт Қарабалина бар, кейiн халық әртiсi атанған Мұрат Мұсабаев, қырғыздың Сұраншиев деген мықты әртiсi бар. Консерваторияда оқып жүргенiмде өте мықты ұстаздардан дәрiс алдым. Мысалы музыка теориясының оқулығын жасаған Дубовскийден тәлiм алдым. Құрманғазы оркестрiнiң негiзiн қалаған Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Шамғон Қажығалиев, Хабиболла Тастанов секiлдi қазақ музыкасының классиктерiнен дәрiс алып дирижер мамандығымен Консерваторияны тәмамдадым. Оқуымды аяқтап, қайта оралғанда Баян-Өлгийде Мәлғаждар Әубәкiров оркетрдi басқарып жүр екен. Мен келгеннен кейiн екi айдан соң Қазақстанға керi қайтты. Сөйтiп сол жылы Баян-Өлгий аймағындағы ұлт аспаптар оркестрiн қолыма алдым, тек 1992 жылы Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялап, шетте жүрген қазақтарды тарихи Отанына шақырғаннан соң ғана, оркестр тiзгiнiн өзгеге берiп, Қазақстанға бет түзедiм.

– Қандай қызметтер атқарып тұрдыңыз?

– Ол жерде композитор, зерттеушi, музыка өңдеушi болмады. Осы қызметтердiң барлығын өзiмiз атқаруға тура келдi. “Қысылғанда қымыран iридi” дейдi ғой. Қысылғанда пьесаның да, бидiң де музыкасын да өзiмiз жазып жүрдiк. Кейде даталы күндердiң концерттiк бағдарламасын жасап, соған арналған шығармалар жазуға да тура келдi. Солай тырмысып жүрiп, ән, күйден бастап, опера жазуға дейiн жеттiк. 30-40-тай ән, оншақты күй жаздым. Үлкен көлемдi симфониялық шығармалардан "Жеңiс" увертюрасы дүниеге келдi. Сол секiлдi 5-6 симфониялық шығарма жаздым.

Сонымен қатар, Баян-Өлгийдегi алғашқы дүниелер маған тән болды. Сол жылдары "Шайқас алдында" деген алғашқы көркемсуреттi фильм түсiрiлген едi, сол фильмнiң музыкасын жаздым. Тарихшы-этнограф Биқұмар Кәмалашұлы "Бүркiт" деген деректi фильм түсiрдi. Сол фильмнiң де музыкасын жазу менiң маңдайыма бұйырыпты.

Консерваторияны бiтiрiп келгеннен кейiн, Хандсүрэн атты режиссер "Тың қызы" деген балеттiң либреттосын жазып, маған музыкасын жазуды тапсырды. Сол балетiмiз жаман шыққан жоқ. Сосын Ақтан Бабиұлының "Ақиық" поэмасының негiзiнде "Бүркiт" балетiн жаздық, ол төрт перделi, алты суреттi, толық метражды шығарма болды. Балет те қолдан келетiндiгiн дәлелдегеннен кейiн, операға ауыз салдық. Ақын Имашхан Байбатырұлы "Керiм-ау, айдай!" операсының либреттосын жазып әкелiп, оған музыка жазуды тапсырды. Сол кiсiнiң түртпектеуiмен алғашқы операны да дүниеге келтiрдiм. Биыл күзде Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында, Талдықорған қаласында осы операм сахналанбақ. Композиторлар одағы оған дайындықты бастап кеттi.

Сол жылдары би, драма, музыка және хордың мұғалiмдерiн даярлау мақсатында 4 адамды Қазақстанға оқуға жiбередi. Олар – Моңғолияның еңбегi сiңген қайраткерi Қабыкей Ахмерұлы, Моңғолхан Арғынбайұлы, Күләхан Шәкiртбайқызы және Шерiкбай Құрманжанұлы деген кiсiлер. Ол кiсiлер қайта оралғаннан кейiн Моңғолхан драмаға, Қабыкей музыкаға мұғалiмдiк етiп кеттi де, Шерiкбай қалт-құлт шаруасын атқарған болып жүрдi, ал Құдахан хорға жетекшiлiк ете алмады. Театрға қызметке тұрғаннан кейiн, алты айдан соң менi әуелi әртiстiкке қабылдады да, сосын хордың мұғалiмi етiп тағайындады. Сөйтiп хордың мұғалiмi қызметiн бiр жыл атқардым. Сондай-ақ оркестрдiң дирижерi, оркестрдiң көркемдiк жетекшiсi, театрдың көркемдiк жетекшiсi, театрдың директоры секiлдi қызметтер атқардым.

Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының соңында Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласында ұлттық театрдың ғимаратын салу iсi қолға алынды. Ол кезде мен осы театрдың жетекшiсi едiм. Бiзге Моңғолияның iшкергi өлкелерiне салынған бiр театрдың жобасын ұсынды. Бiрақ бiз ол жобадан бас тартып, Баян-Өлгийдiң қазақ ұлттық аймағы екендiгiн көлденең тартып, бiзге ұлттық нақыштағы ғимараттың қажеттiгiн айттым. Сөйтiп, Алматыдағы Опера және балет театрының жобасымен театр салуға рұқсат алдық. Ал оған қажеттi аспаптар, актерлардың киiмi, т.б. дүниенiң барлығын Алматыдан алғыздық. Бiр жылда Алматыға төрт рет жол салғаным бар. Ол кезде шетелге шығу үшiн тек қана Орталық Комитеттiң Қаулысы қажет едi. 1989 жылы тұңғыш рет "Сыбызғы сазы" атты фольклорлық-этнографиялық ансамблiн құрдық. Осыған қажеттi аспаптардың барлығын да Қазақстаннан алдық.

– Сонда сол кездегi Қазақстан мен Баян-Өлгий арасындағы мәдени байланыс өте жоғары болған ғой?

– Әлбетте. Әсiресе, өнер мен әдебиетке қатысты зиялылардың бәрi Қазақстанда бiлiм алды. Кiтаптың барлығы Қазақстаннан келетiн. Баян-Өлгийдiң өнерiн дамытуды да Қазақстан өз мойнына алған едi.

– Қазiр неге ондай байланыс жоқ?

– Қайта құру басталды, Қазақстан тәуелсiздiгiн алды. Сонымен қатар, нарықтың қатал заңы белең алды. Әркiм өз күнiн күйттеп кеттi. Мәселен 1992 жылы жаңағы ұлттық театрдың ашылуында болған едiм. Төрт жылдан кейiн, 1996 жылы қайта барғанымда, сол театрдың сахнасы мен сол қабаттан өзгесi жалға берiлiп кеткен екен. Ал ол театрдың салынуына, жабдықталуына Қазақстан көп көмектестi. Киiмнiң үлгiсiн жасап бердi, кейбiр киiм кешегiн өзi бердi, музыкалық аспаптарды жеткiздi.

– Сiздер сол 1960-1992 жылға дейiн жасаған еңбектiң жұрнағы қазiр Баян-Өлгийде қалды ма?

– Жалпы, мүлдем құрып кететiн дүние деген болмайды. Дегенмен ондағы рухани әлеует 1991 жылдан бастап құлдырай бастады. Театрдағы мықты әртiстер, суретшiлер, бәрi де Қазақстанға көше бастады. Мен кеткенде құрамында 52 кiсiсi бар оркестр бар болатын. 1998 жылы барғанымда, 12-ақ адам қалыпты. 2000 жылы Баян-Өлгий аймағының құрылғанына 60 жыл толуына орай барғанымда, оркестрдiң құрамында 14 адам болды. Содан он жылдан кейiн, былтыр Баян-Өлгий аймағының құрылғанына 70 жыл толуына орай бардым. Көңiлiм бiрталай марқайып қайтты. 19 адамдық оркестр ойнады. Театрдың өзi күрделi жөндеуден өткiзiлiп, орындығы жаңаланыпты. Баян-Өлгий аймағының басшылары руханиятқа көңiл бөлiп, оны қалпына келтiрудi мақсат ете бастаған секiлдi. Былтырғы 70 жылдық той да ерекше өттi. Қазақтың ежелгi салт дәстүрлерiне, этнографиясына ерекше көңiл бөлiндi. Қысқасы, өнер, мәдениет саласы қайтадан жандана бастаған екен.

– Жалпы оркестрге қанша күй түсiрдiңiз?

– Жүзден астам халық әндерi, халық күйлерi, классикалық шығармаларды өңдеп түсiрдiм. Соның iшiнде ең көлемдiсi – Евгений Брусиловскийдiң "Қыз Жiбек" операсы. Оны әрi ұлт аспаптар оркестрiнде орындау мүмкiн емес дүние едi. Бiрақ бiз тәуекел еттiк. Баян-Өлгийдiң ұлт аспаптар оркестрiне "Қыз Жiбек" операсын түсiру үшiн осында оқып жүрген жылдарымда ерiнбей-жалықпай операның клавирiн көшiрген едiм. Соның пайдасы тидi. 1972 жылдан 1992 жылға дейiн ол сахнадан түспедi. Халық та жылы қабылдады. Сол секiлдi Бетховеннiң, Штраустың симфонияларын оркестрге түсiрген едiм.

– Қазақстанға оралғаннан кейiн қандай дәрежеде бағаландым деп ойлайсыз? Шетелде қазақтың талай рухани байлығы жатыр ғой, соны қамтып қалуға, сақтап қалуға деген талпыныс байқала ма?

– Қазақстанда барлық өнердiң негiзi бар. Оны түсiне бiлетiн өре бар. Менiң музыкам баянөлгийлiктер үшiн түсiнiксiз болса, мұнда жоғары бағаға ие болды. Мәселен жақында Алматыда өткен концертiмде Композиторлар одағының жетекшiсi Балнұр Қыдырбекқызы менiң "Жеңiс" увертюрама "аса бiр шалқыған щабыттың нәтижесiнде дүниеге келген шығарма" деген баға бердi. Сол шығармам аймақта көркемдiк кеңесте талқыланғанда, көркемдiк кеңестiң жетекшiсi, аймақтық партия комитетiнiң үшiншi хатшысы "Бiздiң ақша-қаражат шығарып, шетелден оқытқан балаларымыз осындай шимай-шатпақ жазады" деген едi. Сосын әлгi шығарманы екi күн отырып, симфонияға түсiрiп, Ұланбатырға жiбердiм. Он күннен кейiн "Моңғолияның Композиторлар одағының съезi болады. Осы съезде сiздiң "Жеңiс" увертюраңыз орындалады. Он күн бұрын келiңiз" деген шақыру келдi. Үлкен шығармалардан он сегiз шығарма келiптi. Осы симфония он сегiз шығармадан бiрiншi орын алды. Сол шығармам қырық жылдан кейiн өткенде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрiнде ойналды. Қазақстанға келгеннен кейiн, бес-алты жыл Алматы облысының Сарқан ауданында мұғалiмдiк қызмет атқардым. Қазақстанның өзiнде де руханияттың абдырап қалғаны рас. Тек 2007 жылдан кейiн Композиторлар одағы қайта құрылып, ендi ғана нақты iс-шаралар қолға алынып жатыр ғой. Сол одақтың басшыларына жаңағы "шимай-шатпақ" "Жеңiс" увертюрасын көрсетiп едiм, олар қуана қабылдады. Демек мұнда да жол салған сол "шимай-шатпақ".

– Рахмет!

Есенгүл Кәпқызы