Жаңалықтар

КЕДЕН КОМИТЕТIНЕ КЕЗЕКТI БАСШЫ КЕЛДI

ашық дереккөзі

КЕДЕН КОМИТЕТIНЕ КЕЗЕКТI БАСШЫ КЕЛДI

Соңғы кезде билiк тармақтарында сыбайлас жемқорлық пен iрi қылмыстық оқиғалардың тiркелуi жиiлеп кеттi. Жақында ғана Жоғарғы соттың бүкiл халық имандай сенiп жүрген алты бiрдей судьясы қызметiн асыра пайдаланып, сыбайластыққа жол берсе, өткен аптада Кеден саласындағы 100-ден аса мүшесi бар iрi қылмыстық топтың әшкереленуi жұрттың жағасын ұстатқан.

Газетiмiздiң өткен санындағы "Дон Корлеоненiң қазақстандық iзбасарлары…" (№18, 5 мамыр) атты мақалада Қытайдан Қазақстанға контрабандалық жолмен тауар тасымалдаумен айналысқан 100-ден астам адамнан құралған аса iрi қылмыстық топтың құрықталғанын жазғанбыз. 2006 жылдан берi "Қалжат" және "Қорғас" кедендiк бекеттерiнде "көлеңкелi" кәсiппен қалтасын қампайтып келген қылмыстық топ 32 көлiкке тиелген 1 жарым миллиард теңгенiң заңсыз тауарын тәркiлегенде ғана анықталды. Осыншама уақыт жүк тиелген автокөлiктiң әрқайсысынан 25-30 мың АҚШ доллары көлемiнде заңсыз ақшаны қалтасына басқан жемқорлардың атында пәленбай мекеме мен дүние-мүлiктiң бар екендiгi белгiлi болды. Бiр айта кетерлiгi, 2007 жылдан берi Кедендiк бақылау комитетi төрағасы қызметiн атқарып келген Қозыкөрпеш Кәрiбозов та орнынан кетiп тынды.

Сөйтiп, Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағалығына жаңа басшы тағайындалды. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов 52 жастағы, бұрын Iшкi iстер министрi қызметiн атқарған Серiк Баймағанбетовтi таныстырды. Қазақстанда аса iрi ұйымдасқан қылмыстық топтың әшкереленуi елiмiздегi сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң бiр белесi. Кейбiреулер бұл заң орындарының теңдессiз табысы деп отыр. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттiң миллиардтаған ақшасымен қалтасын қампайтып келген араны ашылған қасқырларды құрықтау оңайға соқпапты. Жалғанды жалпағынан басып жүрген қылмыстық топ мүшелерi тауар тола ала қаптарды алдымен Қытайда тастүйiн етiп, қазақ жерiне асырып отырған. Шекарадан еш кедергiсiз өткен жүк Алматы қаласы мен Алматы облысындағы қоймаларға әкелiнiп, ҰҚТ-тың бақылауымен жалған құжаттармен рәсiмделедi. Топ iшiнде қатаң тәртiп сақталған. Жолда жүктiң бөгетсiз жылжуын қамтамасыз ететiн арнайы адамдар тағайындалған көрiнедi. Олар әрбiр "операциядан" соң ҰҚТ мүшелерi басшыларына өткен көлiк саны, ақшалай түсiмi туралы толыққанды есеп бередi екен.

Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Нұртай Әбiқаев: "Кедендiк бекеттегi ұйымдасқан қылмыстық топты анықтауды Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi тапсырған болатын" – деген мәлiмдеме жасады. Оның айтуынша, бұл операция ұзақ уақыттан берi дайындалған. Оны iске асырған Қаржы полициясына қалған органдар мен ведомоствалар жаппай көмек көрсетiптi. "Бұл – зұлымдық, контрабанда барлығымызды мезi ғып бiттi, сондықтан бұл iстi бiз соңына дейiн жеткiземiз", – дедi Әбiқаев. Ол сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күресте ведомство аралық қиыншылықтар жоқ екендiгiн айтты. "Бiз – мемлекет, билiк бiр жағындамыз және олар – бiздiң экономиканың жауы, олар – халық жауы", – дедi ҰҚК-нiң төрағасы.

– Бұл – шекарада тәртiп орнату үшiн жасалған шара. Кедендiк шекара ендi – тек Қазақстанның шекарасы ғана емес, Кедендiк одақ шекарасы. Демек ол жердегi қылмыс жасағандардың барлығы қай органда қызмет етсе де, қатаң жазаланады, – деп толықтырды өз пiкiрiн Н.Әбiқаев мырза.

Бұл мәселе бойынша Парламент депутаттары да өз ойларын бiлдiрiп жатты. Мәселен депутат Мұрат Әбенов: "Соңғы оқиғалар құқық қорғау органдарына деген халық сенiмiн күшейтiп, барлық басшыларды қызметтерiне қарамастан орнынан босатып, қатаң шара қолданып жатқанын ел жақсы қолдап жатыр", – десе, "Атамекен" ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Владимир Дворецкий: "Жемқорлық ҰҚТ-ға қолайлы жағдай туғызады. Соңғы болған жағдай қоғамның бұл дертпен күресе алатынын көрсеттi. Жемқорлықты түпкiлiктi жою мiндет", – дегендi кесiп айтты.

Осылайша бұрынғы экс-министр Серiк Баймағанбетов Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағалығына қонжиды. Басынан дау-дамай кетпейтiн кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу оңай шаруа емес. Дегенмен кезiнде Экономикалық қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi төрағасының орынбасары қызметiн атқарған бiлiктi басшыға үлкен сенiм артуға болады дейдi бiлетiндер.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ