ТЕЛЕДИДАР: ШОРҚАҚ ОЙ, ШҰБАРЛАНҒАН ТIЛ

ТЕЛЕДИДАР: ШОРҚАҚ ОЙ, ШҰБАРЛАНҒАН ТIЛ

ТЕЛЕДИДАР: ШОРҚАҚ ОЙ, ШҰБАРЛАНҒАН ТIЛ
ашық дереккөзі

"Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, түсiнер, уайым қылар деп айтқанмын" – демеп пе едi ұлы ақын?! Сол айтқандай, қазiргi қазақ телеарналарындағы журналистердiң тiлге шорқақтығы, қазақтың шырайлы да шұрайлы, ақпа-төкпе шешен, ұшан-теңiз бай тiлiнен бейхабарлығы, тiлiмiздi шұбарлап, бүлдiрiп сөйлейтiнi туралы айтылып келе жатқанына талай жылдың жүзi болды. Амал не, айтқан ақыл далаға кетiп, бiлген сөз үрген сөзбен бiрдей болғанына әбден көз жеткендей.

Соның кесiрiнен қазiр телеарналарды қарап отырып, қазақ тiлi небiр күлдi көмеш күйге түсiп кеткенiн көрiп, қайран қазақ тiлiн бұлар көп ұзамай қандай күйге душар етер екен деген уайым жейдi жаныңды. Өйткенi теледидардан айтылған сөз адам миына тiкелей әсер етедi. Теледидарда бүкiл жағдаят бейнекөрiнiс арқылы баяндалып, оның үстiне сөйлеп тұрған адамның қимылы, үнi арқылы өте тез қабылданады. Ал телеарналардағы кейбiр шолақ ойлы журналистер өз жауапсыздықтары, iзденудi қажет деп таппайтын дүмшелiктерiнен тiлiмiздi аяусыз шұбарлап жүргендiктерiн мойындағысы келмейдi.

Мiне, бiздiң елiмiздегi осы бiр ақпараттық озбырлықты озықтық деп есептеп, орыс тiлiн Құддыстай құрметтеп отырғандықтан, телеарналар тiлiмiздi ту-талақай етiп, негiзiнен орысшаның аударма тiлiне айналдырып болып та қалды.

Қасқырда қауқар қалмаса,

"Апа" дейдi ешкiнi, – деп Тұрмағанбет Iзтiлеу айтқандай әлi де болса өз қауқар-қуатына мiне алмай отырған қазыналы қазақ тiлiн бұлайша аударма тiлге айналдырудың обалы кiмге? Қазақ тележурналистерiнде десек қателесе қояр ма екенбiз? Сөзiмiз жалаң, жаптым жала болмауы үшiн назарды нақты мысалдарға аударайық.

"Хабар"

1. Жоба несiмен ерекшеленедi (21.02.2011)

2. Iске қосылу өттi

3. Мемлекеттiң тарапынан болған көмектiң арқасында (Отырар ауд. Түйе шаруашылығы туралы)

4. Қай-қайсысы болмасын анда-санда ойнайтынын айтады.

5. 2 сағатқа созылған өнер кешi қарағандылықтарға рухани ләззат сыйлады.

6. Ресми сапары болады деп күтiлуде.

7. Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы бұл комбинат қандай жетiстiкке жетпек…

8. Сыртқы айналым 89 миллионды құрады.

9. Полиомиэлитке қарсы егу шарасы жалғасын табады.

10. Елiмiздiң 15 өңiрiнен дауыс жинап…

11. Уағдаластыққа қол жеттi.

12. Бұл шаралар кешендi болмаған соң нәтижеге қол жеткiзу мүмкiн болмады.

13. Кешендi шараларды жүзеге асыру аясында.

14. Өркениеттi тiршiлiк салтанат құрды

15. Индустриалдық-инновациялық бағдарлама.

16. Сот өндiрiсiн оңтайландыру

17. Жапонияның солтүстiк шығысында қуаты 6,1 баллды құрайтын жер сiлкiнiсi болды.

18. Темекi шегетiндер ер азаматтардың 65% құраса… (2.03.11)

19. Жастар үшiн қолжетiмдi тұрғын үй мәселесiн шешу.

"КТК"

1. Қазынадан iрi көлемде қаржы бөлiндi

2. Таяқ тастам жерден тағы да апат тiркелдi (2.03.11)

3. Қатарынан 3 мәрте жеңiлiс тапты (спорт хабары 28.02.11)

4. Олардың төрттен бiрiн нәзiк жандар құрайды (мүгедектер туралы 3.03.11)

5. Осымен 3-шi рет өткiзiлiп отырған шара әлi де жалғасын табады (3.03.11)

6. Жұрттың басты қызығушылығын туғызды.

"Қазақстан"

Сырттан келетiн заттарды мұқият тексеру күшейтiлдi (1.03.11)

"31 канал" (28.02.2011)

1. Немқұрайлық айыппен сотқа берiп

2. Былтырғы жылы Оскар алған

3. Өзiнiң алғашқы Оскарын иелендi

4. Техникалық визуалдық…

5. Жерге ұзынынан жайылған кiлем

6. Балаңыздың iшкi қорғанысын қамтамасыз етесiз (21.02.2011)

"СТВ" (2.03.2011)

1. Кiтап туралы пiкiрiн толыққанды түсiндiруге тырысты

2. Оқырмандарға тиiмдi тұстары өте басым.

"АЛМАТЫ"

1. Алайда олардың нақты қашан жүзеге асатыны нақтыланған жоқ (28.03.2011)

2. Алматының намысын қорғау мүмкiндiгiне ие болды (24.03.2011)

Қалай десеңiз де еркiңiз, бiрақ кеңестiк Ресейдiң бұғауында 70 жылдан астам уақыт iшiнде қайран қазақ тiлi дәл бұлайша шұбарланып, мұндай сықпытсыз, мұндай сұрықсыз күйге түскен жоқ едi. Қазақ осылай сөз саптайтын ба едi? Бұл дегенiңiз, яғни бүгiнгi қазақтың тiлi өзiнiң өң-түсi, бет-бейнесi жоқ, өзiнiң ерекшелiгi жоқ, тек орыс тiлiнiң көшiрмесi, сөзбе-сөз аудармасы ғой! Тiлдi бұлайша қорлау – ұлтымызды қорлау ғой! Қазақ небiр "өткiрдiң жүзi, кестенiң бiзi" сала алмайтын әсем өрнектi өзiнiң сұлу да бай сөзiмен салатын едi ғой.

Бiреулер бiздi жоғарыда айтқан телеарналардағы қазақ журналистерiнiң сөз сараптауындағы ең бiр сәтсiз шыққан тұстарын терiп отыр деген терiс ойға берiлуi де мүмкiн. Шындығында бұларды бiз теледидардағы әр арнаның алдында бiр-екi рет 10-15 минөт қана тыңдап отырып жазып алдық. Олардың ай, күнiн де жақша iшiнде берiп отырғанымыз да сондықтан.

Бiз қара әрiппен берiлген сөздердi шын қазақ адамы олай қолданбайды. Мысалға келтiрiлген ең бiрiншi "Жоба несiмен ерекшеленедi" деген сөздi алыңыз. Бұл орыстың кәдiмгi "чем отличается проект" дегенiнiң сөзбе-сөз көшiрмесi. Әйтпесе, жөн бiлетiн қазақ "бұл жобаның басқалардан не айырмашылығы бар?", "… өзгешелiгi қандай" деп немесе мәтiндi түгел басқаша келтiрер едi. Өйткенi жөпшеңдi қазақ "мына түйем ана түйемнен несiмен ерекшеленедi" деп ешқашан айтпайды. Ал екiншi "iске қосылу өттi" деген ше? Бұл ендi нағыз бiлiмсiздiк! "Мемлекеттiң тарапынан болған көмектiң" деп ащы iшектей шұбалтпай "мемлекет көмегiнiң арқасында" десе болды ғой.

Ұтыры келгенде айта кетейiк, қазiр қазақтың тек тележурналистерi ғана емес, газетшiлерi де қазақ сөз саптауын орыс сөз саптауының көшiрмесiне аударып барады. Олар "ненi алмасаң да", "кiмдi алмасаң да", "қайда бармасаң да" деп бастайтын болды. Бұл да орыстың "кого ни возьми", "чего ни возьми", "куда ни пойдешь" дегенiнен алынған. Бiз мысалға келтiрген "қай-қайсысы болмасын" деген де соларға елiктеу ғана. Әйтпесе, сөз қадiрiн бiлетiн журналист "олардың қай-қайсысы да" дер едi. Сол сияқты нағыз журналист "қарағандылықтарға ләззат сыйлады" демейдi, "қарағандылықтар 2 сағатқа созылған өнер кешiнен зор рухани ләззат алды" дейдi. Бұл да орыстың "подарил", "дарить" дегенiнiң қотармасы. Қазiр осындай оңай олжашылдар орыстың "жена ему подарила дочку" дегенiн со күйiнде "әйелi оған қыз сыйлады" немесе "ұл сыйлады" деп көшiре салатын болды.

Естi адам бiз астын сызған сөздер орысшаның көшiрмесi екенiн, қазақ олай сөйлемейтiнiн өзi-ақ түсiнер. Сондықтан жоғарыда мысалға келтiрiлген былдырақтарды қайталап, талдап жатпай-ақ қоялық. Бiрақ қазiр әуелi журналистер бастап, одан тiлге шорқақ қазақ атаулыларға "жұғып", ендi қалың қазақтың миына сiңiп бара жатқан да сөздер бар. Олар: "жалғасын тапты" (табады, табуда) "…Астанамен мақтанамыз", "… құрайды", "құрап отыр", "арқылы жүргiзiлуде", "iрi көлемде", "қызығушылық туғызды", "белгiлi болғанындай", "толыққанды" сияқты орысшадан аударылған сөздер. Мысалы жоғарыдағыдай "полиомиэлитке қарсы егу шарасы жалғасын табады" "6,1 баллды құрайтын жер сiлкiнiсi" деп "Хабардың" журналисi, "…3 мәрте жеңiлiс тапты", "жұрттың басты қызығушылығын туғызды", "… төрттен бiрiн нәзiк жандар құрайды" деп КТК-ның журналисi, "…пiкiрiн толыққанды түсiндiруге тырысты" деп СТВ-ның журналисi айтпаса, ойлы қазақ туған тiлiн бұлайша шұбарламайды. Әйтпесе, сәл ойланған адам "3 мәрте жеңiлдi", "жеңiлiп қалды", "жер сiлкiнiп, оның күшi 6,1 балл болды", немесе "6,1 баллдық зiлзала болды" демей ме? Немесе "полиомиэлитке қарсы егу әлi де жүргiзiле бередi" дейдi ғой. Ал олардың "төрттен бiрiн нәзiк жандар құрайды" деген ше?

Иә, адам баласы не сөйлесе де ең әуелi “осы мен не сөйлеп, қалай сөйлеп тұрмын” деп ойланып алғанына не жетсiн. Қазiр қазақ тележурналистерi оған да көп "бас қатырмайды". Әйтпесе "Хабар" журналисi "былтырғы жылға қарағанда", "биылғы жылы бұл комбинат…" деп оңайды қиындатпай-ақ "былтыр", "биыл" десе жетiп жатыр емес пе?! Өйткенi "былтыр" деген сөз бұдан бiр жыл бұрынғыны, ал "биыл" (яғни, "бұ йыл, бұ жыл) дегенiмiз осы, үстiмiздегi жылды ап-анық жеткiзiп берiп-ақ тұр. Ал бұл жерде әсiресе, "биылғы жылы" дегенде "жыл" сөзi "бұ жыл жылы" болып екi қайталанып тұр. "Хабардағы" бойжеткен де оңайды қиындатуға, жеңiлдi ауырлатуға құмар ма деп қалдық. Әйтпесе бұл қыз "сыртқы айналым 89 миллионды құрады" деп шұбалтпай-ақ "89 миллион болды" демес пе? Бұл жерде де орыстың "составил" деген сөзi килiгiп кетiп тұр.

Қазiр көптеген қазақ журналистерiне кешiруге болмайтын бiр кiнә қоюға болады. Ол мынау: олардың кейбiреулерi қазақтың "ң" әрпiнiң орнына "н" әрпiн қолданып сөйлеудi шығарды. Бұл әлде "ң"-ға тiлi келмеу, әлде әдейi тiлiн орысшаға бұрып сөйлеудi шен, дәреже көру. Мұндайлар "жаңа техника", "жаңа жыл", "мың теңге", "оң жақ" дегендердi "жана техника", "жана жыл", "мын тенге", "он жақ" деп тiлдi былапыттап тұрғанын көргенде, анайылау айтсақ "кәрi жының қозып кетедi".

Қазiр Қазақстандағы мемлекеттiк телеарналарға қойылар талап үлкен. Ең әуелi олар тiл тазалығын бiрiншi орынға қоюы керек. Телеарналардағы қазақ тiлiнiң орысшаның аудармасына айналып кеткенiн де, бұл ендi жалпақ елге жайылып бара жатқанын да талай айттық.

Мүмкiн сол айтылған сын-ескертпелердiң ескерусiз қалып, одан еш нәтиже шықпай жүргенi де телеарналарды қазақ тiлiне онша жаны аши қоймайтын адамдар басқарып отырғандығынан шығар. Мүмкiн телеарналар журналистерi соны бiлгендiктен әйтеуiр эфирге берiлген уақытымды өйтiп-бүйтiп өткiзсем болды дейтiн шығар. Әйтпесе "31 каналдың" журналисi "Былтырғы жылы Оскар алған", "Өзiнiң алғашқы Оскарын алды", "техникалық-визуалдық", "балаңыздың iшкi қорғанысын қамтамасыз етесiз", "жерге ұзынынан жайылған кiлем" (21-28 ақпан, 2011) деп орынсыз сөйлей бермес едi ғой.

Қазiр бiреулер "Бiз Астанамен мақтанамыз", "Абаймен мақтанамыз" деп сөйлеудi де "мода" немесе "өркениеттiлiк" деп ойлайтын болды. Бұл да орысша "мы гордимся Астаной", "мы гордимся Абаем"-ның көшiрмесi. Бұлай кете берсек, қазақ тiлi орысшаның асыранды баласы сияқты бiр нәрсеге айналарына көп қалған жоқ. Сонымен бүгiнгi қазақ, оның iшiнде әсiресе тележурналистер ойланып, мен қалай сөйлеп тұрмын деп өз-өзiне жауапты болудан да қалып барады. Бұған ең алдымен көбiне телеарна және газет-журнал тiлшiлерi кiнәлi екенi шындық. Бұлай болуына олар бүкiл ақпаратты интернеттен алып, калька күйiнде тәржiмалап беруi, екiншiден сол журналистердiң тiлге шорқақтығы, сауатының төмендiгi, өз сөзiне жауап беруге қабiлетсiздiгi, яғни ойланбай сөйлеуi себеп болуда. Ал сол шорқақтық, сол сауатсыздық, сол қабiлетсiздiк бүкiл қазақ тiлiне кесiрiн тигiзбеуi керек. Ойланып, қазақтың көркем де ұлан-ғайыр бай тiлiн шебер пайдаланып сөйлеудi үйренейiк. Өйтпесек, бүкiл ұлттық бет-пiшiмiмiзден айрылып, жойылып кетуiмiз оп-оңай.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ