ҚАЗАҚСТАНҒА ТӘУЕЛСIЗДIК МҰРАЖАЙЫ ҚАЖЕТ

ҚАЗАҚСТАНҒА ТӘУЕЛСIЗДIК МҰРАЖАЙЫ ҚАЖЕТ

ҚАЗАҚСТАНҒА ТӘУЕЛСIЗДIК МҰРАЖАЙЫ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі

Жақында Мәжiлiсте Шалатай Мырзахметов бастаған 20 депутаттың тәуелсiздiктiң 20 жылдығында депутаттық сауал жолдап, Қазақстан тәуелсiздiгiнiң символдық тұлғасы Мұстафа Шоқайдың тарихтағы орнын айқындау және оған лайықты баға беруге шақырғанын естiп қатты тебiрендiм.

ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов мырзаның атына жолданған сауалда мынадай талаптар қойылған:

1. Мемлекетiмiзге үлкен сын болып тұрған жайт – Алматыдағы бiр мектептiң атын екi жыл күттiрiп қоймай, жеделдетiп мектептiң атын берудi;

2. М.Шоқайдың әлемде шашылып жатқан мұраларын жинап, мұражай ашу керек. Мысалға түркиялық азамат Тимур Коджаоғлыда М.Шоқайдың паспорты бар, Париж қаласындағы Әлiм Алмат деген азаматта М.Шоқайдың жазба машинкасы, хаттары, естелiктер, суреттерi, түркиялық Ахат Андижанда суреттерi мен хаттары, Музаффер Акчорада М.Шоқайдың хаттары бар. Осы азаматтардың бәрi жеке қолға бермеймiз, мұражайы ашылса беремiз деп отыр. Сондай-ақ Парижде Шығыс тiлдерi және өркениеттерi институтында М.Шоқайдың жеке мұрағаты бар;

3. Әлемдегi шоқайтанушыларды бiр араға жинап, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткiзу;

4. М.Шоқайдың көп еңбектерi шет тiлдерiнде болғандықтан барлық еңбектерiн қазақ тiлiне аударып, жинақ шығару. Бұл үшiн арнайы жұмыс тобын құрып, қаржы бөлу;

5. Әлемде шоқайтануға үлес қосқан азаматтардың, мемлекеттердiң бәрiне алғыс айтып, марапаттау рәсiмiн ұйымдастыру;

6. М.Шоқай туралы шет мемлекеттерде де ауқымды iс-шаралар өткiзу;

7. Парижден саябақ ашылып, мүсiнi қойылып жатқанда Астанадан көше, мектеп атауы берiлiп, Ататүрiк ескерткiшi жанынан ескерткiшi қойылып жатса, түркi бiрлiгi үшiн күрескендер қатары жарасып тұрар едi, одан қалды елдiгiмiздi көрсеткен болар едiк. Өзге түркi тектес мемлекеттерiне үлгi болар едi. Түркi халықтарының екi алып тұлғасы тек Астанада ғана тұруы заңдылық!

Мәжiлiс депутаттарының осы талаптары орынды. Қазақстан тәуелсiздiк тарихының көрнектi тұлғасы Мұстафа Шоқайды 20 жылдықта ескерусiз қалдыруға болмайтыны анық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсiздiктiң 20 жылдығының жоғары деңгейде аталып өтiлуiне үлкен мән берiп отырғандығы мәлiм. Өйткенi Қазақстан тәуелсiздiкке және 20 жылдыққа оңай келген жоқ. Осы үрдiсте болған қиыншылықтарды әрдайым еске алып отырмасақ, тәуелсiздiктiң, бүгiнгi қол жеткен жетiстiктердiң қадiр-қасиетiн бiле алмай қалуымыз мүмкiн. Ал тәуелсiздiктiң құс сияқты бiр күнi қолымыздан ұшып кетпесiне кiм кепiл? Қазақтың мақалында “Ер жiгiт бақтың қонғанын бiлмейдi, ұшқанын бiледi” деп айтылған. Бiз тәуелсiздiк құсының елiмiзге қонып отырғанын ол ұшқаннан кейiн емес, қазiрден жiтi бiлуiмiз керек. Сол үшiн 20 жылдықты жан-жақты және әдiл өткiзуiмiз қажет.

Қазақстанның тәуелсiздiк тарихын басты екi кезеңге бөлiп қарауға болады: Қазақстан тәуелсiздiк алғанға дейiн және тәуелсiздiктен кейiн.

Мұның бiрiншiсi бiзге тәуелсiздiктiң оңай келмегенiн көрсетедi. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағы кезiнде қазақ халқының тәуелсiздiк арманына жету үшiн жанқиярлықпен жасаған ерлiктерiн ортаға салады. Кенесары Қасымұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемiсұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мiржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Желтоқсан құрбандары, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды қазақ арыстарының өмiр жолдары, күрестерiн жан-жақты ортаға салып халқымызға, жастарға, тiптi бүкiл әлемге таныстыратын iс-шаралар өткiзiлгенi дұрыс. Өйткенi бұл әлемдегi қазақтар және өзге Орта Азия халықтары Кеңес Одағы өздiгiнен шаңырағы опырылып құлағаннан кейiн тәуелсiздiкке оп-оңай қол жеткiздi, олар тәуелсiздiк деген қасиеттi ұғымды бiлетiн өркениеттi халықтар емес деген пiкiрлерге тойтарыс болар едi. Осындай жаңсақ пiкiр болғаны үшiн оларды айыптауға да болмайды. Өйткенi халқымыздың тәуелсiздiк жолындағы күрестерiн алдымен өзiмiз әлемге жария етiп танытпасақ, өзгелерге қазақ халқының тарихын дұрыс бiлмегенi үшiн қалай сын айта аламыз? Мiне осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Түрiк Академиясын" құру идеясы өте маңызды. Бұл академия өздерiңiзге белгiлi түрiк халықтарының тарихы мен мәдениетiн зерттеп әлемге таныстыруды мақсат етедi.

Ендi қазақтың тәуелсiздiкке дейiнгi кезеңде халқының жарқын келешегi үшiн күрес жүргiзген тарихи тұлғалары жiпке тiзiп айта берсек көп. Бiрақ әрбiр кезеңнiн символдық тұлғасы болады. Осы кезеңнiң де сондай тұлғасы – Мұстафа Шоқай. Сондықтан басқа тәуелсiздiк қайраткерлерiнiң арасында 20 жылдықта Мұстафа Шоқайға ерекше орын берiп, Қазақстанда және әлем елдерiнде таныстыратын iс-шаралардың өткенi дұрыс.

Сонымен қатар Қазақстанның 20 жылдық iс-шараларына бүкiл әлемнiң зер салып мұқият қарап отырғандарын еске сақтау керек. Бұл шаралардың әдiл өтуi сондықтан маңызды болып отыр. Бұл шаралар Қазақстан халқының тәуелсiздiк ұғымы турасындағы түсiнiгiнiң қандай екендiгi туралы сыр шертедi.

Әсiресе Қазақстанда тәуелсiздiк тарихының символ тұлғасы Мұстафа Шоқайға әлi де лайықты бағасының берiлмей келе жатқандығы әлемде, оның iшiнде Түркияда көп адамды таң қалдыруда.

Осы орайда Башқұртстанның Зәки Уәлиди туралы iс-шаралары алға тартылуда. Өздерiңiзге белгiлi Зәки Уәлиди мен Мұстафа Шоқай өз елдерiнiң Кеңес Одағынан тәуелсiздiк алу жолындағы күресiнде үзеңгiлес болған. Екеуi де Алаш Орда көсемi Әлихан Бөкейханның ұстаздығында саясатқа тәрбиеленген. Екеуi де Еуропа елдерiнде Кеңес Одағына қарсы идеялық күрес жүргiзген. Екеуi де 1890 жылы туылған.

Башқұртстан Кеңес Одағы ыдырағаннан бастап осы бiртуар арысы Уәлидидiң тарихи тұлғасына жоғары мән берген. Оның әлемдегi шашырап жатқан мұралары жинақталып, Уфа қаласында ашылған музейiне орналастырылған. Сондықтан депутаттардың Астанада Мұстафа Шоқай атында музей ашу туралы талабы өте орынды. Сөйтiп оның әлемде жеке адамдардың қолдарында шашырап жатқан мұраларын жинақтауға мүмкiншiлiк болар едi. Тiптi сол музейдi "Мұстафа Шоқай -Қазақстан тәуелсiздiк музейi" деп ат қойып, Мұстафа Шоқаймен бiрге Қазақстан тәуелсiздiгiне қызмет еткен бүкiл арыстарымыз туралы деректер, мұралар және мәлiметтердi сонда жинастыруға болар едi. Бұл жас ұрпақтың және шетелдiктердiң қазақ халқының қасиеттi тәуелсiздiк үшiн күрес тарихын нақты көрiп бiлуiне қызмет етер едi.

Башкұрдтардың Зәкi Уәлидидi құрметтегендерi соншалық, өткен жылы оның туғанына 120 жыл толуына байланысты Башқұртстанда,Түркияда және басқа әлем елдерiнде бiрқатар iс-шаралар өткiзiлген. Осы iс-шаралардың бiрқатарын Анкарадағы "Түрксой" ұйымдастырды. Бiрақ Қазақстан басқарып отырған “Түрксой” ұйымының Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығы туралы 2010 жылы ешбiр iс-шара өткiзбегенi түрiк зиялыларының назарынан тыс қалмады. Башқұртстан Ресей құрамында автономиялы мемлекет ретiнде өзiнiң белгiлi тарихи тұлғасына музей ашып, әлем елдерiнде iс-шаралар ұйымдастырып отырғанда, тәуелсiз Қазақстан мемлекетiнiң өзiнiң тарихи тұлғасына бейжай қарауы түрiк елiнде бiрқатар адамдарды таң қалдыруда.

Ал тәуелсiздiк тарихымыздың екiншi кезеңi де бiрiншiсiндей аса маңызды. Бiрiншi кезеңде аталып өткен ұлы тарихи тұлғалар қол жеткiзе алмаған тәуелсiздiк арманына осы кезеңде қол жеткiзiлдi. Мiне, мұның өзi 1991 жылдың 16 желтоқсан күнi Қазақстанның тәуелсiздiк декларациясының маңыздылығын аша түсетiнi анық.

Сол кездегi Қазақстанның тәуелсiздiгi турасындағы әлемдiк реакцияларға қарағанымызда Қазақстанның болашағы үшiн аса пессимистiк пiкiрлердiң айтылғанын көремiз. Мәселен Колгейт университетiнiң профессоры, Сыртқы саясат зерттеулер институтының қызметкерi және "Қазақтар" атты монографиялық еңбектiң авторы Марта Брил Олкот былай дейдi: "…… Орталық Азия халықтарына тән қасиеттiң бiрi, олардың Кеңес Одағының ыдырауынан бұрын тәуелсiздiк үшiн ашықтан-ашық ұмтылыс пен талпыныс жасағанын көрмейсiз. Аталмыш аймақ халықтарының бостандық үшiн күрес жүргiзбеулерi, олардың тәуелсiздiктi қаламағандықтарынан емес. Дей тұрғанменен олар тәуелсiз ел болу мүмкiндiктерiнiң бар екенiне сенген жоқ".

Ал батыс елдерiндегi саяси сарапшылардың бiрқатары 90-жылдардың басында жазған мақалаларында тәуелсiз Қазақстанның ұзаққа бармай этникалық қақтығыстар салдарынан бүлiнiп, Ресей қоластына қайта кiретiнiне сенгенiн жасырмады. Олар Орталық Азия елдерi iшiнде Қазақстанның этникалық қақтығыстар салдарынан бөлшектену ықтималына баса назар аударды. Қазақстанның этникалық қақтығыстар және көршiлес Орталық Азия елдерiмен болған келiспеушiлiктер салдарынан бөлшектену қаупi болғанын көрсеткен В.Поп қазiрдiң өзiнде оған жақын Тәжiкстанда азамат соғысы жүрiп жатқанын назарға алып, аталмыш аймақта исламдық фундаментализмнiң күшейiп келе жатқанын және Қазақстанның Ресеймен келiспеушiлiкке ұрынуының да әбден ықтимал екенiн атаған едi. Ол мақаласын төмендегiдей жалғастырады: "… бүгiнгi таңда орыс-қазақ байланыстары жұмсартып айтқанда, бұлыңғыр. Қазақтар ендiгәрi орыстарды ұлы халық ретiнде емес, бағы тайған халық ретiнде көрiп отыр. Қазақтар бұрынғы отарлаушы ел болған Ресейге астықты экспорттық өнiм ретiнде сатып отыр. Ұлғайып келе жатқан этникалық текетiрестер тiкелей қақтығыстарға себеп болады. Қазақстанда жүзден астам ұлт өкiлдерiнен ұлт құраушы қазақтар халықтың 42 пайызын құраса, орыстар оларға жақын қырық пайызды құрайды."

Оның үстiне бетпе-бет келiп отырған экономикалық қиыншылақтар да Қазақстанның жарқын болашағына күмән келтiрiп отырды. 1994 жылдың 14 ақпанында "Вашингтон Пост" газетiнде шыққан мақаласында Фрэд Хият Қазақстанның көк мұз суық астанасында тұрақтылықтың кейбiр нәзiк жақтарының бар екенiн көру қиын емес дейдi. Қазақстан экономикасы дағдарыста екенiн айтқан ол: "…жанармай табылмайды, шахтерлер мен фермерлердiң жалақылары төленбейдi, зауыттар жұмыстарын күрт азайтқан, тұрғын үйлердiң көбiсiне жылу мен ыстық су берiлмейдi. Сондықтан да айтарлықтай артта қалған Қазақстан Ресейге тәуелдi болып отыр" – дейдi.

Мұндай пiкiрлердi айта берсек таусылмайды. Бiрақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан бүгiнгi дамыған 50 елдiң қатарына шығып отыр. Бұл, осыдан 20 жыл бұрын болжам ретiнде айтылса, адам сенгiсiз жағдай болар едi. Сондықтан Қазақстанның 20 жыл iшiнде қол жеткiзген озық жетiстiктерiн бағалай бiлуiмiз керек.

Сөз соңында 1941 жылдың 27 желтоқсан күнi дүние салған Мұстафа Шоқай ендi тiрiлмейдi. Бiрақ Кеңес Одағы кезiнде қазақ халқын құл қылып бодандықта ұстауға бағытталған мақсаттармен атын айтуға болмаған Мұстафа Шоқайдың халық санасынан өшiрiлуге, өлтiрiлуге тырысылған тарихи тұлғасын тiрiлтуге болады. Қазақстанның айтулы мерекесi тәуелсiздiктiң 20 жылдығында, Мұстафа Шоқайдың дүниеден қайтқанына 70 жыл толып отырғанда рухының туған халқымен қайта қауышуына жағдай жасалса нұр үстiне нұр болмақ.

Әбдiуақап ҚАРА, Ыстамбұл Мимар Синан университетiнiң профессоры,

Шоқайтанушы ғалым