Жаңалықтар

ЖАҢА ЗАҢ КӨШI-ҚОН ТҮЙТКIЛIН ШЕШЕ АЛА МА?

ашық дереккөзі

ЖАҢА ЗАҢ КӨШI-ҚОН ТҮЙТКIЛIН ШЕШЕ АЛА МА?

Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi Көшi-қон полициясы комитетi жанынан құрылған қоғамдық кеңес таяуда алғашқы отырысын өткiзiп, көшi-қон проблемаларын қалай реттеу қажеттiгiн ортаға салды.

Жиналыс Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы ғимаратында өткiзiлдi. Оған шетел диаспорасының өкiлдерi және Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының жер-жердегi филиалының өкiлдерi қатысты. Жиналысты ашып сөз сөйлеген Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I орынбасары, Қоғамдық кеңестiң төрағасы Талғат Мамашев жиналыстың мәнi мен маңызын түсiндiрiп беру үшiн сөздi жазушы, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлi Балғабаевқа бердi.

– Бүгiнгi отырыстың негiзгi мақсаты – қоғамдық кеңестiң құрылған себебiн айқындау. Оны құрудағы мақсат екеу. Бiрiншiсi – шетелдегi ағайындардың Қазақстанға оралуы мұңға айналды. Екiншiсi – көшi-қондағы жемқорлық асқындады. Қауымдастық осы екi мәселенi ылғи көтерiп келедi. Осыған орай соңғы алты айдың iшiнде Қауымдастықтың атынан "Егемен Қазақстан" газетiне үш мақала жазылды. Сонымен қатар Көшi-қон комитетi Iшкi iстер министрлiгiне қосылғаннан кейiн, Көшi-қон полициясындағы өкiлеттi адамдар бiздi шақырып, "көшi-қонның алға жылжуы үшiн не iстеу керек, немен айналысамыз?" деп сұрады. Сонда бiз екi ұсыныс айтқан едiк. Бiрiншiсi, осы қоғамдық кеңестi құру. Екiншiсi, көшi-қон мәселесiн дұрыс насихаттау. Қоғамдық кеңес арқылы көшi-қонның жұмысын жүйелi түрде жолға қою қажет. Шыны керек, көшi-қон Iшкi iстерге қарағаннан кейiн, ағайындардың ұсынысы құзырлы органдарға жетпей қала ма деген үрей болғаны рас. Бiз екi арадағы дәнекер болуды мақсат етiп отырмыз.

Қазiргi көшi-қон саласындағы көптеген келеңсiздiктер, соның iшiнде белең алып отырған жемқорлық заңның солқылдақтығынан орын алып отыр. Бiз Мәжiлiсте қаралып жатқан жаңа заң жобасының жұмыс тобының мүшесi болып өз ұсыныстарымызды енгiздiк. Көптеген мәселелердi заң аясында емес, қабылданған Ережелер негiзiнде жүзеге асыруға болады. Мәселен 1992 жылы алғашқы құрылтай кезiнде № 791 Қаулы деген қабылданған болатын. (Өкiнiшке қарай, қазiр оның күшi жойылды). Соның негiзiнде көптеген толғақты проблемалар шешiлдi. Қазiр заң қабылданады, бiрақ оны орындаудың механизмдерi жоқ. Сондықтан Қоғамдық кеңестiң мақсаты – осы заңның орындалу механизмдерiн жасау, арнайы Қаулы-қарар қабылдауға, Ереже жасауға ықпал ету. Үшiншi мәселе – көшi-қонды дұрыс ұйымдастыру. Бұрын көшi-қон шетелдерде ұйымдастырылатын, қазiр ол тоқтап тұр. Бiздiң заңымызда көшi-қонды ұйымдастыру мәселесiн Сыртқы iстер министрлiгi атқарады деген арнайы бап бар. Бiрақ, өкiнiшке қарай, онымен айналысатын арнайы штат жоқ. Бiздiң қайта-қайта көтерiп жүрген мәселелерiмiздiң бiрi осы, – дедi ол.

Бұдан кейiнгi пiкiр алмасу еркiн түрде жалғасты. Жиналысқа қатысушылар әртүрлi проблеманың басын қозғады. Дегенмен басты мәселе – сыртқы көшi-қонның, яғни этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуының тоқтап тұрғандығы жайында болды. Дөңгелек үстел барысында айтылған қадау-қадау пiкiрлердi назарларыңызға ұсынғанды жөн көрiп отырмыз.

Нәбижан Мұхаметханұлы, тарихшы:

– Ең басты мәселе – Қытайдағы қазақтардың көшi-қон мәселесi. Бұл мәселе айтылғалы бiраз уақыт болды және Қытай жағының бөгет болуынан емес, Қазақстан тарапының келу визасын берудi қиындатып жiберуiнен орын алып отыр. Бұрын виза мәселесi өте жеңiл шешiлушi едi. Қазiр оның осынша күрделенiп кетуiн мен түсiне алмаймын. Сол себептi де осы виза мәселесiн шешу қажет. Осында келем деген кiсiлердiң кәмелетке толмаған балаларына не үшiн шығу визасы берiлмейдi. Бұл Қытай Конституциясында да, Қытай азаматтарының шетелге шығу туралы заңында да жоқ. Қытайдағы басқа ұлт өкiлдерi кәмелетке толмаған балаларын емiн-еркiн сыртқа алып шыға бередi.

Екiншi мәселе, Мәжiлiсте қаралып жатқан көшi-қон заңында көшi-қонға қатысы бар әрбiр министрлiктердiң нақты қызметi анықталса, сүйей салды жазылғандықтан министрлiктер өз мiндетiн дұрыс атқармайды.

Қасым Оқанұлы, ҚХР СУАР Сыртқы iстер министрлiгiнiң басқарма бастығы:

– Үрiмжiдегi Қазақстанның паспорт-визалық бөлiмi – Қытайдағы Қазақстан елшiлiгiнiң бөлiмшесi. Осыдан екi ай бұрынғы ақпарат бойынша, 10 мың адамның қолында кезекке тұрғаны жайында талон бар екен. Ол кезек былтырғы мамырда басталған, биылғы мамырда бiр жыл толып отыр. Демек бiр жыл бойы виза алу кезегiнде жүргендер жеткiлiктi. Жұмыс күндерi дүйсенбiден жұмаға дейiн. Әр күнi 25 қазақтың паспорты виза алуға қабылданады екен. Қалғанына басқа ұлттардың құжаттары қабылданады. Бұндай үрдiспен 10 мың адамның құжаты қай уақытта қабылданып бiтедi? Ол беймәлiм. Екi ай болды кезекке тұру тоқтатылды. Оның үстiне Үрiмжiдегi визалық бөлiмде қазақ тiлiн бiлетiн мамандар аз. Қазақстандағы 9 миллион қазақтың iшiнен қазақ тiлiн бiлетiн бiр маманды Үрiмжiдегi паспорт-визалық бөлiмiне жiберудiң мүмкiндiгi болмады ма деген ой келедi.

Болат Зауытұлы, Павлодар облыстық Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы филиалының жетекшiсi:

– Қазiр шетелден келген қазақтарды толғандыратын басты проблема – оралман куәлiгiн алу үшiн, мемлекеттiк көшi-қон квотасына қол жеткiзу үшiн келген елдi мекенiнде тұрақты тiркеуге тұру. Бұл – өте қиын шаруа. Өйткенi шетелден көшiп келiп жатқан ағайындардың мұнда танысы, туысы тұрған жоқ. Олар қалай, қайда тiркеледi? Осының механизмi жасалынбаған. Әрине, бiр кездерi бейiмдеу орталықтарында тiркеу жайында нұсқаудың болғаны рас. Бiрақ бейiмдеу орталықтары Қазақстанның барлық өңiрiнде бар емес. Оның үстiне тiркеуге қатысты Үкiметтiң бiр-бiрiне қайшы екi Қаулысы бар. Мысалы бiрiнде тұрғылықты жерiнен анықтама әкел десе, екiншiсiнде үй кiтапшасын әкел дейдi. Квотаға енгiзерде осы екi анықтаманы бiрдей сұрайды. Тұрғылықты жердiң әкiмшiлiктерi "Қазақстан Республикасының азаматтары үй кiтапшасындағы тiркеу бойынша өзiнiң тұрғылықты жерi жайында анықтама беруге құқылы" деген бапқа сiлтеп, анықтама беруден бас тартады. Осы Қаулының бiрi ғана қалғаны дұрыс.

Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Көшi-қон комитетi арқылы, Iшкi iстер министрлiгi, Сыртқы iстер министрлiгi, Кеден комитетi және Көлiк және коммуникация министрлiгiне арнайы хат жазып, Моңғолиядағы қазақтарды ұйымдасқан тұрғыдан көшiрiп алуға рұқсат алған едiк. Сөйтiп, былтырғы маусымнан қазанға дейiн 102 отбасы, 577 адамды Павлодар облысына әкеп қоныстандырдық. Солардың 60 пайызы бүгiнде азаматтық алды, 98 пайызы мемлекеттiк көшi-қон квотасына қол жеткiздi.

– Бұл сонда "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша жүзеге асты ма?

– Жоқ, бұл бағдарламаны "Еркiн көш" деп атадық. Бiздiң Павлодар облысы "Нұрлы көш" бағдарламасын алғашқылардың бiрi болып қолға алуы тиiс едi. Бiрақ, неге екенiн қайдам, әлi күнге дейiн ешқандай қозғалыс жоқ. Бағдарлама бойынша "Нұрлы көш" 2009-2015 жылдары жүзеге асуы тиiс едi. Оның қай өңiрде, қай ауылда жүзеге асырылатыны, бүкiл жобасы жасалған. Бюджетi нақтыланған. Бiздiң бiлуiмiзше, облыстық бюджеттен алғашқы пилоттық жобасына 82 миллион теңге бөлiнедi деп жоспарланған. Бiрақ оған кiм тұсау, не бөгет болып отырғаны беймәлiм. Арнайы қаржы бөлiнген жоқ әлi.

Көшi-қон мәселесiнiң Iшкi iстер министрлiгiне өткеннен кейiн 6 ай бойы, оралмандардың әлеуметтiк мәселесi ескерусiз қалды. Сол секiлдi азаматтық алғанға дейiн Қазақстан Республикасының азаматымен бiрдей деңгейде мүмкiндiктерге ие болуына құқық беретiн "оралман куәлiгi" де берiлмей жатыр. Бұл куәлiктiң қазiр ешқандай заңдық күшi жоқ.

P.S. Әрине, жиналыста көшi-қонның толғақты мәселелерi, алдағы Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайында талқыланар проблемалар әңгiме өзегiне айналды. Көшi-қон стратегиясын қайта қарау қажеттiгi және қазақтарды 1991-1993 жылдардағыдай ұйымдастырып көшiрiп әкелу мәселесi сөз болды. Сондай-ақ қазiр ҚР Парламентi Мәжiлiсiнде қаралып жатқан "Халықтың көшi-қоны туралы" Заңға енгiзiлер өзгерiстер де көпшiлiк талқысына салынды.

Есенгүл Кәпқызы