Данияр БЕРЛIБАЕВ: “АЗИЯ ГАЗ ҚҰБЫРЫ” – АҒА ҰРПАҚ ҚАЛДЫРҒАН БIРЕГЕЙ МҰРА

Данияр БЕРЛIБАЕВ: “АЗИЯ ГАЗ ҚҰБЫРЫ” – АҒА ҰРПАҚ ҚАЛДЫРҒАН БIРЕГЕЙ МҰРА

Данияр БЕРЛIБАЕВ: “АЗИЯ ГАЗ ҚҰБЫРЫ” – АҒА ҰРПАҚ ҚАЛДЫРҒАН БIРЕГЕЙ МҰРА
ашық дереккөзі

"ҚазТрансГаз" АҚ – мұнай-газ саласындағы жұмысты жүйелендiру және Қазақстанда газды барлау, өндiру, тасымалдау және тарату активтерiн корпоративтiк басқару жөнiндегi қызметтердi үйлестiру үшiн 2000 жылы құрылған. "ҚазТрансГаз" АҚ – Қазақстанның белсендi "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнайгаз компаниясының бөлiнбес бөлшегi. "ҚазТрансГаз" АҚ компаниялар тобының құрамына газ бен оны өңдеу, тасымалдайтын және сататын, сервистiк қызметтер көрсететiн кәсiпорындар кiредi. "ҚазТрансГаз" АҚ Бас директоры Данияр Әмiрбайұлы Берлiбаев мырзамен әуелгi әңгiмемiз "Азия" трансұлттық газ құбырынан басталды.

– "Самұрық – Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстанда аса ауқымды жұмыстар атқаруда. Көп салалы iс-шаралар жасалуда. Қаржылай мүмкiндiгi де аса жоғары. Ел экономикасын дамыту бағыты – Қазақстанның ең басты ұстанымы. Қазiр "ҚазТрансГаз" АҚ-да қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жаңа бағдарламалар жасалуда ма? Осы жөнiнде газет оқырмандарымен бөлiссеңiз…

– "ҚазТрансГаз" – "ҚазМұнайГаз"-дың еншiлес компанияларының бiрi. Бiз "Самұрық-Қазынаға" қараймыз. "Самұрық-Қазынаның" саясаты мен концепциясына қолдау көрсетiп қана қоймай, соны жүзеге асырамыз. Әсiресе, газ саласында. Жуырда ғана Алматы қаласына "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат Қорының басшысы Тимур Құлыбаев келiп, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов мырзамен кездесу өткiздi. Кездесу барысында қаланы газбен қамтамасыз ету мәселелерi де көтерiлдi. "ҚазТрансГаздың" алдына қоятын маңызды мақсаттары бар. Бiрiншiден, бiз үшiн басты басымдылық ол – iшкi нарық болып табылады. Екiншiден, iшкi нарықты сыртқы ықпалдан қорғау керек. Әсiресе, бұл мұнай, газ салаларында. Бiздiң негiзгi ұстанатын жолымыз – республиканы газбен қамту болып табылады. Бiздiң ойымызша, екi жылдың iшiнде Алматы қаласын 100 пайыз газбен қамтамасыз етемiз деп отырмыз. Мұның да тиiмдi жағы көп. Бiрiншiден, экономикалық жағынан пайдасы болса, екiншi жағынан, экологияға да тигiзетiн ықпалы көп. Қаланың тазаруына, экологиясының жақсаруына септiгiн тигiзетiн болады. Алматы қаласын толықтай газбен қамтамасыз ету 2013 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұған негiзгi қаржыны "ҚазМұнайГаз" бен "ҚазТрансГаз" бөлiп жатыр. Бұдан өзге де көптеген әлеуметтiк мәселелердi шешудi де қор өз қолына алып отыр. Жақында ғана Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласына барып, кездесу өткiздiк. Оралда тұрғын үй тұрғызу мәселесi де қолға алынатын болды. Ал Алматы қаласында әкiмшiлiктiң басқаруымен Шаңырақ мөлтек ауданына адамдарды қоныстандыру мәселелерi де өз шешiмiн табатын болады.

– Кез келген жобаның тиiмдiлiгiн сөз еткенде оның жаңа жұмыс орындарын ашуға тигiзген ықпалы мен республикалық және жергiлiктi бюджетке түсiретiн қаржысының сомасына назар аударылады. "Түркiменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай" газ құбыры расымен елiмiзге тиiмдi ме? "Азия газ құбыры" жөнiнде не айтар едiңiз?

– Орталық Азиядағы газ құбырын бiздерге аға ұрпақ қалдырған бiрегей мұра деп қабылдауымызға болады. Бұл газ құбырының негiзi 70-жылдары салынған болатын. Қазiр бүкiл транзиттi, яғни Еуропаны газбен қамтамасыз ету мәселесiне қарайтын болсақ, мұның бастауы бiзде жатыр. Негiзi қайнар көзi Түркiменстан болғанымен, үлкен көлемдегi газды тек қана Орта Азия Орталығы арқылы жеткiзу мүмкiн, оны басқа жолмен тасымалдай алмаймыз. Оның күш-қуаты қазiрдiң өзiнде 60 млрд. текше метрдi құрап отыр. Аталмыш газ құбырының жұмыс iстеу қуаты күннен күнге өсiп келедi. Бiз "Азия газ құбыры" деп аталатын транзиттiк жүйеге иелiк ету арқылы Орталық Азиядағы газ өндiру процесiн қадағалай аламыз. Бiрiншiден, елiмiзде газ өндiру жұмыстары қарқынды дамып келе жатыр. Екiншiден, Түркiменстан, Өзбекстандағы жағдайларды да қадағалап отырмыз. Бiз қазiр транзиттiк жүйенi Қытайға қарай бұруды қолға алудамыз. 2007 жылы 18 тамызда Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы үкiметтерi Қазақстан-Қытай газ құбырын салу және әрiптестiк жөнiнде келiсiмшарт жасады. Ол 2009 жылы 4 желтоқсанда заңды күшiне ендi. Осы келiсiмшартқа орай Қазақстан-Қытай газ құбыры екi учаскеден тұрады. Бiрiншi бөлiк – Өзбекстаннан Қазақстан шекарасына дейiн, одан әрi Шымкент арқылы Хоргосқа, яғни Қытайға дейiн. Бұл құбырдың тасымалдау мүмкiндiгi жылына 40 млрд. текше метр газ. Екiншi тармақ – Бейнеу–Бозой–Қызылорда–Шымкент бөлiгi. Мұның тасымалдау мүмкiндiгi – жылына 10 млрд. текше метр. Бейнеу–Бозой–Қызылорда–Шымкент газ құбыры инвестициялық стратегиялық жобалар тiзiмiне, сондай-ақ Қазақстанның 2010-2014 жылдардағы индустриализация картасына енгiзiлген. Бұл жобаның құрылысы 3,5 млрд. АҚШ доллары деп бағаланып отыр. Тiптi "ТрансАзия газ құбыры" әлемдiк сауда-саттықтың күре тамыры болған әйгiлi Жiбек Жолының заманауи үлгiсi десек, асыра айтқанымыз емес. Бүгiнде "Азия газ құбыры" толық пайдаланылғанда мемлекеттiк бюджетке 5 млрд. АҚШ доллары көлемiнде табыс әкелдi.

– Аталмыш газ құбыры инвестиция тарту арқылы қолға алынып жатқаны белгiлi. Газ құбырын Қытайға қарай салу жұмыстары қалай жүргiзiлуде?

– Қытайға қарай газ құбырын салу жобасына қытайлық банктер қаражат бөлуде. Бұл жоба өз шығынын тарифiне байланысты жетi жарым жыл iшiнде өтейтiн болады. Бұл транзиттiк газ құбыры болғандықтан, тарифке байланысты шығынын жабады. Тариф жоғарылаған сайын өз шығынын тезiрек ақтайтын болады. Тариф жоғары болса, оны тұтынушы да сол бағамен төлейтiн болады. Бiз үшiн газ құбыры өз шығынын қанша уақытта өтеуi маңызды емес, бiз үшiн маңыздысы – газдың тұрақты қамтамасыз етiлуi.

– Бұл трансұлттық құбырдың жалпы ұзындығы 7500 шақырымды құрайды. Соның 1475 шақырымы Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарын басып өтедi екен. "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының жұмысын қалай бағалайсыз?

– Бiз қазiр Оңтүстiк Қазақстанды Өзбекстаннан келетiн газдың есебiнен қамтамасыз етiп жатырмыз. Оған қосымша Амангелдi газ кенiшiнен алып жатқан газымыз бар. Ендi "Азия газ құбыры" аясында "Бейнеу–Бозой–Шымкент" газ құбыры iске қосылатын болады. 2013 жылы газ құбырының жобасы толық аяқталмақшы. Сол кезде Оңтүстiк пен Батысты байланыстыруды көздеп отырмыз. "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбыры арқылы жекелеген облыстарда тұрақты газ жүргiзiлетiн болады. Бiздiң негiзгi мақсатымыз да осы – республиканы тұрақты газбен қамтамасыз ету.

– Трансұлттық құбыр елiмiзге жалпы 12-15 млрд. АҚШ доллары көлемiнде пайда әкеледi делiнiп жүр. Бiрақ мұның қызығын газ компаниялары ғана көрiп, жергiлiктi халық құр ауыз сипап қалмай ма? Қарапайым жұртшылыққа аталмыш газ құбырының пайдасы тие ме?

– Әрине. Ең әуелi газдың қызығын көретiн қарапайым жұртшылықтың өзi болады. Қыс мезгiлдерiнде газдың жетiспеушiлiгiнен қарапайым халық көптеген қиындық көрiп жататын едi. Ендi бұл мәселелердiң көбiне нүкте қоямыз ба деп отырмыз. 2013 жылы 500 жұмыс орны ашылмақшы.

– Қоғамда көптеген мұнай-газ компаниялары Қытайдың иелiгiне өтiп кеттi деген алаңдаушылық бар. Әртүрлi әңгiмелер де туындап отыр. Осы алаңдаушылықтың негiзi бар ма?

– Бiздiң министрiмiз бұл жөнiнде өз пiкiрiн айтты. Мен ол кiсiнiң сөзiн қайта жеткiзгiм келiп отыр. Бар-жоғы он пайызға ғана иелiк ететiн қытайлық компаниялардың үлесi көбейедi деу мүмкiн емес. Өйткенi қазақстандық компаниялардың үлес салмағы күннен күнге өсiп келедi. Газ құбырларын тасымалдау мәселесiне байланысты БАҚ беттерiнде де әртүрлi ақпараттар айтылып жүр. Ол пiкiрлерге қарасақ, "газ құбырлары бiр жақтарға кетiп қалуы мүмкiн немесе ол газ құбырларын бiреулер алып кетуi де ғажап емес" деген сияқты әңгiмелер айтылып жүр. Мәселен бiреу ақша төлеп, газ құбырын алып кеткiсi келедi делiк. Бiрақ бұл ұялы телефон немесе басқа да алып кетуге болатын зат емес ғой. Екiншiден, бұл мәселе төңiрегiнде екi жақты келiсiлген келiсiмшарттар бар. Бұл жөнiнде Парламенттiң қабырғасында да айтылды. Несие берушiлер немесе банктердiң газ құбырларын талап ететiн құқықтары жоқ. Өйткенi бұл мемлекеттiң жекеменшiгi болып саналады. Сондықтан бiз қазақстандық компания болып саналамыз. Бiз осы жерде жұмыс iстеймiз. Бiз қазақстандықтарды газбен қамтамасыз етемiз. Бiздiң жетi мыңнан астам тұрақты жұмыс күшiмiз бар. Бiз елiмiзге салық төлеймiз. Газ құбырлары өзге бiреудiң жекеменшiгiне өтiп кеттi делiк, бiрақ олар да Қазақстан үшiн жұмыс iстемей ме? Олар кез келген жағдайда да бiздiң жұмыс күшiмiздi қамтамасыз етедi. Бiздiң салығымызды төлейтiн болады. Сондықтан бұл құрылымды өзге бiреудiң иелiгiне өтiп кетедi деуге еш негiз жоқ. Кезiнде, яғни КСРО-ның уақытында Орта Азия орталығын Советтер Одағы қаржыландырған жоқ па едi?! Сол газ құбырларын ешкiм алып кеткен жоқ. Олар әлi күнге бiздiң елiмiздiң территориясында жатыр. Оған қосымша бiз бүкiл транзиттi қамтамасыз етудi өз мойнымызға аламыз. Сондықтан үлкен есеппен қарағанда, бұл бiз үшiн экономикалық жағынан аса тиiмдi, өзге де тиiмдi тұстары көп.

– Трансұлттық жобаны "ҚазТрансГаз" өз қадағалауына алатын болады ғой?!. Жоба қай уақытта толығымен iске қосылатын болады?

– Әрине, осы жоба активiнiң 50 пайызын қазақстандық "ҚазТрансГаз" компаниясы өз бақылауына алатын болады. Бiрiншiден, "Азия газ құбыры" қазiр жұмыс iстеп отыр. Бiз бұл газ құбырының қуатын 40 млрд. текшеге дейiн жеткiзсек пе деген ойдамыз. Бұл жоспарымыз екi жылдың iшiнде жүзеге асырылатын болады.

– Жұмыстың бәрi түбегейлi өз шешiмiн тапты ма?

– "Азия газ құбыры" желiсi бойынша жұмыс аяқталды. "Бейнеу-Бозой–Шымкент" газ құбыры бойынша да мәселелер толығымен аяқталды десек те болады. Қазiр қаржыландыру мәселелерiн де аяқтап келемiз. Бұған бiз аса жауапкершiлiкпен қарап отырмыз. Өйткенi бұл iшкi газ құбыры болып саналады. Батыс Қазақстаннан Оңтүстiкке дейiнгi мөлшердi қамтитын газ құбыры болғандықтан, ең әуелi бұған тұрақтылық қажет. Бiздiң әлi де алға қойған мақсаттарымыз көп. Түркiменстан Советтер Одағының кезiнде 80 млрд. текше газ өндiрсе, қазiр 60-67 млрд. текше метр ғана газ өндiрiп отыр. Қытай елiне бiз арқылы газ тасымалданатын болса, өйткенi аспан асты елi негiзгi газ тұтынушылардың бiрi болып есептелетiндiктен, газдың тасымалдануын 40 млрд. текшеге дейiн жеткiзудi көздеуiмiз керек. Орта Азия кiндiгiнде болғандықтан, оңға да, солға да қарқынды жұмыс iстеу мүмкiндiгiне иемiз.

– "Азия газ құбыры" мен "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" магистралi жұмысы қарқынды дамып отыр дедiңiз. Жалпы, екi транзиттiк бағыттың арасында қандай ұқсастық бар деп ойлайсыз?

– Бiз қазiр екi жақты тиiмдi транзиттiк дүниенi ұсынып отырмыз. Трансұлттық құбыр арқылы газды тасымалдауды әрi транзиттiк магистралдi Түркiменстан, Өзбекстан, Қытайға "Азия газ құбыры" арқылы газ таратылса, автомагистраль арқылы экономикалық сауда көрсеткiштерi дамитын болады. Түрлi сауда нүктелерi, автокөлiктер тасымалдау жүйесi де жолға қойылады. Бұл дүниелердiң бәрiн өркениеттi көшке iлесудiң бiр жолы деп қабылдағанымыз абзал.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА