"ШЕВРОН" БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

"ШЕВРОН" БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

"ШЕВРОН" БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөзі

"Шеврон" компаниясы жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзетiн қайырымдылық шарасын бастап кеттi. Бұған дейiн де көңiлi қам жандарға қолұшын созып жүрген компания №6 және №7 арнайы (түзету) мектеп-интернаттарының және "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" РМҚК-ның басшыларына құрал-жабдық алу сертификаттарын табыс еттi.

Компания қайырымдылық шарасы аясында "Аяла" қайырымдылық қорымен бiрлесiп №6 арнайы (түзету) мектеп-интернатының аумағында әсем спорттық ойын алаңын қондырды. Мұнымен қоса екi интернатқа да "Eduplay" бiлiм беру құралын орнатып, балаларға қуаныш сыйлады. Ал картонды түптеу цехына ауадай қажет болып тұрған 2 компьютер де өз орнына жайғасты. Бәрiнен де, компанияның "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" РМҚК-ға медициналық AxioScope A1 микроскобын және M5 Mindray шағын ультрадыбысты диагностикалық жүйесiн сыйға тартуы ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық болды. Қазiргi таңда өте қымбат тұратын бұл құралдың әсiресе балалар өмiрiн сақтап қалудағы маңызы зор екенi түсiнiктi.

"Шеврон" компаниясы жыл сайын балалар үйлерiне, мектептерге, интернаттарға және балалар медициналық мекемелерiне көмек көрсетуге бағытталған кең ауқымды гуманитарлық шарасын жүзеге асырады. "Шеврон" компаниясының қайырымдылық бағдарламаларының көмегiнiң нәтижесiнде Алматы, Астана, Атырау қалаларындағы көптеген балалар мекемелерi аз уақыт iшiнде жиһаздарын жаңартуға мүмкiндiк алып, медициналық дәрi-дәрмектерге, диагностикалық құрал-жабдықтарға, компьютерлерге қол жеткiздi. Тiптi, компания балалар ем алатын мекеменiң ыдыс-аяғынан бастап, ойнайтын алаңқайына дейiн жабдықтап бердi.

Қайырымдылық шараны жергiлiктi және мемлекеттiк билiк органдарымен, үкiметтiк емес және халықаралық ұйымдармен серiктестiкте жүзеге асырып келген "Шеврон" компаниясы қаншама балаға бақыт сыйлауда. Бүгiнде өз бастамаларын "Аяла" қайырымдылық қорымен бiрлесе атқарып жүрген мекеме балаға бiлiм нәрiн құюдан шаршамайтын ұстаздар мен денсаулығын түзейтiн медицина қызметкерлерiне ерен еңбектерi үшiн алғыстарын бiлдiрдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ