АЛАПАТ СОҒЫСТЫҢ АЙЫҚПАС АЗАБЫ

АЛАПАТ СОҒЫСТЫҢ АЙЫҚПАС АЗАБЫ

АЛАПАТ СОҒЫСТЫҢ АЙЫҚПАС АЗАБЫ
ашық дереккөзі

Ардагер мина жарықшағын 68 жыл өкпесiнде көтерiп келедi

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы майдан даласынан шалғай жатқан Қырғызстанға да оңай болмаған. Алты адамның бiрi, яғни 363 мыңнан астам азамат соғысқа аттанды. Олардың 162 мыңы қайта оралған жоқ. Қырғызстандықтар майданда да, тылда да ерен ерлiк, қажымас қайсарлық көрсеттi. 73 жауынгер Совет Одағының батыры атанып, 100 мыңнан астам адам жауынгерлiк ордендер және медальдармен марапатталған.

Соғыстың алғашқы жылында қазақстандық және қырғызстандық сарбаздардан 316-атқыштар дивизиясы құрылып, ол кейiнiрек И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына айналды. Дубосеково түбiнде Мәскеудi қорғауға қатысып ерлiкпен қаза болған 28 батыр-панфиловшының бесеуi – қырғызстандық: Николай Ананьев, Григорий Конкин, Иван Москаленко, Григорий Петренко және Дүйшөнқұл Шопоқов. И. Москаленко Жамбыл облысының Қордай ауданында туған, 1933 жылы Қырғызстанға көшiп келiп, соғыс басталғанда Панфилов дивизиясына алынған. Тағы бiр панфиловшының атын атап кетпесек болмас. Чолпонбай Түлөбердиев деген қырғыз жiгiтi 1942 жылы 6 тамызда Воронеж қаласының маңындағы кескiлескен ұрыста жаудың дзотын көкiрегiмен жауып, мерт болған. Сондағы көзсiз ерлiгi үшiн оған 1943 жылдың 4 ақпанында Совет Одағының батыры атағы берiлген. Қырғыз халқы осындай жағдайдағы ерлiктi бiздiң жауынгерiмiз Александр Матросовтан бұрын жасаған деп мақтан тұтып келедi. Шынында да А. Матросовтың ерлiгi 1943 жылдың 27 ақпанында жасалған, 1943 жылдың 19 маусымында Совет Одағының батыры атағымен марапатталған. Оған арнайы саяси мән берiлiп, 27 ақпандағы оқиға Советтiк Армияның күнiне 23 ақпанға тураланған. Сталиннiң өзi А.Матросовтың ерлiгiн ерекше атап өтiп, 1943 жылдың 8 қыркүйегiнде "Жолдас Матросовтың ұлы ерлiгi Қызыл Армияның барлық жауынгерiне әскерлiк қаһармандықтың үлгiсi болуы керек" деген бұйрық шығарған. Сондықтан Матросовқа дейiн кеудесiн дзотқа, пулеметке тосқан жауынгерлердiң ерлiктерi елеусiздеу болып қала берген. Матросовқа дейiн-ақ 98 совет жауынгерi iрi калибрлi оқ атушы нысанға кеудесiн тосқан екен. Ең бiрiншi болып 1941 жылдың 24 тамызында Александр Панкратов деген командир-саяси жетекшi Новгород қаласының түбiндегi шайқаста пулеметтi кеудесiмен жауып, жауынгерлерiнiң шабуылына жол ашып берген.

Қырғызстандық Совет Одағы батырларының 12-сi қырғыз. Оның екеуi Қалыйнұр Үсенбеков және Дайыр Асанов соғыстан кейiн әскер қызметiнде болып, генералдық дәрежеге ие болған. Олар осыдан бiрнеше жыл бұрын ғана дүниеден өттi.

Әлбетте, қырғызстандық Ұлы Отан соғысының ардагерлерiнiң iшiнде қазақ қаһармандары да баршылық. Солардың бiрi – Қожағұл Сатыбалдиев. Бұл кiсi қазiр қос мейрамды тойлау үстiнде. Бiрi – Жеңiс күнi, екiншiсi – 3 мамырда 86 жасқа толғанын атап өттi.

Қ. Сатыбалдиев 1942 жылы қазан айында, 17 жасында Жамбыл облысының Қордай ауданынан әскерге шақырылған. "Он сегiздегi және одан жоғарылардың бәрi майданға аттанып, кезек бiздiң он жетi жас шамасындағыларға келдi. Отбасымызда екi қыз, үш ер бала едiк, мен де ағаларым Сейсенбай мен Байқоныстың (кейiн екеуi де соғыстан жарадар болып қайтты) артынан қан күйген Батысқа жол тарттым", – дейдi Қожағұл ақсақал. Алты-жетi ай әскерлiк даярлық курсында жаттыққан бұлардың бригадасы 1943 жылдың мамыр айында 1-Украин майданы әскерлерiнiң құрамында соғысқа кiрген.

Ардагер ағамыз Украинаның астанасы Киев қаласын фашистерден босатуға қатысқанын мерейлене еске алды: "Бұл – 1943 жылдың 6 қарашасы едi. Бiздiң әскерлерге Совет Одағының батыры, маршал Георгий Константинович Жуков келiп, қаланы алған жеңiсiмiзбен және Ұлы Октябрь революциясының 26 жылдығымен құттықтады".

Совет әскерлерiнiң алдындағы ендiгi мақсат – Белоруссияны жаудан азат ету болатын. Қожағұл Сатыбалдиев Минск қаласының түбiндегi шайқаста, 1943 жылдың 21 желтоқсанында ауыр жараланып, госпитальға түседi. Жақын жерде жарылған минаның жарықшақтары 6,7,8-қабырғаларын талқандап, iшкi ағзаларына өтiп кетiптi. Өкпенiң жүрекке жапсарлас тұсына кiрiп кеткен мина жарықшағын алып тастау мүлде мүмкiн болмаған.

"Қырғыз елiнде медицина саласында 42 жыл қызмет еттiм", – деп Қожағұл аға еңбек жолынан да бiр үзiк сыр шерттi. Майданнан мүгедек болып оралған Қожағұл Сатыбалдиев мойып, ауруға бой бермеген. Түркiстан әскери округiнiң медициналық училищесiнде, Қырғызстанның орталығы Фрунзе қаласындағы Пiшпек медтехникумында, Қырғыз мемлекеттiк медицина институтында оқып бiлiм алды. Ыстықкөл облысына жолдамамен барып, Түп және Талдысу аудандарында дәрiгерлiк қызметтi атқарды. 15 жыл Ыстықкөлдегi "Жырғалаң" курортының бас дәрiгерi болды.

Қожағұл Сатыбалдиев "Бiрiншi дәрежелi Ұлы Отан соғысы" орденiнiң, "Ерен ерлiгi үшiн", одан басқа да көптеген мерекелiк медальдардың иесi, КСРО-ның денсаулық сақтау саласының үздiгi, КСРО-ның қорғаныс министрлiгiнiң үздiгi.

Қожағұл аға бұл күнде жұбайы Тұрысжан екеуi 10 баланы өсiрiп, олардан тараған 21 немере, 1 шөберенiң қызығын көрiп отырған шағы. Құдай қаласа, жақын күндерi тағы бiр немерелi болмақшы.

Соғыс жылдарында өкпесiне қадалған мина сынығы Қожағұл ағамен 68 жылдан берi бiрге "өмiр

сүрiп" келедi. "Осынша жыл өтiп, ол да денемнiң бiр бөлшегiндей болып қалды, өкпемдегi минаға өкпем жоқ. Бiрақ дембiл-дембiл су iшiп тұрмасам, аузым темiр татып кетедi. Медициналық бiлiмiмнiң арқасында дәрi шөптердi дайындап, өзiмдi-өзiм емдеп келемiн", – дейдi ыстықкөлдiк Қожағұл қария.

* * *

Өткен жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Бейбiт Исабаев бастаған Қазақстан елшiлiгiнiң ұжымы Ұлы Отан соғысына қатысқан және тылда еңбек еткен қырғызстандық қазақтарға құрмет көрсетiп, Жеңiстiң 65 жылдығында мерекелiк сый-сияпат жасаған болатын. Сол дәстүр биыл да жалғасып, ардагерлер 7 мамыр күнi елшiлiкке шақырылады.

Ал ендi Қырғызстанда тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкiлдерi 9 мамыр күнi екi мәрте Совет Одағының батыры Талғат Бигелдиновтiң Бiшкектегi Жас Гвардия бульварында орнатылған ескерткiшiне гүл шоқтарын қойып, қаһарман ұшқыш жерлесiмiздiң Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлiгiне тағзым етпекшi.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi