Жаңалықтар

ИНВЕСТОРЛАР YКIМЕТКЕ YМIТ АРТАДЫ

ашық дереккөзі

ИНВЕСТОРЛАР YКIМЕТКЕ YМIТ АРТАДЫ

Баламалы валюта қашан енгiзiлмек?

Астана қаласында тағы да мәртебелi басқосу. IV Астана Экономикалық форумы осымен төртiншi мәрте өткiзiлдi. Экономикалық форумға әлемнiң 80 елiнен үш мыңнан астам өкiл қатысып, ғаламдық экономикалық жүйе туралы пiкiрлерiн ортаға салды. Олардың iшiнде аты мәшһүр Нобель сыйлығының лауреаттары, майталман экономистер мен белгiлi ғалымдар бар.

Екi күнге созылған экономикалық форумның алғашқы күнi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ғаламдық экономикада қалыптасқан ахуал мен оның перспективалары туралы" тақырыпта жасаған баяндамасында әлемдiк қаржы жүйесiне байланысты батыл әрi ұтымды ұсыныс айтты. "Қазiргi қаржылық-валюталық жүйе әлемдiк экономика заңдылықтарына жауап бермейдi. Экономикалық жүйе бiрқатар елдердi баламалы валютаны енгiзуге мәжбүрлеп отыр. Қаржы нарығына әлемдiк экономика заңдылықтарына жауап беретiн жаңа валюталық резерв керек. Бүгiнде сукре валютасы бойынша табысты қаржылық операциялар туралы жиi айтылуда. Кейбiр мемлекеттер өзара меморандум қабылдауда. Жаңа әлемдiк резервтiк валюта жаһандық деңгейде баршамызға түсiнiктi. Бұл ашық валюта жүйесiн құруға мүмкiндiк бередi. Атап айтқанда, дүниежүзiлiк жаңа валютаға өту бойынша "Жол картасын" әзiрлеуге болады. Әрине, бұл бiр күнде немесе бiр форумда шешiмiн табатын бастама емес. Сондықтан бұл iстi осы форумда бастап, форумның тұрақты жұмыс iстейтiн сайты арқылы талқылап, келесi жылы өтетiн бесiншi форумда қабылдау мүмкiндiгiне қол жеткiзуге болады деп сенемiн", – деген Елбасы форумның халықаралық валюта қаржы жүйесiн тұрақтандыруға оң ықпал ететiндiгiн жеткiздi.

Бүгiнгi әлемдiк қауымдастық жаңа он жылдыққа аяқ басты. Қазiр үрдiстер дүние дамуының жаңа қарсаңында тұр. "Дағдарыстан кейiнгi уақытта жаңа қағидаттар қандай болады? Қандай тәртiп орнайды?" деген сауал баршаны толғандырады. Яғни дағдарыстың салдарынан сабақ алып, одан әрi дамудың тиiмдi жолдарын қарастыру. Мұндай ортақ қағидаттар барлық елдердiң күш-жiгерiн қалыптастыруға септiгiн тигiзу керек. Сонда ғана әлемдiк құрылымның жаңа жүйесi әрқайсымыздың мүддемiзге сай жұмыс iстейтiндiгi де назардан тыс қалмады.

Қазақстан 2016 жылы табысы жоғары елдердiң қатарына қосылып, жан басына шаққандағы iшкi жалпы өнiмдi 15 мың долларға дейiн жеткiзудi жоспарлап отыр. Елбасы бұл мақсатқа жетудiң басты құралы ретiнде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын ерекше атап өттi. Сондай-ақ, қазiргi таңда энергоресурстар мен шикiзат бағасының өсуi азық-түлiктiң қымбаттауына алып келуде. Бүкiләлемдiк банктiң мәлiметiне қарағанда, жыл басынан берi азық-түлiктiң құны 36 пайызға көтерiлiптi. Қазiр әлемде 30 млн.-ға жуық адам азық-түлiк тапшылығын сезiнсе, 25 млн. адам кедейлiктi бастан кешуде. Ал дағдарыстың салдарынан дүниежүзi бойынша 30 миллион адам жұмысынан айрылса, 200 миллион адам жұмыс таппай, тентiреп жүр. Осыған байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттердi "Жаһандық реттеу туралы пактiге" қосылуға ұсыныс жасады.

Биыл құрғақшылықтан тағы жетi мемлекет астыққа зәру мемлекеттердiң қатарына қосылуы ықтимал. Ал әлемдегi ауылшаруашылық өнiмдiлiгi 19-дан 3 пайызға дейiн бiр-ақ төмендеген. Басқосуға жиналған шетелдiк ғалымдар дағдарысқа дейiнгi қалыпқа қол жеткiзу үшiн бұл салаға инвестицияны қазiргiден елу есе арттыру керектiгiн айтады.

Бүгiнде ғаламдық экономиканы күйзелтiп отырған аса маңызды жайттың бiрi – азық-түлiк қауiпсiздiгiнiң сақталмауы. Азық-түлiк дағдарысы әлемдегi әлеуметтiк саяси жағдайды ушықтыруда. Осындай жағдайда аймақтық және жаһандық тұрғыда азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету керек", – дедi Елбасы. Қазақстан бұл мәселеге келгенде әлемге астық тасымалдаушы ел ретiнде танылып қана қоймай, келешекте ет эскпортын ұлғайтуды да көздеп отыр. Экологиялық таза ет өнiмiн экспорттауды дамытуға байланысты бағдарлама да қабылданған.

Қазақстан экономикасы 1994 жылдан берi он үш есеге өсiптi. Былтырдан бастап елiмiз экономиканы жаңа деңгейге көтерудi көздейтiн 2020 даму стратегиясын iске асыруға кiрiскенi мәлiм. Ол бойынша Қазақстан 2016 жылға дейiн кiрiсi жоғары елдердiң қатарына қосылуы тиiс. Ал бұған жетудiң бiрден-бiр жолы – индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы екенi айтпаса да түсiнiктi.

IV Экономикалық форум барысында италияндық компания өкiлдерi өз мәлiмдемелерiн жасады. Шетелдiк инвесторлар бiздiң елiмiзде ұзақ мерзiмге жұмыс iстеуге ниеттi. Олар тек Үкiмет тарапынан инвесторлар үшiн әдiл әрi тиiмдi шешiмнiң қабылдануын күтiп отыр. Ал форум қорытындысы бойынша валюта жүйесiне қатысты ой-пiкiрлер мен жиында талқыланған өзге де мәселелер бiр арнаға тоғысып, үлкен жиырмалықтың саммитiне ұсыныс ретiнде жолданбақшы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ